ОҚУ Үлгерімі төмен оқушылармен жұмыстарды ұйымдастырудағы мұҒалімнің ролі



Дата25.08.2017
өлшемі52,82 Kb.
#26055
А.А. Лекерова

Казахский гуманитарно- юридический инновационный университет
ОҚУ ҮЛГЕРІМІ ТӨМЕН ОҚУШЫЛАРМЕН ЖҰМЫСТАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУДАҒЫ МҰҒАЛІМНІҢ РОЛІ

Аннотация: Берілген мақалада оқу үлгерімдері төмен оқушыларға сипаттама беріліп, оқу үлгерімдерін жоғарлатуды мұғалімнің іс-әрекеті мен рөлі көрсетілген.

XXI ғасыр жан - жақты білімді, талантты жастардың ғасыры. Сондықтан да ұстаздардың алдында тұрған басты міндет - саналы да қабілетті, өзіндік әлеуметтік рөлі бар, қоғамға пайдасын тигізетін тұлғаны қалыптастыру. Бірақ, мектеп оқушыларының барлығы бірдей емес, бір сыныптағы оқушылардың өзі әр - түрлі болып келеді. Бүгін де қай мектепті алып қарасақ та сабақта үлгерімі төмен оқушылар кездеседі.

Оқушылардың сабақ үлгерімінің нашарлауы - бүгінгі күрделі мәселелердің бірі. Жалпы ғылыми тұрғыдан алғанда оқушылардың сабаққа үлгермеушілік себебін анықтап алу өте маңызды:

- Ата- аналардың педагогикалық мәдениетінің төмендігі ( баласына жағдай жасамауы, әлеуметтік тұрмыстық жағдайдың төмендігі);

- Отбасындағы жайсыз жағдайлар (отбасындағы түрлі кикілжіңдер);

- Ойынның аздығы (баланың құрдастарымен қарым- қатынасқа түсіп, ойнай білмеуі);

- Мінез- құлқындағы түрлі ауытқулар (психология, мінездің ұстамалығы, ұялшақтық, мазасыздану т.б.);

- Интеллектуалдық деңгейінің жетіспеушілігі ( зейін, ойлау, қабылдау т.б.).

Жоғарыда көрсетілген себептердің барлығы, оқушылардың сабақта үлгерімі төмен болуына және олардың бойында теріс мінез- құлқының қалыптасуына ықпал жасайды.

Баланың ішкі жан дүниесіне үңіле білген педагог қана оқушының көңіл- күйін түсініп, жақсы немесе жаман жағын ұғынып, көмектесе алады. Мұғалімдер ең алдымен үлгерімі төмен оқушыларды анықтап, жыл бойы жұмыс жүргізу арқылы үлгерімін жоғарылату үшін көмек көрсетуге ұмтылады. Олар үлгерімі төмен оқушылармен жыл бойы жұмыс жүргізе отырып, қабілеті төмен оқушылардың жеке тұлғалық мүмкіндіктерін ашуға көмектесіп, пәнге деген қызығушылығын арттырып, мемлекеттік білім стандарттарын меңгерту қажет.  Мұғалім сабақ кезінде үлгерімі төмен оқушылардың пәндерді меңгеруін, нәтижелерін есепке алып, диагностикалау жүргізеді. Бұл оқушының сабақтың қай жерінде қыйындықтары бар екендігін анықтап, оқытудың қызығушылығын қалыптастырады, жеке көмек береді. Диагностикалау арқылы оқушы үлгермеушілігінің себептерін анықтады, олар: жекелеген мұғалімдердің сабақтарының сапасыздығы, жаңа материалды қажетінше түсіндіре алмауы, өздерінің де оны дұрыс игермеуі, бекіту жұмысының әлсіз жүруі, оқушы білімін есепке алмауы, мұғалімнің үлгерімі төмен оқушыдан тиісті дәрежеде талап етпеуі, үй тапсырмасының орындалуын дұрыс ойластырмау және тыңғылықты тексерудің болмауы әсер етеді. Сонымен бірге мұғалімдердің өз оқушыларын дұрыс білмеуі, жеке жұмыстың болмауы, танымдық қызығуын дамыта алмауы, тәрбие жұмысындағы олқылықтар, оқушылардың сабақтағы тәртібінің нашарлығы, өз міндеттерін саналы түрде түсінбеуі, мектеп әкімшілігі тарапынан тәртіп бұзушыларға уақтылы және тиісті шара қолданбауы, бағалаудағы біржақтылық, оқыту мен тәрбие үрдісінде сабақтастықтың болмауы, сабақтан жиі қалуы, оқушының ауырып қалуы да сабаққа қызығушылығын төмендетеді. Оқушылардың білім сапасын арттыру үшін өз бетінше жұмыс істеп, қалыптасуы үшін алған білімдерін жүйелеу, сыни тұрғыдан ойлануға жетелеу, дұрыс сөйлеуді меңгерту және жаттықтыру, сөздік қорын байыту, дұрыс оқуға дағдыландыру қажет. Тапсырмалар үлгерімі төмен оқушылардың деңгейіне сай іріктеліп алынады. Оқушылардың сөйлеу тілін дамыту мақсатында сөздіктер, суреттер, сөздік ойындар, сөз жұмбақтар қамтылады. Тапсырмалар негізінен суретпен жұмыс жасауға бағытталады. Жаттығулар мен тапсырмалар оқушылардың жасы мен ақыл ойының ерекшеліктеріне сәйкес бірте – бірте күрделеніп, тереңдетіле құрылады. Тапсырмаларды орындауда үйреншікті жұмыс жағдайын жасап алып, алаңдатын нәрселерден бойды аулататқан жөн. Мектеп жағдайында деңгейі төмен балаларды өз бетінше бір пәннен екінші пәнге, бағдарламаның бір бөлімнен екінші бөліміне, жұмыстың бір түрінен екінші түріне үнемі аударып отыруға тура келеді. Осы жұмыстарды жүзеге асыруда зейінді тез аудара білу көлденеңнен кез келген әсерлерге кідірусіз жауап беруде аса қажет. Зейінді аудара алу оқушының ерік сапалары біраз дамыған кезде, әсіресе оқу материалдарын түсінген және оларды ұмытпайтындай етіп меңгерген жағдайда ғана мүмкін болады. 

Пән бойынша үлгерімі төмен оқушылардың білімін дамыту, сабақ үлгерімін жақсарту мақсатында оқушыларды өз бетінше жұмыс істеуге әдеттендіру жұмысы тұр. Сонымен қатар сыныпқа, жеке оқушыларға берілетін тапсырмалар дәл, анық болса, тапсырманы жақсы түсінсе өз бетінше ол тапсырмаларды орындай алады. Бала қайда жүрсе де (мектепте, үйде, далада) байқағыштыққа тәрбиеленуі тиіс және ерік-жігер тәрбиесін де дамытып отыру қажет. Оқушылардың өз бетінше жұмысын дұрыс қалыптастыруда мұғалімнің жеке басының үлгі-өнегесінің де маңызы зор.

А.С.Макаренко былай деп көрсетті: “ Тәрбие дегеніміз шын мәнісінде әлеуметтік процесс. Бәрі де адамда затта құбылыста тәрбиелейді. Бірақ бәрінен бұрын және бәрінен көбірек тәрбие беретін - адам. Олардың бірінші орында тұратыны ата-аналар мен педагогтар”. Болашақ ұрпақтың білікті азамат болып өсіп-өнуі мектептен, ең алдымен, бастауыш білім беруден бастау алатыны анық. Сондықтан да бастауыш мектепте оқу үлгермеуін болдырмау жолында оқулықтар мен білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру қажет. Сондай-ақ, оқушыларының оқу үлгермеушілігін болдырмаудың жолдары оларды шығармашылық іс -әрекетке баулу қажет екенін ұмытпау керек. Олай болса, оқушыларды шығармашылық іс -әрекетке баулу тек оқыту процесінде ғана емес, оны тәрбиелік үрдістерде, сыныптан, сабақтан тыс жұмыстармен байланыстырып дамыту қолға алынатын болса, онда бұл мәселе өз мазмұнын одан әрі жетілдіре түсетіні анық. Сонымен қатар, мектеп оқушыларының үлгермеушілігін болдырмау әр отбасындағы тәрбиеге, ата-ананың жауапкершілігіне де байланысты.

Қорыта келгенде, мектептің жас ұрпақты тәрбиелеуде алға қойып отырған негізгі мақсаттарының бірі - қоғамға өзіндік орны бар, өз елінің қамын ойлайтын, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор бола білетін, мемлекеттіміздің болашақтары - жан-жақты жетілген, дамыған, табанды жеке тұлғаны қалыптастырды. Бастауыш сатыға білім мазмұнын жаңарту және оқу үрдісінің жаңаша ұйымдастыру - сапалы білім беру, оқушылардың оқу үлгерімін жетілдіруді қамтамасыз ету, анық философиялық, педагогикалық, психологиялық негіздердің терең, жүйелі зерделеу, салыстыруды қажет етеді.

Білім негізі - бастауыш сыныпта қаланатыны жұртшылыққа белгілі жағдай. Оқушының бұл сыныптарда алған білімінің тиянақты да сапалы болуы - жоғарғы сыныпқа барғанда жақсы оқуының кепілі болатындығын ешкім жасыра алмайды. Жаңа бағдарламаға көшкен оқушылар ізденгіш, өз бетінше жұмыс істеуге икемді, ішкі сезімге бай, ақыл-ойы өткір болып тәрбиеленуде. Әрине, бұл - мұғалімдер жұртшылығының еңбегі. Мектеп жұмысының алға басуы, оқушылардың алған білімнің тиянақты, сапалы болуы мұғалімдердің күнделікті дайындығы мен оның педагогикалық шеберлігіне, ізденгіштігіне жеке басының білімі мен ерекшелігіне байланысты.



Әдебиеттер тізімі:

  1. Қоянбаев Р.М. Білім беру және оқыту теориясы. – Алматы, 1990.

  2. Қоянбаев Р.М. Тәрбие теориясы. – Алматы, 1991.

  3. Қожабаева Б.Е., Төлеубекова Р.К. Педагогика. – Алматы, 2003.

  4. Қоянбаев Р.М., Ыбыраимжанов Қ.Т. Жалпы бастауыш білім беру педагогикасы.- Түркістан, 2005.

  5. Педагогикалық және жас ерекшелік психология./ Редакцияны басқарған А.В. Петровский.- Алматы, 1987.

  6. Бабаев С. Бастауыш мектеп педагогикасы.- Алматы, 2007.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет