БАҚЫЛАУ ДИКТАНТТАРЫ
7 - сынып
Қазақ тілі пәні бойынша 7- сыныпқа арналған алғашқы бақылау жұмысы
Мақсаты: 6-сыныпта өтілген тақырыптар бойынша оқушылардың білімдерін нақтылап тексеріп, қорытындылау және сауатты жазуға баулу.
Дене шынықтырудың пайдасы.
Дене шынықтырумен шұғылдану-әр оқушының міндеті. Ол үшін түрлі жаттығулармен айналысу керек. Спорттық әртүрлі үйірмелерге қатысқаны дұрыс. Спорттың түрі көп: жеңіл атлетика, футбол, волейбол, бокс, үстел теннисі. Бұл үйірмелер ептілікке, жылдамдылыққа үйретеді. Дене шынықтыру мәдениетін дамытуға көмектеседі.
Тез қимылға, шапшаң қозғалысқа үйрететін шығыс спортының түрлері бар. Ол өзін-өзі қорғауға үйретеді. Бала кезінен спортпен айналысу арқылы республикамызды әлемге танытып, даңқын шығарған спортшылар аз емес. (63 сөз)
(Диктанттар жинағы. Құрастырған: Ж.Н. Нығмет.-Алматы: «Арыс» баспасы, 2012.-69 бет).
Лексика-грамматикалық тапсырмалар:
ІІІ деңгей. Асты сызылған есімдікті септеңіз.
І нұсқа. Ол өзін-өзі қорғауға үйретеді
ІІ нұсқа. Бұл үйірмелер ептілікке, жылдамдылыққа үйретеді.
ІІ деңгей. Берілген сөйлемді сөйлем мүшелеріне талдау жасаңыз.
І нұсқа. Спорттық әртүрлі үйірмелерге қатысқаны дұрыс.
ІІ нұсқа. Дене шынықтыру мәдениетін дамытуға көмектеседі.
І деңгей. Үйірмелер туралы шағын әңгіме жазыңыз.
І нұсқа. «Спорт үйірмелері».
ІІ нұсқа. «Мектептегі үйірмелер».
Қазақ тілі пәні бойынша 7-сыныпқа арналған І тоқсандық бақылау жұмысы
Мақсаты: Оқушылардың тоқсан көлемінде алған білім деңгейлерін, өтілген материалдарды меңгерудегі жетістік, олқылықтарын айқындап, білімдерін бағалау, сауатты жазуға баулу.
Жайлау.
Жайлау-шалғай жатқан даладағы жазғы қоныс. Елімізде жұртқа танымал атақты Қарқара, Шалкөде, Сырт, Шұбартал, Асы деген жайлаулар бар.
Қарқара жайлауы үстімен Ұлы жібек жолы өтетін. Осы жерде ертеде атақты жәрмеңке болады екен. Қазіргі күндері бұл жерде малшылар тойы өтеді. Ат бәйгесі, қыз қуу өткізіледі. Балалар гүл теріп, көбелек қуып, суға шомылады.
Таулы жайлауларда қарақат, таңқурай, долана өте көп болады. Тау бөктері мен жазық далаларда бүлдіргеннің бірнеше түрлері өседі. (68 сөз).
( Диктанттар жинағы. Құрастырған: Ж.Н. Нығмет.-Алматы: «Арыс» баспасы, 2012.-103 бет).
Лексика-грамматикалық тапсырмалар:
ІІІ деңгей. Берілген сөйлемдегі етістікті өткен шақта жіктеңіз.
І нұсқа. Қазіргі күндері бұл жерде малшылар тойы өтеді.
ІІ нұсқа. Жазық далаларда бүлдіргеннің бірнеше түрлері өседі
ІІ деңгей. Асты сызылған сөзге морфологиялық талдау жасаңыз.
І нұсқа. Жайлау-шалғай жатқан даладағы жазғы қоныс.
ІІ нұсқа. Таулы жайлауларда қарақат, таңқурай, долана өте көп болады.
І деңгей. Демалу, жазғы, қолайлы, балалық сөздерін қолданып, тақырыпқа сәйкес сөйлемдер құраңыз.
І нұсқа. Демалу, жазғы.
ІІ нұсқа. Қолайлы, балалық.
Қазақ тілі пәні бойынша 7-сыныпқа арналған аралық бақылау жұмысы.
Мақсаты: Оқушылардың жартыжылдықта алған білімдері мен сауаттылығын тексеру. Мемлекеттік білім стандартының орындалу барысын анықтау.
Домбыра.
Домбыра-қазақтың халық аспабы. Қазақ халқының әрбір үйінде болуы міндетті және қажетті болып есептелген. Бұл музыкалық аспаптың пайда болу тарихы ғасырлар қойнауына кетеді.
Домбыра-қос ішекті шертіп ойнайтын музыкалық аспаптардың бірі. Өзіне тән ерекшелігі-ішекті, шертпелі аспаптар тобына жатады. Аспап үлкен болса, дыбысталуы да сондай болады. Домбыра мен күйдің орындалуы арасында тығыз байланыс бар. Домбыра тек екі шекті ғана емес, үш шекті де болып келеді. Дауысы қоңыр, құлаққа жағымды. (66 сөз).
(Интернет желісінен. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы. org@nlrk.kz. Design by Aysarov Shukhrat © 2009).
Лексика-грамматикалық тапсырмалар:
ІІІ деңгей. Берілген сөйлемнен асты сызылған етістікті рай түрлеріне ажыратыңыз.
І нұсқа. Бұл музыкалық аспаптың пайда болу тарихы ғасырлар қойнауына кетеді.
ІІ нұсқа. Аспап үлкен болса, дыбысталуы да сондай болады.
Үлгі:
Ашық рай
|
Бұйрық рай
|
Шартты рай
|
Қалау рай
|
|
|
|
|
ІІ деңгей. Берілген сөйлемнен асты сызылған зат есімді морфологиялық талдау жасаңыз.
І нұсқа. Домбыра мен күйдің орындалуы арасында тығыз байланыс бар.
ІІ нұсқа. Аспап үлкен болса, дыбысталуы да сондай болады.
І деңгей. Ұсынылған тақырыптар бойынша диалог құраңыз.
І нұсқа. Ұлттық аспаптар.
ІІ нұсқа. Халық әндері.
Қазақ тілі пәні бойынша 7-сыныпқа арналған ІІ тоқсандық бақылау жұмысы
Мақсаты: Оқушылардың бағдарлама бойынша алған білімдерін нақыштап қорытындылау және сауатты жазуға баулу.
Бөрік.
Қазақтың ұлттық бас киімдері өте көп. Бөрік – қазақтың ертеден келе жатқан бас киімі. Бөрік қыстық бөрік, жаздық бөрік болып екіге бөлінеді. Бөрікті қыздар да, ер адамдар да киеді. Аңның терісімен немесе қымбат матамен тысталады. Аңның терісіне қарап оларды құндыз бөрік, кәмшәт бөрік, түлкі бөрік деп атайды. Қыздар киетін бөріктің төбесі төрт сайлы болып келеді және үкі тағылады. Асыл тастармен көмкеріліп, күміс теңгелерден салпыншақ тағылады. Қазақта әшекейлі, үкілі бөрікті сал-серілер де киген. (69 сөз)
(Интернет желісінен. Ошибка! Недопустимый объект гиперссылки. ұлттық бас киімдері)
Лексика-грамматикалық тапсырмалар:
ІІІ деңгей. Берілген сөйлемнен асты сызылған сөзді тәуелдеңіз.
І нұсқа. Бөрік – қазақтың ертеден келе жатқан бас киімі.
ІІ нұсқа. Күміс теңгелерден салпыншақ тағылады.
ІІ деңгей. Берілген сөйлемнен асты сызылған сөзді құрамына қарай талдаңыз.
І нұсқа. Аңның терісіне қарап оларды құндыз бөрік, кәмшәт бөрік, түлкі бөрік деп атайды.
ІІ нұсқа. Қазақтың ұлттық бас киімдері өте көп.
І деңгей. Ұсынылған тақырыптар бойынша шағын әңгіме жазыңыз.
І нұсқа. Тымақ
ІІ нұсқа. Шапан
Қазақ тілі пәні бойынша 7-сыныпқа арналған ІІІ тоқсандық бақылау жұмысы.
Мақсаты: Оқушылардың тоқсан көлемінде алған білім деңгейлерін, өтілген материалдарды меңгерудегі жетістік, олқылықтарын айқындап, білімдерін бағалау.
Тазалық – денсаулық кепілі.
Адам баласы денсаулығы мықты болуы үшін тазалықты сақтау керек. Таң сәріден жатар мезгілге дейін гигиеналық талаптарды мұқият орындау керек. Ең бірінші – ұйқыдан оянғанда, жуынып, тіс тазалау, жаттығулар жасап, сергектікті сақтау керек. Екінші-күні бойы қайда жүрсең де, тазалықтың ережелерін сақтау керек. Тамақ ішер алдында қол жууды ұмытпаңдар, оны әдетке айналдырыңдар.
Тамақ ішкен ыдыс-аяқтарды дереу жуып қою керек. Азық-түлік және ыдыс-аяқтар жабық ұсталуы тиіс. (65 сөз).
(Интернет желісінен. Қыздар әліппесінің ғаламтордағы нұсқасы. www.kyzdar-alippesy.kz.)
Лексика-грамматикалық тапсырмалар:
ІІІ деңгей. Берілген сөйлемнен қос сөздерді тауып, түрін анықтаңыз.
І нұсқа. Тамақ ішкен ыдыс-аяқтарды дереу жуып қою керек.
ІІ нұсқа. Азық-түлік жабық ұсталуы тиіс.
ІІ деңгей. Асты сызылған сөзге морфологиялық талдау жасаңыз.
І нұсқа. Ең бірінші – ұйқыдан оянғанда, жуынып, тіс тазалау, жаттығулар жасап, сергектікті сақтау керек.
ІІ нұсқа. Екінші-күні бойы қайда жүрсең де, тазалықтың ережелерін сақтау керек.
І деңгей. Өзіңнің денсаулығыңды сақтауға қатысты ойыңды баяндау мәтіні түрінде жазыңыз.
Қазақ тілі пәні бойынша 7-сыныпқа арналған ІV тоқсандық бақылау жұмысы
Мақсаты: Оқушылардың бағдарлама бойынша алған білімдерін нақтылап қорытындылау және сауатты жазуға баулу.
Тілім менің.
Менің ана тілім-қазақ тілі. Ол-халқымның тілі. Ол-киелі, қасиетті. Мен ана тіліммен мақтанамын. Оның құдіретін, қасиетін танытқандар қаншама!
Тілім Әміре боп шет елдерде шырқалды. Махамбет боп көк аспанда саңқылдады. Құрманғазы, Дина болып күймен күмбірледі. Нұрсұлтан боп күллі дүниені аралады. Аспанда Роза әнімен қалықтады. Бекзат пен Ермахан ептілігімен әлемді таңғалдырды. Олимпиада көгінде Әнұранмен елімнің байрағы желбіреді. Менің елімді танытар ұландар-сендер! Тіліңді, халқыңды, еліңді сүйіңдер! (66 сөз).
(Диктанттар жинағы. Құрастырған: Ж.Н. Нығмет.-Алматы: «Арыс» баспасы, 2012.-60 бет)
Лексика-грамматикалық тапсырмалар:
ІІІ деңгей. Берілген сөйлемнен асты сызылған сөзді фонетикалық талдау жасаңыз.
І нұсқа. Оның құдіретін, қасиетін танытқандар қаншама!
ІІ нұсқа. Оның құдіретін, қасиетін танытқандар қаншама!
ІІ деңгей. Берілген сөйлемнен асты сызылған етістікті жіктеңдер.
І нұсқа. Бекзат пен Ермахан ептілігімен әлемді таңғалдырды.
ІІ нұсқа. Мен ана тіліммен мақтанамын.
І деңгей. Тілге байланысты 3 мақал-мәтел жазыңыз.
Қазақ тілі пәні бойынша 7-сыныпқа арналған жылдық бақылау жұмысы.
Мақсаты: Оқушылардың білім деңгейін, жыл бойы өтілген материалдарды меңгерудегі жетістік, олқылықтарын айқындау. Тапсырмалар арқылы қазақ тілінен алған білімдерін тексеру. Сауатты жазуға баулу.
Интернеттiң негiзгi қосымшалары.
Интернеттiң мүмкiндiгi шексiз. Талғамы мен көңiл-күйiне қарай одан қызықтыратын көп нәрсе табуға болады.
E-mail-электрондық пошта. Желі тұтынушылары арасында мәлімет алмасу ісін жүзеге асыратын қызмет жүйесі. Ол арнайы пошта бағдарламалары көмегімен жүзеге асырылады. Оның көмегімен санаулы минуттар ішінде хабарды жеткізе аласыз. Ол үшін пернетақтада тиісті хабар мәтінін теріп, белгілі электрондық мекен жайына жіберсеңіз болғаны. Осынау тәсілдеме арқылы достарыңызбен, сыныптастарыңызбен, көршілеріңізбен араласуға болады. (63 сөз).
(Интернет жүйесі. Интернет туралы ұғым. Әбдібай Құрмантаев. kaz.osh-18.kz )
Лексика-грамматикалық тапсырмалар:
ІІІ деңгей. Берілген сөйлемнен тұйық етістігін тауып, етістіктің үш шағына қойыңыз.
І нұсқа. Желі тұтынушылары арасында мәлімет алмасу ісін жүзеге асыратын қызмет жүйесі.
ІІ нұсқа. Осынау тәсілдеме арқылы достарыңызбен, сыныптастарыңызбен, көршілеріңізбен араласуға болады.
Үлгі:
Нақ осы шақ
|
Келер шақ
|
Жедел өткен шақ
|
|
|
|
ІІ деңгей. Асты сызылған сөзге морфологиялық талдау жасаңыз.
І нұсқа. Талғамы мен көңiл-күйiне қарай одан қызықтыратын көп нәрсе табуға болады.
ІІ нұсқа. Ол үшін пернетақтада тиісті хабар мәтінін теріп, белгілі электрондық мекен жайына жіберсеңіз болғаны.
І деңгей. Берілген тақырып бойынша диалог құрастырыңыз.
І нұсқа. «Интернет құрылысы»
ІІ нұсқа. «Электронды пошта»
Достарыңызбен бөлісу: |