Байланысты: 050732 «Стандарттау, метрология және сертификаттау» мамандығы
Стандартты тексеру және қайта қарау. Стандартты тексеру жұмысын, ережеге сәйкес, стандартты әзірлеуші – мекеме ҚР-ның мемлекеттік стандарттау жоспары бойынша 5 жылда кемінде бір рет жүргізеді.
Тексерудің нәтижесінде стандарттың ғылыми-техникалық деңгейі тапсырыс берушілердің талаптарына, қолданыстағы заңдарға, мемлекеттік стандарттау жүйесінің стандарттарына, қолданыс жүрген өзара байланысты мемлекеттік, мемлекетаралық, халықаралық стандарттарға, Қазақстан Республикасына керекті шетелдердің ұлттық стандарттарына қаншалықты сай келетініне баға беріледі. Тексеру қорытындысы бойынша акт жасалады. Онда стандарттың қолдану мерзімін ұзарту, өзгерістер енгізу, стандартты қайта қарау немесе жою туралы әзірлеушінің нұсқаулары жазылады.
Тексеру актісі жұмыс тобының жиналысында қаралады немесе стандартқа бұрын келісім берген мүдделі мекемелердің атына жіберіледі. Тексеру актісі жөніндегі келіспеушілік стандарт жобасы тұрғысындағы тәртіп бойынша шешіледі.
Стандартқа тексеру жүргізген мекеме ұйғарылған тексеру актісін екі дана етіп Мемстандартқа бекіттіруге жіберіледі.
Стандартты қайта қарау кезінде қолданыстағы өз күшіндегі стандарттың орнына жаңа стандарт әзірленеді. Яғни бұрынғы күші бар стандарт жойылады, ал жаңа стандартқа ол қандай стандарттың орнына жүретіндігі көрсетіледі.
Стандартты қайта қарау жұмысы жаңа да жоғары озық талаптардың туындауы кезінде жүргізіледі. Бірақ бұл талаптар жаңа өнім мен өз күшіндегі стандарт бойынша жасалған өнімнің өзара алмастыру қасиетіне, және өнім сапасының негізгі көрсеткіштеріне нұқсан келтірмеуі тиіс.
Белгілі бір өнімнің стандартын қайта қарау кезінде егер негізгі бұйымды шығару тоқтатылған, сонымен қатар пайдалануда, үстіндегі өнімге қосалқы бөлшек дайындау, ремонт жасау қажет болса әзірлеуші өз күшіндегі стандартқа өзгерту жобасын дайындайды.
Өзгертуге ол стандарттың қолдану аясын шектеп көрсетеді: «Бұл стандарт тек қана пайдалану үстіндегі бұйымдардың қосалқы бөлшектерін жасау және оларды жөндеу үшін қолданылады» Алайда стандарттың тіркелу номері сақталады. Егер стандарттың қолдану мерзімі шектеулі болса, ол шектеу алынып тасталады.
Стандартты қайта қарау кезінде өзара байланысы бар стандарттарды қайта қарау, өзгертулер енгізу немесе жою туралы ұсыныстар дайындалады.