Қырғыз миссиясының қызметі. Дала қазағын христиандандыру 1881 жылдан бастап едәуір қарқын алды. Өйткені бұл кезде Қазақ миссиясы құрылған еді. Ол Алтайдағы діни миссия негізінде құрылды. Алтай діни миссиясы бұған дейін Томск губерниясындағы Бийск округінің қалмақтарын христиан дініне енгізумен айналысқан болатын.
Жаңадан құрылған Қазақ миссиясы Семей облысының кең-байтақ аймағындағы қазақты шоқындыруға кірісті. Бұл аумақтағы миссияның құрылуына себеп болған нәрсе XIX ғасырдың бүкіл барысында тап осы аймақта кедей жатақтардың қатары көбейіп кеткен еді. Көшпелі қазақ қауымдары тарапынан Қазақ миссиясына қатты қарсылық көрсетілді. Қазақ орыс шаруаларының селолары мен казак станицаларына кеткен шоқынған туыстарын іздестіре бас- тады. Дін таратушы миссионерлер өздерінің 1886 жылғы есебінде бұл жөнінде былай деп жазды: «Мұхаммедтік орта өздерінің туыстары мен жақын адамдарының қасиетті шоқынуды қабыл алуына жол бермеу үшін барлық тәсілді, соның ішінде әртүрлі қулық-сұмдықты да, барып тұрған арсыздықпен күш қолдануды да, аяусыз кек алуды да пайдалануда». Жаңадан шоқынғандарға православие дінін жақсылап оқыту үшін оларды миссионерлік стандарға жіберіп отырды. Онда олар орыс тілін оқып үйренді, жаңа діннің негіздері бойынша сауатын ашты.
Алайда дін үйрету саласындағы миссионерлік қызметтің қарқыны тіпті де мардымды болған жоқ. Оның үстіне, шоқынғандардың арасында исламға қайта бет бұрғандар да аз емес еді. Сондықтан да 1897 жылғы Бүкілресейлік халық санағының материалдары бойынша Қазақстан аумағындағы шоқынғандардың жалпы санының небөрі 660 адамнан аспағаны таңғаларлық кездейсоқ нәрсе емес еді.
Патша үкіметінің XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезінде ислам дініне қатысты саясаты. Патша үкіметі христиан дінін тықпалаумен қатар ислам дінін әлсірету саясатын да ұстанды. Өйткені ол исламды христиан дінін кеңінен тарату жолындағы басты кедергі деп санады. Қазақтың Шығыс елдерінде, мәселен, Түркияда оқуына тыйым салынды. Молдалардың қызметіне үкімет әкімшілігі тарапынан қатаң бақылау орнатылды. 1867-1968 жылдары қазақтың дінге байланысты мәселелері Ішкі істер министрінің қарауына берілді. Әр болыста бір-бірден ғана молда ұстауға рұқсат етілді. Көшпелілер арасындағы молда Ресей империясына шын берілген қазақ болуы тиіс делінді. Молдаларды әскери губернатор ғана тағайындайтын және жұмысынан босататын болып белгіленді. Мешіт салу үшін генерал-губернатордың рұқсатын алу қажет болды. Молдалардың жергілікті тұрғындардың сауатын ашып, оқытуы және оның мешіт жанында жұмысқа жайғасуы үшін уезд бастығының рұқсаты керек еді. Мешіттер мен олардың жанындағы медреселерді қазақ қоғамдарының өз есебінен ұстау керек деп шешілді. Вакуфтердің, яғни мешіттердің жылжымайтын мүлкін ұстауға үзілді-кесілді тыйым салынды.