Барымта. Би сотының жиі-жиі қарайтын істері көбінесе барымтаға байланысты болатын. Дәстүрлі қазақ қоғамында өзге біреудің төлемей кеткен қарызы үшін оның малын не мүлкін тартып әкету барымта деп аталады. Сот үкімі орындалмай қалған жағдайда да барымта жасауға болатын.
Дала тұрғындары арасында күшті рудың адамдары адам өлтіргені үшін құн төлеуден, біреуге тіл тигізіп, қорлағаны үшін айып төлеуден бас тартып кете беретін жағдайлар да болып тұратын. Олар тіпті билер сотының алдына баруды да өздерінше ар санайтын. Міне, мұндай жағдайда қорланған рудың ақсақалдары қабылдаған шешім бойынша барымта басталатын. Сөйтіп кінәлі жақты өздерінің айтқанына көнуге мәжбүр ету көзделетін. Екі жақ өзара тіл табысып, келісімге келгеннен кейін барымтаға алынған мал иесіне қайтарылатын. Барымта ашықтан-ашық та, жасырын түрде де жасала беретін. Барымта жасырын түрде алынған жағдайда барымташы жақ мал иелеріне үш күннің ішінде ресми түрде хабар беруге міндетті болатын. Ал бұлай етілмеген жағдайда барымтада кеткен мал ұрланған мал деп есептелінетін. Барымта кезінде екі жақтың бір-бірімен қарулы қақтығысы болып, адамдар жараланатын, тіпті өлімге де ұшырап жататын. Кейде барымтаға бүкіл болыс түгел қатысатын. Ресей әкімшілігі барымтаны қылмысты істердің бірі деп бағалады.
Патша үкіметінің Қазақстандағы билер сотының өкілеттігін шектеуі. Билер сотының дала тұрғындарының арасындағы беделі зор болатын. Көп жағдайда Қазақстандағы орыстардың өздері де империялық соттан гөрі қазақтың билер сотына жүгінгенді артық санады. Мәселен, мынадай бір елеулі оқиға туралы айта кетуге болады: 1865 жылға дейін Көкшетау сыртқы округінде орыстар 117 рет билер сотына шағым түсірген. Билер сотының артықшылығын қазақтардың тұрмысы мен әдет заңын зерттеумен айналысқан орыс зерттеушісі А. Гейнс өте жақсы байқаған болатын. Ол былай деп жазды: «Билер соты ашық және барынша әділ жүргізіледі. Сондықтан да оны қазақтар ғана емес, орыс зиялылары да, казактар да құрметтейді, олардың көпшілігі билер сотына барьт шағынады». Патша үкіметі XIX ғасырдың 20-90-жылдары аралығында билер сотын тарата бастады. Өйткені билер соты отаршыл өкімет орындарының жалпыимпериялық басқару тәртібін енгізуіне көп кедергі келтірген болатын. Озық ойлы қазақ зиялыларының өкілдері билер сотының бұрынғы қалпында өзгеріссіз қала беруін жақтады. Мәселен, қазақтың көрнекті ғалымы Шоқан Уәлихановбилер сотына жоғары баға берді.