Жазаның түрлері: жер аудару, айып салу, құн төлету, дүре соғу және өлім жазасына кесу. Қазақтарда жазаның түрлері жер аудару, айып салу, құн төлету, дүре соғу және өлім жазасына кесу болатын. Бірақ өлім жазасы сирек қолданылатын. Түрме және еркінен айыру орындары мүлде болған емес.
Айыптыға ауылдан жер аудару жазалары да қолданылды. Қылмыскерден туған-туыстары мен руластары безініп, араласпай қоятын. Әдетте жер аударылғандар кең-байтақ даланың бір қиыр шетінде, елден жырақ тұратын. Қылмыс жасады деп айыпталған және ол айыбы билер сотында дәлелденген қылмыскерлер айып не құн төлейтін. Айып дегеніміз жасаған қылмысы үшін материалдық не ақшалай құн төлеу.
Адам өлтіргені немесе дене мүшесіне жарақат салып, мүгедек еткені үшін құн төленетін. Адам өлтірген адам өлім жазасына да кесілетін. Бірақ бұл жазадан құн төлеу арқылы құтылуға болатын. Құн төлеген жағдайда қылмыскерден кек алуына жол берілмейтін. Құн төлеудің шарты мен мерзімін екі жақ барынша қатаң келісіп алатын. Ер адамды өлтіргені үшін 1000 қой немесе 100 жылқы, немесе 50 түйе құн төленетін. Ал әйелді өлтіргені үшін төленетін құн аз болатын.
Егер біреу қажетті қорғаныс үстінде қарсыласын өлтіріп алса және мұны көзімен көрген куәгері болса, онда ол құнның жарты мөлшерін төлеуге тиіс болатын. Ондай куәгері болмаса, онда толық мөлшерде құн төлейтін. Жартылай құн біреуді байқаусызда өлтіріп алған жағдайда да төленетін болған. Егер айыпкердің құн төлейтіндей малы болмаса, онда оны ағайындары, тіпті рулы елі төлейтін.
Адам өлтірген қылмыскерді жасырған және оның қашып кетуіне көмектескені үшін кінөлі болған адам өлген адамның құнын өзі төлейтін. Барымта кезінде кісі өлтірген қылмыскер де құн төлеуі тиіс болатын. Кімде-кім ұрыны, қарақшыны немесе кісі өлтірген қылмыскерді өлтірсе, оған ешқандай жаза қолданылмайтын.
Қазақтар кейбір жағымсыз қылықтар, бұзақылық жасаған адамға қамшымен немесе солқылдақ көк шыбықпен дүре соғу жазасын қолданатын. Кінәлі адамға оның жасаған қылмысының қаншалықты ауыр не жеңіл екендігіне қарай 25, 50,100 дүре соғу жазасы белгіленетін. Өтірік әңгіме таратқан адамға да қамшымен дүре соғу жазасы қолданылатын.
Егер баласы әкесіне тіл тигізіп, балағаттаса немесе әкесі мен шешесінің біреуіне қол жұмсап, ұрып-соқса, онда ол баланы қара есекке немесе қара сиырға теріс мінгізетін. Мойнына құрым киіз байлап, ауыл-ауылды аралататын. Оны көргендер жерге түкіре жиіркеніп, қамшының астына алатын. Дүрелеп жазалау барша жұрттың көзінше орындалғандықтан, ол ең масқара әрі ел бетіне қарай алмайтын ұятты ауыр жаза болып есептелетін. Дүре соғу қоғамдық тәртіпті сақтаудың, қазақтардың ежелгі әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін құрмет тұтудың сенімді құралы болып келді.
Егер кімде-кім өзінің дінінен безіп, христиан дінін не басқа бір дінді қабылдайтын болса, онда оның туған-туысқандарының бүкіл мал-мүлкі талан-таражға салынып, бөліп әкетілетін. Діннен безу әрбір отбасы, ру, тайпа үшін ең масқара қылықтардың бірі саналатын.
Дәстүрлі қазақ қоғамында өзіне-өзі қол салып өлген адам туралы жақсы сөз айтылмаған. Өзін-өзі өлтірген адамдыжалпы зираттан қырық қадам алыс жерлейтін. Оның жаназасы шығарылмайтын, ас берілмейтін, еске алу рәсімі де жасалмайтын. Қазақтардың әдет заңы бойынша жеті атаға жетпейтін туыстардың некесін қиюға үзілді-кесілді қатаң тыйым салынған.