& 19. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтеріліс
Кіші жүз қазақтарының қандай көтерілістерге белсене қатысқанын естеріңе түсіріңдер. Картадан Кіші жүз қазақтары мекендеген аумақты, Ішкі Орданың жерін көрсетіңдер.
Көтерілістің шығу себептері. 1836-1838 жылдары Бөкей хандығында, Кіші жүздің батыс бөлігінде аса ірі халық-азаттық көтерілістердің бірі болып өтті. Ол көтерілістің басты себебі отаршылдық қысымнан туындаған жердің жетіспеушілігі еді. Мәселен, Ішкі Ордадағы 20 мыңға жуық отбасы жер тапшылығынан зардап шекті. Ең жақын шұрайлы жерлердің бәрін де ірі помещиктер мен байлар өзара бөлісіп алып қойған болатын.
Қатардағы қарапайым қазақтар жерді солардан жалға алып пайдаланды. Қазақ ақсүйектері орыс помещиктерінен жалға алған жерлерді өздерінің жеке қалауы бойынша қазақ ауылдарына көтеріңкі қымбат бағаға тағы да қайыра жалға беріп отырды. Сөйтіп қазақтардан әртүрлі айыппұлдар мен алым-салықты еселеп алып тұрды.
Ресей помещиктері Юсупов пен Безбородконың Каспий теңізі жағасында көлемі орасан зор жер телімдері болды. Жайық әскери кеңесі Үлкен және Кіші Өзен бойындағы және Қамыс-Самара көлдерінің төңірегіндегі жерлерді өз пайдасына басып алған еді. Ал Жайық бойындағы жерлерді Жайық казак әскерлері иемденді. Қазақтардың өзеннен өтіп, жағалаудағы жайылымдарды пайдалануына қатаң тыйым салынды. Далалық қазақтар ішкі жақ бетке, іщкі жақ қазақтары далалық сыртқы жақ бетке өте алмады. Жердің жеткіліксіздігі салдарынан қазақтар жерді Астрахан губерниясының шаруаларынан, Жайық казактарынан, жер иеленуші ірі помещиктер мен қазақ байларынан қымбат бағамен жалға алып пайдалануға мәжбүр болды. Жәңгір хан тарапынан салынатын алым-салық түрлері де еңсені езіп жіберді. Ол жеке басының пайдасына жинап алынатын бірыңғай салық түрін енгізді. Патша үкіметі ханның өзі жасап алған фискальдық қаржы жүйесіне араласпады.
Көтерілістің барысы. 1836 жылы халық көтерілісі басталды. Оның қозғаушы күші қатардағы бақташы қазақтар болды. Көтеріліс туының астына бірқатар старшындар да жиналды. Сұлтандар тобы мұның ақыры не болар екен деп, әліптің артын бағып, бейтарап қалды немесе көтерілісшілерге қарсы шықты.
Халық көтерілісін елге белгілі беделді батырлар Исатай Тайманұлы (1791-1838) мен Махамбет Өтемісұлы (1803-1846) басқарды.
Исатай Тайманұлы 1791 жылы дүниеге келген. 1808 жылы Жайықтың сол жағалауында қатты ашаршылық болған кезде оның руы қолайлы жағдай іздеп, Ішкі Ордаға өтіп кетуге мәжбүр болған еді. Исатай 21 жасында өз руына старшын болып тағайындалады. Ол өз қандастарының арасында орасан зор бедел мен сый-құрметке бөленді.
Исатай Тайманұлының ең жақын серігі ақын Махамбет Өтемісұлы болды. Ол араб, татар және орыс тілдерін жақсы білетін. Біраз уақыт Орынбор қаласында тұрған. Махамбет Өтемісұлы белгілі орыс жазушысы әрі этнографы В. И. Далъмен жақсы таныс еді. В. И. Даль Орынбор генерал-губернаторының жанындағы ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунік қызметін атқаратыя. Махамбет саяхатшы ғалым Г. С. Карелинмен де тығыз қарым-қатынас жасап тұрған. Г. С. Карелин әр кездері Ішкі Ордада және Орынборда қызмет істеген болатын. Махамбеттің патша әкімшілігінің қолшоқпары хан, сұлтандар мен оның төңірегіндегілердің озбырлығын айыптайтын жалынды жырлары барлық қазаққа таныс.
«Өздеріңдей хандардың,
Қарны жуан билердің
Атандай даусын ақыртып,
Лауазымын көкке шақыртып,
Басын кессем деп едім.
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім!», -
деп Махамбет халық-азаттық күрестің мақсаты туралы шабыттана жырлады.
Достарыңызбен бөлісу: |