ӘОЖ: 94. 581 БӨкей ордасында патшалық ресей басқару жүйесінің іске асырылуы тәменов шакидулат



Дата25.08.2017
өлшемі134,16 Kb.
#26505
ӘОЖ: 94.581
БӨКЕЙ ОРДАСЫНДА ПАТШАЛЫҚ РЕСЕЙ БАСҚАРУ

ЖҮЙЕСІНІҢ ІСКЕ АСЫРЫЛУЫ
ТӘМЕНОВ ШАКИДУЛАТ

Алматы университеті, «Тарих» мамандығының -2 курс студенті

Ғылыми жетекшісі: СЕЛКЕБАЕВА А.Т.

Алматы университетінің профессор м.а., т.ғ.к. Алматы қаласы


ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Ресейдің экономикалық дамуы дәстүрлі түрде банк жүйесінің қалыптасуымен, Ресейдің еуропа капиталдары нарығына енуі, өндірісті индустрияландырумен сипаттауға болады. Аталған кезеңдегі Ресейдің экономикалық тарихында «империя факторының» да әсері білінді. Империяның аумақтық кеңеюі және соның әсерінен экономиканың құрылымдық өзгеріске ұшырауы дамудың жаңа бағыттарын іздестіруге әкелді. ХІХ ғасырда патшалық Ресейдің шығыс елдеріне бағытталған саясаты империя аумағына жаңа жерлерді кіргізіп, бұл жерлерді тек әскери-әкімшілік әдістермен ғана емес, сонымен қатар экономикалық кеңістікті кеңейту арқылы үстемдік орнатуға тырысты. Соған сәйкес, ХІХ ғасырдың орта шенінде патша әкімшілігінің Ішкі ордадағы хандық билікті жою шаралары өз нәтижесін берді.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында, яғни хандық дәуірде бұл саяси-әкімшілік бірліктің аумағында дербес ішкі саясат жүзеге асып отырды. Әсіресе, Жәңгірдің билік құрған уақытында ішкі саяси құрылым нақты белгіленген жолмен іске асып, дамып отырды. Ал соның ішіндегі назар аудартатыны салық саясаты еді. Өйткені Ішкі орданың салық жүйесі Қазақстанның басқа аумақтарынан өзгеше қалыптасып, жүзеге асып отырды. Жәңгір өзін Ішкі ордадағы рухани бастаушы ретінде көрсетіп, салық мәселесін ислам дініне негіздеп, халық арасында кең тарауына мүмкіндік жасады. Ислам қағидасы бойынша әрбір мұсылман мешіттің қазынасына зекет салығын төлеуге міндетті еді, яғни бұл мұсылман елдерде қолданылатын діни шара болып табылады. Соның негізін хан жергілікті халыққа пайдаланып, осы салық түрін кеңінен пайдалануға кірісті. Ханның салық жүйесі бойынша зекет басты орынды иеленді.

Уақыт өте келе салық жүйесі өз сипатын өзгертті. Өзгерістер хандықта қалыптасқан экономикалық жағдайларға байланысты еді. Ресеймен тығыз қатынаста болған Ішкі орда үшін рубльдің айналымға енуі заңды еді. Бұған С.З. Зимановтың: «Бөкей ордасы Ресей мемлекеттік құрылысының тікелей ықпалында болды» – деген тұжырымы негіз [1]. Қазақтардан зекет пен соғым натуралды өнім түрінде жиналды. Натуралды түрде салық жинау 1840 жылдан ақшалай жинау түріне ауысты. Яғни хан алғашқы рет салықты Петерборға, патшаға сапармен бару кезінде халықтан ақшалай жинады. Ресеймен қарым-қатынаста рубльді пайдалану ыңғайлы болды.

Бұл айтқанымызды Н.Э. Масановтың: «Хан билігінің пайдасына орай қазақтың қоғамында әлдеқашан өмір сүрген салық төлеу парызын Жәңгір хан жалғастырып, 20-жылдың ортасында заңдастырды» – деп жазғаны бекемдей түседі [2].

Ішкі орданың тарихына үңілсек, тұрғын халық өздерінің тұрмыс жағдайын реттеу негізінде Еділ мен Жайық өзендерінің аралығына Бөкей сұлтанның бастауымен келді. Ондағы қазақ халқы ежелгі әдет-ғұрып ережелерін сақтап, пайдаланып, тіршілік етті. Атап көрсетсек, сот билігі халық арасынан шыққан билердің қолында болды. Даулы мәселелер бойынша билер өздерінің әділ шешімдерін жариялап отырды. Бөкей ханнан кейін билікке регент ретінде келген Сығай сұлтанның басқаруы кезінде де сот билігі билердің қолында болды. Бұл кезеңдерде сот билігі тек халықтың өзара қарым-қатынастарын ретке келтіру құралы болып тұрды. 1824 жылы Бөкейдің баласы Жәңгір хандықты қолына алғаннан кейін Ішкі орда қоғамдық-саяси жағынан ірі өзгерістерге ұшырады. Бірақ бұл өзгерістер бірден бола қойған жоқ, алғашқы уақытта ахуал бұрынғы қалпында қала берді. Отызыншы жылдардан бастап Ішкі орда экономикалық жағынан ептеп дами бастады, халықтың қолындағы мал саны жылдан-жылға көбейді, сыртқы және ішкі сауда қатынасы өрістеді.

Қазақтардың кәсібі – төрт түлік мал. Бұл күн көрудің де көзі болып табылады, халыққа ең басты қажеттілік – жайылымдық жер. Сондықтан да қазақтарда барлық даулардың көпшілігі жер мәселесіне байланысты болып тұрды. Бұл мәселені шешу патша әкімшілігі тарапынан оң нәтижесін таба қоймады. 1855 және 1860 жылдары болған әкімшілік-аумақтық реформалар басқару жүйесін аз да болса ретке келтірді, бірақ ішкі мәселелерді шешуде дәрменсіз болып қала берді. Сондықтан Ресей әкімшілігі Ішкі орда қазақтарын әуелі заң күшімен, сот билігімен қатаң шара көріп, қорқытып ұстап, империялық заңды мойындатуды көздеді. Алға қойған мақсаттарын орындауда патша әкімшілігі жергілікті саяси топты өздерінің тапсырмаларын іске асыратын негізгі күш есебінде пайдалануға барды. Алайда, патша әкімшілігінің бұл әрекеті де оңайлықпен жүзеге аспады.

Ресей империясы жергілікті халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуды, оларды орыстандыруды басты мақсаттарының бірі санады. Бұл күрделі істер орысша үйрету, оқыту арқылы орындалды. Патша әкімшілігі қазақтардан өздеріне қызмет ететін шенеуніктер дайындау үшін арнайы орыс-қазақ мектептерін ашты. Өздері оқытқан кадрларды жұмысқа тарту арқылы қазақтар арасындағы сұлтандардың беделін төмендетуді көздеді және руға бөлінушілікті әлсіретуді, мұсылмандық мектептердің өсуіне шектеу қоюды нысана етті. Ал Жәңгір хан болса озық елдің жетістігін, жаңа мәдениетін қабылдау оқу арқылы келетінін түсініп, ордада білім беретін мектептер ашуды мақсат тұтты. ХІХ ғасырдың қырқыншы жылының басына дейін Ішкі ордадағы оқу- ағартушылық ісі дінмен өте тығыз қарым-қатынаста болды. Яғни, халықтың сауатын ашу үшін молдалар үлкен рөл атқарды. Орда халқына ислам дінінің кеңінен тарауына себеп болған Жәңгір хан еді.

1841 жылдан 1868 жыл аралығында мұнда бастауыш білім беретін орыс-қазақ мектептері көптеп ашылды. Ал 1868 жылдан бастап ордада орыс-қазақ мектептерінің саны бәрінен басым болды. Бөкей хандығында Жәңгірдің бастауымен ислам дінінің элементтері жергілікті халыққа тарай бастады. Ішкі ордада мешіттер салына бастап, солардың жанынан мектептер мен медреселер ашылды. Дінді тереңдете енгізу мақсатында ашылған оқу орындарында негізінен ислам дінінің ережелерін оқытты.



Жәңгірдің билікке келуі Ішкі орданың саяси құрылымында үлкен жаңа бетбұрыстардың туындауымен сипатталады. Соның ішінде жергілікті халықтың рухани өміріне өзгерістер енгізілді.Мектептер мен медреселерде оқудың негізгі бөлігі ислам дінінің қағидаларын үйрету болып, сондай-ақ, арабша жазуды алға қойды. Жылдан-жылға орда жерінде молдалардың санының өсуі патша әкімшілігіне тиімсіз болды. Әсіресе, ХІХ ғасырдың қырқынша жылдары молдалар саны күрт өсіп кетті. Ресей патшалығының отарлық саяси мақсаттарын орындауға кедергі келтіретін ислам дінінің кеңінен тарауына тосқауыл қою үшін және қазақтарды орыс халқымен жақындастыру үшін халық арасында орыс тілін таратуды жолға қоюды көздеді. Сондықтан орыс тілін кеңінен таратуда халық арасында бұл тілге мұқтаждық жағдайды туғызу қажет еді. Сол үшін Жәңгірдің ордада ағарту ісін дамытудағы белсенділігін пайдалана отырып, жергілікті тұрғындар балаларын орыс тілінде оқытса, үйретсе, олар болашақта жақсы қызметтерге орналасатынын насихаттау және көз жеткізу басты нысана етілді. 1841 жылы 6 желтоқсанда хан ордасында Жәңгір мектебі деген атаумен белгілі оқу орны ашылады. Бұл мектептің бой көтеруі патша әкімшілігінің алға қойған жоспарының бірі болғанын оңай аңғаруға болады. Алғашқы орыс-қазақ мектебінің негізгі пәні орыс тілі болды, сонымен қатар география, арифметика және басқа пәндердің негізін оқытты. Мұндайда жергілікті халықтың үрейін туғызбас үшін ислам дінінің қағидаларын да үйретті. Осы оқу орны ханның жеке бақылауында болып және арнайы қаржы бөліп, мұғалімдерді өзі тағайындады. Бұл тұста орыс-қазақ қарым-қатынастарында татарлардың алатын орны ерекше еді. Қазақтардан біраз ерте Ресейдің боданына айналған татарлар орыс тілін жақсы меңгеріп алған еді. Сондықтан Ішкі орда халқының орыс халқымен сауда байланыстарын, саяси, әкімшілік қатынастарды реттеуде татарларға жүгінуіне мәжбүр болды. Соның бір дәлелі ретінде Жәңгір өз кеңсесіне татар тілмаштарды қызметке орналастырды. Сол себепті де қазақтар татарларды өздерінен жоғары ұстап, үлкен бір күш ретінде көретін. Бұған Ішкі орда қазағы Салық Бабажановтың: «татарлар қазақтарға өз үстемдігін екі негізде жүргізді, біріншіден, біздің балаларымызға білім беру және ислам қағидаларын үйрету және екіншіден, орыстар мен қазақтар арасында байланыстырушы ретінде» – деп жазғаны дәлел [3]. Хат, іс қағаз, құжаттар жазу барысында татарлар меңгерген араб және парсы әріптерін пайдалану Ішкі орда қазақтары арасында татар тілінің кең тарауының басты себептерінің бірі еді.. Ресейдің ішкі жағынан келген татарлар қазақ жерінен қажетті заттарды арзан бағамен көптеп алып кетуге тырысты. Қазақ халқының сауда-саттықта татарлардан қауіптенетіні – қазақтар талай рет татар саудагерлерінің алдауына түсіп қалып жүрді. Ішкі орданың ағартушылық ісіне негіз салған Жәңгір орыс тілін білу болашақта өз қол астындағы халықтың сауат ашып, оқып, оянуына және еуропалық өркениеттің озық элементтерін үйренуіне жол ашады деп сенді. Ол дүниедегі озық өркениетпен байланысы болмаған қазақ халқына жаңа мәдениетті сіңіруді көздеді.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында-ақ патша әкімшілігінің қазақтар арасынан отарлық негіздегі шенеуніктер шығару жоспары жүзеге асты. Жергілікті халықты басқару үшін әр әкімшілік-аумақтық бөліністің басына өздері дайындаған шенеуніктерді тағайындап, өз мақсаттарын орындап отырды. Ресей империясына қызмет ететін қазақ балаларын оқытуға баса назар аударылып, арнайы қаржы бөлінді.

Ішкі орда өміріндегі елеулі жаңалықтың бірі – Хан ордасында қыздар мектебінің ашылуы. Мұндай оқу орнын жүзеге асыру мәселесі 1881 жылы көтерілген екен. 1883 жылдың басында Хан ордасында бір сыныпты қазақтарға арналған бастауыш қыздар мектебі ашылды. Мына, келтірілген мәліметтерге қарап, мектепте оқыған қазақ қыздарының саны біртіндеп төмендей бергені танылады. Бұл орда тұрғындарының қыздарын орысша оқытуға ынталы болмағанын танытады. Бұл мәселе оқу саласының мамандарын ойландырып, қазақ қыздарын оқуға тарту үшін өз ұсыныстарын білдірген. Бұған И.С. Ивановтың: «Орда мектебінің инспекторы А.Е. Алекторовтың пікірінше әйелдер мектебіне қазақ қыздарын тарту үшін екінші сынып ашу қажет, бұрыннан бар қолөнер шеберлігі оқуына қоса малды бағып, күту пәнін енгізу керек және сүт шаруашылығы формасында практикалық сабақ қосқан жөн екен» – деп жазғаны дәлел [4].

1911 жылы Бөкей ордасында қоғамдық-әдеби «Қазақстан» атты газет шығарыла бастады. Газет қазақ тілінде шықты және ішінде орыс тілінде айдары болды.

Ішкі ордада мұсылмандық және орыс-қазақ мектептерінің ашылуы бұл аймақта әр түрлі салада жазылған, әсіресе, оқулық кітаптардың халық арасына тарауына мүмкіндік туды. Хан ордасында, қыстақтарда, елді мекендерде ашылған мектептерде мұсылмандық және орысша оқу кітаптары біршама болды. Бұған И.С. Ивановтың: «По представлению Председателя Совета в сентябре 1862 года Оренбургским генерал-губернаторам было разрешено отпускать ежегодно из специальных средств Орды по 100 руб. на выпуск книг духовного и светского содержания, а также и повременных изданий, с целью удовлетворить ощущавшуюся служащими в Совете потребность в чтении и для развития такой же потребности среди кончивших учебные заведения киргиз» – деп жазғаны негіз [5]. Хан ордасындағы Александр Невский атындағы шіркеудің қызметкері Агров сол діни орынға арнап кітап шығару үшін жыл сайын 30-40 руб. ақша бөлуді сұрап Орынбор генерал-губернаторына хат жазған. Губернатор оның ұсынысын қолдайды. Сөйтіп шіркеуге кітап үшін жыл сайын 100 руб. қаржы беріліп тұрған. Ордадағы мектептерді кітаптармен қамтамасыз ету мәселесіне орай мемлекет қазынасынан жыл сайын 75 руб. бөліп тұруға шешім шығарылды.

Мұсылмандық білім беретін мектептердің жұмыс істеуіне барынша кедергі жасалынды. Орысшы-қазақша мектептерде оқыған қазақ балаларына, негізінен, орысша жаза, оқи білуді және есептен төрт амалды білуді ғана үйретті. Олардың терең білім алуына жағдай жасалынбады. Мектепте сабақ беретін маман мұғалімдердің жетіспеуінен, оқушылардың білім дәрежесі қойылған талаптарға сәйкес келмеді. Мектептерде сабақ орыс, татар тілдерінде жүргізілді. Бұл балалардың өз ана тіліне деген ынтасын төмендететіні сөзсіз.

ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың басында Ішкі ордада орыс-қазақ мектептерінде оқушылар саны да, білім сапасы да, оны бітірушілердің қатары да талап деңгейінде бола қоймады. Бұған бірінші себеп, орда қазақтарының көбісі кедейлікте өмір сүрді.

Дін мен идеологияға сүйенген орталықтандырылған билік барлық өмір сүрген империялардың ең басты ерекшелігі еді. Ресей империясы да осының қатарында. Патшалық Ресейде империялық идеология дін арқылы жүзеге асырылды. 1917 жылға дейін Ресей империясының идеологиясы ресми түрде: мемлекетке қызмет ету, монархқа адал болу еді (православие, самодержавие, халық). Сондықтан жалғыз үстем дін қол астындағы халықтарды бір орталыққа біріктірудегі ең тиімді әдіс болды. Қатаң сипатта болсын немесе демократиялық сипат тапсын билікті орталықтандыру әрқашан империяның ең басты мақсаты болды. Орталықтандыру империяның өмір сүруінің шарты болса, ал мемлекеттік идеология орталықтандырудың негізі болды. Жаңа билікті таңатын кезде идеология пайдаланылды. Соған байланысты Ішкі орданы империялық кеңістікке енгізуде православие діні пайдаланылды. Осыған орай патша өкіметі қазақтар ұстанатын ислам дінінің рөлін төмендетуге мүдделі болды.

Ішкі ордада хандық билік жойылды, жергілікті басқару патшалық Ресейдің мекемесі арқылы іске асырылды. Жан-жақтан орыс мекендерімен қоршауда ұсталған бұл аймақта өз рухани отарлау саясатын алаңдаусыз орындауына зор мүмкіндігі болды. Бұл айтқанымызға С. Зимановтың: «Шындығында, Бөкей ордасы ішкі төңіректе орналасқан Россия метрополиясы, Ресей әкімшілігінің бақылауы мен билеуінде, айнала Астрахань, Саратов, Орынбор губерниялары шенеуніктерінің иеліктерімен, орыс шаруаларының елді мекендерімен және шекара шебімен қоршалған» – деп жазғаны негіз [6].

Бүкіл қазақ еліне бағытталған миссионерлік саясат ХІХ ғасырдың екінші жартысында белең алып, үлкен отарлау күшіне айналды. Көршілес орыс уездерінде тұрақтанып қалған қазақ отбасылары орыс миссионерлері үшін оңай олжа болып табылды. Сондай-ақ, қазақ елін жұт жайлаған кезеңде орыс миссионерлері күйзелген отбасының қатарынан табылуды мақсат тұтты. Мал-мүлкінен айрылған жұртты христиан дінін қабылдауына көндірудің басты көзі ретінде барлық болып жатқан күйзеліс жағдайлары православиеге өткеннен кейін өмір сүру жақсы кезеңдермен ауысады деп сендірді.

Ішкі орданың православиелік тұрғындарының рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін хан ордасында 1858 жылы патшаның келісімі бойынша князь Александр Невский атындағы уақытша православиелік шіркеу тұрғызылады.

Шіркеу арқылы жергілікті халықтың орыстарға бағытталған ой-санасын жұмсартты, жақындастырды. Халықты шоқындыруды нәтижелі жүргізу үшін патша әкімшілігі Ішкі орданың православие шіркеуінің материалдық жағдайын жақсартып, дін қызметкерлерін мол қаржымен қамтамасыз етіп тұрды. Өйткені, жергілікті жерде православиені ұстанушылардың аз болуынан шіркеуге халықтан түсетін қаржы жеткіліксіз болып табылып, өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі жетпеді.

Ішкі ордада Уақытша кеңес құрылмай тұрғанда оқу-ағарту ісі түгелдей мұсылманша жүргізілді деуге болады. Сабақты молдалар жүргізді, ел ішінде олардың беделі еселеп артты. Бөкей ордасында мұсылмандық оқудың кең өріс табу себебін қысқаша түйіп жеткізу үшін Бөкейорда тарихы деген еңбекте: «Қазақ қоғамында ислам дінін нығайту үшін Орынбор муфтиі ханға үлкен ықпал етті. Ордаға Қазан мен Орынбордан молдалар шақырылып, қазақ жастары Қазан, Уфа, Орынбор, Астрахань қалаларындағы діни мектеп медреселерге оқуға жіберілді» – деген тұжырымын келтіруге болады [7]. Бұған біздің қосарымыз, біріншіден, бұл дін қазақ халқының тұрмысына біртіндеп еніп, бекем орнықты, екіншіден, мұсылмандық оқыту қазақ халқының тұрмысына ыңғайлап ұйымдастырылды. Мысалға, молдалар бала оқытуды киіз үйде жүргізе берді. Бұл көрініс Ішкі ордада мұсылман идеологиясының қалыптасуына әкелді. Осы идеологияның қазақ қоғамы арасында өркендеуінен Ресейге қарсы көзқарастың да орын алуы мүмкін болды. Мұндай жағдай империяның алдына қойған саяси мақсаттарына сәйкес келмеді. Сол себептен де Ресей билігі Ішкі орда аумағын мекендеген мұсылмандарға қатаң саясат жүргізуді қолға алды. Қазақтардың рухани-діни қызметтерін қыспаққа алатын шараларды жүзеге асыруға көшті. Солардың қатарына мұсылмандық-ағартушылық қоғамдардың құрылуына жол бермей, мешіттер мен олардың жанындағы мұсылмандық діни дәріс беретін оқу орындары – мектептер мен медреселердің санын қысқартуды жатқызуға болады.

Патша әкімшілігі ислам дінінің тарауына кедергі жасауды күшейте түсу үшін әр түрлі айла-шараларға барды. Олар, әсіресе, ислам дінінде білім беретін молдаларға ретін тауып қысымшылық жасауға тырысты. Әр елді мекендердегі молдалардың санын бір адамнан асырмау жөнінде жарлық шығарды, молдалар, мұсылмандық мектептер Уақытша кеңеске, губерния бастығына бағынатын болды. Молдаларға жасалған жеңілдіктерді алып тастады. Саяси жағынан қауіпті болып табылатын исламның таралуына тосқауыл ретінде патша әкімшілігі Бөкей ордасында татарлардың қазақтарға ықпалын әлсірету қажет деп тапты. Соған байланысты татарларды орыс пен қазақ арасындағы байланыстырушы рөлден қалай да болса алшақтатуды көздеді. Татарлану процесіне қазақ жерінің басқа аймақтарында да көрініс тапты. Оған мысал ретінде 1877 жылы Ақмола облысы губернаторының Батыс Сібір генерал губернаторына «магометанская пропаганда может рапространятся двумя способами; при помощи татарских мулл и других татар духовного звания, разьезжающих по степи под видом своих торговых дел и при помощи татар, обучающих в аулах киргизских детей татарской грамоте» - деген қазақ даласындағы дін мәселесі жөнінде берген мәлімдемесінен анық байқауға болады [8].

Ресей империясы Ішкі ордада бекем орын тепкен ислам дінінің ілгері қарай өріс таппауына молдалардың тұрмыс жағдайын әлсіретудің шараларын іздестірді. Ондағы мақсат біреу – ордада тек орыс мектептерін ашып, қазақтардан өзіне қызмет ететін кадрларды дайындау, тұрғын халыққа орысша сөйлеуді, орысша жазуды кең тұрғыда үйрету арқылы орда қазақтарын орыстандыру, мүмкіндігінше православ дінін қабылдатуға күш салуды көздеді. Сондықтан патша әкімшілігі мұсылмандықты уағыздайтын, ислам дінінің қағидаларын үйрететін молдаларды Ішкі орда төңірегінен амалсыз ығыстап кетуіне барынша күш салды. Олар молдалар мен ислам дінін оқытатын татарлардың тұрмыс жағдайын төмендетсе, өз мүдделерінің орындалуына айқын мүмкіндік туады деп сенді.

Жалпы алғанда жоспарланып, алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін патша әкімшілігінің түрлі айла-тәсілдерді пайдаланғанын көреміз. Жоспарда көрсетілген атқарылатын іс-шаралар дерлік барлығы ойластырылғандай орындалып, Ішкі ордада тұрақты Ресейдің билігі орнады. Уақытша кеңес патша өкіметінің Ішкі ордадағы саясатын жүзеге асыру қызметін атқарды. Уақытша кеңес қызметін саралау арқылы империялық саясаттың қырлары айқындалып, бағаланды.

1846-1917 жылдардағы Ішкі орданы басқару жөніндегі Уақытша кеңестің қызметі қазақтардың қоғамдық өміріндегі тұрмыс-тірлігін біліп, мұң-мұқтажын қорғау емес, отаршылдық саясаттың талап-тілегін, патшалық Ресейдің әкімшілік-аумақтық реформасын жүргізу мақсатында жоғары жақтан арнайы құрылған мемлекеттік әкімшілік басқару мекемесі болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер :

1. Зиманов С.З. О политическом строе Букеевской орды // Вестник АН Казахской ССР. –1951, октябрь. – №10 (79). – С. 21-32.

2. Масанов Н.Э. Налоговая политика царизма во Внутренней орде в середине ХІХ в. // Известия АН КазССР. Сер. Обществ. Наук. – 1979. – №4. – C. 52-59.

3. Бабаджанов М.С. Сочинения (сборник статей 1861–1871 гг.). – Алматы, 1996. – 144 c.

4. Букеевской орде 200 лет. – Алматы: Өлке, 2001. – Кн. 2. – 232 с

5. Букеевской орде 200 лет.– Алматы: Өлке, 2001. – Кн. 6. – 256 с.

6. ПСЗ-ІІ. Т. 43, Отд. ІІ, 1868, № 46101. Спб.1873. – 572 с.

7. Зиманов С.З. О политическом строе Букеевской орды // Вестник АН Казахской ССР. –1951, октябрь. – №10 (79). – С. 21-32.



8. Қазақстандағы ислам діні: қажылық (ХІХ-ХХ ғ. басы). Материалдар жинағы. / Құраст. және жоба жетекшісі Г.Р. Мұхтарова (Абдраимова). – Алматы: Баспалар үйі, 2009. – 592 б.



Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет