Қазақ хандығының қалпына келтірілуі. 1841 жылдың қыркүйек айында үш жүздің өкілдері бас қосқан жиында Кенесары Қасымұлы хан сайланды. Сөйтіп Қазақ хандығы қалпына келтірілді. Патша үкіметі бұл жайсыз хабарды өте өкініш сезімімен естіп-білді. Ендігі жерде Кенесары бастаған көтеріліс ұйымдасқан сипат ала бастады. Ұлт-азаттық күресті табысты жүргізу үшін Кенесары хан бір орталықтан басқарылатын мемлекет құрды. Оны ханның өзі басқарды. Ханның жанынан жоғарғы кеңесші орган - өзіне барынша адал берілген батырлар, билер мен сұлтандардан тұратын арнайы Кеңес құрылды. Кенесары хандықты өзінің сенімді адамдары - жасауылдар арқылы басқарды. Жасауылдар сот ісімен, шаруашылық мәселелерімен, дипломатиялық жұмыстармен, алым-салық жинаумен және әскери істермен айналысты. Жасауылдар сонымен қатар орталық өкімет билігі берген нұсқаулардың мұқият орындалуын, мал жайылымдарының дұрыс бөлініп, тиімді пайдаланылуын бақылады, халықтың көңіл күйін де қадағалады. Хан билігі қызметінің оңды нәтижелері ретінде оның қол астындағы халық арасында алауыздық пен барымта алу жойылды.
Ханның алым-салық және сауда-саттық саясаты. Кенесары ең алдымен алым-салық төлеудің тәртібін ретке келтірді. Мал өсірушілер - зекет, ал егіншілер - ұшыр төлейтін болды.
Патша әскерлерімен соғысты одан әрі жалғастыру қосымша материалдық және қаржы шығындарын қажет етті. Сондықтан алым-салықтың да қосымша түрі енгізілді: халықтан киім-кешек, қару-жарақ, ат әбзелдерін жинау қолға алынды.
Көтеріліске деп жиналған астықты патша үкіметі жиі-жиі тәркілеп кетіп жүрді. Тәуекел етіп, көтерілісшілерге астық апарып сатқандар жазалаушы әскердің қаһарына ұшырады. Сондықтан да Кенесары қазақтардың егіншілікпен айналысуын қатты қолдады. Көпестердің сауда керуендерінен алынатын баж салығы едәуір табыс беретінін ескерген Кенесары ондай керуендерді тонауға тыйым салды. Сауда керуендерінің толық қорғалуын қамтамасыз етті. Керуенбасыларын жеке өзі қабылдап та отырды. Баж салығынан түскен қаржыға Орта Азия базарынан қару-жарақтар мен оқ-дәрі сатып алынды.