5. Әбілқайыр ханның және оның төңірегіндегілердің Ресейдің қол астына өтуді қабылдауы. Өзін Ресей империясының сенімді өкілі екендігін алға тартып, дүние-мүлікке қызықтыру арқылы пара беру, уәделі келісімге көндіру, кей-кейде ашықтан-ашық қоқан-лоқы жасап қорқыту арқылы А. Тевкелев келіссөздерді ақыры өз пайдасына шешті. Ресей елшісі Әбілқайырдың төңірегіндегілерді Ресейдің қол астына өтуге көндірді.
1731 жылдың 10 қазан күні Әбілқайыр хан, бірқатар сұлтандар және ірі билер мен батырлардың шағын тобы Ресей империясының қол астына өту туралы ант қабылдады. Бұл оқиға Ырғыз және Тобыл өзендерінің арасындағы Майтөбе деген шатқалда өтті. Ант қабылдауға барлығы 29 қазақ старшыны қатысты. Ол ең алдымен «хан партиясы» деп аталатын топтың мүшелері болатын. Бірінші болып Әбілқайыр хан, одан соң оның төңірегіндегілер ант қабылдады. Қа- зақ ақсүйектерінің едәуір тобы өз мүдделерін көздеп, келіссөздер жүріп жатқан кезде дипломатиялық тапсырмамен келгендерге қолдау білдірді. Қазақтардың Ресейдің қол астына өтуі, міне, осылай басталды. Әбілқайыр Ресей патшасының тағына адал болудың кепілі ретінде өзінің ұлдарының қатарынан Ресейге аманат жіберуге уәде етті.
Ресейдің дипломатиялық тапсырмамен келген елшілері Қазақстан аумағында бір жылдан астам уақыт бойы болды. Ол қазақ қоғамын егжей-тегжейлі жан-жақты зерттеді, қаншалықты мол мүмкіндіктер бар екенін байқап қарады. А. Тевкелев Кіші жүзде атқарған сәтті дипломатиялық қызметі үшін әуелі полковник, одан сәл кейінірек орыс армиясының генералы әскери шенін алды. Ақырында оның ұрпақтары Орынбор өлкесіндегі ірі-ірі мұсылман помещиктеріне айналды. Олардың мың-мыңдаған басыбайлы шаруалары болды. Ал башқұрт старшинасы Таймас Шайымовқа тархан атағы берілді.
Әбілқайыр хан Ресейдің қол астына өтуді қабылдағаннан кейін Кіші жүз қазақтарының арасындағы беделі мен ықпалынан айырыла бастады. Оның Ресей қол астына өтуден күткен үміті ақталмады. Ол тек Кіші жүздің ханы болып бекітілді. Сондықтан ол өз ғұмырының соңғы күніне дейін патша әкімшілігіне бағынбауға тырысты. Оның үстіне, қазақтардың қалмақтармен, башқұрттармен және Орал казактарымен шекара аймағындағы шиеленісті қақтығыстары тоқ- татылмады. Әбілқайырдың патша үкіметіне қарсы белсенді іс-әрекеттері оның саяси қарсыластарының қолынан қаза тапқанынан кейін ғана тоқтады.
Ресейдің қол астына өткен Кіші жүз қазақтарына патша үкіметі тарапынан ешқандай нақты әскери көмек көрсетілмеді. Әскери гарнизондарының аздығы және қару-жарақтарының нашар болуы салдарынан Ертіс бойындағы бекіністер қазақтарды жоңғар қалмақтарынан қорғай алмады. Сондықтан жоңғарлардың билеушісі Галдан-Церен Қазақстан аумағына жаңадан жойқын жорық жасады.