1797 жылы Айшуақ сұлтан хан болып сайланды. Бұл кандидатураны сұлтандар да, ру старшындары да қолдады. Хан жасы жетіп қартайған адам еді. Ол қазақтардың арасында бәлендей рөл атқара алған жоқ. Кіші жүздегі сұлтандар мен ру старшындарының өзара татуласуы Сырым Датұлын өзінің төңірегіне ру старшындарын бұрынғысынша топтастыру, сұлтандарға және патша әкімшілігіне қарсы күресін жалғастыра беру мүмкіндігінен айырды. Сырым батыр Хиуа хандыгы аймағына көшуге мәжбүр болды. Халық аузындағы аңыз бен кейбір мәліметтерге қарағанда Сырым Датұлы өзінің саяси қарсыластарының қолынан қаза тапқан көрінеді.
6. Көтерілістің жеңілу себептері. Көтерілістің жеңілу себептерінің бірі - С. Датұлының бірден екі күшке: бір жағынан патша үкіметіне, екінші жағынан сұлтандар мен ханның төңірегіндегі топтарға қарсы күресуі. Көтеріліс жетекшісі көтерілісшілерді тұтасқан берік күшке айналдыра алмады. Көтеріліс стихиялы түрде басталды және ұйымдасқан жағдайда жалғаспады. Адам саны жағынан шағын жасақтар бір-бірінен бөлек, жеке соғысуды дұрыс санады. Руаралық шиеленісті қақтығыстар да орын алды, старшындардың едәуір бөлігі тұрақсыздық танытты. Олардың іс-қи- мылдары бір-бірімен өзара келісілмеді. Старшындардың едәуір бөлігі көтеріліске қатысудан бас тартты. Өйткені патша үкіметінің жазалаушы отряды келе қалған жағдайда Жайықтың сол жағалауындағы жерлерімізден айырылып қаламыз деп қорықты.
Патша үкіметінің Еділ мен Жайық аралығындағы аумақта мал жайылымдарын уақытша пайдалануға берген рұқсаты мал жайылымы туралы мәселенің шиеленісін аз да болса да бәсеңдеткен еді.
Сырым Датұлы бастаған көтерілістің орасан зор тарихи маңызы болды. Ұлт-азаттық көтеріліс қазақтардың Ресей империясының отаршыл әкімшілігіне қарсы ең алғашқы ірі баскөтеруінің бірі еді.
Сырым батыр қазақ халқының есінде XVIII ғасырдың соңғы ширегіндегі көрнекті саяси қайраткерлердің бірі ретінде қалды. Ол өз замандастарының арасында аса зор бедел мен сый-құрметке бөленді. Ауыз әдебиетінің деректеріне қарағанда, оның асына 2000 жылқы, 2500 қой сойылған деседі. Мұның өзі халықтың сүйікті көсеміне деген шексіз зор құрметінің белгісі еді.
Сырым Датұлы бастаған көтерілістен кейін патша үкіметі бірқатар мәселелер бойынша, соның ішінде ең алдымен Еділ мен Жайық аралығындағы мал жайылымдарын пайдалану жөнінде де едәуір жеңілдіктер жасауға мәжбүр болды. 1801 жылы Жайық өзенінің оң жақ жағалауында Ішкі Орда құрылды. Бұл аймақтағы халықтың едәуір мол бөлігі Сырым Датұлының жақтастары мен жақын туыстары болатын. Батыр бастаған көтеріліске белсене қатысқандар да солар еді.