Көтерілістің шығу себептері. Е. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі басылғаннан кейін патша үкіметі Кіші жүз қазақтарының көшпелі қауымына отаршылдық езгіні күшейтіп жіберді. Сондықтан да қазақтардың көтеріліске шығуы кездейсоқ оқиға емес еді. Оның мынадай себептері болды. Біріншіден, шекара шебінің ішкі жағына уақытша өткен қазақтарға қойылатын талаптар тым қатаңдай түсті. Талап бойынша кез келген қазақты оның кездейсоқ басқа бір руласы жасаған құқық бұзушылық әрекеті үшін ұстап алып, айыптауға болатын еді. Екіншіден, Орал казак әскерлері тарапынан бұрынғысынша дала төсіндегі «әскери іздестірулер» тоқтатылмады. Үшіншіден, Нұралы ханның және оның төңірегіндегілердің беделі жыл өткен сайын төмендей берді. Ол бірте-бірте патша үкіметінің қолындағы қуыршақ қолшоқпарға айнала бастады. Ханның отбасындағылар мал жайылымдарын өз пайдаларына қарай қалай қаласа, солай бөліске салды.
Ұлт-азаттық көтерілістің алғашқы кезеңі. 1782 жылдың аяқ кезінде патша үкіметінің жарлығы шығып, қазақтардың Жайықтың оң жағалауындағы аймақтарға қыс мезгілінде жайылымдық жерлерді жалға алу арқылы ғана уақытша өтуіне рұқсат етілді. Орал казактары бұл жарлықты өз мүддесіне пайдалана қойды - казактардың жерін қазақтардың жалға алуына тыйым салынды. Орал шекара шебіндегі бекіністердің күзеті күшейтілді. Қазақтар аманат беруге тиісті болды. 1782—1783 жылдың қысында шекара шебінің ішкі жағында казактар қазақтардың 4 мыңнан астам жылқысын күшпен тартып алды. Қыстың өте суық болуы жағдайды одан сайын қиындатып жіберді. Жұт басталды. Дала тұрғындарының 10 000-нан астам жылқысы мен сиыры қырылып қалды. Міне, осындай қиын-қыстау жағдайда Кіші жүздің шекара шебіне таяу ауылдарында бұқаралық қозғалыс басталып, ол көп ұзамай азаттық күресіне ұласты.
1783 жылдың көктемінде қазақтар Орал шекара шебіне шабуыл жасай бастады. Қазақ жасағы Гирьял бекінісіндегі солдаттарды тұтқынға алып, малдарын айдап кетті. Орынбордың солтүстік-шығысында тама руының жасақтары шабуылдаумен болды. Орынбор коменданты қазақ даласына Орынбор казактарының жазалаушы әскерлері мен башқұрттардың 1500 сарбазын жіберді. Қазақ көтерілісшілері оларға табандылыңпен қарсылық көрсетті. Қазақтардың тастан тұрғызған бекінісі дұшпанның баса-көктеп бірден лап қойған шабуылы кезінде алынды. Тұтқынға алынған 56 адам қазыналық жұмыстарды атқаруға жіберілді.
Қазақтардың әскери бекіністер мен сауда керуендеріне шабуылы жиілей түсті. Мұның өзі орыс мемлекетінің Орта Азия хандықтарымен жасалатын сауда-саттық деңгейін құлдырата төмендетіп жіберді. Қарағай бекінісіне бірден лап қойған шабуыл жасалды. Көтерілісшілер Орынбор мен Елек қорғанысының екі арасын байланыстыратын даңғыл жолды өз бақылауларына алды.
1785 жылы қазақ жасақтары Төменгі Орал шекара шебінің аймағында патша үкіметінің әскерлерімен кескілескен шайқасқа түсті. С. Датұлы 2700 сарбазыбар жасаққа, старшын Барақ 2000,Тіленші батыр 1500 сарбазы бар жасақтарға басшылық етті. Бұларға қарсы казактардың үш отряды жасақталды.
Ру старшындарының Нұралы ханмен және оның төңірегіндегілермен арадағы күресі күшейе түсті. Ханның халық көтерілісін басып-жаншып тоқтатуға мұршасы келмеді. Ол - ол ма, көтерілісшілер халыққа жексұрын болған оны орнынан түсіруді талап етті. Қазақтардың да, отаршыл билеушілердің де көз алдында өзінің беделінен жұрдай болған Нұралы хан 1786 жылы Кіші жүзден біржолата қуылды. Ол ендігі жерде патша билігінің қамқорлығына алынды. Біраз уақыт Калмыков бекінісінде жасырын тұрды. Уфаға жер аударылған Нұралы хан ақырында сонда қайтыс болды.