Шартты және шартсыз рефлекс. Біз ең қарапайым рефлекстерді
қарастырайық. Айтылған рефлекстердің барлығы шартсыз рефлекс.
Шартсыз рефлекс деп бір түрдің барлығында бірдей, туа біткен
рефлекстерді айтады. Шартсыз рефлекс ағзаға өмір тәжірибесі жоқ
кезде тірі қалуға мүмкіндік береді. Мысалы, жаңа туған сәби сору
рефлексіне ие. Бет, ерін, иек терісіне жанасқанда сәби рефлексті түрде
анасын емуге ұмтылады. Мұндай рефлекс барлық сүтқоректілерге тән.
Шартсыз рефлекс ағзаның ішкі ортасының тұрақтылығын (гомео-
стаз) автоматты түрде сақтауға бағытталған. Яғни олар қанның қысымы
мен химиялық құрамын, дене температурасын тұрақтандырады.
Шартсыз рефлекс орталығы жұлында (тізе рефлексі, бөлу рефлексі),
мида (дем алу – сопақша ми, термореттелу – аралық ми) орналасуы
мүмкін. Барлық шартсыз рефлекстер мінез-құлықтың генетикалық
тұрғыда негізі қаланған бағдарламасы. Олар тірі қалуға көмектеседі,
бірақ қоршаған ортаның өзгеретін жағдайларына бейімделуге
көмектеспейді. Өзгеретін жағдайларға шартты рефлекстер көмектеседі.