Педагогикалық қолдау, оның мəні жəне ұйымдастыру жолдары
Тəрбие процесінің нəтижелілігі көбіне оған болған педагогикалық қолдаудың дұрыс ұйымдастырылуына тəуелді. Мұндай қолдау бүгінгі таңда төмендегідей қарастырылады:
нақты адамға оның денсаулығы мен психикалық қалпына, оқуына, тұрмыстық əрі кəсіби бой тіктеуіне кедергілердің алдын алу жəне нақты іс-əрекеттік көмек көрсету;
адамның жеке басы ерекшеліктерінің орнығу процесін қамтамасыз етуге бағытталған педагогикалық қызметтер;
ауытқуға бейім қылық-əрекет қиыншылықтарын жеңуге бағытталған ықпалдасты əрекеттердің ерекше түрі;
келеңсіз мінез əрекеттеріне бейім жас өспірімге нақты жекеленген жəрдем беру;
баланы басшылықты жетекке алу;
тəлім-тəрбие мекемесінің педагогикалық қолдау проблемасын өзінің өмірлік принципіне айналдыруы;
балалардың өзін-өзі тану шартына айналып, оқу мен тəрбие шеңберін үйлестіруге бағытталған мұғалім мен оқушы ықпалдастығын күшейте түсу.
Педагогикалық қолдау – бұл: а) тəрбиеленуші сенімінен шығу; б) көбіне педагогикалық қолдау қажеттігін өзі сезбейді, бірақ оған мұқтаж болған тəрбиеленушілерге қол ұшы жəрдемін беріп, қолдап- қуаттау.
Педагогикалық қолдау мəні: жайма-шуақ психологиялық жағдай жасау; тұлғаның өз бойындағы мүмкіндіктерін өзінше іске асыруына шарт-жағдайлар түзу; өз қадір-қасиеті мен ар-намысын сақтап қалуға жəне ұтымды нəтижеге жету жолындағы кедергілерді бірлікті жеңіп бару; «жəрдем бер» деп алақанын ашық жайып отырғанға ғана емес, достық ықылас-ниетке мұқтаж болғанның бəріне көмек көрсету; əрқандай тəрбиешінің өмірдегі өз орнын табуға құштарлық білдірген тəрбиеленуші проблемаларын өз назарында ұстай білуі; тəрбиешінің кəсіби деңгейінің жоғары болуы.
Педагогикалық қолдаудың көрініс формалары – жылы лебіз; құлақ сала білу, қажет болса – кеңес беру; тəрбиеленушіге сенім; оның құқығын қорғау; тəрбиешінің балаға болған қамқорлық қатынасы; шəкірттің қандай да табысын көре танып, оған ұнамды баға беруден жалықпау жəне т.б.
Педагогикалық қолдау 1) тəрбиеленушілердің баршасына бағытталып, оларға деген қамқорлық пен сенім қатынасында көрінумен өзара сыйластық, түсіністік, қызметтестік көңіл-күй жағдайын түзуге көмегін тигізеді; 2) жеке тұлғаға бағытталып, оның дамуына, білім игеруіне, тəрбиелілігіне, өз басы проблемаларын шешуге жəрдем көрсетіп, азаматтың өзгерістерін диагностикалап баруға мүмкіндік береді.
Жеке тұлғаға арналған педагогикалық қолдаудың мазмұны – адамды алда көздеген нəтижелерден алшақтататын кедергілерді жеңу жолдарын қамтиды. Мұндай кедергілердің түрі:
субъектив (тұлғалық) «Мен» - кедергілер: өз бетінше дербес шешім қабылдауға қажет ақпараттың болмауы (ақпарат толықса, кедергі сол бойда жойылады); адамның қосымша еңбектенуінің қажеттігі (қол ұшы жəрдем беріп, ынтасын көтеру); тұлғаны күйзеліске келтіретін кемшіліктер (тəн-денелік, психикалық, арақатынастық); білім жəне тəжірибе жетіспеуі;
объектив (əлеуметтік) «Олар» - кедергілер: (əлеуметтік орта – мұғалімдер, əкімшілік, дос-жарандар, құрбы-қатарлар, отбасы жəне басқалар).
материалдық кедергілер (отбасының қаржылық жағдайы жəне т.б.).
Достарыңызбен бөлісу: |