Арундати Ройдың алғаш 1997 ж. Дели қаласында «Ұсақ-түйектер құдайы» романы сатылымға шыққаннан кейін, сол жылдың 14 қазанында бұл кітабы үшін Букерлік сыйақы алып, елге танымал бола бастады. Дегенмен бұл кітап Букер әділқазылары арасында үлкен тартыс тудырды, тіпті оның бір мүшесі теледидардан кітаптың нашарлығы, ол тіпті номинанттар қатарына кірмеуі керектігін айтты.
«Ұсақ-түйектер құдайы» - өзінің ғасырлар бойғы құндылықтарын көзсіз қорғаштайтын дәстүрлі қоғам мен касатааралық махаббат туралы роман. Бұл роман екі егіз Рахель мен Эста және олардың аналары Амму төңірегінде өрбиді. Кералалық христиан Амму үндіске тұрмысқа шығып босанады, оларды бұл отбасында жақтыра қоймайды. Амму күйеуімен ажырасып, балаларын құшақтап төркініне кетеді.
Сюжеттің шиеленісі тоғыз жасар ағылшын Софи-моль есімді егіздердің немере бауырының келуі, одан соң қаза табуынан басталады. Сол уақытта өзеннің арғы бетіндегі қираған тамда Амму мен ағаш шебері, егіздердің жақын досы Велюттамен махаббат оқиғасы басталады. Софи-мольдің өлімін Аммудың отбасы оның ұятты байланысын жасыру үшін, кінәні Велюттаға артады. Ол сақшылардың ұрып-соғуынан қайтыс болады. Ал егіздер өз еріктерінен тыс осы оқиғаға қатысады. Сақшылар мен туыстарының қысымына төзбей, бойын қорқыныш билеген Эста Велюттаға жабылған жаланы растайды. Осылайша, өзін және анасын риясыз жақсы көрген жалғыз адамды өлімге кеседі. Амму Велюттаны «Ұсақ-түйектер құдайы» немесе «Шығынға ұшырағанның құдайы» деп атады.
Роман жиырма бес жылдан кейін оқиға орын алған анасының туған жері Айменемге оралуынан басталады. Сол кезден бастап егіздер осы еріксіз кінәнің зардабын шегіп, зұлымдық дәмін татады. Софи-Моль мен Велюттаның өлімінен кейін олардың нәзік дүниесі қирап сала береді. Егіздерді айырып, Эстаны әкесіне жібереді. Ол жақта бала ауыз ашып, сөйлеуді қояды, тіпті жындануға шақ қалады. Рахель мектеп кезіп, тентіреген соң, америкалыққа тұрмысқа шығып, көп ұзамай ажырасып кетеді. Егіздер бір-бірінің ойын оқып, бірінің сезінгенін екіншісі де сезінетін еді.Тіпті бір-бірінің түсін білетін. «Мен» деген сөзді екеуі үшін айтатын. Бұл жағдай оларға аса ауыр тигені де сондықтан. Ал аналары Амму үйінен қуылып, жоқшылық пен жалғыздықтан, жартылай ақылынан алжасқан күйде дүниеден өтеді.
Романда автор әлемге ересек кісілер ретінде болған жағдайды бағалап, баяндап жатқан бала егіздердің көзімен қараған. Бұл автор тарапынан ерекше шеберлікті талап етеді. Роман, шындығында да, ұсақ-түйектен құралған, осы нәрселере арқылы автор оның нәзіктігін ерекше атай отырып, баяндау әлемін құрады. Романда осы тәсілмен қатар постмодернистік субъективизм қолданылған. «Ұсақ-түйектер құдайы» романын, негізінен, автобиографиялыққа жатқызуға болады.
Арундати Рой 1961 жылы 24 қарашада дүниеге келген. Оның анасы да христиан Мери Рой өз отбасының қарсылығына қарамастан бенгалдық үндіске тұрмысқа шығады. Оның балалық шағы Айманам ауылында өтеді. Бала шағында ол өзін аластатылған сезінетін, себебі ол өзгелердің көзінде христиан емес, ажырасқан анадан туған, аралас қанды. Он алты жасында Рой үйінен кетіп, Делиге келеді. Мұнда ол көшеде түнеп, бөтелке теріп күн көреді. Кейінірек Рой Дели архитектуралық Колледжіне түскенімен, оны тәмамдай алмайды. Үнділік режиссер Прадип Кришна алғашында оған кішігірім рөл ұсынған болатын. Осылайша, ол кино әлеміне келіп, болашақ күйеуімен танысады. «Ұсақ-түйектер құдайы» романына дейін Рой көріністер жазумен нәпақасын табатын, бірақ негізгі күнкөріс көзі аэробикадан ұстаздығы еді.
Рой романның сюжетін барлық бейнені көрсететін судың беткі қабатымен салыстырады. Ол үшін ең маңызды нәрсе - сөз қуаты. Әдебиет пен архитектураны салыстыра отырып, сәттіліктің сыры жасырынып жатқан әлемдік кеңістікті құрастыра білуді ерекше атап өтеді. Рой бұл романды жазу барысында өзінің архитектуралық білімінің көп пайдасы болғандығын айтады.
Көптеген үнділік және Батыс зерттеушілері «Ұсақ-түйектер құдайы» романын постмодернистік әдебиет туындысына жатқызғанымен, ондағы пафостық гуманистік бағыт айқын көрінеді. Ройдың пафосы дәстүрлі қоғамға қарсы бағытталса, гуманистігі оны ұстанушылардың суайттығын әшкерелеуге негізделген. Сол себепті бұл тұрғыда Ройді постмодернисттен гөрі әлеуметтік сыншы ретінде бағалаған жөн. Дегенмен бұл мақсатты жүзеге асыруда Рой әдеттегі постмодернистік құралдарды көптеп қолданады.
Жалпы идеялық-эстетикалық жүйе ретінде постмодернизм үнділерден оқшау дүние емес. Десек те постмодернизмдік туындылар мен жазушылардың үнді әдебиетіндегі бар болуын кесіп айту қиын. Солай бола тұра, хинди әдебиеті ғана емес, өзге де Үндістан әдебиеттеріндегі постмодернистік ретінде қарастыруға болатын даму бағыттарын жоққа шығара алмаймыз.
«Модернизм» терминін үнді әдебиеттанушылары хинди тілінде «адхуникта» баламасын береді. Бұл ағылшын тілінен тікелей калька болып табылады, тікелей аудармасы «қазіргі заман» деген мағынаны береді. Осыдан келіп, «уттара адхуникта» - «қазіргі заманнан кейінгі», яғни «постмодернизм» деген мағынаны беретін термин де қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |