Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



бет9/17
Дата04.11.2016
өлшемі4,5 Mb.
#301
түріОқулық
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   17

Рецензия

«Рецензия» сөзі латын тілінен шыққан, қазақша «хабарлама», «баға», «пікір» деген мағынаны білдіреді. Рецензияға қатаң бекітілген зерттеу тақырыбы (ғылым, публицистика, көркемөнер шығармалары) және оны талдаудың (туындының идеясы, өзектілігі және жеткізу тәсілдері) бағыты тән.

Рецензияның мазмұны тұтастай авторға байланысты. Осыдан келіп рецензияның жанрлық пішіндерінің әртүрлілігі шығады. Рецензияның мынадай түрлерін атауға болады:

- рецензия – мақала (дәстүрлік пішін)

- рецензия – сұхбат (диалог, дөңгелек үстел)

- рецензия - фельетон (өткір сыни)

- рецензия - очерк (очерк элементтерін бойына топтастырған көлемді рецензия)

- рецензия – хабар-ошар (аннотацияға жақын шағын рецензия)

Рецензияны жазу автордың міндетіне оқырман қауымды жаңа туындымен таныстырып, оған баға беру жатады. Оқулықтар мен оқу құралдарында рецензияны субьективті жанр емес, қайнар көздің жүйеленген талдауына негізделген деп көрсетеді. Шын мәнінде жағдай бұдан да күрделірек. Тіпті белгілі, беделді әдебиет сыншыларының бір туындыға берген бағасы диаметральды түрде бір-біріне қарама-қарсы болып жатады. Сондықтан рецензия авторы екі мақсатты көздейді: ақпараттық-танымдық және шығарманың талдауын тұспалдайтын зерттеушілік.

Рецензия – көркем немесе ғылыми шығарма, қоғамдық-саяси немесе техникалық әдебиет, театр қойылымы, кинофильм, теледидар бағдарламалары, өнер көрмесі, музыкалық концерт және тұрмыстық жағдай сыналатын, баға берілетін жанр. Рецензия сондай-ақ «бейнеленген шындықтың» сынын анықтайды.

Рецензент әдетте қайталама деректерді қолданады. Сондай-ақ рецензияда деректі материал мен тезистер бар болады. Рецензент жүгінетін адресат реципиент, яғни оқырман, тыңдаушы және көрермен, сондай-ақ бағаланатын немесе сыналатын шығарманың авторы болып табылады. Бұл жерден рецензияның тікелей мақсаты шығады – бұл тәрбиелік және эстетикалық тапсырмалар. Рецензияның негізгі қасиеті – рецензенттің көзқарасындағы жаңашылдық. Сондықтан да рецензия кезінде ретроспективті тапсырмалар шешілуі мүмкін.

Рецензияның негізгі түрлеріне мыналар жатады:

1. Әдеби рецензия.

2. Ғылыми рецензия.

3. Театр рецензиясы.

4. Кино рецензиясы және т.б.

Рецензияның негізін дерек құрайды, бұл деректер өзге жанрлардағыдай өмірден емес, әдеби туындыларынан алынады, яғни, рецензияда дерек екінші рет өңдеуге ұшырайды.

Сынның әр түрінің (әдеби, театр, кино, сурет өнері) туындының спецификасына шартты негізделген ерекшеліктері болады. Рецензияда берілген тақырыпқа қатысты автордың қаншалықты хабардар екені өте маңызды. Сыншының білімі терең болған сайын рецензия да соғұрлым мазмұнды, дәлелдеме де сенімді берілген бағаның беделі де жоғарылай түседі.

Сыни талдаудың мағыналық тереңдігі баспасөздегі оған берілген орынға байланысты. Арнайы мамандандырылған баспасөзде рецензия толық, мағыналық жағынан қарапайым адамға түсініксіздеу тілде жазылады. Ал, көпшілікке арналған бұқаралық ақпарат құралдарында рецензияның мазмұны мен жазылу мәнері қарапайым оқырманға түсінікті тілде лайықталып жазылуы керек.

Сыни туындының көлемі баспасөздегі оған берілген орынға тікелей тәуелді. Шағын газеттік реценцияда толық, жан-жақты, дәлелдермен дәйектелген талдау беру мүмкін емес. Бұл мәселені шешудің екі жолы бар. Біріншісі, қарастырылып отырған аспектілердің қысқартылуы (мысалы, кинорецензияда біз сюжет, әртістердің ойыны жайлы сөз қозғалса, оператордың жұмысы, монтаж, мәдени-идеялық бірлестіктердің құрылуы ұмыт қалады). Екіншісі, мазмұн жинақтылығы, туындыға берілген бағалардың көрсетілуі. Газеттегі рецензияның негізгі белгісі зерттелген туынды элементтерінің ықшамдылығы. Қысқа байламдар негізінде мінездеме беру – баспасөз тәжірибесінде кеңінен таралған әдіс.

Рецензия жанрында арнайы терминологияның қолданылуы мәтіннің кімге арналғандығына байланысты. Тар шеңберлі терминологиямен, не болмаса кәсіби ұғымдармен жазылған мәтін автордың білімділігін көрсетеді, алайда, қарапайым оқырманның ғылыми тілді түсінуі қиынырақ болғандықтан, мәтіннің бұлай жазылуы көп жағдайда орынды бола бермейді. Егер рецензент арнаулы терминдерді қолданса, онда ол міндетті түрде ол сөздердің мағынасын ашып, түсіндіріп бергені жөн.

Баспасөз беттерінде көбінесе әдеби сынның рецензия жанры жиі кездеседі. Рецензия дегеніміз не, оның талаптары мен міндеттері қандай? Бұл тұста қандай пікірлер бар дейтін сұрақтарға жауап беруге тура келеді. Рецензия жанры туралы түрлі оқулықтарда әртүрлі пікірлер жазылған. Рецензия әдебиет сынының жанры болғандықтан, әдебиеттанудың терминологиялық сөздігінде: «Рецензия – (лат. тілінен аударылған, «recensio» - қарастыру, тексеру деген мағынаны береді) көркем өнер немесе әдебиет сынының жанры, көркем шығарманы талдап, баға беру, пікір қорыту» [2, 283-б],- деген анықтама берілген.

Рецензия мақалаға өте ұқсас келеді, бірақ өзіндік айырмашылықтары бар. Рецензияда қоғам өмірінен алынған құбылыстар мен әдеби шығармалардың мәні, мазмұны, бейнелеу өзгешелігі жайлы сөз қозғалады. Талданып отырған шығармаға айқын баға беріліп, сол шығармада баяндалған өмір құбылысына сыншыл көзқарас білдіріледі. Рецензия авторға немесе редакторға олардың өзінің жетістіктері мен қателіктерін айтып, оқырманға керек кітаптарды табуға жол ашуға үлес қосады. Сонымен қатар, рецензия кітаптың, киноның, театр қойылымының насихатталуы мен таралуы үшін маңызды құрал.

Ең алғаш баспасөз беттерінде шыққан рецензиялар публицистикалық сипатта болды. Оның негізгі мақсаты жақсы кітаптың жақсылығын жариялап, кемшілігі бар болса халыққа ескертуді мақсат етеді. Л.Соболевтің «Литература и наша современность» атты баяндамасында: «Рецензия ұсақ емес, ол – ұлы іс. Рецензияның көптеп басылуы, біріншіден, біздің кітаптардың оқылып жатқандығын, екіншіден, сол кітаптың түсінілуін, яғни оқырман санасына әсер қалдыруын білдіреді» [18,42-б],-деген ой айтады.

Рецензияның құрамдас бөлігі – мінездеме мен баға. Олар шығарманы талдау негізінде қарастырылады. Мінездеме – бұл шығарманы бейнелеу немесе оның мазмұны мен пішінін ашу. Мінездемеге сонымен қатар, автордың белгілі бір шығармасы немесе сол автордың басқа да шығармалары туралы жазу жатады. Ал баға – бұл шығарманың жетістігі мен кемшіліктері жайлы жалпы бағалау. Мінездеме мен бағаның арасында айтарлықтай алшақтық жоқ. Мінездеме бағаның элементтерінен тұрса, ал баға мінездеменің элементтерінен тұрады. Осы тұрғыдан алғанда, бұлар бір-бірімен органикалық байланыста болады. Рецензия жанры кей жағдайда өте шағын түрде жазылады. Сондықтан рецензияның мұндай түріне жанрдың барлық элементтері кіре бермейді. Кей кездері мәтінді талдауда мінездеме мен бағаның өзі де басты рөлді атқара бермейді. Мұндай жағдайда мінездеме мен бағаға көмекке келетін сараптама болмақ. Орыс жазушысы В.Г.Короленко рецензияның ерекшелігі туралы былай дейді: «Рецензия – бұл сын және өте шапшаң әрі маңызды жанр» [19,45-б]. И.С.Шмелев: «Егер тек сыни трактат немесе жаңа кітап туралы пікір болмаса не болар еді? Трактат жазуға кім және ол қашан кіріседі, ал он шақты рецензия жарық көрсе, оқырман жаңа құбылыс туралы тірі әңгімемен кездеседі емес пе?» [20, 484-б], - деп жазады.

Сын қоғам үшін өте қажет, яғни сын болмаса әдебиетте тәртіп те, алға басу да болмайды. ХІХ ғасырдағы қазақ баспасөзі бетіндегі сыни материалдарда рецензияның кейбір жанрлық белгілері көрініс берсе, ХХ ғасырдың басындағы әдеби сында рецензия жеке жанр ретінде өмірге келді. Бастапқыда рецензияда шығарманың мазмұнын баяндаудың аннотациялық сипаты басымдау келсе, кейіннен жалпы әдеби сынға тән талдаушылық, бағалаушылық сияқты қасиеттер шағын көлемде қалыптасып, рецензияның негізгі жанрлық құрылымын түзді. Алғашқы рецензияларда шығармалардың «сыртқы көрінісін» ғана әңгіме етушілік басым болса, кейіннен оның «ішіне кіріп», көркемдік қырларына үңіле бастады.

Зерттеушілердің айтуынша, сын жедел болуы керек. Ал рецензия сын жанрының ішінде сол қасиетке ие. Рецензияны баспасөз беттерінен жиі көре аламыз және ол – көп оқылатын жанр, сол себепті де 1993 жылы қабылданған сын туралы қаулыда: «Рецензия практикасында елеулі кемшіліктер бар. Жарияланған рецензиялар көп реттерде сыңаржақты сипатта болады, олар шығарманы атүсті айтып шығуға саяды, оның маңызы мен құндылығын нақты көрсетіп бере алмайды» [21, 18-б], - деп көрсеткен. Көркем әдебиетті халыққа насихаттаудың бірден-бір әдісі - әдеби рецензия. Баспасөз бұл іске тіпті, бүкіл халық бұқарасы болып, кең араласып, ол жөніндегі өз пікірін білдіруге ұмтылады. Көркем әдебиеттің жеке шығармалары туралы пікір айту, олар туралы көпшілік пікірін білдіру – баспасөз үшін жауапты да, құрметті міндет.

Мақала-рецензияда көркем шығарма жан-жақты терең талданады және шығарманың әдебиеттен алатын орнына баға беріледі. Шығармадағы басты кейіпкерлерге талдау жасалады. Шығарманың жалпы идеясы, тақырыбы, тілі жөнінде толық пікірлер білдіріледі. Жалпы әдеби сынға қатысты сипаттардың, принциптердің бәрі де рецензияның бойынан табылады. Осы тұрғыдан келгенде, рецензия сын жанрларының ішінде ең жедел және «сегіз қырлы, бір сырлы» жанр болып есептеледі. Ол көркемдік дамумен бірге пішіндік, құрылымдық, мазмұндық жағынан жетік болуы керек. Бұл жанр әрбір шығарманың идеясын айқын ашып, оның тәлім-тәрбиелік мәні мен көркемдік жақтарын халыққа жеткізуі, құнды шығармаларды дер кезінде көпшілік оқырманға таныта білуі қажет болып табылады. Яғни, рецензия мерзімді баспасөз үшін аса ыңғайлы жанр. Рецензент көркем туындылардағы образдарды, деректерді, оқиғалар мен құбылыстарды өмірдегі тәжірибелермен салыстырып отырады. Ғалым Д.Ысқақұлы сын туралы: «Сынның міндеті осы нақтылы деректі идеямен емес, басқа бір дерекпен салыстырып, теңдестіруі тиіс, сында екі деректің екеуі де мүмкіндігінше дәл зерттелуі қажет және бұл нақтылы деректер, бір-біріне қарағанда, дамудың түрлі кезеңдерін көрсететін болуы қажет, оның бер жағында, әсіресе, тұрмыстағы, бізге белгілі қалыптар түгелімен, олардың сабақтастығы және дамудың түрлі сатыларының арасындағы байланыс нақ осылай дәлдікпен зерттелуі қажет» [22, 168-б], - деген тұжырым айтады.

«Қазақ әдебиеті» газетінде аталған әдеби хабар, эссе, рецензия мен аннотациядан басқа поэзия сыны мен театр сынына ерекше назар аударып отырады. Зерттеушілеріміздің айтуынша, поэзия сынын қолға алушылар өте аз, тіпті жоқтың қасы. Поэзияны сынау үшін де сын жазушы өлеңді жанымен ұғып, жүрекпен саралау керек. Жұмыс басында айтылып кеткен сын жанрының қалыптасу дәуірінде поэзия сыны ең маңызды арна болды. Оған дәлел ретінде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңдері мен А. Құнанбаев өлеңдерін сынға алу қазақ әдеби сынының қалыптасу тарихында «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеттерінде орын алған болатын. Сонымен қатар, А. Байтұрсыновтың «Абай туралы» жазған сын мақаласы Абай өлеңдерінің буын сандарындағы кейбір ауытқушылықты айтқандығы да баспасөз беттерінде басылды. Тәуелсіздік жылдарына дейін «Қазақ әдебиеті» газеті мен басқа қазақ баспасөзінде поэзия туралы ой айтып, пікір алмасу көп болды. Осы жерде орыс жазушысы В.Г.Белинскийдің «Жүректі тебірентетін тек қана шындық» дейтін сөзін еске алсақ, газет бетінде поэзия сынын көтергендер қатарына С.Талжанов, А.Шамкеновтерді жатқызамыз. Ә.Кекілбаев пен Қ.Мырзалиевтер де поэзия аясында пікір алмасуға ат салысты.

«Қазақ әдебиеті» газеті беттерінен поэзия сыны еш түскен емес. Мысалы, осы газеттің 2009 жылғы 17 қазанындағы санында Болат Шарахымбайдың Марфуға Айтқожа ақынның «Жапырақтар жауғанда» атты өлең кітабына пікір басылды. Автор: «Ақын жүрек түкпірінен қайнап шыққан сезім кестелерінде оқырманды елең еткізіп, бейтарап қалдырмайтын шынайылықты қазық етіп алса ғана поэзия өз миссиясын орындай алмақ»,- деп поэзия сырынан ой толғайды. Мақала толықтай ақын шығармаларының суреттемесі арқылы оның бүкіл рухани табиғатын бақылаумен жазылған.

«Туған ел! Тілектесін жүрсін біліп,

Берейін жүрегіммен гүл сындырып,

Қырмызы қыр самалы сипап өтті,

Жанымның жапырағын сілкіндіріп,-

осы жалғыз шумақты оқып көр де Марфуға ақынның бүкіл рухани табиғатын көр. Адалдық, тазалық, сұлулық, бәрі-бәрі осы тармақтардың ішіне сыйып кеткен» - деп автор ақын өнеріне баға береді. Осы сияқты поэзия сыны «Қазақ әдебиеті» газетінің 2002 жылғы 26 сәуірдегі санында Гүлжаһан Орданың «Жырдан маржан теремін» атты рецензиясы мен Бақытгүл Ешенқұлованың «Кеп тұрмын шумағымды шуаққа орап» рецензиялары поэзия сынының бірден бір айғағы.

Театр сынына келсек, бұл жөнінен де Зейнолла Серікқалиев, Рымғали Нұрғали, Тұрсынбек Кәкішев, Әшірбек Сығайлар өз ойларын қалдырған. Қазақ драматургиясы алғаш пайда болған кезден бастап қазақ сахнасына зор міндеттер жүктелді. Сол міндеттердің сәтті атқарылуына театр сынының пайдасы зор болды. Т.Кәкішев өзінің бір еңбегінде: «Қазақ драматургиясы туа бастаған кезден бастап ол тек сахна өнері ғана саналмай, өзіне қажетті творчестволық мәселелерді қосақтай келді. Шынында да шын кәсіби өнердің өркен жаюы тек драматургиялық шығармалардың жасалуымен ғана шектелмейді. Сахна өнерін өркендету үшін драматург те, оның шығармасын қалың көпшілікке жеткізетін актер де, спектакльдің барлық көркемдік жүгін жарқырата ашатын режиссер де, оны эстетикалық тұрғыдан көркемдейтін композитор мен суретші де бірлесіп еңбек ететінін ескеретін болсақ, онда драматургиялық шығармаға айтылатын ой-пікірлердің аумағы кеңи береді. Демек, оны бірде драматургия сыны, бірде театр сыны, тіпті кейде өнер сыны деп те атаған орынды» [23, 316-317-б],- дейді.

Театр сынына терін төккендер қатарына Жұмат Шанин, Орынбек Беков, Смағұл Сәдуақасов, Мәжит Дәулетбаевтар жатады. Олар тәуелсіздікке дейін өмір сүрген сыншы-жазушылар. Қазіргі таңда «Қазақ әдебиеті» газеті театр сынына да көп көңіл бөліп келеді. Мысал ретінде «Қазақ әдебиеті» газетінің 2008 жылғы санында жарық көрген рецензиялардың ішінде Жамбыл облыстық мәдениет басқармасының бастығы, театртанушы Әлібек Әмзеұлының авторлығымен жазылған «Уақыт құпиясымен тыныстау» атты рецензиясы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында қойылған Елен Әлімжанның «Жанұран» пьесасына арналған. Бұл газеттің барлық нөмірінде, көбінесе, рецензия кітапқа жазылады. Сондықтан бұл материал ерекше талдауды қажет етеді. Жалпы театр сыны туралы Т.Кәкішев біршама ойлар айтып кеткен. Ол қазақ театры туралы келелі ой айтып, театр сынының дамуына үлес қосқандардың атын атап, оларға артылған міндеттер туралы мысал келтірілген мына жолдарды алға тартады: «Алғашқы кезден-ақ өнер сыншысына, театр жайында пікір айтушыларға үлкен міндет жүктелді. Мәжит Дәулетбаев «Театр сыншысы» дейтін мақаласында: «Жақсы сыншы – театрдың мұғалімі, театрдың жетекшісі. Театр сыншысы болған адам әуелі сахна жүзіндегі жасанды тұрмысты сынай білу емес, бастан жаратынды тұрмысты, өзгерген өзі аралап жүрген халықтың тұрмыс-салтымен танысып барып, сын жүргізген адам сыншы болады деп білді» [24,12-б],- дейтін үзінді арқылы қаншама сын саласына бас сұққандарға өзіндік бағыт береді. Осы салада Жұмат Шанин театр сыншысына қойылатын талап туралы былай дейді: «Екі жылдың ішінде ұлт театры туралы талай сындар жазылды. Бұл сыншылардың барлығы биялай киген қолмен қыздың білегін ұстаған тәрізді. Сынаймын деушілер пьесадағы типтерді, көзге түсерлік рольдегі адамдарды сұрыптайды. Геройдың көздеген мақсатын, оны орындау жөніндегі қайратын, шеберлігін, бөгет болған жұмыстарды, бөгет жасаушылардың қарсы тұрған амал-ойларын сынайды. Уақиғаға қатысы жоқ бұралқы сөздерді, керегі жоқ ойларын сынайды. Уақиғаның басталуында, шешілуінде кемшіліктер бар ма, пікір саяси беті түзу ме – осыларды қарастырады» [25,69-б].

Жалпы театр сынын баспасөз беттеріне басу, халықтық пікір туғызу мақсатында сахнада қойылған пьесаларды талқыға салу қажет. Осы есептен алғанда бүгінгі «Қазақ әдебиеті» шама-шарқынша театр сынына көңіл бөлуде. Дәлел ретінде газеттің 12.04.2002 жылғы санында «Өзімізге өзіміз күлейік» атты рецензиясы «Театр» айдарында жарық көрген. Мақала Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық жастар мен балалар театрында қойылған «Құдалық» атты той-шоу комедиясына сын-пікірлер айтылған. Пьеса авторы Баянғали Әлімжанов: «Негізгі, менің түсінігімде, жаза алмаса - жазушыға серт, қоя алмаса – режиссерге серт, ойнай алмаса – актерге серт, тани алмаса – сыншыға серт»,-дейді. Осындай сын, дау, келіспеушілік немесе театр қойылымының үлкен кемшіліктері басылым беттерінде «Театр» айдарында беріліп отырады. Театр сыны сонау 1917 жылдары баспасөзде жариялана бастады. Бұл кезде өткір-өткір сындар аз болған жоқ. Керісінше, әдеби сынның аннотация, рецензия, пікір, очерк, эссе, әдеби шолу, т.б. жанрларының газет беттерінде басылып, сыни көзқарастар мен пікірталас, айтыстарды басып отырды. Театр сынының негізгі мақсаты – қазақ театрының өнерпаздық келбетін айқындау, жоғары деңгейлі репертуар жасау, актерлік шеберлікті жетілдіру, сол сияқты толып жатқан мәселелерді негізге алу болып табылады.

Сын жанры туралы: «Әдеби-көркем сын, әрине, көпшілік ой-пікірінің жемісі. Бұл салада өзінің бар қуат-дарынын әдебиет игілігі үшін сарқа жұмсайтын ақын-жазушылар мен сыншылардың, сондай-ақ көркем өнерге жаны ашып, оның гүлдене өркендеуіне тілектес әдебиетшіл қауымның бірлесе күш жұмсауы қажет. Осы үш арнадан басталған ақыл, ой, сын пікірлер әдебиет теңізіне келіп құйылғанда ғана сын жанры өркендейді» [26, 349-б],-деген пікірді де зерттеушілеріміз айтады. Сонымен қатар, «Сын жанрының ішкі түрлері дамып-жетілмеген кезеңде талдаудан гөрі насихаттау, үгіттеу басым, түсіндіргеннен гөрі үндеу, шақыру басым, дәлелдеуден гөрі мәселені жалпылама айту, эмоциялық сезінуден гөрі көңіл білдіру, тілек айту басым болатыны аян» [27,85-б],- дейтін пікірлер жалпы сын жанрының ішкі түрлері мен оның қасиеттерін зерделеуге мүмкіндік береді.

Кезінде әдеби сынға қойылатын принциптер – партиялық және халықтық деп қарастырылған. Бірақ, оны бүгінгі талапқа сай біз мынадай екі түрлі принципке негіздеген дұрыс. Халықтық және жүйелі. Халықтық немесе «жалпылық» деп отырғанымыз – кез-келген рецензия барлық оқырмандарға түсінікті, оқырманның барлық сатысына арналған, яғни рецензияның басты талаптарын қанағаттандыратын түрді айтамыз. Ал, жүйелі дегеніміз – рецензияда ең бірінші сынға алынып отырған кітаптың авторы кім, қай баспадан жарық көрген, кітаптың қандай мақсатта, қандай идеямен жазылғандығы және кітаптың тарауларына деген рецензенттің бағасы берілуі тиіс.

Осыған орай, біз рецензияның баспалық және басылымдық түрімен танысамыз. Басылымдық рецензия кітапқа арналып жазылса, баспалық рецензиялар – қолжазбаларға жазылатын дүниелер. Біріншісі – көпшілікке арналса, екіншісі, баспа қызметкерлері ауқымына арналады. Біз жоғарыда тоқтап кеткен рецензия-мақалаға назар аударайық. Рецензия – мақала бір ғана тақырыпқа, бір идеяға бағынатын кітапты талдау. Рецензия пішініндегі мақаланың тууы қандай да бір кітаптың жарық көруімен байланысты болады. Ал рецензия-фельетон дегеніміз шығарманы юморлық немес сатиралық тұрғыда қысқаша талдау.

Рецензия туралы сөз еткенде міндетті түрде оны жазудың әдістемелік мәселелеріне тоқталу шарт. Бұл мәселе негізгі екі кезеңнен: даярлық және негізгі кезеңдерден тұрады. Кітап, шығарма, кино, театр туындысы туралы пікір жазбас бұрын алдын-ала оқып, талдау керек. «Рецензенттер кітапты ден қойып оқымайды, қалай оқуды білмейді, көбінесе оқығанды түсінбейді» [28, 360-б], - деп М.Горький айтса, Г.Белинский: «Жазушыны сын көзбен талқылау үшін оны зерттеп оқу керек» [29, 125-б], - деген пікір айтады. Қолжазба зерттеле оқылып, адын-ала талдау жасалғаннан кейін ғана рецензияны жазуға болады. Оны жоспар құрудан бастаған жөн, өйткені жоспар жұмысты дұрыс ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Жоспарды ойша құрастыруға да, қағазға жазуға болады. Бұл әр адамның жеке қабілеті мен жұмыс істеу әдісіне байланысты. Не болмаса жалпы жоспар құруды төмендегідей үш негізде жүргізген жөн:



    • қолжазбаны толық және сенімді етіп суреттеуге қажет мәселелерді анықтап, оған баға және кеңес беру;

    • материалды таразылау (негізгісі мен қосымшасын анықтау);

    • оның жазылу ретін анықтау.

Мұнымен бірге рецензияның мазмұны мен пішініне қойылатын талаптарды да айта кету керек. Рецензияның сапасы оның мазмұнына байланысты. Жалпы сипаты тәжірибелік болып табылатын ішкі рецензияның сапасын оның мазмұнының анықтайтыны даусыз. Сонымен рецензияның мазмұнына қойылатын мынадай талаптар бар:

  • Рецензенттің талқылайтын мәселелерді ғылыми, әдістемелік және саяси тұрғыдан дұрыс ашуы;

  • Пікірлердің принциптілігі мен шыншылдығы;

  • Бағалаудың түсініктілігі мен анықтығы;

  • Қорытындылар мен кеңестердің негізделгендігі;

  • Сипаттамалардың дәлдігі;

  • Мәліметтердің, әрбір мысалдар мен сілтемелердің растығы.

Ал дұрыс бағалаулар мен ескертулер әрқашан қажетті мөлшерде атқарыла бермейді, көп жағдайда бұл рецензенттің өз ойын жеткізе алуына байланысты. Қалай болса солай жазу, ықтиярсыз айтылған сөйлемдер сыншының ойын басқаша етіп көрсетуі мүмкін. Тіл мен стильде жіберілген аздаған кемшіліктердің өзі айтылған пікірдің беделін түсіреді, мысқыл ескертпелер мен қарама-қайшылықтарға жол беруі ықтимал.

Кез келген рецензияның құрылымы анық болуы тиіс. Егер материал бір типті болса, оны бөлшектерге бөліп ұсақтаудың, ретін орынсыз өзгертудің қажеті жоқ. Кез-келген әдеби жұмыстың тіліне қойылатын талап – анық және тура болуы шарт. Көркем шығарманың жақсылықтары мен кемшіліктерін талдайтын рецензенттің тілі оның өз ойын жеткізе алатын болып, оның сауаттылығын ғана емес, үлкен мәдениет және эстетикалық талғам иесі екенін көрсетуі керек. Тілдегі қателіктер, стилистикалық кемшіліктер пікір жазған рецензентке және оның қорытындыларына деген сенімді азайтады. Көркем шығармадағы жетістіктер мен кемшіліктерді бағалағанда деректерге сүйене отырып, логикалық ойлаудың күшін қолдану керек.



Рецензияның авторлық құрамына келсек, өте кең. Оқыған кітабы жайлы пікірді мектеп оқушысынан бастап, академикке дейін, қарапайым еңбек адамынан министрге дейін айтуы мүмкін. Автордың мамандығына қарай, олардың әдеби білім дәрежесіне орай рецензиялардың алдына қойған мақсаты да, бағытталған адресі де, композициялық құрылымы да, пікір деңгейі де түрліше болады. Түрлі мамандық, ғылым, сала иелері, қоғам қайраткерлері жазған рецензияларда шығарманы әдеби тұрғыдан тұтас күйінде талдаудан гөрі, белгілі бір өзекті мәселенің қалай шешілгендігі көбірек әңгімеленеді. Есесіне, авторлар нақтылы бір мәселені немесе онда суреттелген өмір оқиғалары, өзі жақсы білетін саланың шындыққа сай келетін - келмейтіндігі жайлы әдебиетшіге қарағанда қомақты пікір айта алатыны да рас. Тарихи романдар жайлы тарихшының, мал шаруашылығына арналған кітапқа малшының немесе т.с.с. айтқан ойлары маңызды болары да сондықтан. Бұл ретте мысалға кезінде “Абай жолы” эпопеясына ғалымдардың айтқан сан түрлі пікірлері рецензиядан асып, ғылымилық, проблемалық мақала түрінде көрінгенін атап өтуге болады.

Көркем әдебиетті халыққа насихаттаудың бірден-бір әдісі - әдеби рецензия. Баспасөз бұл іске, тіпті, бүкіл халық бұқарасы болып, кең араласып, ол жөніндегі өз пікірлерін білдіруге ұмтылады. Көркем әдебиеттің жеке шығармалары туралы пікір айту, олар туралы көпшілік пікірін білдіру – баспасөз орындары үшін жауапты да, құрметті міндет. Ал, мақала-рецензияда көркем шығарма жан-жақты терең талданады және шығарманың әдебиеттен алатын орнына баға беріледі. Шығармадағы басты кейіпкерлерге талдау жасалады. Шығарманың жалпы идеясы, тақырыбы, тілі жөнінде де толық пікірлер білдіріледі. Жалпы әдеби сын атаулыға қатысты сипаттардың, принциптердің, қызметтердің бәрі де рецензияның бойынан табылады. Біздің негізге алып отырған «Қазақ әдебиеті» газетінде ел тәуелсіздік алғалы бергі сандарына көз жүгіртсек, рецензия жанрының жаңаша беталысын аңғарамыз. Әсіресе, газеттің 1990 жылдардан бергі сандары қазақ тіліндегі ғылыми маңызы бар оқулықтар мен әдебиеттердің жарық көріп жатқандығын айғақтайтын сын мақалаларды үздіксіз басып отырған. Т.Кәкішев айтқандай, жаңа кітаптың шыққандығы туралы хабарлайтын жарнама-сынды, аннотацияны (қысқаша мазмұн) «Қазақ әдебиеті» газетінен кездестіреміз. Мысалы, Бекқұлы Бердіғожиннің жаңа кітап айдарына жазған «Берекелі бетбұрыс» атты мақаласы Серік Қирабаевтың «Жүсіпбек Аймауытов» дейтін еңбегіне арналған. Бұл мақаланың құрылымына қарай аннотацияға жақындығын аңғару қиын емес. Көлемі жағынан еңбектің тарауларын жеке-жеке талдауы жағынан алғанда рецензияға жақындайды. Алайда, Б.Бердіғожин ғалым еңбегіне жоғары баға беріп кітапты жарнамалайын деп емес, «алыптар тағдырына деген берекелі бетбұрыстың басы» екенін айтуды мақсат етіп жазғанға ұқсайды. Демек, баспасөз бетінде жарық көретін әдеби сын, пікірлердің қатып қалған ережесі жоқ дейтін қорытындыға келуге болады.

Қарап отырсақ, рецензия жанрын кейде рецензия – мақала, рецензияхат т.с.с. атаумен қатар рецензия – пікір деп те бөлген дұрыс. “Қазақ әдебиеті” газетінен “Пікір” деп қана немесе “Жаңа кітап” деп, не болмаса “Рецензия орнына” деп айдар тағылып жазылған рецензиялар көп кездеседі.

Әдеби сын жазушы қаламгер кез-келген кітаптан алған әсерін оқырманға толық, әрі дәлме-дәл жеткізе білуі тиіс. Осыған орай, Несіпбек Айтұлының авторлығымен шыққан Оразалы Сұлтан Шәріпұлының “Жүректің көзі ашылса” атты кітабына жазылған “Кітап - ғұмыр” дейтін рецензиясын өз кезегінде сәтті шыққан деуге болады. Себебі, әдебиет саласында еңбек сіңіріп жүрген Несіпбек Айтұлының бұл кітапқа білдірген пікірі толық талдаумен, дәлелдеумен ашылған. Автор өзінің кітап авторының жазу шеберлігіне айтқан әрбір көзқарасын дәлелдеп, мысалдар келтіреді: “Сұлтан Оразалинов теледидарда шебер ұйымдастырушы, білікті басшы ғана емес, өзі де қалам қайратын сарқа жұмсаған жазушы, сценарист ретінде кеңінен танылды. Бұған осы кітапқа кірген үш жүзге жуық әдеби сценарий мен ой толғамдары айғақ” немесе “Кітаптың келесі бөлімі «Телепьесалар» өзіндік көркем ерекшеліктерімен С. Оразалиновтың қаламгерлік қырының тағы бір жарқын бетін ашқандай көңіл оятады. Автордың теледрама табиғатын жете білетіндігі осында топтасқан әр шығармадан шырай береді”,-дейді. Біз бұл материалдан рецензияға да, пікірге де лайық талаптарды көрдік. Сондықтан рецензия-пікір деп те айдарлауға болатын еді.

Рецензия жанрын зерттеу барысында рецензентке қойылатын талаптарға тоқталдық және рецензия жазуға кіріспес бұрын жоспар құру, бір кітапты толығымен зерттеп оқу, оны бағалауыштық көзқараспен баяндау ескертілген. Бірақ соңғы кездегі қаламгерлер “мен рецензия жазамын”,- деп емес, “осы кітапқа өз пікірімді білдірсем”,- деген оймен жазатындығын байқадық.

“Қазақ әдебиеті” газетінің 2002 жылы шыққан рецензиясының бірі – Қуандық Шолақтың “Көксеңгір” кітабына Бақытгүл Ешенқұлованың жазған “Кеп тұрмын шумағымды шуаққа орап” атты рецензиясы. Мұндағы үлкен кемшілік – автордың рецензия жазу барысындағы талдаушылық әрекетінің шалалығы ма деп қаласың, дегенмен мақаланың ең соңғы сөйлемі мынадай оймен аяқталады: “Әрине, ақынның кемшін тұстары да бар. Ол кейде өзін - өзі қайталауы ма деп қалдық”. Егер анық рецензия шығарамыз десек, аталмыш сөйлем дәлелдеуді қажет етеді. Ақынның өзін - өзі қайталау кемшілігін қай тұстардан көре аламыз дейтін сұрақ туады. Осындай кемшіліктер Гүлжаһан Орданың авторлығымен жарық көрген Роза Сейілханның “Мендегі бір әлем” атты кітабына арналған “Жырдан маржан теремін” рецезиясында да кездеседі.


Каталог: bitstream -> handle -> data
data -> Шындалиева М. Б
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында
data -> Қазақ очеркі
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> -
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет