Оқулық Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен Аламаты, 2011 (075. 8)


Педагогикалық тәжірибені жалпылау



бет10/13
Дата29.03.2017
өлшемі1,58 Mb.
#12550
түріОқулық
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

1. Педагогикалық тәжірибені жалпылау

Зерттеу жұмыстарын жүргізудегі ең басты жол – бұл педагогикалық тәжірибені жалпылау. Озық педагогикалық тәжірибенің дамуына белсене қатынасқан ғалымдар өздерінің көп үлестерін қосты. Педагогикалық тәжірибеге сүйену мен оны ақылға салу көптеген ғылыми жұмыстардың негізі болып табылады.

Бірақ педагогикалық жұмыстардағы педагогикалық тәжірибенің қолданылуын талдай отырып елеулі кемшіліктерді көре аламыз:

Біріншіден, озық тәжірибені зерттей отырып, кейбір ғалымдар тәрбие мен оқытудың тұтас жүйесінен тек өзінің диссертация тақырыбына сай жеке жағдайларды таңдап алады.

Екіншіден, кейбір зерттеушілер, тәжірибені зерттей отырып, тәжірибе орнының жетіспеушілігіне, әлсіздігіне көңіл бөлмей, ең қызықты, сәтті жерлерді таңдап алады. Кейін бір болымды материалдардан өз ойларының дәлелдеулерін құруға тырысады. Біршама жағдайларға байланысты ғылыми зерттеу тақырыбы сол қызықты мазмұнға қатысты өзгереді, ол педагогикалық озық тәжірибеде көрінеді.

Үшіншіден, кейбір ғалымдар педагогикалық озық тәжірибені жалпылауда жан-жақтағы бақылаушыға айналады. Олар мектепке тек өздерін қызықтыратын нәрсені алу үшін келеді, бірақ орнына ештеңе бермейді. Олар туралы мектепте дұрыс айтылған, яғни мұғалімдер өңдеп шығарады, ал олардың еңбек нәтижесін басқалары пайдаланады.

Төртіншіден, мектептің педагогикалық тәжірибесін қолдану оның тарихының үзіндісінен жиі алынады. Ғылыми жұмыстарда педагогикалық тәжірибенің генезисі болмайды (Генезис дегеніміз ата-тегі, тууы, пайда болуы), яғни тәрбиелеу мен оқытудың рационалды әдістерінің даму жолдары жай, әлсіз болып ашылады.

Бесіншіден, тәжірибе бағасында оны шығарғанмен, оны сипаттаушының араларында үйлеспеушілік бар. Ғалымдар ең басты мұғалімдердің өздері өз тәжірибелерінде нені ең бағалы деп санайтынын, нені тапқанын және үйренгенін, нені іздейтінін және не затқа ұмтылатынын анықтауы қажет.

2. Педагогикалық тәжірибе алмасудың ережелері

Педагогикалық озық тәжірибенің қолданылуы мен жалпылауында кемшіліктерді болдырмау үшін мына ережелерге бағыну керек:

1. Ең басты педагогикалық озық тәжірибені бастамас бұрын өзің үшін педагогикалық озық тәжірибенің тұтасымен әр ел мектептерінде қалай сипатталатынын нақты анықтап алу қажет.

2. Мектеп өмсірінің барлық жақтарымен танысу қажет. Бұл үшін бір сыныпта күні бойы сабақ кестесі бойынша өткізілетін зерттеушіні қызықтыратын барлық сабақтарға қатынасу керек. Егер сіздің ғылыми ізденісіңіз балалармен бірге жүргізілген жұмыстардың формалары мен әдістерінен көрініс тапса, онда озық тәжірибені жалпылауға кірісе бастауға болады.

3. Педагогикалық тәжірибені үйренуді мұғалімдер, тәрбиешілер ұжымынан, олардың жұмыстық қарым-қатынас стилінен, жалпы көзқарастар мен жалпыға бірдей талаптардан бастау керек. Атап айтқанда озық тәжірибенің негізін нақ осы анықтайды. Балалар ұжымы мен педагогикалық ұжымдар арасындағы оқушылар мен оқытушылар арасындағы қарым-қатынас жүйесін білу қажет. Осыдан кейін барып қызықты оқу мәселесі бойынша материал жинақтауға кірісуге болады.

4. Педагогикалық тәжірибені дұрыс түсініп, бағалау үшін жан-жақтағы бақылаушылардан бас тартып, педагогикалық ұжымға топ мүшесі ретінде (сынып жетекшісі, мұғалім) немесе мұғалімдердің зерттеу тобы жетекшісі ретінде (кеңес мәселесінің шығарылуы) енуі керек. ғалым барлық жағдайда да мектептің оқу және тәрбие жұмыстарына белсене қатынасуы қажет, әйтпесе ол педагогикалық тәжірибені түсіне де, дұрыс бағалай да алмайды.

5. Елдің үздік мұғалімінің тәжірибесі – бұл ең алдымен педагогикалық шығармышылық болып табылады, мұның негізінде қазіргі педагогика ғылымының дамуы жатыр. Сондықтан педагогикалық озық тәжірибені үйренудің қазіргі ғылым тұрғысынан оның талдауы бар.

6. Бір мұғалімнің, бір мектептің педагогикалық озық тәжірибесіне сілтеме жасап, шектеп қоюға болмайды. Ең жақсы дәлелдеме – алдыңғы және қатардағы көптеген мұғалімдердің , бірнеше мектептердің тәжірибесін салыстыруы. Тек осының жүзінде берілген педагогикалық тәжірибенің шындығында ғылыми құндылығын, оның өзектілігі мен таратылу мүмкіндігін анықтауға болады.

7. Педагогикалық озық тәжірибені жалпы сипаттап қана қоюға болмайды, оны дамытып, әрі уақытта жалпылып отыру қажет. Бұл әрі ең қиын, әрі ең жеңіл жағдайларды дәлелдеудің тәсілі болып табылады. Бұл жағдайда ғалым мәселені шешу жолдарының бірнеше түрін белгілей алады, яғни мұғалімдермен келісіп, олардың әрқайсысын қараттырып, өздері анықтап, қайсысы жақын екенін тексерту. Сонымен қатар зерттеу тақырыбы бойынша оқу мен тәрбиелеуге қатысты бірнеше варианттарды қарастыруға болады, яғни әр мұғалімге өз тапсырмаларын орындауға беріп, кейін алынған нәтижелерді салыстыруға болады.

8. Педагогикалық озық тәжірибені жалпылаудың ең қиын, дегенмен ең асыл жолы – бұл мұғалімдерді ғылыми зерттеу жұмысының дағдысына үйрету, өзінің шығармашылық ізденісінің, өзінің тәжірибесін сипаттауда, оларды талдауда да көмек көрсету. Мұғалім кейін өзі зерттеуші болған кезде, бұл оның педагогикалық жұмысқа деген жалған қызғушылығын емес, ол өзінің ой әрекетін жағдайластырады, шығармашылыққа қарай тартылады. Педагогикалық озық тәжірибенің нақты болуы үшін, оны жалпылауда зерттеудің ғылыми әдістерін қолдану қажет: бақылау, сауалнама, тестілер және т.б.

9. Ғылыми зерттеуде педагогикалық озық тәжірибені эксперименттік жұмыстың кіріспесі немесе оның қорытындысы ретінде қызмет етуі керек. ғалым эксперимент бастауына мектепте бар жақсыны анықтайды, бұл оның ғылыми болжауына мәлімет жинауға көмектеседі. Эксперимент нәтижесін көптік тәжірибемен тексеру керек. Бұл экспериментте ненің пайдалы екенін, ненің мұғаліммен жеңіл игерілетінін, қиындық кездестірмейтінін анықтауға көмектеседі. Мұндай ғылыми тәжірибенің тексеруінсіз рекомендация (кепілдеме) беруге болмайды.

Озық тәжірибені мектепаралық, аудандық, облыстық, республикалық деп бөлуге болады. Бұрын Кеңес өкіметі кезінде одақтық озық тәжірибе де болды. Озық тәжірибе әлемдік деңгейде болуы мүмкін. Озық тәжірибенің осылай бөлінуі – тәжірибенің қай деңгейде танылғанына байланысты.

Озық тәжірибенің жай тәжірибеден артықшылығы – логикасы, әдісі, тәсілі жағынан ерекше нәтиже беретін, жалпы мектеп қабырғасында қолдануға болатын тиімді тәжірибе. Озық тәжірибенің жолы қиын. Ол бірден қабылданып таныла бермейді. Себебі:

а) Ұстаз өзін-өзі көрсете бермейді, сөзден қашады;

б) Ұстаздардың арасындағы көреалмаушылық жол бермейді;

в) Теориялық сауат жетіспейді;

г) Мектеп басшыларынан қолдау таппауы да мүмкін.

Сондықтан жаңашыл ұстаздар В. Ф. Шаталов, Ш. А. Амонашвили, С. Н. Лысенкова, И. П. Волков, Е. Н. Ильин, Т. А. Гончарова, А. Б. Резник, И. П. Иванов, қазақстандық ұстаздар Қ. Нұрғалиев, Р. Нұртазина, А. Исқақов т.б. еңбектеніп, көп қиындықтан өтіп, елге озық тәжірибелі болып танылды.

Озық тәжірибенің ең жоғары деңгейі – жаңашылдық. Жоғарыда аты аталған ұстаздар – жаңашылдар. Олар жаңа идеяны ұсынады. Сондықтан оларда жаңашыл дейді. Олардың негізгі идеясы – ұстаздық қызметтестік, яғни ұстаз бен шәкірттің қызметтестігі. Жаңашылдардың он идеясы бар:

а) Ұстаз бен шәкірттің бірлесіп еңбектенуі.

б) Баланы өз ықтиярымен оқыту.

в) Шәкірттің өзін еркін сезінуі, сенімінің артуы.

г) Тірек сигналы арқылы оқыту.

д) Қиындықты жеңе білу.

е) Ірі блокпен оқыту.

ж) Баланы өз қалауы бойынша оқыту.

з) Істелген ісіне (оқуына) талдау жасау.

и) Баланы тұлға деп ескеру.

к) Шығармашылық түрде өзін-өзі басқару.

Озық тәжірибенің жай тәжірибеден тағы бір айырмашылығы оның ғылыми өлшемдері болады.

Олар – озық тәжірибенің көкейкестілігі, келешектілігі, жаңалығы, жоғары нәтижелілігі, тиімділігі, педагогикалық, психологиялық, әдістемелік ғылымдарға сәйкестігі, тұрақтылығы, үйлесімділігі, шығармашылық түрде қолдануға мүмкіндігі.

Озық тәжірибенің өзі алуан түрлі болады:

а) педагогикалық жаңалық ашу;

б) педагогикалық құрал-жабдықтарды т.б. ойлап табу;

в) педагогикалық ойды, құрал-жабдықты дамыту.

Озық тәжірибе ұстаздық шеберлікке жақын. Бірақ айырмашылығы бар. Озық тәжірибелі ұстаз - өз ісінің шебері.

Озық тәжірибе мектеп ұжымының дамуына үлкен әсер етеді. Сондықтан мектеп, аудандық білім басқармаларының басшылары тәжірибені жинақтап таратуда жетекші роль атқаруы тиіс. Тәжірибе нұсқау бойынша жинақталып таратылмайды. Жоғарыда айтқандай озық тәжірибе өз деңгейінде (мектепаралық, аудандық, облыстық, республикалық) жинақталып таратылуы тиіс, оған басшылық жасайтын ұжым жетекшілері жауапты.

Мектеп көлеміндегі озық тәжірибені басшылар былай түсінуі тиіс:

а) озық тәжірибе мектеп жұмысының, оны басқарудың сапасын жақсартады;

б) озық тәжірибеден жастар үйренеді;

в) ұстаздар ұжымының дамуына, өсуіне әсер етеді;

г) педагогика ғылымдарына сүйенеді, теориялық білім алады.

Озық тәжірибенің жолы ауыр. Себебін доғарыда айттық. Жалпы озық тәжірибенің негізгі элементтері:

а) Ұстаз көтерген мәселенің мазмұнын, маңызын, негізін өзі жақсы түсінуі тиіс.

б) Пән бойынша білімін алдына қойған педагогикалық мәселелерді шешуге пайдалану.

в) Ұстаздың зертханасы, оның байлығы, пайдалануы.

г) Ұстаздың өзінің жұмыс ырғаға, әдісі.

д) Ұстаздық құралдарыд дұрыс пайдалана білу.

е) Істің нәтижесі.

Озық тәжірибелі ұстаздың зертханасы бірден қалыптаспайды. Оған көп жылдар кетеді. Тәжірибелі ұстаз өзіне ұстаздық зертхана жасау үшін көп еңбектеніп, бір көтерген мәселесінің нәтидесіне жетуге ұзақ ізденіс үстінде болады. Мектеп басшылары осындай ұстаздар арқылы жастарды үйретуі керек. Бұл – олардың парызы.

Озық тәжірибенің өзін қабылдау әртүрлі жағдайда өтеді. Біреулер жаттанды түрде, кейбіреулер түсінбей, үшіншісі селқостықпен озық тәжірибені өзінше қабылдауы мүмкін.

Озық тәжірибені дұрыс түсіну үшін соны іштей қабылдап түсіну қажет, сонда ғана озық тәжірибені дұрыс қолдана алады. Озық тәжірибені таратуға ұжым болып атсалысқаны жөн. Мұндай жағдай тек ұжымды жақсы басқара білетін мектеп директоры, оның көмекшілерінің арқасында болады.

Мектеп ұстаздарының тәжірибесіне көптеген мәселелер жатады: сабақ беру, ата-аналармен жұмыс, сыныптан немесе мектептен тыс жұмыстар, балалар ұжымын ұйымдастыру т.б.

Тәжірибе насихат үшін жинақталмайды. Тәжірибе тәлім-тәрбиені жақсарту үшін керек.Сондықтан тәжірибе тірнектеп жиналады, сараптан өтеді, елдің көзіне түседі, халық бағалайды. Тәжірибе бір адамның абыройы емес, ұжымның абыройы.

Сондықтан тәжірибені жинақтау үшін:

а) Ұжымды дұрыс түсіндіріп тәжірибе жинақтауға жұмылдыру;

б) тәжірибені мектептен, аудан, облыс, республика мектептерінің жақсы жақтарын жинақтау және осы жұмысқа барлық ұстаздар қауымын қатыстыру керек;

в) Озық тәжірибені әрбір ұстаз қолдану керек деп түсіну;

г) Озық тәжірибені жаттанды қабылдамай өзіне керек жерін пайдалану.

Озық тәжірибені жинақтау, насихаттау, тарату, пайдалану жолдары, әдістері, түрлері бар.

Біріншіден, озық тәжірибені түсіндіру, насихаттау, ұйымдастыру және тарату.

Екіншіден, мектепте озық тәжірибе бөлмесін ашып, керекті әдебиеттермен қамтамасыз ету. Озық ұстаздарды шақырып, баяндамасын тыңдап керекті материалдарды алып қалу. Озық тәжірибені жинақтай алатын ұстазды басқа мектептерге жіберіп алу. Өзара сабаққа қатысып, сабақтың нәтижесін талдау. Озық тәжірибелі ұстаздарға жастарды бөліп жетекшілік жасауды жүктеу.

Үшіншіден, тәжірибе мен теорияны байланыстыру: педагогикалық, психологиялық, әдістемелік әдебиеттерден теорялық білім алу, теориялық білімді сабақпен ұштастыру, жинақталған материалдарды қорытындылап, сараптап баяндама жасау.

Төртіншіден, жалпы ұжымдық бір тақырып төңірегінде жұмыс істеу. Әрине мұнда аудандық, облыстық мекеме басшылары қолдау көрсетсе дұрыс болар еді. Жалпы ұжымдық тақырып белгілі ғалымдардың, ғылыми институттың немесе департаменттің тапсырысы бойынша зерттеледі.

Бесіншіден, озық тәжірибені жинақтау, насихаттау, таратудың талдау, өздігінен талдау жасай алу әдістерін білген жөн.

Алтыншыдан, бұл мәселеге тәжірибелі ұстаздар қамтылады. Мұндай ұстаздардың барын мектеп басшылары біліп, тәжірибе жинақтап таратуға тартқаны жөн.

Жетіншіден, тәжірибелі озат ұстаздардың ашық сабағына пәндес, пікірлес, ниеттес ұстаздардың қатысқаны жөн. Бұл жерде алып-қашпа сөзге, өсекке немесе асып кеткен сыншыл-міншілерге жол бермеу керек. Барлық жұмыстың нәтижесі қорытындыланып үлкен отырыста (әдістемелік кеңес, конференция, педагогикалық оқулық т.б.) баяндама жасалады. Сөйтіп барлық озық тәжірибеге жол ашылады.

Аудандық, облыстық, республикалық білім жетілдіру ұжымдары аудандық облыстық, республикалық деңгейде эксперимент, зерттеу, оқулық тексеру т.б. жұмыс жүргізеді, тәжірибе жинақтайды, таратады. Оның қорытындысы ретінде «Педагогикалық оқулық», «Ғылыми – тәжірибелік конференция», т.б. өткізіледі. Ондай жұмысты атқару көп ізденіс, ұзақ дайындық, қаржыны керек етеді.

Озық тәжірибені жинақтау, насихаттау, тарату, іске асыру – оқу және тәрбие жұмысын жақсартудың жолы. Бұл жұмысқа мектеп директорының бастамасымен бүкіл ұстаздарды жұмылдырып, тәжірибелі ұстазды жұртшылық назарына іліктіру керек. Осының барлығына әрбір ұстаздың өзінің білімін жетілдіру арқылы жететіні айқын. Ұстаз қызметі көп оқуды, ізденісті қажет етеді, оның өзіндік лабораториясы болуы тиіс.

Педагогикалық тәжірибені зерттеу әдістері – білім беру процесін ұйымдастырудың көз алдымызда қалыптасқан тәжірибесін зерттеудің жолдары. Зерттеуге озық тәжірибе, яғни танымал мұғалімдер мен қатардағы тәлімгерлер қызметтері бірдей алынады. Олардың жұмыстарында кезігетін қиындықтар педагогикалық процесс қайшылықтарымен, пайда болған не енді туындауы мүмкін проблемалармен байланысты келеді. Педагогикалық тәжірибені зерттеу барысында келесідей әдістер қолданылады: бақылау, әңгімелесу, интервью, анкеттеу, оқушылардың жазба, графикалық және шығарма жұмыстарын көзден өткеру, педагогикалық құжаттармен танысу.

Бақылау – зерттеу барысында нақты дерек материал жинақтау мақсатымен қандай да педагогикалық құбылыстың назарға алынуы. Бақыланған құбылыстар міндетті түрде хатталады. Бақылау нақты нысанмен жете танысуға орай алдын ала белгіленген жоспар бойынша жүргізіледі. Бақылау жұмыс келесі кезеңдерге бөлінеді: 1) міндеттері мен мақсаттарын айқындау; 2) бақыланатын объект, оның элементтерін және ситуацияларын таңдастыру; 3) бақылау және оның барысында ақпарат топтастыруға оңтайлы әрі тиімді тәсілдерді іріктеу; 4) байқалғандарды хатқа түсіру формасын ойластыру; 5) жинақталған ақпараттарды өңдеу және дәйектеу.

Бақылау түрлері: араласа бақылау – ізденуші зерттеу жүргізіп жатқан топтың мүшесі ретінде қатысады; сырттай бақылау – зерттеуші ізденіс жұмыстарына тікелей араласпайды; ашық және жасырын бақылау; тұтастай және таңдамалы бақылау.

Бақылау – орындалуы тұрғысынан ең оңай әдіс, бірақ өзіндік кемшілігі де жоқ емес; көп жағдайда бақылау барысындағы не соңғы нәтижеге зерттеушінің тұлғалық- әлеуметтік жеке-дара бітістері (көзқарасы, мүддесі, жан толғанысы) ықпал жасап, оның қандай да шынайылылықтан ауытқуына себепші болуы мүмкін.

Сұхбат әдісі – қажетті ақпаратты алу немесе бақылау барысында түсініксіздеу болған құбылыстың мәнін аша түсу мақсатымен дербес не қосымша қолданылатын зерттеу тәсілі. Сұхбат айқындалуы тиіс нақты сұрақтар бойынша күні ілгері түзілген жоспармен орындалады. Әңгімелесу еркін жүргізіліп, сұхбаттас кісінің жауаптары хатталмайды.


Сұрақтар мен тапсырмалар

  1. Озық тәжірибелерді зерттеу әдістемесі дегенміз не?

  2. Озық тәжірибелерді зерттеуге қойылатын талаптар, оның өлшемдері қандай?

  3. Озық тәжірибелер қоржыны не үшін қажет?


Студенттердің білім деңгейін тексеруге арналған тест сұрақтары:

  1. Толықтырыңыз.

Адамның жан – жақты дамуы білім берудің .................болып табылады.


  1. Ойды аяқтаңыз.

Зерттеушілік әдебі - өзін - өзі үйрету, ........................, .................


  1. Әдептілікті сақтамаудың екі түрін атаңыз:

а) ............................., ә) .............................

Ойды аяқтаңыз. Педагогикалық жүйені жалған жаңашылдық – педагогика ............ аса маңызды ережелерінің бірі.



  1. Инновациялардың тууының екінші жолын атаңыз.

а) тәжірибе мен терминдерден пайда болған жаңа ой;

ә) ..................................



  1. Озат тәжірибенің өлшемдерін толықтырыңыз.

    • жаңашылдық, жоғары нәтижелілік, тұрақтылық, ............... пайдалану мүмкіндігі, оңтайлылығы.

  2. Педагогикалық тәжірибені зерделеу мен қорытудың негізгі нысандарының моделін сызыңыз.


ҚОСЫМШАЛАР
Қосымша А (5-дәріске)

I.Бастауыш сынып оқушыларының оқу әрекетінің қалыптасу деңгейін анықтау
Зерттеу құрылымы

Дайындалған әдістемеге сәйкес оқу әрекетінің әуелі жеке компонентттерін, содан кейін тұтас меңгеру дәрежесі анықталады.


Талдау іскерлігін анықтау

Оқушылардың тапсырманы (есепті) талдау деңгейін анықтау мақсатында төмендегідей сипаттағы тапсырмаларды ұсынуға болады:



    1. мәтіннен белгілі мен белгісізді табу. Тапсырмалар әр түрлі пәндер материалдар негізінде беріледі. Мысалы, не белгілі бір, не белгісіз екі сызыңыздар. ”Бір үйде 45 пәтер бар. Екінші үйдегі пәтер саны одан 18-ге артық болса, екі үйде қанша пәтер болғаны?”;

  1. күдік туғызатын тапсырмалар ұсыну. Мысалы, ”ойыншық” сөзіне талдау жаса; ”25 алманы 5 балаға бөліп берді” есепті шығар; Егер оқушы тапсырманы орындамаса, себебін анықтау керек;

  2. құрамы толық емес тапсырмаларды ұсыну. Мысалы, суретін сал; 122-жаттығуды орында (мәтін берілмейді) немесе мәтін беріледі (сұрақ көрсетілмейді);

  3. тапсырманы орындауға қатысы жоқ артық мәліметі бар материалдар ұсыну. Мысалы, дүкенге бірінші күні 25 жәшік, екінші күні 10 жәшік, үшінші күні 15 жәшік жеміс әкелді. Бірінші, үшінші күні барлығы неше жәшік жеміс әкелді?

Алынған жауаптарға талдау жасау негізінде оқушылардың талдау жасау іскерлігін қаншалықты меңгергені анықталады.

Сан алуан жаттығулар, есептер мен тапсырмаларды орындаудағы мақсатты анықтау іскерлігін байқау

Бастауыш сынып оқушыларының оқу міндетін қабылдау ерекшеліктерін, оқу әрекетінің мақсатын анықтау іскерлігінің деңгейін зерттеуде бақылау, әңгімелесу, эксперимент (тәжірибе) әдістерін қолдануға болады.

Мұғалім мен оқушының сабақ үстіндегі іс-қызметін бақылау үлгісі:


    1. өтіліп жатқан тақырып, жеке және жалпы тапсырмалардың мақсатын оқушылар қабылдай ма?

    2. тапсырма мақсатының өзгеруіне байланысты оқу әрекеті өзгере ме?

    3. әрекет мақсатына байланысты оқушылар тарапынан сұрақтар болды ма?

    4. оқушылар әрекет нәтижесін оның мақсатының іс жүзіне асуына байланысты бағалады ма?

Оқушыларға төмендегідей тапсырмаларды ұсынуға болады:

1. Мәтінге ұ,ү әріптерінің емлесіне байланысты тиісті әріпті жаз және мына сұраққа жауап бер: Осы тапсырманы орындау барысында неге үйренесің?. Бұл тапсырманы орындау арқылы оқушының жұмысқа кіріспес бұрын оқу міндетін қабылдағаны немесе практикалық міндетпен шектелгені бірден байқалады.

Бүг..н қ..ла бие қ...лындады. Маңдайында ж..лдызға ...қсайтын төбелі бар. Қ...лыным өскесін, қолыма қ...рық алып, жылқы бағамын.

2. Кестені толтыр. Берілген тапсырманы орындай отырып, неге үйренесің?




А

15




13

В




12




А+В

37

28

56

3. Мақсаттың өзгеруі әрекетке ықпал ететін тапсырма ұсыну.

Мысалы, оқушыларға бір сөз жазылған үш қима үлестірме ұсынылады. Ол сөзге фонетикалық, сөз табы және құрамы бойынша талдау жасалынады. Тапсырманың неге әр түрлі орындалғанын негіздеу (түсіндіру) керек. Мысалы, жұмысшылар, ...

(Басқа пәндерден де осындай бағыттағы тапсырмаларды беруге болады).

Оқушылардың жауаптарына талдау жасай отырып, олардың оқу міндетін қабылдайтындығы немесе практикалық міндетпен шектелгендігі анықталады.

Жоспарлау іскерлігін анықтау

Бастауыш сынып оқушыларының оқу міндетін орындауда өз іс-әрекетін жоспарлау іскерлігін анықтау мақсатында төмендегідей тапсрмаларды ұсынуға болады:

- әңгіменің жоспарын құруда. математика сабағында есепті шығару жоспарын белгілегенде, сөзді құрамы жағынан талдау жоспарын анықтағанда сәйкестілік бар ма, егер болса, ата;

- кез келген тапсырманы орындаудың жоспарын жасау үшін, не істеу керек?

- математика сабағында есепті шығаруда өз әрекетіңнің жоспарын жазшы;

- мына тапсырманы орындаудың жоспарын құршы: мысалы,



18-6:2= ; 269-жаттығу (3-ші сынып, 15-бет).

-амалдардың орындалуын реттілік қажетіне қарай белгіле. Мысалы, ”мұқаба жасау” қажет.



  1. Оларды жинақтап желімдеу.

  2. Дайындалған мұқабаның сыртын оюлармен әшекейлеу.

  3. Жұмысқа керекті түсті қағаздар мен қатырма қағаздарды, мата қиындыларын және құрал-жабдықтарды дайындау.

  4. Мұқабаға керекті бөлшектерді өлшеп қию. (Әр түрлі пәндерден осы бағыттағы тапсырмаларды беруге болады.)

Алынған материалдар негізінде оқушылардың жоспарлау іскерлігін қаншалықты игергендігін, қай пәндерде жоспарлау іскерлігі сәтті көрінетіндігін, сондай-ақ ортақ икемділіктің деңгейін анықтауға болады.


Бастауыш сынып оқушыларының оқу әрекетін бақылау іскерлігі деңгейін анықтау

Бастауыш сынып оқушыларының өз оқу әрекетін тексеру іскерлігінің қандай дәрежеде қалыптасқанын анықтау мақсатында мынандай тапсырмаларды ұсынуға болады (бастауыштың жоғары сыныптарында жазбаша, төменгі сыныптарында жеке әңгіме түрінде орындалады):



  1. Өзіңнің тапсырманы орындауыңның, жоспар құруыңның, есеп шығаруыңның дұрыстығына күмән келтірген жағдайлар болды ма?

  2. Ондай жағдай болғанда не істейсің?

  3. Қандай да болмасын бір тапсырманы орындағаннан кейін өзіңді тексересің бе?

  4. Егер өзіңді тексерсең, оны қалай істейсің?

  5. Қандай тапсырмаларды және қай пәндерден тексересің?

  6. Өзіңді неге тексересің?

  7. Орындалған тапсырманы тексеру дегенге қалай түсінесің?

  8. Математика, қазақ тілі, еңбек, дүниетанудан орындалған тапсырмаларды тексергенде, оларға ортақ сәйкестілік кездесті ме?

Кездессе, оларды ата.

Келесі тапсырма: Баланың есепті шығаруы дұрыс па, бұрыс па?

Ойланып, жауабыңды жаз. Қате болса. түзе, өзіңнің неліктен бұлай ойлайтыныңды дәләлде (есеп мәтінін және оның қате шешімін беру).

Мектеп көрмесіне бастауыш сыныптар 35 қағаздан, 8 матадан жасалынған бұйым және техникалық модельдер ұсынды. ¦сынылған бұйымның жалпы саны 87 болса, көрмеге қанша техникалық модель ұсынылған?

Шешуі: 35-8=27

87-27=60

Мынандай тапсырманы да ұсынуға болады: ойланып, жауабын жаз. Оқушы жалғау түрлерін дұрыс анықтай алды ма? Қате жіберсе, оны жөнде, себебін дәлелде (қате орындалған тапсырма беріледі).

Кітаптар (септік жалғаулы сөз), оқушымын (көптік жалғаулы сөз), мектептің (жіктік жалғаулы сөз), қаламым (жіктік жалғаулы сөз).

Келесі тапсырма: көп нүктенің орнына тиісті әріпті қойып жаз.

Сөйлемде 2 қате жіберілген, бұл пікірмен келіссең, оны дәлелде (шындығында бір қате жіберілген).

Дала т..лге толді.

Оқушылар жауаптарын талдау барысында олардың жұмысты орындау нәтижесін немесе барысын тексеретініне зейін аударған жөн.



Бастауыш сынып оқушыларының оқу әрекетін бағалау іскерлігін анықтау

Бастауыш сынып оқушыларына төмендегідей тапсырмаларды ұсынуға болады:



  1. Өзің орындаған жұмысты “бағалау“ деген нені білдіреді?

  2. Қазақ тілінен диктантты, математикадан орындалған жұмысты, еңбек сабағында дайындалған бұйымды “бағалау“ деген не?

  3. Егер мұғалім әр түрлі пәндерден орындаған жұмыстарды бағаламаса, сен өзіңнің қалай оқып жүргендігіңді білер ме едің? Неге, дәлелде?

  4. Сенің орындаған үй жұмысыңды мұғалім қалай бағалайтындығын білесің бе? Неге?

  5. Бастауыш сынып мұғалімдері сенің орындаған жұмысыңды бірдей немесе әр түрлі бағаласа, сондай жағдайда не ойлайсың? Неге?

  6. Қатесіз орындалған жұмысты бағалауға ұсыну;

  7. Қате орындалған және бағаланған тапсырманы оқушыларға бағалату;

  8. Бағасыз оқығың келе ме? Неге?

  9. Өз ара бағалау;

  10. Топтық бағалау;

  11. Ұжымдық бағалау;

  12. Өзің мәтінді жазып, оны тексеріп, баға қой. Қалай ойлайсың, мұғалім қандай баға қойған болар еді? Неге?

Оқушылардың берген жауаптарына талдау жасау арқылы олардың оқу әрекетін қаншалықты бағалай алатындығын анықтауға болады.

Бастауыш сынып оқушыларының оқу әрекеті құрылымын тұтас меңгеруі деңгейін анықтау әдістемесі

Төменгі сынып оқушыларының оқу әрекетінің құрылымын толық меңгеру дәрежесін анықтау мақсатында мынандай тапсырмаларды ұсынуға болады:



  1. Кез келген тапсырманы (есепті) орындау үшін не істеу керек екенін жаз;

  2. Математика сабағында есеп шығарғанда, қазақ тілінде жаттығу, дүниетану сабағында тапсырмаларды орындағанда бәріне ортақ сәйкестілік бар ма? Болса, оларды жаз.

  3. Математика сабағында теңдеу шешу мен арифметикалық есеп шығаруда оларға ортақ не бар? Болса, ол не?

  4. Күзгі өсімдіктер мен күздегі жан-жануарлар тіршілігіндегі өзгерістерді түсіндіруде сәйкестілік (ортақ қолданылатын амалдар ) бар ма? Болса, ата.

  5. Әр түрлі пәндерден тапсырмаларды ұсынып, нақтылы орындалуын талап етуге болады (... жаттығуды, есепті, тапсырманы орындау үшін не істейсің?).

Тапсырмаларға берілген жауаптарды талдау арқылы оқу әрекетінің толық құрылымын меңгеру деңгейі анықталады.

Жоғарыда көрсетілген тәсілдердің тізбегін шығармашылықпен жетілдіре түссеңіз, қорытынды ауқымды болады.

Бастауыш сынып оқушыларының оқу әрекетінің қалыптасу деңгейін анықтау көрсеткіші ретінде мыналарды атауға болады: мақсаттылық, саналылық, жинақтылық, жоспарлылық, толықтылық, тұрақтылық, іс-әрекетке деген қарым-қатынас, дербестілік.

Оқу әрекетінің қалыптасу деңгейін анықтап алғаннан кейін, оны қалыптастырудың әдістемесі дайындалады. Ол келесі бөлімде беріледі.

ІІ. Бастауыш сынып оқушыларының оқу әрекетін қалыптастыру әдістемесі
Оқу әрекетін қалыптастыру 4 кезеңнен тұрады. Әрбір кезеңнің нақтылы міндеттері анықталады.

Бірінші кезеңнің міндеттері:


  1. Кез келген әрекетті сол әрекетке сәйкес тапсырмаларды (міндеттерді) орындау тұрғысынан қарастырылуына, оқу әрекетінің мазмұны оқу тапсырмалары негізінде құрылатынына және есептің жаттығудың ерекше бір түрі ретінде берілуіне байланысты бастауыш сынып оқушыларының есеп ұғымын қалай түсінетіндігін нақтылау;

  2. Оқу әрекеті және оның болашақта оқушы өмірінде алатын орнын, мәнін ашу.

Екінші кезеңде нақтылы оқу пәндері мазмұны негізінде оқу әрекетінің компоненттерін жеке игерту және оның мәнін түсіндіру.

Үшінші кезеңде пәнішілік және пәнаралық байланыстар арқылы оқу әрекетінің құрылымын түтастай қалыптастыру. Ол кез келген тапсырманы орындауды қамтамасыз етеді.

Төртінші кезеңде оқу әрекетінің құрылымдық компонентін тұтастықта және әр түрлі оқу пәндерінде оқушылардың өз беттерімен тапсырманы орындауына бағыттау.

Бастауыш сыныптағы жаңа оқу бағдарламасында оқушыларға ”есеп және оның құрамы” туралы түсінік беру талабы қойылып отыр. Бұған дейінгі бастауыш сынып бағдарламасында бұл жағдай орын алмаған еді. Сондықтан есеп және оның құрамы туралы оқушылардың ұғымы күңгірт болатын-ды. Кез келген әрекетке жағымды қатынастарды қалыптастыруда оның мәніне түсіну қажет. Бұл проблеманы шешуде есеп ұғымы негізгі тірек болып саналады. Бұл кезеңде қолданылатын тәсілдер осы міндеттерді орындауға бағытталады.

Оқушылар алғашқы кезде мұғалімнің басшылығымен ”есеп дегеніміз не?”, және оның құрамды бөліктерімен (сұрақ, белгісіз; шарт белгісіз) танысады.

Оқушылар бірте-бірте өздері есептің құрамды бөліктерінің байланыстылығын байқап, оларды ажыратады. Осы мақсатта оларға екі мәтін ұсынылады. Солар арқыла есеп белгілерін өздері табуға бағытталады. Мысалы, ”Ойланыздаршы, тақтадағы жазылғанды есеп деуге болама?” (Тақтада ”Балаларға барлығы қанша қызыл және жасыл доп сатылып алынған? деген мәтін). Екіншісі - ”сүретте берілген заттың атын жазыңдар (табыңдар). Алманың сүреті салынған.

Оқушыларды ”Есеп дегеніміз сұрақ және шарт немесе белгілі арқылы белгісізді табу” деп өздері қорытындылайтындай жағдайға жеткізу керек. Оқушылардың ”есеп” ұғымын бекіту мақсатында бірінші мәтінді ”есеп” болатындай етіп өзгертіп ұсынуға болады.

Оқушылардың әр түрлі пәндерден орындайтын тапсырмаларының (кең мағынасында) ортақ құрамды бөліктері бар. Мысалы, қазақ (орыс) тілі пәндеріндегі жаттығулар да екі құрамдас бөліктерден (сұрақ, белгісіз, талап; мәтін, шарттан) тұрады. Басқа оқу пәндеріндегі тапсырмаларда (тар мағынасында) екі қүрамдас бөліктеп тұрады. Демек, бастауыш сынып оқушыларына тек қана ”есеп, оның құрамды бөліктері” ғана тұралы түсінік беріп қоймай, ”жаттығу”, ”тапсырма” ұғымы және оның құрамды бөліктері тұралы түсінік беру қажеттілігі туындайды. Мысалы, ”Ойлаңыздаршы, тақтаға жазылғанды жаттығу деуге бола ма?” (Тақтаға 211-жаттығу. Бастауышты тауып, астын сызыңдар). Екіншісі - 212 жаттығу. Зат есімді тауып, астын сызыңыздар. “Асан мектепке бара жатыр. Ол - оқу озаты.“ Бірінші сұрақты (талапты) ”жаттығу” болатындай етіп өзгертіп ұсынуға болады. Болашақ оқу бағдарламаларынан “жаттығу және оның құрамы“ туралы түсінік беру орын алады деген үміттеміз.

Сондай-ақ, бұдан кейін мұғалім оқушыларға оқу міндеті тұралы түсінік беріп, оның нақтылы практикалық міндеттен айырмашылығын көрсетеді.

Әңгіме алдында оқушылардың зейінін тапсырмаларды орындаудан бұрын нақтылы мақсат анықталатынына аударады.

Тапсырманы орындау тек нақты жауаппен (нәтижесімен) шектелсе, оқушы практикалық міндетті шешкен болады. Нақты нәтиже де қажет, бірақ ол жеткіліксіз.

Оқушы тапсырманы орындау барысында нақты нәтижемен қатар, неге үйренетіндігі туралы мақсат қойса, ол - оқу міндеті.

Әңгіме нәтижесінде оқушы кез келген тапсырманы орындау мақсатқа бағытталатынын ұғынуы тиіс.

Оқу міндетін шешу оқудың жеңіл, тиімді (ұтымды), мақсат бағыттылығына ықпал етеді. Әрекет жолын меңгереді. Оны өзге де әрекетте пайдаланады.

Бұл кезеңде оқу және нақты-практикалық міндеттерді ажырата білуі әр түрлі пәндер материалы негізінде түсіндірілген тиімді. (Үшінші бөлімдегі ”Оқу және нақтылы практикалық міндет” тақырыбы, сабақтан үзіндіні қараңыз.)

Оқу және нақтылы-практкалық міндеттерді айыру үшін білім керек, ұсынылған тапсырмадағы басты мәселені біліміне сүйене айыра білу тиіс және табандылық қажет. Табандылық барлық әрекетке тән.

Оқу және нақтылы-практикалық міндеттерді ажырата білуге үйрету үшін төмендегідей жұмыстар жүргізіледі:



  1. Оқу міндеті туралы түсінік беру;

  2. Нақтылы-практикалық міндет туралы түсінік беру;

  3. Оқу міндеті туралы әңгіме өткізу;

  4. Практикалық міндет туралы әңгіме өткізу;

  5. Ұсынылған міндеттерден оқу міндетін табу және оны дәлелдеу.

Келесі кезеңнің негізі міндеттерінің бірі - оқу әрекетінің қүрылымымен таныстыру. Олардың бір-бірімен байланысты екенін, оқу әрекетінің құрылымын меңгеруде оқушыда жеке тұлғаға тән қасиеттердің қалыптасатынына ерекше көңілін аудару керек. Оқушыларды тапсырманы орындаудың негізгі кезеңдерімен нақтылы мысалдар арқылы таныстырылады.

(3-ші бөлімдегі ”Оқу әрекетінің құрылымы” деген тақырыпты қараңыз.)

Оқу тапсырмаларын орындау кезеңдерінің тізбегі беріледі:


  1. Талдау (белгілі, белгісізді табу);

  2. Мақсат (неге үйренетінін анықтау);

  3. Актуализация (тапсырманы орындауға қажетті ережелерді, заңдарды, іскерлікті еске түсіру);

  4. Жоспарлау (амалдарды орындалу реттілігін анықтау);

  5. Орындау (шешу);

  6. Тексеру (нақтылы нәтижені және тапсырманың орындалу барысын бақылау);

  7. Бағалау (мақсатқа жетті ме, жетпеді ме, орындалу деңгейі).

Әрбір оқушы осы кезеңдердің мәніне түсінуі қажет. Кез келген міндетті шешуге бағытталған әрекет талдаудан (анализден) басталатыны белгілі. Демек, оқушыларды талдауға үйрету - бұл кезеңнің негізгі міндеттерінің бірі.

Талдауға үйретуде сан алуан тәсілдерді қолдануға болады.

Олар:


  1. Күдік туғызатын тапсырмалар ұсыну;

  2. Күдік туғызатын тапсырмалдарды күдік туғызбайтын тапсырмаға айналдыру;

  3. Құрамында артық белгілісі бар тапсырмаларды орындау;

  4. Шартында ішкі жалпылық пен сыртқы айырмашылығы бар тапсырмаларды орындау;

  5. Құрамы толық емес тапсырмаларды ұсыну;

  6. Құрамы толық тапсырмаларды орындау;

  7. Жарыс ұйымдастыру;

  8. Әңгімелесу;

  9. Ойын түрінде өткізу (бір оқушы - белгілі, екінші оқушы - белгісіз т.б.);

  10. Сұрақтар қою:

  11. Сен тапсырманы неге талдайсың?

  12. Талдаудың қажеті жоқ шығар?

  13. Тапсырманы орындауға бірден кірістің бе?

  14. Таспырманың шартында қате болғанда өзіңе қандай сұрақ қойдың?

  15. Тапсырманы орындауға қандай іскерлік көмектесті?

  16. Дұрыс талдауға жеке басыңның қандай қасиеттері көмектесті?

(3-ші бөлімнің ”Бастауыш сынып оқушыларының талдау іскерлігін қалыптастыру” тақырыбын қараңыз.)

Оқушының тапсырманың құрамы толық болған жағдайда ғана орындауға болады деген қорытындыға келуі тиіс. Дұрыс алғашқы талдау жасау - тапсырманың дұрыс орындалуының бір шарты.

Кез келген міндетті шешуге бағытталған әрекет талдаудан басталады.

Келесі тапсырманы орындау кезеңінде оқушылардың өздері орындайтын жаттығу, тапсырма, есептерінің қандай мақсатпен орындайтындығына бағыттау, мақсат қоя білуге үйрету. Ол үшін оқушыларды мақсатты анықтауға және мақсат қоюға ықпал ететін объективтік шарттарымен таныстырып, оны іс жүзіне асыра білуге дағдыландыру қажет. Оны мұғалім нақтылы оқулық материалдары негізінде үйретеді.

Объективтік шарттар:


  1. Сабақтың тақырыбы;

  2. Өткен материал бойынша оқушының білімі және іскерлігі;

  3. Тапсырма, жаттығу, есеп мазмұны;

  4. Қалыптасқан тәжірибе.

Тапсырманы орындау кезеңінің сақталмауы әрекеттің мәніне ңұқсан келтіреді.

Мұғалім оқушылардың зейінің талдау мен мақсаттың, байланыстылығына аударады, яғни талдау бойынша неше белгісіз (сұрақ, талап) болса, сонша мақсат қойылады.

Оқушылар өздері орындайтын тапсырманың мақсатың меңгергеннен кейін, сабақтың мақсатын анықтауға үйретуге көшуге болады. Сабақтың мақсатын анықтауға жоғарыда айтылған шарттар пайдаланылады.

Оқушыларды тапсырманың, сабақтың мақсатын анықтауға үйретуде әр түрлі әдіс-тәсілдер пайдаланылады:

1. Сұрақтар қою:


  • Осы тапсырманы орындағанда неге үйренесің?

  • Осы тапсырманы орындағанда неге үйрендің?

  • Бұл тапсырманы неге орындадың?

  • Бұл тапсырманы саған дейін бірнеше оқушы орындады ғой. Сен неге орындайсың?

  • Бұл тапсырманы орындау іскерлігі саған неге керек?

  • Бұл іскерлік қайда кездесуі мүмкін?

  1. Тапсырманың мақсатын мұғалімнің анықтауы.

  2. Тапсырманың мақсатын ұжыммен анықтау.

  3. Тапсырманың мақсатын топпен анықтау.

  4. Тапсырманың мақсатын жұп оқушымен анықтау.

  5. Тапсырманың мақсатын жеке оқушының анықтауы.

  6. Нақтылы-практикалық міндетті оқу міндетіне аудару.

  7. Оқу міндеттін анықтау.

  8. Жаттығу құрастырып, мақсатын анықтау.

  9. Ойын.

  10. Оқу міндетінің практикалық міндеттен айырмашылығы неде?

  11. Үй тапсырмасының мақсатын анықтау.

  12. Науқастанып сабаққа келмеген оқушыға үй тапсырмасының мақсатын оқушылар арқылы түсіндіру.

  13. Сыныпқа жалпы бағыт беру.

  14. Мақсатты түрлендіру (бір тапсырманы орындауда әр түрлі мақсат қою):

  1. сөзді құрамына қарай (морфологиялық) талдау;

  2. сөз топтарына талдау;

  3. дыбыстың (фонетакалық) талдау.

(3-ші бөлімнің ”Сабақ және орындалатын тапсырманың мақсатын анықтауға үйрету” тақырыбын қараңыз.)

Тапсырманы орындалуы келесі кезеңдерінің бірі - актуализация. Қандай да тапсырманы орындауда белгілі бір ереже, заң, нақтылы тәжірибе кажет екеніне оқушылардың зейіні аударылады. Осы мақсатта әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға болады. Олар:



  1. Бір ережеге сөздердің тізбегін жалғастыру;

  2. Педагогикалық ситуациялар;

  3. Тапсырманы орындауға қандай өткен материалдар көмектесті.

(3-ші бөлімнің ”Білім, іскерлікті өзектендіру (актуализация) тақырыбын қараңыз.)

Жоғарыда айтылған кезеңдер тапсырманы орындаудың төртінші кезеңіне көшуге мүмкіндік береді. Ол - амалдарды орындаудың жоспарын анықтау. Сондай-ақ, оқушыларды нақтылы мысалдар арқылы амалдарды орындаудың жоспарын жасау талдау, мақсатты белгілеу, актуализацияға тікелей байланысты екенін дәлелдейді. Оқушылардың оқу әрекетін жоспарлау іскерлігін қалыптастыру мақсатында әр түрлі әдіс-тәсілдер қолданады. Олар:



  1. Сабақтан тыс әрекетін жоспарлау;

  2. Демалыс күнін жоспарлау;

  3. Шашыранды амалдарды реттілікке келтіру;

  4. Жетіспейтін амалдарды толықтыру;

  5. Жоспарды ұжыммен дайындау;

  6. Жоспарды топпен дайындау;

  7. Жоспарды жеке дайындау;

  8. Тақтаға сабақ жоспарын жазу;

  9. ”Бір - күнде - жоспарсыз - емес” ойыны;

  10. Кіріспе әңгіме;

  11. Ұсынылған жоспардан дұрысын табу;

  12. Тақтада тапсырманы орындау реттілігін айтып жазу.

(3-ші бөлімнен ”Iс-әрекетті жоспарлау іскерлігін қалыптастыру” тақырыбын қараңыз.)

Сонымен қатар мұғалім оқушыларды оқу әрекетін тексеру мен бағалау іскерлігін қалыптастыру мақсатын қояды. Оны іс жүзіне асыру мақсатында оқушылардың зейінін бірден негізгі объектіге аударып, тексеру мәніне тоқталады. Әр түрлі пәндердің материалдары бойынша әрбір кезеңнің дер кезінде тексерудің тиімділігіне тоқталады, нақтылы деректермен дәлелдейді. Нәтижесінде ғана тексерудің тиімсіз жағына тоқталады.

Сонымен, тапсырманы орындау барысын бақылап отыру - қатені дер кезінде түзетіп, нәтиженің сапалы, дұрыс болуының негізгі бір шарты екеніне оқушылардың көзін жеткізу. Осы кезенде бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарымен кездесу, әңгіме өткізу тиімді болады. Кездесу, әңгіме өткізу барысында оқушылар өздерінің ата-аналарының қайда және кім болып қызмет істейтіндерін анықтайды. Тексеру, бақылаудың өндірісте алатын орнына тоқтайды, нақтылы кейбір амалдарды орындауда тексеру (бақылауды) жүргізу жолдарын көрсетеді. Оған мектепте үйренетіндіктерін баса айтады.

Мұғалім оқушыларды оқу әрекетін тексеру іскерлігін қалыптастыруда әр түрлі әдіс-тәсілдер қолданады. Олар:



  1. Ата-аналармен кездесу;

  2. Әңгіме өткізу;

  3. Тксеру (бақылау) мәні туралы түсінік беру;

  4. Бақылау ұйымдастыру;

  5. Дұрыс орындалмаған жаттығу, есеп, тапсырмаларға талдау жасау;

  6. Сұрақтар қою:

а) жаттығу, есеп тапсырманы дұрыс немесе дұрыс емес орындадың ба?

ә) тапсырманы дұрыс орындағанынды қалай тексердің?

тексерулер:

а) ұжымдық тексеру;

ә) өзара тексеру;

б) топтық тексеру;

в) өзін өзі тексеру;


  1. Дұрыс талдау жасадың ба, мақсатын дұрыс анықтадың ба, қажетті өткен материалды еске түсірдің бе, дұрыс жоспар құрдың ба;

  2. Аралық тексеру;

  3. Тапсырманың орындалу барысын тексеру;

  4. Қорытынды тексеру;

  5. Есеп шығарудың ”балама жолын табу”;

  6. Диалог түрінде тексеру;

  7. ”Шиеленескен” міндеттерді шешу;

  8. Байымдау шығарма жазу ”менің сабақтағы көмекшілерім”.

(3-ші бөлімнің ”Оқу әрекетін тексеру іскерлігін қалыптастыру” тақырыбын қараңыз.)

Тапсырманы орындаудың келесі кезеңі - бағалау. Баға - алға қойған мақсаттың орындалу не орындалмау көрсеткіші. Оқушының неге үйренгенінің деңгейі.

Оқушының тапсырманы орындау нәтижесін бағалауға үйрету үшін әр тұрлі тәсілдерді қолдануға болады. Олар:


  1. жұмыстың нәтижесін оқушылардың өздерінің бағалауы;

  2. оқушының өзінің және бөгде оқушының орындаған жаттығу, есеп, тапсырмаларын бағалауға ұсыну;

  3. топтық бағалау;

  4. өзара тексеру және бағалау;

  5. ұжымдық бағалау;

  6. мұғалімнің бағалауы;

  7. әр түрлі деңгейде орындалған тапсырманы ұсыну;

  8. әр түрлі деңгейде бағаланған тапсырмаларды ұсыну, пікір айту.

(3-ші бөлімнің ”Оқу әрекетін бағалауға үйрету” тақырыбын қараңыз.)

Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сатысындағы білім мазмұны тұжырымдамасының талаптарының бірі - әртүрлі оқу тапсырмаларын өздігінен шешіп орындаудың ортақ тәсілдерін берілген пәндердегі тапсырмалар, әдетте, қазақ тілінде жаттығу, математикада есеп, басқа пәндерде көпшілік жағдайда тапсырма түрінде беріледі. Демек, жаттығу, есеп, тапсырмаларды орындауға ортақ тәсілдерге үйрету - осы кезеңнің негізгі міндеттерінің бірі.

Әр түрлі тапсырмаларды орындаудың ортақ тәсілдерін меңгерту ұшін әр тұрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға болады. Олар:


  1. тапсырманы орындаудың әрбір кезеңін ұдайы еске түсіріп отыру;

  2. математикадан есеп шығарғанда, қазақ тілінен жаттығу орындағанда оларға ортақ ұқсастық кездесе ме? Кездессе, оны ата.

  3. Математикадан есеп шығарғанда, қазақ тілінен жаттығу, дүниетанудан тапсырманы орындағанда неден бастайсың?

  4. Математикадан есепті, қазақ тілінен жаттығуды, дүниетанудан тапсырманы талдағанда, осы әр түрлі үш пәнге ортақ сәйкестік бар ма?

  5. Математика, қазақ тілі, еңбек сабағында тапсырманың мақсатын анықтуда, ортақ сәйкестік бар ма?

  6. Оқушылар жауабы: .....

  7. Математикадан есеп, қазақ тілінен жаттығу, еңбек сабағынан тапсырманы орындау жоспарын жасауда ортақ ұқсастық бар ма?

  8. Бар болса, ата.

Оқушылар жауабы:......

Белгілі бір уақыт өткеннен кейін оқушылар жаттығу, есеп, тапрсыманы орындауда белгілі бір амалдар реттілігінің сақталатындығы туралы қорытындыға келеді:



  1. Кез келген жаттығу, есеп, тапсырманы орындау неден басталады?

  2. Кез келген жаттығу, есеп, тапсырманың мақсатын анықтау неге байланысты?

  3. Кез келген жаттығу, есеп, тапсырманы орындауға қажетті өткен материалды еске түсіру неге байланысты?

  4. Әр түрлі пәннен оқу тапсырмаларын орындау кезеңдерін ата?

  5. Оқу тапсырмасын орындау реттілігін қалпына келтіруге байланысты тәсілдерді қолдану:

1) Орындалатын тапсырманың мақсатын анықта.

2) Тапсырманы орындау мақсатына жеттің бе?

3) Белгілі, белгісізді анықта.

4) Орында.

5) Жоспар құру.

6) Тексеру.

7) Тапсырманы орындауға қажетті заң, ережелерді еске түсіру.

8) Ойын, сынау, пікір талас т.б. сан алуап әдіс, тәсіл, форма ретінде түрлендіріп өткізуге болады.

(3-ші бөлімнің ”Тапсырманы орындаудың ортақ тәсілдерін қалыптастыру” тақырыбын қараңыз.)



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет