Оқулық Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен Аламаты, 2011 (075. 8)


-тарау. ОЗЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕНІ ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ ЖИНАҚТАУ



бет9/13
Дата29.03.2017
өлшемі1,58 Mb.
#12550
түріОқулық
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

10-тарау. ОЗЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕНІ ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ ЖИНАҚТАУ

Жоспары:


10.1 Мұғалімдердің озық тәжірибесі, оның түрлері

10.2 Педагогикалық зерттеудің кезеңдері

10.3 Озық педагогикалық тәжірибені тарату
Практикалық сабақтар мазмұны:

10 Зерттеудің нәтижелерін өңдеу және ғылыми жұмысты дайындау

Мақсаты: Ғылыми-педагогикалық зерттеуге қойылатын талаптарды ескере отырып, жинақталған материалдарды жүйеге келтіріп, ғылыми жұмысты дайындауға үйрену.

Жоспары:


  1. Теориялық және әдістемелік біліміңізді еске түсіріп, жаңғырту.

  2. Зерттеу жұмысының құрылымы, әр кезеңнің материалдарын ретімен орналастыру

  3. Әр кезеңнің материалдарын ретімен жүйеге келтіріп, тұтас ғылыми жұмысты дайындау.

  4. Әрбір кезеңге сипаттама беру

  5. Зерттеу нәтижесінде әдістемелік нұсқау дайындау

Әдістемелік нұсқаулар. Зерттеу жұмысының жалпы құрылымын еске түсіріп, әрбір кезеңге сәйкес материалдарды орналастырыңыз. Мұқаба, жоспар (мазмұн), кіріспе, теориялық және педагогикалық эксперимент, әрбір бөлім бойынша қорытынды, жалпы қорытынды, мәтіндегі пайдаланған әдебиеттердің жазу тәртібіне көңіл бөл.

10.1 Қазіргі заманғы мектепте педагогикалық қызметте асыруға болатын орасан зор педагогикалық тәжірбие жинақталған, бірақ олардың бәрі бірдей қолданыла бермейді, өйткені көптеген мұғалімдер мен басшылықта ол тәжірбиені зерттеу және қолдану қажіттілігі қалыптаспаған, сол сияқты ол тәжірбиелерді таңдау мен талдаудың дағдысы мен іскерлігі жетісе бермейді. Мұғалімдер нақты іс-әрекетінде өзінің, сол сияқты әріптесінің де педагогикалық тәжірбиесіне талдау жасаудың қажеттілігіне мән бермейді.

Озық педагогикалық тәжірбие тарихилығымен ерекшеленеді, өйткені әрбір жаңа кезеңде мектептің материалдық, әдістемелік, кадрлық және басқа да мүмкіндіктерінің кеңеюімен педагогикалық қызметтің жаңа талаптары пайда болады. Сонымен бірге озық тәжірбие педагогика ғылымы мен тәжірибенің қазынасын үнемі толықтырушы, жаңартушы қызмет те атқарады. Озық педагогикалық тәжірбиені жасау және таратуда мұғалімнің позициясы үлкен рөл атқарады, сондықтан нақты тәжірбиенің жетекші ережелеріне талдау жасап, оны қолдануға кіріскенде субъективті факторлардың ықпалын ескеру арқылы оның нәтижесімен педагогикалық ұжымға кірігуіне болжам жасау қажет. Педагогикалық тәжірбиеде объективті және даралық құндылықтар бір-бірімен астасып жатады, бірақ педагогикалық қызметтегі даралық ерекшеліктердің бәрі бірдей көпшіліктің игілігі бола алмайды. Тек жеке тұлғаның жаңа тәжірбие жасауға ықпал жасайтын бірегей және қайталанбас ерекшеліктері ғана назарға алынады. Озық педагогикалық тәжірибе бұқаралық негізде қалыптаса отырып, объективті педагогикалық заңдылықтарды игерудің деңгейін де танытады (Ю.К. Бабанский). Озық педагогикалық тәжірибенің бір түрі болып есептелетін жаңашылдық пен зерттеушілік педагогикалық тәжірибе сезімдік тәжірбиелерден теориялық талдау және жинақтауға алып баратын басқыш сияқты. Жаңашылдық пен педагогикалық зерттеудің бірегей үлгісін көрсеткен Ресейдің И. П. Волков, Т. И. Гончаров, И. П. Иванов, Е. Н. Ильин, В. А. Кериновский, С. П. Лысенкова, Р. Г. Хазанкин, М. П. Шетинин, П. М. Эрдинов, Е. А. Ямбург және т.б. ғалымдар мен педагогтардың тәжірбелері мұғалім қауымына көп көмегін тигізді.

Мұғалім қызметінің инновациялық бағыттылығының екінші құрамды бөлігі – психологиялық-педагогикалық зерттеулердің нәтижесін және педагогикалық қызметтің тәжірибесін ендіру. Педагогика мен психология бойынша ғылыми зерттеудің нәтижелері уақтылы хабардар ету мүмкіндігі болмағандықтан мектеп қызметкерлеріне белгісіз болып қалып отыр. Педагогикалық зерттеудің нәтижелерін тәжірибеге енгізу үшін қызметкерлер алынған нәтижелермен арнайы танысады, оны іске асыруды, сол арқылы осы негізде ғылыми зерттеу нәтижесін тәжірибеде қолдануға деген қажеттілігі анықталғандығы жайында В. Е. Грурман, В. В. Краевский, П. И. Керташева, М. Н. Скаткин және басқа ғалымдардың арнайы еңбектерінде атап айтылған. Мамандар тарапынан жедел әдістемелік көмек көрсету арқылы бұл ғылыми ұсыныстарды іске асыру әдістері мен тәсілдерін игеруге болады.

Осыған байланысты жаңа педагогикалық идея мен технологияның насихатшысы және таратушысы кім болады деген сұрақ туындайды. Жеке мұғалімнің, мектептің тәжірбиесін, ғылыми зерттеу мен таратуды мектеп директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары немесе оқу ісінің меңгерушісінің жетекшелігімен жан-жақты дайындалған мұғалімдер тобы жүргізуі тиіс.

Бұндай топты құрудың қажеттілігі бірқатар жағдайларға байланысты. Біріншіден, педагогикалық жаңалықтың немесе түбірлі педагогикалық идеяның, технологияның авторы, оның құндылығы мен перспективалығын аңғара бермейді.

Екіншіден, қосымша уақыт және т.б. қажет етеді деп ол өзінің идеясын іске асыруға көбіне құлшына кіріспейді.

Үшіншіден, жаңалық автордың баяндауында жүйелі ғылыми және әдістемелік негіздеме таба алуы мүмкін.

Төртіншіден, автор инновациясы және оны іске асыру жолдары туралы баяндалғанда өзінің немесе әріптестерінің жеке тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты мұғалім-әріптестері тарапынан «кері тебу» реакциясына тап болуы мүмкін.

Бесіншіден, аталған топтың функциясы идеяны іске асырумен шектелмейді, сонымен бірге оны талдау және түзетумен де айналысады.

Алтыншыдан, бұндай топ педагогикалық мониторинг қызметін атқарады отандық және шетелдік баспасөз материалдары және жоғарғы оқу орнының тәжірбиесі бойынша жаңа идеялар, технологиялар жүйелі түрде талдап, іріктеп отырады.

Педагогикалық жаңалықты тәжірибеге енгізу қызметін басқару бұл жұмысқа автордың қатысуын жоққа шығармайды, қайта оның дербес шығармашылық мүмкіндіктеріне ынталандырып, қабілетін дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Осылайша мектеп жағдайында педагогикалық инновацияны жасаушылар мен насихаттаушылардың күші біріктіріледі. Нақты тәжірибеде инновациялық үдерістердің сипаты алынған нәтиженің мазмұнымен, енгізілуге тиісті жаңалықтың маңыздылығымен, сол сияқты практиктердің инновациялық қызметіне дайындығының деңгеімен ерекшеленеді.

Инновациялық бағыттылық белгілі бір жаңа енгізілімнің тиімділігіне баға беретіндей нақты критерийлерді пайдалануды қажет етеді. Педагогика бойынша зерттеу тәжірбиелеріне сүйене отырып, педагогикалық жаңалықтың мынадай критерийлер жиынтығын анықтауға болады: бұқаралық тәжірбиеде шығармашылықпен қолдану мүмкіндігі.

Инновацияның негізгі критерийі ғылыми педагогикалық тәжірбиеге де баға беруде басшылыққа алынатын жаңашылдық деп білеміз. Сондықтан инновациялық үдеріске тартқанда олардың еріктілігін, тұлғалық ерекшелігін, дербестік психологиялық мінездемелері ескерілуі тиіс. Жаңашылдықтың бірнеше деңгейін бөліп көрсетуге болады. Олар: обсолютті, локальді-абсолютті, шартты, субъективті, танымдылық деңгейі және қолдану аймағы.

Критерийлер жүйесіндегі оптималдық нәтижеге қол жеткізуге мұғалім мен оқушының жұмсаған күшінің шығынымен қолданған тәсілінің тиімділігін айқындайды. Әртүрлі мұғалімдер әртүрлі еңбек жағдайымен бөлек оқушылар ортасында бірдей жоғары нәтижеге қол жеткізеді. Оқу процесіне педагогикалық инновацияны енгізіп, барынша аз дене, ой еңбегін және аз уақыт жұмсап жоғары нәтижеге қол жеткізу оның оптималдығын білдіреді.

Нәтижелік инновацияның критерийі ретінде мұғалім қызметіндегі оң нәтижелердің барынша тұрақтылығын білдіреді, өлшемдегі технологиялық, нәтижені бақылау мен белгілеудегі, түсіну мен баяндаудағы тұтастық бұл критерийді, жаңа әдістің маңыздылығын, оқыту мен тәрбиелеудің тәсілдерін бағалаудың басты құралына айналдырады.

Инновациялық бұқаралық тәжірбиеде шығармашылықпен қолдану мүмкіндігі педагогикалық инновацияны бағалаудың критерийі ретінде қарастырылады. Шындығында, құнды педагогикалық идея немесе технология шартты ерекшеліктерімен тар шеңберге тығылып, қолдану мүмкіндігі шектеулі болса, онда біз педагогикалық жаңашылдық туралы айта алмас едік.

Бұқаралық педагогикалық тәжірбиеде қолданудың бастапқы кезеңі жекеленген мұғалімдер мен тәрбиешілердің қызметіне негізделгенімен олар сыннан өтіп, объективті баға алған соң ғана жалпыға бірдей қолдануға енгізуге ұсынылуы мүмкін.

Жоғарыда аталған критерийлерді білу және педагогикалық инновацияны бағалауда қолдана алу педагогикалық шығармашылыққа негіз қалайды.

Арнайы әдебиеттерді және мектеп қызметінің тәжірбиесін талдағанда оқу орнының жұмысында педагогикалық жаңалықты тәжірибеде қолдануға белсенділіктің төмен екендігін аңғарамыз. Ал осындай педагогикалық инновациялардың іске асырылмай қалуының ең кем дегенде екі себебін атауға болады. Бірінші себеп, инновацияның қажетті сараптама мен сыннан өте бермейтіндігі. Екінші себеп, педагогикалық жаңылықты көбіне ешқандай алдын ала ұйымдық, техникалық, ең бастысы тұлғалық, психологиялық қатынастар тұрғысында дайындықсыз енгізіледі.

Педагогикалық инновацияның мазмұны мен критерийлерін тап басып тану, оларды қолданудың әдіс-тәсілін меңгеру жеке мұғаліммен бірге оқу орнының жетекшісіне де оны енгізуді объективті бағалау мен болжамдауға мүмкіндік береді. Мектептерде жоғарының нұсқауымен енгізілген инновациялық жаңалықтар қысқа мерзімде ұмытылып кетеді немесе бұйрықпен тоқтатылады.

Осы сияқты жағдайлардың негізгі себептерінің бірі – мектептік инновациялық ортаның ұйымдық, әдістемелік, психологиялық сипаттағы оқу үдерісінде инновацияны енгізуді қамтамасыз ететін кешенді шаралардың болмауы. Бұндай инновациялық ортаның болмауы мұғалімдердің әдістемелік тұрғыдан дайындықсыздығын, оларда жаңа енгізілімнің мәні туралы мағлұматтың аздығынан байқалады. Ал қолайлы инновациялық орта педагогикалық ұжымда мұғалімдердің жаңа енгізілімге «қарсылық» коэффициентін төмендетеді, кәсіптік қасаңдықты жоюға көмектеседі. Инновациялық орта мұғалімдердің педагогикалық инновацияға қатынасынан нақты көрініс табады.

Тәжірбие 10. Педагогика ғылымының оның қолданбалы саласындағы мәні озық педагогикалық тәжірибені, оны тарату және тиімді енгізу жағдайларын зерттеу болып табылады.

Озық педагогикалық тәжірбие дегеніміз, қоғамдық педагогикалық қызыметтің бастауы ретінде, нақты жағдайларды, оқушылар ұжымының және жеке тұлғаның ерекшеліктерін ескерумен бірге, мұғалімнің жұмыс тәжірибесінде педагогика заңдары мен принцптерін белсенді түрде меңгеруі және іске асыру деген сөз. Озық педагогикалық тәжірбие оқушыларды тәрбиелеу және оқытудың жаңа идеяларын түрлі тұрғыдан қарау және технологиялардың бастауы.

Озық тәжірибені зерделеу және қорыту педагогика ғылымын дамытудың негізгі қайнар көздерінің бірі болып табылады, өйткені, бұл әдәіс өзекті ғылыми мәселелерді табуға мүмкіндік береді, педагогикалық үдерістің заңдылықтарын оқып үйренуге негіз жасайды.

Озат педагогикалық тәжірбиенің екі түрі бар:

а) педагогтың ғылыми ұстанымдары біліктілікпен, ұтымды кешенді пайдалануы болып табылатын педагогикалық шеберлігі;

ә) педагогикалық жаңашылдық, яғни жаңа білім беру қызметін көрсетулері, оқытудың жаңа мазмұны, нысандары мен әдістері, тәсілдері мен құралдары, т.с.с өзінің шығармашылық табыстарымен байытылған тәжірибе.

10. Озық тәжірибенің критерийлері:



  • Жаңашылдық – белгілі бір қалыптасқан әдістемені жоққа шығару емес, оны жетілдіру, толықтыру;

  • жоғары нәтижелілік;

  • ғылымның қазіргі жетістіктеріне сәйкестік;

  • тұрақтылық;

  • тәжірибені басқа да педагогтар мен оқу орындарының пайдалану мүмкіндігі;

  • тәжірибенің оңтайлылығы;

  • көкейтестілігі, оның ғылым үшін және педагогикалық тәжірибе үшін құндылығы;

  • оптималдық;

  • бұқаралық тәжірибеде шығармашылықты қолдану мүмкіндігі.

Білім беру мекемелеріндегі педагогикалық тәжірибені зерттеу, жинақтау ісі күрделі және шығармашылық мәселелердің бірі болып табылады. Педагогикалық тәжірибе – оқыту, білім беру және тәрбие тәжірибесі, дәлірек айтсақ нәтижесі, оқушының жеке тұлғалық сапаларынан көрінетін, белгілі мақсатпен ұйымдастырылатын педагогикалық үдеріс.

Көпшілік мұғалімнің педагогикалық тәжірбиесі – бұл педагогика ғылымының жетістіктерін қолданып жұмыс істеп жатқан білім беру ұйымдарының тәжірбиесі.

Озық педагогикалық тәжірбие сөзін түрліше түсінеміз. Кең мағынада озық педагогикалық тәжірибе – мұғалімнің шеберлігінің жоғары деңгейі, тұрақты педагогикалық нәтиже беретін оқыту және тәрбие тәжірибесі. Мұғалімнің тәжірибесіндегі жаңалық болмауы мүмкін, бірақ ол ғылымда белгілі принціптерді, әдістерді табысты түрде қолданып, басқа мұғалімдерге үлгі болып, озық тәжірибесі басқа мектептерге таратылады.

Педагогикалық озық тәжірибенің тар мағынасы: шығармашылық ізденіс, жаңалығы бар тәжірибе. Мұндай педагогикалық тәжірибе өте құнды, себебі ол мектеп тәжірибесіне жаңалық енгізеді. Сондықтан, бірінші кезекте осы тәжірибені талдап, баға беріп тарату керек. Ал бұл оңай емес, себебі мұғалім ғылымда белгілі принціптер мен әдістерді қолданып, немесе ескі әдіс-тәсілдерді тиімді етіп ұштастырып, бірте-бірте жаңашыл болады, бірақ жаңашыл мұғалімдердің іс-тәжірибесін жан-жақты талдап, қорытындылап, тарату керек.

Озық педагогикалық тәжірибенің белгілері, оған қойылатын талаптар. Бірінші белгісі – қоғам дамуының бағытына, әлеуметтік сұранысқа сәйкестігі. Озық мұғалімдер мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері өмір талаптарына сай жұмыс істеп, педагогикалық үдерісті жетілдірудің тиімді жолдарын табады.

Озық тәжірбиенің екінші белгісі – педагогикалық қызметтің тұрақты, жақсы нәтижелері. Педагогикалық «өнім» – оқушылардың білім, іскерлік, дағдыларының, жалпы дамуының, тәрбиелілігінің деңгейі.

Мұғалім сабақтарын дұрыс бағалап, оқушылардың білім сапасын тексеріп, жауап алынатын сұрақтар:

- оқушылардың бағдарламадағы оқыту материалын меңгеруі;

- өз беттерімен білім ала білуі;

- білімдерін шығармашылықпен тәжірбиеде колдануы;

- оқушылардың жалпы дамуы.

Білім сапасы оқушылардың байқампаздығынан, талдау, жинақтау, абстракциялау іскерлігінен, оқу материалымен жұмыс істеу жолдарын анықтаудан, іс-әрекеттің жүйесін белгілеуден, өз іс-әрекетін бақылап, оған керек жағдайда түзетулер енгізуінен көрінеді.

Оқушылардың тәртібі олардың пікірлерінен, мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан байқалады.

Озық тәжірибенің үшінші белгісі – оқу, тәрбие тұрақты, жақсы нәтижелерге жету үшін мұғалімдер мен оқушылардың өз күштері және құралдарын орнымен жұмсауы. Оқушыларға шамадан тыс қосымша тапсырмалар беріп, басқа пәндерді меңгеруге зиян келтіріп, білім сапасын көтеретін тәжірбие озық тәжірбие деп есептелмейді.

Жаңалық – озат педагогикалық тәжірбиенің төртінші белгісі.

Педагогикалық озық тәжірбие оқу- тәрбие жұмысын үнемі дамытып және жетілдіріп отырады. Сондықтан, әрбір мұғалім еліміздегі жаңашыл ұстаздардың бай тәжірбиесін, белгілі педагогтар мен психологтардың ғылыми еңбектерін терең зерттеп, өз ісінде шеберлікпен пайдаланғаны жөн.

Мектептерде педагогикалық тәжірбиені зерттеу, жинақтау ісі күрделі және шығармашылық мәселелердің біріне жатады. Педагогикалық тәжірбие – оқыту мен тәрбиенің практикасын Жан-жақты зерттеу объектісі, фактілер мен ғылыми мәліметерді жинақтаудың негізгі көріністерінің бірі. Сондықтан педагогикалық озық тәжірбие оқу-тәрбие жұмысын үнемі дамыту мен жетілдіру де үлкен орын алады. Осыған орай,әрбір мұғалім еліміздегі жаңашыл ұстаздардың бай тәжірбиесін, белгілі педагогтар мен психологтардың ғылыми еңбектерінде терең зерттеп, өз ісінде пайдаланудың жолдарын қарастырады.

Осындай татымды табыстарды шығармашылықпен қолданудың нәтижесінде, мектептерде педагогикалық тәжірбиені зерттеудің кейбір нақты жолдары іске асырыла бастады. Олар: мұғалімнің өз тәжірбиесін өзі зерттеп жинақтау; Педагогикалық еңбек шеберерінің жұмыс жүйесін зертеу және жинақтау; Бір педагогикалық тақырып бойынша бірнеше мұғалімдердің іс-тәжірбиелерін зерттеу және жинақтау; Жаңашыл мұғалімдердің озық тәжірбиесін тарату және оны оқу тәрбие процесіне енгізу; педагогикалық ғылыми – зерттеу институттарының басшылығымен оқу және тәрбие саласында орын алып отырып тауып, оны шешуге ат салысу.

Оқу мен тәрбие тиімді тәсілдері мен әдістерін іздестіруде мұғалімнің өз тәжірбиесін өзі зерттеп, жинақтау ісі- әрі қиын, әрі күрделі мәселелердің бірі. Бұл мәселені ойдағыдай зерттеп, практикада дәлелдеу тікелей мұғалімнің өзіне байланысты. Мұғалім оқыту мен тәрбие әдістеріне байланысты басты мәселелерді таңдап алады да, лардың тиімділігін сабақтың немесе тәрбие жұмысының барысында бақылайды, терең зерттейді. Зерттеу материалдарына талдау жасап, қорытындысын үнемі дәптеріне жазып отырады. Мұғалім әр сабақтың немесе тәрбие жұмысының өзіне тән ерекшелігін, әр түрлі әдістерді қолданудың тиімді жолдарын, оқыту мен тәрбие процесінде оқушылардың ынтасы мен таным қабілетін дамытуды шығармашылықпен іздестіреді. Осының нәтижесінде мұғалім өз жұмысындағы жетістіктер мен елеулі кемшіліктерді көре бастайды. Сөйтіп, оларды жоюдың тиімді жолдарын қарастырады. Қажетті әдебиеттерге аннотация және библиография жасайды.

Мұғалім өз мектебіндегі немесе көршілес мектептердегі тәжірбиелі мұғалімдердің әрбие жұмыстарымен танысады, сабақтарына қатысады. Олардың оқыту мен тәрбие әдістерін өзінің қолданып жүрген әдістерімен салыстырады, тиімді қорытынды жасайды.

Зерттеу жұмысына байланысты құжаттарды мұғалім бірте-бірте жинастыра береді. Оларға: сабақ жоспары, бағдарлама тақырыптары бойынша жасалатын тақырыптық перспективалық жоспар, оқушылардың жазба бақылау және кестелік жұмыстары, дәптерлері, сынып жетекшісінің оқу-тәрбие жұмысының жоспары, түрлі тақырыптарға жазылған оқушылардың баяндамалары жатады. Осы құжаттардың негізінде мұғалім өз жұмысына талдау жасайды, жүйеге келтіріп жинақтайды. Әрине мұғалімнің өз тәжірбиесін өзі зерттеп, жинақтап жазып шығуы оп-оңай жұмыс емес, оған уақыт қажет.

Зерттеу жұмысы аяқталғаннан кейін оны мектеп мұғалімдерінің ғылыми-практикалық конференциясында талқылайды, құнды деп тапса аудандық « Педагогикалық оқуларға» ұсынады. Сөйтіп, мұғалімнің бұл шығармашылық еңбегі бірте-бірте облыстық, республикалық талқылардан өтіп, көпшіліктің игі ісіне айналады.

Педагогикалық жұмыста зор табыстарға жетіп, өзін-өзі іс жүзінде көрсете білген шебер мұғалімдердің жұмыс жүйесін зерттеп, жинақтау – озық тәжірбиені кеңінен таратудың басты формасына жатады. Бұл жұмысты педагогикалық кеңестің шешімі бойынша әдістемелік пен бірлестігі басқарады. Жоспар бойынша зерттеу жұмысы ең алдымен танысу және бақылау критерийлерінен өтеді:


  1. Іс-тәжірбиесі зерттелетін мұғалімнің өзімен, сабақ беретін сыныптардағы сынып жетекшілерімен оқушылардың үлгерімі және тәртібі, олардың қоғамдық жұмысы мен қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуы және белсенділігі туралы әңгіме жасалады. Зерттеуші кейбір мәселелерді анықтайды.

  2. Оқу-тәрбие жұмысына байланысты соңғы 2-3 жылдардың ішіндегі құжаттар зерттеледі. Олар: сабақ жоспары, тақырыптық, күнтізбелік жоспар, сынып жетекшілерінің тәрбие және үйірме жұмыстарының жоспары, сынып журналы, оқушылардың дәптері, мәнжазбалары, техника және көркем шығармашылық жұмыстары, мұғалімнің әдістемелік және педагогикалық тақырыптарға жасаған баяндамалары, журнал беттерінде жарияланған мақалалары және басқа еңбектері.

  3. Алдын-ала тәжірбиесі зерттелетін мұғалімнің сабақтарына кіріп, тәрбие жұмыстарына қатысып, бақылау жүргізіледі.

  4. Зерттеу жүргізілетін сыныптардағы басқа мұғалімдердің сабақтарына немесе тәрбие жұмыстарына қатысып, олардың іс-нәтижелері тәжірбиесі зерттелетін мұғалімнің ісімен салыстырылады.

  5. Басқа сыныптарда немесе басқа мектептерде осы пән бойынша ұсақ тақырыптарға өткізілетін тәжірбиелі мұғалімдердің сабақтарына кіріп, олардың жұмыс нәтижесі, тәжірбиесі зерттелетін мұғалімнің ісімен салыстырылады.

Танысу және бақылау жұмыстарын жүргізіп болғаннан кейін тікелей зерттеу басталады. Зерттеу жұмысы өте құнды болса, ғылыми зерттеу институтының жазба пікірі бойынша «Педагогикалық оқуларға», егер көлемді болса баспаларда жариялауға ұсынылады.

Соңғы кездерде көптеген педагогикалық ұжымдардың аса көңіл аударарып жүрген мәселерінің бірі - оқу мен тәрбие брлігі, пән аралық байланыс, сабақтың тиімділігін арттыру т.б. Осы сықылды жалпы педагогикалық тақырыптар бойынша бір-бірімен тектес пән мұғалімдерінің іс-тәжірбиелерін зерттеп жинақтауға болады.

Бірнеше мұғалімдердің іс-тәжірбиелерін зерттеудің нәтижесінде мектептегі бір-бірімен тікелей байланысты ғылыми-әдістемелік жұмыстардың жоспарлы түрде мақсатқа бағытталып жүргізілетіндігі сөзсіз.

Соңғы жылдары біздің елімізде жаңашыл мұғалімдердің шығармашылық тәжірбиесі, педагогика шеберлерінің және белгілі ғалымдардың еңбектері жарық көрге бастады. Көптеген құнды педагогикалық еңбектер жазылды. Олардың авторлары профессорлар Ш. А. Амонашвили және П. И. Иванов, мұғалімдер В. Ф. Шаталов, И. П. Волков, Е. Н. Ильин, М. П. Щетинин т.б. Осы авторлардың әрқайсысы оқу тәрбие процесінің тиімділігі мен сапасын арттыруда өздерінің ерекше әдістерін жасады. Ш. А. Амонашивили кіші мектеп жасындағы балалрдың Жан-жақты дамуына мүмкіндік жасайтын мектеп практикасында алты жастағы балалармен жұмысты ұйымдастыру принципі жағдайын ғылыми дәлелдеді. И. П. Иванов қазіргі жағдайда А. С. Макаренконың идеясын дамыта келіп, ұжымшыларды қалыптастыру мен тәрбиелеудің, қоғамдаық балалар ұйымдарына әлеуметтік өмірді жетілдірудің жолдарын ашты. В.Ф.Шаталов педагогикалық міндеттерді табысты шешу үшін әрбір оқушыны күнделікті ақыл-ой еңбегіне бар күшін салуға қатыстыру, әрбір оқушының абыройын, өз бетімен және шығармашылық іс-әрекеті негізінде оқушылардың даму қабілетін және бейімділігін анықтауға байланысты сыныптан тыс жұмыстың белгілі жүйесін жасады. Бұл кіші мектеп жасындағы балалармен шығармашылық сабақ өткізіп, олардың нышаны және қабілетін анықтауға мүмкіндік туғызады.

Білім беру саласында қажырлы еңбек етіп, үлес қосқан республикамыздағы жаңашыл мұғалімдерді де атап кеткен жөн. Олар: Құрмаш Нұрғалиұлы Нұрғалиев, Нұртазина Рафика Бекенқызы, Архимед Мыңбайұлы Ысқақов, Григорий Максимович Курбатов, Қанипа Бітібаева т.б. Бұл мұғалімдердің идеялары және педагогикалық тәжірбиелері қысқа түрде Б.Р.Аймамбетованың еңбегінде жазылған.

Жаңашыл мұғалімдердің тәжірбиесі орта, жоғары мектептердің мұғалімдері мен оқушыларының игілігіне айналады. Сондықтан олардың тәжірбиесін зерттеуде зор көңіл аударушылық байқалып келеді. Өйткені, әрбір жаңа педагогикалық құбылыс талқылауды, зерттеуді және талдауды қажет етеді. Озық тәжірбиені зерттеу және оны тұтас педагогикалық процеске енгізу қажырлы еңбекті, терең сауаттылықты, өз пәніне еркін иелік етуді, теория мен практиканың дамуында үнемі жаңалықты біліп отыруды талап етеді.

Осындай дербес және ұжымдық ізденуге мектеп және мұғалімдердің білім жетілдіру институты қызметкерлерінің тікелей қатысуы, олардың шығармашылық белсенділігін арттыруға үнемі ғылыми-педагогикалық әдебиеттермен педагогикалық-психологиялық ғылымның жетістіктерімен танысып отыруға мүмкіншілік жасайды.

Мұғалім озық педагогикалық идеяларды және жаңашыл мұғалімдердің тәжірбиесін игеру үшін оларды өзінің педагогикалық жүйесінің құрамдас бөлігі етеді, жетілдіріп дамытады. Оларға өзінің шығармашылық ойының элементін енгізеді. Озық идеяларды және педагогикалық тәжірбиені енгізу мен таратудың түсінікті формалары – ауызша және баспасөз арқылы насихатталады.



Ауызша насихат – бұл мектептердің педагогикалық кеңестерінде, аудандық әдістемелік кабинеттерінде, мұғалімдердің білімін жетілдіру институттарында өткізілетін арнайы маслихаттарды, семинарларды озық тәжірбие туралы лекциялар және баяндамалар жасалынып, оларды озық мұғалімдердің жұмыстарының мәні мен негізгі идеяларының мазмұны анықталады. Қатысушылар өзара пікір алмасып, оқу-тәрбие процесін жетілдірудің кейбір бағыттарын белгілейді.

Баспасөз насихаты – бұл педагогикалық теория мен практиканың саласында әр түрлі формалард жүргізіледі. Олрға психологиялық-педагогикалық еңбектер, ғылыми-әдістемелік ұсынбалар, жинақтар т.б. жатады. Педагогикалық озық тәжірбиені таратуда, оны тұтас педагогикалық процеске енгізуде, әсіресе, «Педагогикалық оқулардың» маңызы өте зор. «Педагогикалық оқуларды» өткізу нәтижесінде ұжымдық түрде талқыланған және мақұлданған жақсы тәжірбие оқу мен тәрбие процесіне енгізу үшін жинақталады және таратылады.

Практикаға жаңа бір нәрсені енгізу үшін оқу-тәрбие жұмысының озық әдістерін біліп қоймай, оларды практикада тыңғылықты игеру қажет.

Педагогикалық озық тәжірбиені пркатикаға негізудің кейбір жолдары:


  1. Оқыту және тәрбие саласындағы жаңа педагогикалықәдістер, жақсы тәжірбиелер жетістіктерін насихаттаудан бастау. Оларды мұғалімдердің кең талқысына салып, ғылыми-әдістемелік ұсыныстар түрінде нақты шешім қабылдау.

  2. Педагогикалық озық тәжірбиен терең зертеу және оны оқу-тәрбие процесіне енгізу үшін, оны педагогикалық еңбектің шеберлеріне ( бір-екі бастауыш сынып мұғалімдеріне, бір-екі жоғары сынып пән мұғалімдеріне) тапсыру керек. Олар әдістемелік пән бірлестігі жетекшілерімен бірігіп зерттеу жоспарын жасайды, ол педагогикалық кеңесте бекітіледі.

  3. Мектеп дирекциясы әдістемелік кеңеспен бірлесіп зерттеу жұмысына басшылық етеді, талдау жасайды. Әдістемелік ұсынбаларды жинақтайды, оны педагогикалық кеңесте мұғалімдерге хабарлап отырады.

  4. Әрбір мұғалімнің зерттеу жұмысы жүргізіліп жатқан сыныптардың оқу-тәрбие жұмысына белсенділікпен қатысуына болады.

  5. Озық тәжірибе педагогикалық практикада өз орынын берік алғаннан кейін, оқу-тәрбие үдерісіне жаңа тәсілдер мен әдістерді енгізу қорытындысын жасау, оны мектеп мұғалімдерінің, сонан соң кең түрде педагогикалық жұртшылықтың талқылауынан өткізу қажет.

Көптеген өмірлік маңызы бар күрделі мәселелерді терең зерттеп, жинақтау жеке адамның немесе кейбір мектеп ұжымдарының қолынан келе бермейді. Сондықтан зерттеу жұмысының тақырыбын және тақырып бойынша экспериментті жүргізудің ғылыми-әдістемелік нұсқауларын жасап, мектептерге жіберіп және оларға үнемі басшылық етіп отыратын педагогикалық ғылыми-зерттеу мекемелері болуы тиіс.

Ғылыми-зерттеу институттары мектептерде оқу бағдарламаның, оқулықтардың тиімділігі, оқыту мен тәрбиенің формалары мен әдістері және гипотезаларды, тың теориялық ойларды эксперимент жүргізу жолымен анықтайды, тиісті қорытынды жасап, педагогикалық жұртшылықтың игі ісіне айналдырады.

Сонымен, іздену арқылы басты мәселелерді жете біліп, зерттеу, жинақтау, оны насихаттау, іске асыру оқу және тәрбие жұмысының онан әрі жақсарта берудің сарқылмас көзі. Бұл жұмысқа мұғалім жұртшылығы белсенділікпен қатысып, зор үлес қосуға тиіс.

Мұғалім еңбегі басқа қызметкерлермен салыстырғанда, өзіндік ерекшелігі мол шығарамашылықты сүйеді. Өйткені жеткіншек ұрпақты өмірге, еңбек пен әлеуметтік іс-әрекетіне дайындау – мұғалімдерді көп ізгілендіріп, ойландыратын жұмыстардың ең басты түрі. Олай болса, әрбір мұғалім орта немесе жоғары дәрежелі педагогтық білім алумен қанағаттанып қоймай, ол тәрбие мен оқытудың тиімді жолдарын үнемі іздестіріп, өз жұмысында пайдаланып отыруы тиіс. Сонда ғана мұғалім жаңашыл, оқушыларға тәрбие және білім берудің теориясы мен тәжірибесін дамытудың қозғаушы күші және асқан шебері бола алады.

Мұғалім еңбегінің ғылымға негізделе отырып, белгілі жүйелікпен жүзеге асырылатыны айқын. Мысалы оңайдан қиынға, жеңілден ауырға, нақтылы түсініктен абстрактылы ұғымға біртіндеп ауысу ережелерін және оқушылардың жасы мен дербес ерекшеліктерін еске алмайынша оқу және тәрбие жұмысында белгілі нәтижеге жету қиын. Сондықтан мұғалімнің алдындағы басты міндет оқушыларды біліммен қаруландыра отырып: ойлауға, сөз шеберлігіне, еңбек ете білуге үйрету және тәрбиелеу.

Ұстаз бүгінге ғана емес, ертеңге, болашаққа қызмет етеді. Ол заман дамуынан артта қалмастан, өзін-өзі жан-жақты дамыту үшін саяси-идеялық дәрежесін, ғылыми-теориялық білімін және педагогтық мамандығын күнбе-күн жетілдіріп отыруға талаптанады.

Мұғалім өз мамандығына байланысты ғылыми-теориялық мәселелерді, жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарға сәйкес меңгеруі тиіс. Егер ол өзінің теориялық білімін өмір талабына сай жетілдіріп отырмаса, онда жастарды жан-жақты дамытып, тәрбиелеуге шамасы келмейді. Социологтардың зерттеу мәліметі бойынша институт бітірген инжинерлердің білімі 6-8 жылдардан кейін ескіреді. Ал мұндай жағдайды болдырмау үшін мұғалім үнемі ізденіп жұмыс істейді. Сондықтан оның шығармашылық іс-әрекеттері, мысалы, арнаулы әдебиеттер мен пәндік журналдарда жарияланатын тың мәселелермен таныс болуы, ғылыми семинарлар мен конференцияларға белсене қатысып үлес қосуы ой-өрісін кеңейтеді.

Педагогикалық ғылым жетістіктері мен озық педагогикалық тәжірбиені заман талабына сай меңгеру – оқушыларға білім мен тәрбие берудің негізгі көзі.

Педагогикалық үдерісте озық тәжірибе кеңінен қолданудың маңызы зор. Өйткені терең білім мен тәрбие беру, педагогикалық озық тәжірибені зерттеу, жинақтау және таратудың нәтижесі, мұғалімдердің шығармашылық ісінің жемісі.

Психология ғылымдарының докторы, профессор Ш. А. Амонашвили 20 жылдан астам алты жастағы балаларды оқыту және тәрбиелеу мәселелері жөнініде зерттеу жұмысын жүргізіп, бастауыш сыныптар мұғалімдері үшін

« Как живете, дети?», « Здраствуйте, дети!» атты құралдарын жазды.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор И.П. Иванов ресейдің біраз мектептерінде коммунар әдісін қолданудың тиімді жолдарын іздестіруде.

Жаңашыл мұғалім В. Ф. Шаталов оқыту үдерісіне біраз жаңалықтар енгізді. Мысалы: « Ашық ойлар сабақтары», «Десант әдісі», « Тізбек әдісі», «Тірек сигналы» және т.б.

Қазақстанда мыңдаған мұғалімдер оның ішінде жаңашыл шығармашылықпен жұмыс істеп жүрген ұстаздар да көптеп саналады. Олардың қатарында Алматылық жаңашыл мұғалім А.Ысқақовты, Актөбелік М. Г. Құрманғалиеваны, өскемендік Қ. Бітібаеваны т.б. көптеп атауға болады.

Осындай шығармашылықпен еңбек етіп, оқыту мен тәрбие мәселелеріне елеулі үлес қосып жүрген жаңашыл мұғалімдердің іс-тәжірбиесі мектептер үшін зор сүйеніш.

Кейбір педагог-ғалымдардың зерттеу мәліметтері бойынша шығармашылық тұрғыдан педагогикалық міндеттердің үш түрін атауға болады.

Стратегиялық (стратегия – қандай болса да мақсатқа жетудің басшылық өнері) міндеттер ұзақ уақытты талап етеді. Мысалы, мұндай міндеттерге жеке адамның дамуы, тәрбиесі, қалыптасуы, оқушыларды өмірге еңбекке және олардың өзара қарым-қатынасы және т.б. жатады.

Тактикалық (тактика – қандай болса да мақсатқа жетудің жолдары немесе әдістері) міндеттер жүйесі арқылы стратегиялық міндеттер анықталады. Мысалы, тәрбиелеу және оқушыларды еңбекке баулу мәселелері жөнінде мұғалім мынадай тактикалық міндеттерді іске асыруы тиіс. Олар: оқушылардың өмірге, түрлі іс-әрекеттеріне көзқарасын, белсенділігін, ынтасын өзіндік басқаруының рөлін көтеру және т.б.

Оперативтк міндеттер – бұл іс-әрекеттерін тікелей орындау,яғни тактикалық міндеттерден оперативтік міндеттерге көшіп, мәселелерді балалардың қатысуымен дереу шешу.

Әрине, бұл міндеттерді оқу-тәрбие үдерісінде шешу мұғалімдердің іскерлігіне, тәжірибелілігіне, терең және берік біліміне тәуелді.



Педагогикалық ғылымның жетістіктерін енгізу және озат тәжірибені тарату

Жаңа енгізілімдер немесе инновациялар адамның кез-келген кәсіби қызметіне тән, сондықтан олардың зерттеу, талдау және енгізу нышанына айналуы заңды. Инновациялар өздігінен тумайды, олар жекелеген мұғалімдердің және бүтін бір ұжымдардың ғылыми ізденістерінің, озат педагогикалық тәжірибесінің нәтижесі болып табылады.

Қазіргі технологияларды оқу-тәрбие үдерісіне енгізумен бірге мұғалім барған сайын нұсқаулықтың, кеңесшінің, тәрбиешінің функцияларын меңгере түседі. Бұл одан арнайы психологиялық-педагогикалық даярлықты қажет етеді, өйткені мұғалімнің кәсіптік қызметінде арнайы, пәндік білімдер ғана емес, сонымен бірге педагогика мен психология, оқу және тәрбие технологиясы саласындағы қазіргі заманғы білімдер де іске асырылады. Осы негізде педагогикалық инновацияларды қабылдауға, бағалауға және іске асыруға дайындық қалыптасады.

Педагогикалық жүйелерді қайта құру (реформалар, инновациялық өзгерістер, қалыптасқан тәжірибені өзгерту, оқу мен тәрбиенің дәстүрлі үлгілерін қайта құру) әдіснамалық ұстанымдардың көп астарлы үйлесімдеріне бағынады. Бұл ретте барлық қайта құру әрекеттерінің әдіснамалық директивалары оларды іске асыруға бағытталған. Өйткені тәжірибе, педагогикалық еңбекті жаңартуға қойылатын әдістемелік талаптарды басшылыққа ала отырып, өзінің іс-әрекетін қайта құру мәселесін шешеді. Әдіснама талаптарына сүйене отырып, ол педагогикалық жүйені жақсы жағдайға көшіруді жүзеге асырады. Педагогикалық жүйедегі бірде-бір реформа, қайта құру, оларды әдіснамалық жағынан қамтамасыз етпейінше, яғни педагогика әдіснамасының директиваларын бұлжытпай сақтамайынша, табысқа жете алмайды.

Реформашылар, білім беру құрылымдарының басшылары, жаңашыл мұғалімдер мен жаңа педагогикалық әзірлемелерді жасаушылардың біразы басшылық алуға тиісті принципті әдіснамалық нұсқамалардың құрамына кіреді. Әрбір әдіснамалық нұсқаманың, яғни жоғарыда айтылғандай, директиваның өз технологиясы бар, оны орнықтыру үшін біраз күш-жігер жұмсау қажет.

1. Өлшем аппаратын және реформалауға жататын педагогикалық жүйе жағдайының өлшеуіштерін әзірлеу.

Бұл талаптың мәнісі өлшеуіш құралдарды алдын-ала әзірлеуді көздеуінде, соның көмегімен педагогикалық құрылымды, іс-әрекетті, басқаруды ауыстырудың немесе түзетудің қажеттігіне сену үшін, олардың тиімсіздік дәрежесін анықтауға болады.

2. Педагогикалық жүйені реформалаудың қажеттігін анықтау үшін оның сапасын жан-жақты тексеру және бағалау.

Бұл әдіснамалық талаптың қисыны айқын. Пайдалы нәрсені, оқушылардың мүддесі мен игілігіне сәйкес келетін, қоғамның және әрбір азаматтың мүддесіне жауап беретін нәрсені өзгертуге, бұзуға, ауыстыруға болмайды, педагогикалық үдерістің талаптары осындай.

3. Озық сипатқа ие педагогикалық шешімдердің үлгілерін іздестіру ескіні, тиімсіз нәрсені ауыстыруға келген жаңа енгізілімдерді үлгілеу үшін де пайдалануы мүмкін.

Бұл әдіснамалық талаптың мағынасы – отандық және әлемдік тәжірибедегі озық педагогикалық технологияларды кең көлемде және мұқият талдау арқылы прогресшіл үлгілерді, жаңа педагогикалық құрылғылар жасауға болатын құрылыс материалын іздеп табу.

4. Ғалымдардың шығармашылық шешімдері сақталған ғылыми бөлімді жан-жақты талдау.

5. Педагогикалық жүйенің жаңарған учаскесінің инновациялық үлгісін жобалау.

Жаңа енгізілімнің жобасы нақты тапсырмалармен және оның өзі алмастыратын жұмыстың дәстүрлі нұсқаларынан айырмашылығы бар қасиеттерімен бірге жасалады.

6. Реформаның атқарушылық интерпретациясы – педагогикалық құрылымды қайта құру әдіснамасының келесі нұсқамасы.

Оны мынадан көруге болады: көптеген жаңа енгізілімдер өздерінің жобалау және енгізілу кезеңдерінде міндеттерді қатаң бөлісуді қажет етеді. Соның арқасында кімнің не үшін жауап беретіні, оны қандай құралдармен қамтамасыз ету қажеттігі, қайта құрулардың барысын бақылау және түзеу функциялары кімге тиесілі екендігі, сәтсіздіктің себебін кімнен сұрау керектігі, жалпы түсінікті болуға тиісті.

7. Еңбекті өзгертудің белгілі заңын іс жүзіне асыруды пысықтау.

Педагогика әдіснамасының бұл талабы жаңа енгізілімдерді өмірге енгізгеннен кейін оған тікелей немесе жанама түрде қатысы бар адамдардың тәжірибелік, танымдық, басшылық іс-әрекеттеріндегі өзгерістерді өте жіті пысықтауды талап етеді.

8. Жаңаны өмірге енгізудің алгоритмін құру.

Жаңаны әдеттегі педагогикалық қызметке енгізу мәселені инновациялық үдерістерді басқарудағы өте күрделі міндеттердің бірі. Әлемдік педагогикалық тәжірибе өте тартымды, мұғалімдер үшін өте пайдалы жаңалықтардың өзі қарсылық көргенін толып жатқан мысалдар арқылы дәлелдей алады. Жаңа енгізілімдерге деген теріс көзқарастардың өзіндік психологиялық факторлары, оның ішінде гомоестаз, таптаурындар тетіктерінің, жұмыстың ескіден жаңаға көшу кезіндегі уақытша тұрақсыздануының әсері және басқалар бар. Педагогика әдіснамасында ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өмірге енгізу үдерістерінің жалпыланған алгоритмдері әзірленген. Олардың мынадай тұрақты түрлері бар: жаңартылуға немесе ауыстырылуға жататын қатысушыларды, іздеуге арналған тәжірибені талдау; жаңа енгізілімдерді енгізу кезінде педагогикалық қызметтің жақсаруын өлшеу үшін оны бағалау өлшемдерін әзірлеу; үздік мұғалімдердің жаңаны алғаш меңгеру бағдарламасын әзірлеу, жаңалықтарды бәріне үйрету, жаңаша жұмыс істеуге жайлап немесе бірден көшу, салдарлар мониторингі және жаңа енгізілімдерді күнделікті тәжірибеге айналдыру үшін түзетулер енгізу.

9. Кәсіби лексикаға жаңа ұғымдар енгізу немесе бұрынғы кәсіби сөздікті қайтадан ой елегінен өткізу.

Жаңа енгізілімдерді басқарудың әдіснамалық нұсқамаларының бірі кәсіби тілді түзеу талаптары болып табылады. Тілде және практикада жаңа ұғымдардың пайда болуы, сөз жоқ, педагогикалық ойлаудың негіздеріне әсерін тигізеді, ұғымдық дүниетанымды кеңейтеді және педагогтардың тілін ғылым мен тәжірибеде бұрын-соңды болмаған ұғымдармен байытады. Мұндай үдерістер ғалымдардың жаңа педагогикалық компоненттерді білдіретін терминдерді енгізуіне қарай өтеді.

Ғалымдар терминологияны жасаған кезде оны тілдік қолданысқа енгізу үшін бірнеше принциптерді: диалект логикасын, тілдегі педагогикалық фактілерді көрсету теориясын, ковенциалдылық принципін басшылыққа алады.

10. Педагогикалық жүйені жалған жаңашылдықтан қорғау – педагогика әдіснамасының аса маңызды ережелерінің бірі. Ғаламдық және оқшау, ұжымдық және дербес педагогикалық қайта құруларды ұйымдастырушылар, педагогика әдіснамасының нұсқамасы бойынша мақсаткерлік және жаңа енгізілімдердің ақталымы принципін ұстануға міндетті.

Білім берудегі инновациялық үдерістертің мәнін түсінудің негізінде педагогиканың аса маңызды екі проблемасы – озық педагогикалық тәжірибені зерттеу, қорыту және тарату, психологиялық-педагогикалық ғылымның жетістіктерін өмірге енгізу мәселесі жатыр. Демек, инноватика пәні, инновациялық үдерістердің мазмұны мен тетіктері қазіргі кезге дейін әзірше бір-бірінен бөлек қаралатын екі өзара байланысқан үдерісті біріктіру жазығында жатуға тиесілі, яғни инновациялық процестердің нәтижесі теориялық та, тәжірибелік жаңалықтарды, оның теориямен ұштасуында пайда болатын жаңалықтарды да пайдалануға тиісті. Осының бәрі педагогикалық жаңалықтарды жасау, меңгеру және пайдалану жөніндегі қызметті басқарудың маңыздылығын көрсетеді.

Мұғалімнің кәсіби қызметі – бұл білім беру қызметі. Бұл салада қолданылатын кәсіпқойлық термині әдетте білім беру қызметінің негіздерін меңгеру және ғылым мен тәжірибеде белгілі ұйымдастыру нысандарын, әдістері мен тәсілдерін оңтайлы қолдану ретінде түсіндіріледі. Алайда бұл алғашқы деңгей, оны қалыптастырудың бастапқы кезеңі ғана.

Екінші деңгейде сабақта қызметтің белгілі тәсілдерімен қатар педагогикалық міндеттерді шешудің жаңа тәсілдерін пайдалану дайындығын қалыптастыру міндеті қойылады. Бұл сатыда педагог өз қызметін жаңашылдық бағытта жүргізуге мүмкіндігі бар. Тәсілдер мен әдістердің тепе-теңдігі, оқу-тәрбие мекемелерінің және білім алу нысандарының әр тұрлілігі жағдайында жаңашылдықты педагогикалық кәсіпқойлықтың белгісі ретінде тануға болады. Өйткені мұндай жағдайда мұғалім педагогикалық нормаларды жай ғана орындаушы болып қалмайды, оның қызметі едәуір дәрежеде жаңашылдық сипатқа ие болады.

Кәсібилікті қалыптастырудың үшінші деңгейі мұғалімнің бойында жаңашылдық тәсілдерді, идеяларды тудырып қана қоймай, қолдануға және енгізуге ұсыну үшін олардың тиімділігін ғылыми тұрғыдан бағалауға байланысты болмақ. Бұл жерде ғылымның көмегінсіз ештеңе тындыру мүмкін емес, өйткені одан оқшауландырылған жаңалықтардың болашағы жоқ, мұғалімнің нақты қызмеіне, оның жеке басына, оның жұмыс жағдайына әбден «бауыр басып кеткендіктен», жалпылық дәрежесіне жете алмайды.

Инновациялардың тууының екі жолы бар. Біріншісі – тәжірибенің терең қойнауынан, педагогикалық ғылымның ұғымдары мен терминдерінен пайда болғанжаңаны ой елегінен өткізу, екіншісі – жаңаның ғылымның өзінен тууы. Кейде бұл жолдар тоғысады. Мысалы, кейде педагог – практик жаңа қорытындылар мен іс-әрекеттерге, олардың ғылымда бұған дейін әзірленіп, ұсынылғанын білмей, өз бетінше келеді. Әрине, өмір оның проблемаларынғылым шешіп бергенше күтіп тұра алмайды, бірақ та мұғалімнің нағыз кәсіпқойлығы сонда, ол соңғы зерттеулердің нәтижелері туралы үнемі хабардар болуға тиісті.

Енгізілімнің барысын және нәтижелерін әдістемелік жұмыстың әр түрлі нысандарында және арнайы семинарларында ұжымдық талдаудың үлкен маңызы бар.

Қазіргі мектеп нақты педагогикалық қызметте іске асырылуға тиісті бай педагогикалық тәжірибе жинақтады, бірақ та ол онша көп талап етілмейді. Өйткені мұғалімдер мен басшылардың көпшілігінде сол тәжірибені зерттеу мен қолдануға деген қажеттілік қалыптаспаған, оны таңдау мен талдау дағдылары жоқ. Нақты өмірде мұғалімдер өздерінің педагогикалық тәжірибесін, өз әріптесінің тәжірибесін талдаудың қажеттілігі туралы көп ойланбайды.

Озық педагогикалық тәжірибенің әртүрлілігі эмпирикалық талдаудан теориялық талдауға және жалпылауға өтудің өзіндік баспалдақтары іспетті жаңашылдық және зерттеушілік педагогикалық тәжірибе болып табылады.

Педагогикалық тәжірибенің нәтижесі ретінде ақиқат өлшемі болып табылады: ол белгілі бір жаңа енгізілімді не растайды, не жоққа шығарады. Бұл тәжірибе әдетте педагогтардың шығармашылық ізденістерінің жемісі болып табылады., оған шығармашылық, жаңашылдық және сонымен бір мезгілде дәстүрлі бастаулар да құйылады.

Озық педагогикалық тәжірибенің белгілері мыналар:

а) оқу-тәрбие процесінің негізгі өлшемдер жөніндегі нәтижелерінің жоғары сандық, ең бастысы, сапалық көрсеткіштері:

● мектеп оқушысының, ең алдымен, ұжымдық белгілерден және қоғамдық белсенділігінен көрінетін қоғамдық бағытының қалыптасуы;

● оқушылардың білімділігі (білімнің толықтығы мен мықтылығы, білім жүйесі және жалпылығының өлшемі, білімді жаңа жағдайда қолдана білу, тиісті есептеу, графикалық, сауатты жазу, басқа да біліктіліктер мен дағдылардың болуы). Егер осы өлшемдерді үлгірімге қатысты емес, одан да кеңірек, атап айтқанда, жалпы оқу процесіне қатысты алар болсақ, онда оқушылардың бойында қалыптасқан танымдық мүдделер мен қажеттіліктер, өздігінен білім алуға ұмтылу, оқу қызметіндегі қоғамдық құнды мотивтердің және құндылықты бағдарлардың болуы;

● оқушылардың тәрбиелілігі (олардың қоғамдық бағалы жеке қасиеттері мен жалпы даму көрсеткіштерінің дамуындағы алға басушылықтар бойынша). Тәрбие процесін едәуір кең мағынада ескере отырып, оқушылардың бойында қоғамдық мәні бар бағалы бағдарлардың, қарым-қатынас пен мінез-құлықтың әлеуметтік мотивтерінің, белсенді өмірлік ұстанымның, өзін-өзі тәрбиелеу қажеттіліктерінің қалыптасуы сияқты көрсеткіштерді де қосу қажет;

● еңбек тәжірибесі, яғни әр түрлі іс-әрекет түрлерінде ұмтылыстың және қажетті біліктердің болуы, еңбек операцияларын орындау барысындағы практикалық дағдылар (олардың саны, сапасы, жылдамдығы), нақты еңбек процесін және нәтижесін талдай білу, өзін-өзі бақылау, істелген жұмысты өзіндік талдау, теорияны практикамен байланыстыру, іске оңтайлы тұрғыдан келу, еңбекті ұйымдастырудағы түзеу, еңбек процесінің, жұмыс операциясының материалдық (заттық) нәтижелерінің жоғары сапасы;

б) педагогикалық тәжірибенің оңтайлылығы (оқу-тәрбие жұмысында педагогтар мен оқушылардың күш-жігерлері мен уақытын барынша аз және үнемді жұмсай отырып үздік нәтижелерге жету және осы тәжірибе маңызы одан кем емес басқа да білім мен тәрбие міндеттерін шешуге кедергі келтірмейтіндей ету);

в) тәжірибенің орнықтылығы, тұрақтылығы, оның ұзақ жұмыс істеуі. Тіпті педагогтің оқу-тәрбие процесіндегі айтарлықтай табыстарының өзін, егер олар аз уақыт қана өмір сүріп, кейін әрі қарай жалғастырылмаса, оны озық тәжірибеге жатқызу қиын.

г) бір педагогтың тәжірибесін екіншісінің қайталау және шығармашылықпен пайдалану мүмкіндігі, осы тәжірибені бұқаралық деңгейге көтеру;

д) тәжірибенің болашағы. Озық тәжірибенің қашан да болашағы бар, оның даму болашағы айқын;

е) тәжірибенің ғылыми негізділігі. Озық тәжірибе не педагогтың шығармашылық теориялық ізденісінің нәтижесі, не оның сынақтар мен қателіктер процесіндегі табысы болуы мүмкін. Бірақ қандай жағдайда болмасын, мұндай тәжірибенің ғылыми негізі бар. Педагогикалық озық тәжірибені қорыту міндеттерінің бірі де оған ғылыми түсініктеме беру болып табылады.

Педагогикалық тәжірибені зерделеу мен қорытудың негізгі нысандарын қарастырып көрелік:

1. Оқу – тәрбие жұмысының әр түрлі тақырыптары мен мәселелері бойынша ашық сабақтар. Тәжірибені зерделеу мен қорытудың бұл нысаны барлық мектептерде кеңінен қолданылады. Тәжірибелі педагогтардың ашық сабақтарына қатыса отырып, олардың әріптестері мен мектеп басшылары тәжірибенің шын мәніндегі озық жақтарын бүкіл ұжым болып талқылайды, атап көрсетеді, нақты педагогтың озық тәжірибесінің басқалардың игілігіне айналатын жағдайларын анықтайды.

2. Педагогикалық кеңестер, педагогика мәселелері бойынша өндірістік жиналыстар, кеңестер. Оларды өткізудің алдында үлкен адйындық жұмыстары жүргізіледі: әртүрлі педагогтардың оқу – тәрбие сабақтары бақыланады, талданады, педагогикалық тәжірибені көрсететін әдебиет зерттеледі, көрмелер дайындалады, негізгі баяндамалар мен қосымша баяндамалар дайындалады. Кеңесте, жиналыс, мәжілістерде баяндамада көтерілген мәселелер талқыланады, жекелеген педагогтардың, топтар мен бүтін ұжымдардың жұмысына табыс әкелген факторлар мен жағдайларды анықтауға назар аударылады; мәселе талқыланғаннан кейін озық тәжірибені пайдалану туралы ұсынымдар шығарылады.

3. Ғылыми-әдістемелік және ғылыми-практикалық конференциялар – озық тәжірибені зерделеу мен қорытудың ыңғайлы тәсілі. Конференцияның тақырыбына сәйкес мұғалімдер әдебиетпен танысып, өз тәжірибелерін, сондай-ақ әріпстестерінің тәжірибелерін ой елегінен өткізеді.

4. Педагогикалық көрме озық тәжірибені көрсетеді, мысалы, оқу процесін жандандыруға ықпал ететін дидактикалық материал, оқу-тәрбие жұмысының әр түрлі мәселелері бойынша пәнаралық байланыстар туралы, әр түрлі жоспарлар, конспектілер мен әдістемелік әзірлемелер туралы әр түрлі сызбалар мен материалдар, т.с.с. педагогикалық көрме сондай-ақ тәжірибені (конференцияларды, кеңестерді, т.с.с.) зерделеу мен қорыту нысандарының құрамдас бөліктері ретінде де ұйымдастырылады.

5. Педагогикалық оқулар мұғалімнің өз тәжірибесін талдауын, ой елегінен өткізуін және қорытуын мақста етеді. Ол алдымен оқу-әдістемелі секцияда, бірлестікте немесе педагогикалық кеңесте, өндірістік кеңесте баяндама жасайды. Содан кейін педагогикалық оқулар өткізіліп, үздік баяндамалар аймақтық оқуларға, журналдарда, мақалалар жинақтарында жариялауға ұчынылады, т.с.с.

6. Оқу-тәрбие жұмысының өзекті мәселелері бойынша пікірсайыстар мен пікірталастар. Олар ауызша да, басылым түрінде де ұйымдастырылады. Педагогикалық ұжымдарда өзекті, даулы педагогикалық проблемалар талқыланады. Әр түрлі мұғалімдердің пікірлері бірін-бірі толықтырады немесе тіпті қарама-қайшы болып шығады. Дауға қатысушы әрбір адам өз пікірін дәлелдеуге немесе өз тәжірибесінен алған фактілермен, озат тәжірибе материалдарымен дауласушы қарсы жақтың пікірін жоққа шығаруға тырысады.

7. Педагогикалық экскурсиялар озық тәжірибені іске асыруды зерделеу мақсатында ұйымдастырылады. Экскурсияда шебер педагогтың озық әдістері мен тәсілдері, оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруы іс жүзінде көрнекілікпен алға тартылады.

8. Педагогика мәселелері бойынша семинар сабақтар. Семинар тақырыбы бір жылға немесе бірнеше жылға белгіленеді. Жалпы тақырыпты оқыған кезде, мысалы «Оқу процесін жандандыру», оқу процесінің компоненттері, оқу процесіндегі субъект пен объект және олардың өзара іс-әрекеті, оқушының белсенділігі оның ойдағыдай оқу шарттарының бірі; сабақта оқушылар белсенділігін арттырудың тәсілдері сияқты неғұрлым жеке мәселелер қаралады. Теориялық және әдістемелік әдеби материал зерделенеді, семинарға қатысушы педагогтардың жеке тәжірибесі талданады, қорытындылар жасалады.

9. Педагогикалық тәжірибені зерделеу мен қорытудың әдістемесін әзірлеу жөніндегі практикумдар. Егер мектепте тәжірибені зерделеумен айналысатын ынталы мұғалімдер тобы бар болса, онда практикумды өткізу өзін ақтайды: оның сабақтарында белгілі бір тақырыптар бойынша әдебиет тізімін жасау, тәжірибені зерделеу жоспарын дайынду, зерделеу әдістері және оларды нақты тақырыптар бойынша таңдау, бақылау тәсілдері және тәжірибені тіркеу, алынған материалдарды сандық талдау және сапалық жағынан түсіндіру. Барлық материалды қорыту сияқты мәселелер талқыланады.

10. Педагогикалық консультациялар ауызша және жазбаша болуы мүмкін. Жаңашыл педагогтың жұмысында мәселелер, қиындықтар, кейде күмән туындайды. Педагогикалық консультацияны жұмысты жаңа бастаған, тәжірибесі аз мұғалімдер үшін тәжірибелі мұғалімдер жүргізеді.

11. Өздігінен білім алу – егер тәжірибе баяндамалар, мақалалар, брошюралар, монографиялар, әдістемелік әзірлемелер, жаднамалар, нұсқаулықтар түрінде жазылып, қорытылған болса, бұл кез келген педагог үшін басқа педагогтардың тәжірибесін зерделеудің қолжетімді, тиімді әрі қажетті нысаны. Тіркелген тәжірибені бір тақырып бойынша сипаттамалардың санын көбейту арқылы қорытуға болады.

Озық педагогикалық тәжірибені насихаттау, тарату және пайдалану ұсынымдық сипатта болады, оның тәжірибе нәтижелерін міндетті түрде қолдану жөніндегі шаралар жүйесін білдіретін енгізуден айырмашылығы әркімнің өз бастамасының негізінде жүзеге асырылады.

Озық педагогикалық тәжірибенің пәрменділігінің негізі, мұғалімдерді мектептің алдына қойылған міндеттерді ойдағыдай шешуге ықпал ететін оқу мен тәрбиенің жаңа әдістерін іздестіруде кездесуі мүмкін кездейсоқтықтар мен қателіктерден сақтандыратын, педагогикалық ғылым мен мектеп практикасының органикалық өзара іс-әрекеті болып табылады.

Озық тәжірибе мектебі негізінен дербес және ұжымдық тәлімгерліктің мақсаты мен міндетін іске асыратын әдістемелік жұмыс түрі. Қазақстан мектептерінде тәлімгерлік дәстүрдің бай тарихы бар болғанымен бір мектеп қабырғасында ұйымдастырылған озық тәжірибе мақсатты, толыққанды сипат алады. Бұл мектептің негізгі міндеті – тәжірибелі мұғалімнің, басшының тәжірибесі өз әріптесіне әдістемелік көмек көрсету. Бұндай мектепті қалыптастыру көбіне ерікті негізде басталады.

Озық тәжірибе мектебі жұмысын бағалау екі жақты тиімділікті ескеру тиіс. Мектеп басшысы мұғалімдердің сабақтарына қатысып, оларға сабақ технологиясы мен әдістемесі, жоспарластыру мәселелерімен ақыл-кеңес беріп, білім берудің теориялық мәселелерін талқылаумен бірге мектептің педагогикалық жүйесін жетілдіреді, өзінің кәсіптік позициясының дұрыстығына көз жеткізеді. Озық тәжірибе мектебінің екінші тиімділігі- мұғалім әріптестердің жаңашыл, шебер мұғалімнің шығармашылық лабораториясымен тікелей танысуға мүмкіндігінің болуы деп білеміз.

Озық тәжірибе мектебінің құрылымында оның бір көрінісі немесе дербес буыны ретінде жас мұғалім мектебінің жұмысын ұйымдастыруға болады. Оның мәні – жұмысты жаңа бастаған жас мұғалімдер тәжірибелі мұғалімнің немесе мектеп басшысының жетекшілігімен бірлестікте бірігеді. Оның жұмысы сабақтың және сыныптан тыс шараның мақсатын белгілеудің техникасы мен әдістемесі, сынып жетекшісі жұмысын жоспарластырудың ерекшеліктері, сынып ұжымының тәрбиелік деңгейін анықтау сияқты арнайы жоспармен жүргізілді. Жас мұғалім мектебіндегі оқуларда сабақтың технологиялық картасын жасау, оқу процесінде компьютер құралдарын қолдану сияқты практикалық шаралар қарастырылады. Тәжірибелі педагогтің жетекшілігімен бір-бірімен араласқан жас мұғалімдер кәсіптік дамуын жолға қойып, өзінің шығармашылық қасиетін іске асыруға ұмтылады.

Көптеген мұғалімдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, педагогикалық шығармашылық пен белсенді әрекеттің күрт бәсеңдеуі болашақ мұғалімдердің жоғары оқу орнында алған теориялық білімдерден соң мектептегі алғашқы жылдары бірден таза практикалық қызметпен айналысуынан туындайды. Сондықтан бұл кезеңде арнайы теориялық дайындықты үзбей оны практикада қолдану арқылы тереңдетудің маңызы зор. Жас мұғалім мектебі міне осы маңызды міндетті шеше алады.

Мектептерге эксперименттік жұмыстар ұйымдастыруға кең мүмкіндік беріп отырған кезеңде проблемалық (инновациялық) топтың әрекеті қызу қолдау табуда. Мұғалімдердің мұндай тобы мектеп басшыларының, ғалым-педагогтардың, мұғалімдермен өзінің бастамасымен құрылуы мүмкін. Бұл топ озық тәжірибені өз мектебінде және одан тысқары жерлерге де жинақтап, таратуға күш салады.

Егер проблемалық топ өз концепциясын немесе әдістемелік жаңалығының талдамасын жасап, практикаға енгізумен айналысатын болса, онда ол топ ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі белгілері бар эксперименттік-тәжірибелік әрекет жүргізеді.

Озық педагогикалық тәжірибенің авторлық мектептері (педагогикалық шеберханалар, педагогикалық практикумдар) – педагогтардың пікір алысу нысаны, онда озық педагогикалық тәжірибенің авторы болып табылатын мұғалім, оқытушы, оқу орнының мастері немесе басшысы мектепке қатысушыларға өз тәжірибесі туралы айтады және оны ашық сабақтар өткізу процесінде жан-жақты көрсетеді, т.с.с.

Педагогикалық оқулар дегеніміз – озық тәжірибені қорыту мен таратуды мақста еткен білім беру қызметкерлерінің пікір алысу нысаны. Педагогикалық оқуларда көбінесе тәжірибесі жаңашылдық элементтеріне құрылған және жұртшылық мойындаған практикалық қызметкерлердің – мұғалімдердің, оқытушылардың, оқу орындары басшыларының баяндамалары тыңдалады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет