VIII- ТАРАУ. ТАМАҚТАНУ ГИГИЕНАСЫ
Тамақтану адамның денсаулығын, оның өмірінің ұзақтығын және сапасын, дүниеге дені сау ұрпақ келтіруін анықтайтын негізгі факторлардың бірі. Тағамның энергетикалық, пластикалық, био- және иммунореттеушілік, реттеушілік-бейімдеушілік, т.б. қызметтерінің арқасында ағзаның ішкі ортасының тұрақтылығы, өсуі, дамуы және әр түрлі тіндердің, мүшелер мен жүйелердің қызметі қамтамасыз етіледі. Жұқпалы емес аурулардың даму қаупі төмендейді. Ағзаның бейімделушілік және қорғаныштық қасиеттері жоғарылайды. Аурудың салдарынан бұзылған ағзаның гомеостазы және әр түрлі жүйелерінің жұмысы қалпына келеді.
Тамақтану және денсаулық, тамақтану және кеселдер мәселелері бір-бірімен тығыз байланысты және алиментарлық жолмен әр түрлі кеселдердің біріншілік және екіншілік алдын алудың негізінде жатыр. Жеткіліксіз немесе артық экзогенді тамақтану, алиментарлық деп аталатын аурудың дамуына себеп болады. Олардың алдын алу, адамға энергия мен тамақтық заттардың физиологиялық қажеттіліктеріне сәйкес келетін рационалды тамақтану арқылы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, тамақтану ерекшеліктері атеросклероз, ишемия және гипертония аурулары, қатерлі ісіктер, сусамыр, несеп және өт тасы аурулары сияқты, этиологиясы көп факторлы, т.б. көп тараған және қауіпті аурулардың қауіп-қатер факторларының ролін атқаруы мүмкін.
Белгілі бір жағдайларда тағам, жұқпалы және паразиттік аурулардың берілу себебі және факторы, сондай-ақ қоршаған ортадан ағзаға бөгде химиялық заттардың (ксенобиотиктердің) түсетін негізгі жолы болуы мүмкін.
Сонымен, тамақтанудың адам денсаулығына әсерімен байланысты негізгі мәселелерді білу, адамның денсаулығын сақтау, көптеген аурулардың алдын алу мен тиімді емдеу үшін қажетті жағдай болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |