1. Рационалды тамақтану туралы түсінік. Негізгі қағидалары.
Тамақтану адамға негізгі биологиялық қажеттілік болып табылады, себебі, оның өмірі тұрақты түрде тін элементтерінің шығынымен, жаңа жасушалардың және тіндердің, гормондардың, ферменттердің, антиденелердің, секреттердің, т.б. синтезімен байланысты. Егер осы шығындары тағам арқылы өтеліп отырмаса, өмірлік үрдістер тоқтап қалған болар еді.
Сонымен, тамақтану өмірлік маңызды қызметтерді қамтамасыз етеді:
а) пластикалық қызметті, осының арқасында ағзаның дамуы және жасушалар мен тіндердің үзіліссіз жаңаруы іске асады;
б) ағзадағы барлық тіршілік үрдістері үшін қажет энергетикалық қызметті;
в) ағзаны, реттеуші-каталитикалық роль атқаратын, кейбір биологиялық белсенді заттармен қамтамасыз етуді;
Дегенмен, кез-келген тамақтану түрі, ағзаны оптималды физиологиялық жағдайда ұстап тұра алмайды, денсаулығының және жоғары жұмыс қабілеттілігінің сақталуын, қалыпты өсуі мен дамуын қамтамасыз етуге қабілетті емес.
Қазіргі ғылыми көзқарастар бойынша, мұндай талаптарға рационалды (ұтымды) деп аталатын тамақтану ғана жауап бере алады.
Рационалды (латынша ratіonalіs - саналы) тамақтану - ағзаға тағамның саны мен сапа жағынан қажеттілігін толық қамтамасыз етуге қабілетті, сөйтіп барлық қуат шығынының өтелуін, бүкіл физиологиялық қызметтерінің оңтайлы өтуін, ағзаның дұрыс өсуі мен дамуын, жұмысқа қабілеттілігін, қоршаған ортаның зиянды факторларына қарсылық күшін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге, сондай-ақ, кәрілікті кешеуілдетуге және өмірін ұзартуға қабілетті ғылыми тұрғыдан негізделген тамақтану.
Достарыңызбен бөлісу: |