VІІІ-Х ғасырларда қарлұқ тайпалары Жоңғар Алатауынан Сырдарияға дейінгі Қазақстанның үлкен аумағына қоныстанды. X ғасырдағы араб дерегінше: «Қарлұқтар жерін батыстан шығысқа дейін жүріп өту үшін 30 күн қажет болған».
Мемлекеттік құрылымы. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның көптеген тайпалары қарлұқтар көсемінің қол астына қарады.
Қарлұқ қағанатында басқарудың әскери-әкімшілік жүйесі орнықты. Мемлекет басында жабғу болғанымен, олардың билігі әлсіз еді. Тайпа ақсүйектерінің мұрагерлік басымдықтары болды. Бұл орталық билікті нығайтпады. Араб және парсы деректеріне сәйкес, ІХ-Х ғасырларда қарлұқ бірлестігі көптеген ру-тайпалық топтардан тұрды. Қарлұқтар арасында бұлақ тайпасы жетекші саналды. Халықтың негізгі бөлігін қатардағы қауым мүшелері, ең төменгі құқығы жоқ топты құлдар құрады.
Көшпелі тайпаларды басқарушы ақсүйек қауымы тек жайылымға ғана емес, қалаларға да иелік етті. Деректерге сәйкес, қарлұқтар еліндегі 25 қала мен қоныстың көпшілігі Ұлы Жібек жолы бойында орналасты.
840 жылы Енисей қырғыздары қарлұқтардың қолдауымен Ұйғыр қағанатын құлатты. Бұл жағдайды қарлұқ жабғуы пайдаланып, Ұйғыр қағанатын бағындырды. Сол жылы қарлұқ жабғуы қаған лауазымын иеленді. Ұйғырлар мен қарлұқтар бақталастығы осылайша аяқталды.
Қазақстан аумағында қарлұқ кезеңінде (VІІІ-Х ғасырларда) жергілікті тұрғындарды түркілендіру үрдісі белсенді жүрді.
|
Арабтармен күрес. Арабтар үшін Жетісудың стратегиялық, сауда-экономикалық мәні зор қалаларының маңызы ерекше болды. Сондықтан олар Жетісу өңіріне жиі-жиі жорық жасаумен болды.
IX ғасырдың 20-жылдарында Орта Азияда Саманилер әулетінің билігі орнады. 840 жылы саманилер түркілерге қарсы «қасиетті соғыс» жариялап, Испиджабты басып алды. Бұл қала Оңтүстік Қазақстанда исламды таратудың орталығына айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |