1380 жылыАлтын Орда билеушісі Мамайды Куликов шайқасында Мәскеу князі Дмитрий Донский әскері талқандады. Шыңғысхан ұрпағы Тоқтамыс хан Мамайдың жеңілісін пайдаланып, Әмір Темірдің қолдауымен Алтын Ордадағы билікті тартып алды. Әскери жеңістермен ез билігін нығайтуға ұмтылған ол 1382 жылы Мәскеуді өртеп, орыс князьдерінің салық төлеуін қалпына келтірді.
Көп уақыт өтпей Тоқтамыс Жошы ұрпақтарының барлық иеліктерін біріктіріп, елде мықты билік орнатты. Алайда Әмір Темір Тоқтамыс билігіндегі Алтын Орда мен Ақ Орданың бірігуін өз мемлекетіне төнген қауіп ретінде қарастырды.
1389, 1391 және 1395 жылдардағы үш жорық нәтижесінде Әмір Темір Алтын Орданы талқандады. Алтын Орданың барлық қалалары қиратылды, сауда мен қолөнер құлдырады. Өрт құшағында өте құнды және сирек кездесетін қолжазбалар жанып кетті. Әмір Темірдің осы тонаушылық жорықтарынан кейін Алтын Орда құлдырау кезеңін бастан кешірді.
1395 жылы тақтан түскен Алтын Орда ханы Тоқтамыс 1404 жылы Түмен қаласы маңында қаза тапты.
XV ғасырдың 50-70-жылдары Алтын Орда мемлекеті толықтай құлады да, оның иеліктері орнында бірнеше жаңа түркі мемлекеттері: Ноғай Ордасы, Қырым, Қазан, Астрахан, Сібір хандықтары құрылды. Олар кейін Орыс мемлекетінің құрамына енді.
Монғол шапқыншылығының салдары. Тұтастай алғанда кез келген соғыс сияқты монғол шапқыншылығы да басып алынған елдердің материалдық және рухани мәдениетіне орасан зор апат әкелді.
Қалалар және ауылдармен бірге мәдениет ошақтары, кітапханалар жойылды. Араб тарихшысы Ибн әл-Асир монғол шапқыншылығына былай деп баға береді: «Бұл күн мен түн жаратылғаннан бастап, адамзат білмеген қасірет болды. Жылнамаларда осыған дейін мұндай апат сипатталмаған». Монғол басқыншылығы кезінде Оңтүстік Қазақстанның егіншілік және қала мәдениетіне орасан зор зиян келтірілді. Мал табындары егістіктер мен бау-бақшаларды таптады, бұл Жетісу қалаларының экономикалық әлеуетіне нұқсан келтірді.
Басқыншылықтың басқа да салдары болды. Монғол шапқыншылығы түрлі тайпалардың одан әрі араласуына ықпал етіп, Еуразия тұрғындарының антропологиялық келбетіне өзгеріс енгізді. Монғол империясы бұрын бытыраңқы болған тайпаларды біріктіруде жағымды рөл де атқарды. Монғолдар өздерінің орталықтандырылған билік арқасында империяда ұсақ бөліктердің пайда болуына жол бермеді.
Монғол билік орындары халықаралық қатынастардың дамуын ынталандырды. Бірыңғай жәмшік қызметін енгізді, пошта бекеттерін салып, ауқымды кеңістікте хабар-ошар тарату жағдайы жақсарды. Салық жинау үшін тұрғындардың жалпы санағын жүргізді, ортақ ақша бірлігін енгізді. Бұған дейін шалғай жатқан халықтар арасында сауда және мәдени байланыстар өрістеді.