Сол қанат Шығыс Дешті Қыпшақ пен Сырдария алқабының жерлерін алып жатты. Мұнда Жошының үлкен ұлы Орда Ежен мен оның ұрпақтары билік етті. Сол қанаттың орталығы - Сығанақ қаласы болды. Ұлыстар өз кезегінде жекелеген иеліктерге бөлінді. Оларға Жошының басқа ұлдары билік жүргізді. Мәселен, Жошының ұлы Шайбан Қазақстанның солтүстік-батыс жерлерін иеленді.
Барлық аумақта ортақ құқықтық ережелер - Шыңғысханның «Жасағы» басшылыққа алынды. Ислам ықпалының күшеюіне байланысты мұсылман құқығы - шариғат, біртіндеп ене бастады.
|
Алтын Ордада салық жинау жүйесі құрылды. Халық әскерді, жаушыларды керек-жарақпен қамтамасыз етуге, пошта бекеттерін ұстауға да міндеттенді. Салық жинауды басқақтар іске асырды. Олар ханның жаулап алған елдердегі өкілдері еді. Басқақтың жанында қарулы жасақ болды, ол үнемі қала сыртында орналасты. Олар орыс князьдіктерінде «татар слободасы» деген атпен белгілі болды. Егер қандай да бір князь ханның жарлығын орындамаса немесе салықты төлемесе, онда басқақ өз қарулы жасағымен жазалауға шықты.
XIII ғасырдың соңынан бастап, алым-салық жинау жергілікті ақсүйек қауымы арқылы жүзеге асырыла бастады. Мәселен, орыс жерінде князьдердің біріне ғана жарлық берілді, ал қалғандарын оған бағынуға мәжбүр болды. Хан солар арқылы өзінің бұйрықтарын орындатты.
|
Алтын Орданың өркендеуі. XIV ғасырдың бірінші жартысында Өзбек хан (1312-1342 жылдар) мен оның ұлы Жәнібек (1342-1357 жылдар) билеген тұста Алтын Орда өзінің ең жоғары өркендеу деңгейіне жетті. Өзбек хан Батудың ұрпағы болатын. Замандастары оны «кісілігі мол, даңқты да ержүрек» адам ретінде сипаттайды. Ол бірнеше тілді білді.
Өзбек хан 1312 жылы исламды Алтын Орда мемлекетінің ресми діні етіп біржолата бекітті, орталық билікті күшейтіп, құрылтай шақыруды тоқтатты. Нақ осы Өзбек хан билік еткен жылдары деректерде алғаш рет өзбектер мемлекеті деген сөз тіркесі пайда болды. Алтын Орда билеушісі Өзбек ханның есімі біртіндеп, Жошы ұлысы халқының атауына айналды.
Өзбек хан керуен саудасының дамуына көп көңіл бөлді. Орда Батыс Еуропа, Кіші Азия, Мысыр, Үндістан, Қытай елдерімен қызу сауда жүргізді. Сауда жолдары тек қауіпсіз ғана емес, қолайлы болды, Генуя мен Венецияның сауда өкілдіктері ашылды.
Мемлекет қала құрылысының өркендеуіне ықпалын тигізді. Сығанақ және Отырар қалалары қайтадан ірі қолөнер және сауда орталықтарына айналды. Отырарда XIII ғасырдың 30-жылдарының өзінде ақша сарайы жұмыс істеді. Бұл сарай үш түрлі теңге (алтын динарлар, күміс дирхемдер, мыс фельстер) шығарды. Бұдан басқа ХІІІ-ХІV ғасырлар кезеңінде көптеген жаңа қалалар пайда болды. Кейбір қалалар халқының саны жағынан әлемдегі ірі қалалар қатарына қосылды.
Алтын Орда қалалары қамал-қорғандарының болмауымен ерекшеленді. Марко Полоның (XIII ғасыр) айтуынша, қалаларға «әскердің кіруіне кедергі жасамау үшін қамал-қабырғалар мен қақпалар болуына» рұқсат етілмеді.
|
Алтын Орданың құлауы. Жәнібектен кейін таққа оның ұлы Бердібек (1357-1359 жылдар) отырды. Билікқұмар және өте қатал болған ол тақ үшін таласта бәсекелестерін жойып жіберді. Соның нәтижесінде Батудың тікелей ұрпақтарынан ешкім қалмады. Алтын Ордада нәубет кезең мен сарай төңкерістері басталды. 1359-1379 жылдар аралығында билікте жиырмадан астам хан ауысты.
Осы саяси кикілжің барысында Жошы ұлысы аумағында бірқатар тәуелсіз иеліктер құрыла бастады. XIV ғасырдың екінші жартысында Алтын Ордадан Орда Еженнің ұрпақтары да бөлініп, Ақ Орда ұлысын құрды.
Достарыңызбен бөлісу: |