«Көшпелілер жыл сайын өз кірісінің жиырмасыншы бөлігінен» салық төледі.
Қатардағы көшпелі малшылар, егіншілер мен қала тұрғындары бірқатар алым-салық төледі. Малшылардан зекет, соғым, сыбаға, егіншілер мен қолөнершілерден ұшыр, баж және харадж алынды.
Қазақстанның оңтүстік аудандарында сойырғал, мильк, вақф және т.б. жер меншігі түрлері қалыптасты. Сойырғал көшпелі ақсүйек қауымының отырықшы-егінші тұрғындарға үстемдігінің кең тараған түрі болды. Қала және оның егіншілік аймақтары әскери немесе азаматтық қызметі үшін сыйға берілді. Бұл жердің иесі өз пайдасына салықтар жинады. Дінбасылары салық салу құқығымен бірге вакфқа жер, су көздерін, суару қондырғыларын алды.
§ 54. XV-XVII ғасырлардағы қалалар мен ауылдар
Қалалар. ХV-ХVІІ ғасырлардағы жазба деректер «Түркістанның отыз қамал-қаласы» туралы атап өтеді.
Оңтүстік Қазақстан аймағының отырықшы әлем мен көшпелі даланың түйіскен жерінде, сауда жолдарының қиылысында қолайлы орналасуы оны мәдени және экономикалық орталық етті. Бірақ феодалдық қақтығыстар мен шапқыншылықтың (әсіресе жоңғарлардың) жиілеуіне байланысты қалалар құлдырауға ұшырады. ІХ-ХІІ ғасырлармен салыстырғанда Оңтүстік Қазақстан қалаларының саны 3 есеге жуық азайды.
XV ғасырдың ортасынан бастап Отырар маңы қаңырап қалды. XVI ғасырға қарай бүкіл қала тіршілігі оның орталық бөлігінде ғана шоғырланды. XVIII ғасырға қарай тұрғындар қаланы тастап кетті. Жер аумағының азаюы Сайрам, Сығанақ, Созақ қалаларынан да байқалды.
Қиян-кескі соғыс кезінде әр қала қуатты бекіністер жүйесі саналды. Мәселен, Сауран XVI ғасырда қорғаныс қамалы ретінде белгілі болды. Сауранның қамал құрылыстарының қалдықтары осы күнге дейін сақталған.
XVII ғасырдан бастап Түркістан Қазақ хандығының діни және саяси орталығына айналды. Мұнда шетелдердің елшілері қабылданды, хан сайлау рәсімі өткізілді.
Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу және нығаю кезеңінде қалалар маңызды рөл атқарды. Мәселен, Сығанақ қаласы бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақ үшін «сауда айлағы» және алғашқы қазақ билеушілерінің ордасы болды.
|
Археологтер Отырардан ХVІ-ХVІІ ғасырларға жататын махаллалар (қала орамдары) орнын тапты. Қаладағы қоғамдық құрылыстар санатында монша салу ісі кең таралды.
Махаллалар онда тұратын адамдардың қызмет түріне байланысты құрылды. Отырардан XVI ғасыр соңындағы қыш-шеберлері махалласы қазып алынды, мұнда қолөнершілер шеберханаларға бірікті. Ұсталық кәсіп пен зергерлік өнер дами түсті. Ұсталар темірден орақ, пышақ, қазан, таға т.б. заттар жасады. Зергерлер бедерлеу, зерлеу, алтын жалату, қырлау және әрлеу сияқты түрлі әдістерді қолданды. Бағалы және түрлі түсті тастар кеңінен пайдаланды. Әшекейлер алтын мен күмістен дайындалды. Білезік, сырға, сақина, бұрымға тағатын шашбаулар жасалды.
Сүйек өңдеу ежелгі қала тұрғындарының дәстүрлі кәсібі еді. Кілем тоқу, былғарыдан бұйымдар жасау сияқты кәсіп түрлері де кең таралды.
Қалалардың төңірегінде бау-бақша, жүзімдіктер, егістіктер мен жайылымдар орналасты. ХV-ХVІІ ғасырларда әр қала маңында егіншілік орталықтары қалыптасты.
Сауда. Орта Азия мен Ресейдің сауда қатынастарын қазақ даласы арқылы дамыту XV ғасырдың екінші жартысы мен XVII ғасырдағы жаңа құбылыс еді. Ресей Қазақстан мен Орта Азияға мата мен тұрмыс заттары, аң терісі, күміс т.б. шығарды. Сауда керуендері Сығанақ пен Түркістан арқылы өтті.
Жазба деректер халықаралық сауда туралы мәліметтер береді. Отырар, Түркістан, Сауран қалаларының орнынан ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы қытай фарфоры, орыс және ортаазия теңгелері табылған.
|
Сырдария қалалары көшпелі елдермен сауда жүргізді. Қала базарлары көше бойында орналасты. Дүкен қолөнерші шеберлердің меншігінде болып, шеберхана әрі сауда орны деп есептелінді.
Егіншілік Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан өңірлерінде дамыды. Қазақстанның орталық, солтүстік және шығыс аймақтарында егін алқаптары, негізінен өзен жайылмаларында орналасып, шаруашылықта көмекші рөл атқарды.
Егінші қазақтар түрлі дақылдарды, негізінен тары өсірді. Қазақстанның қатал ауа райы жағдайында тары көп өнім беретін және күтім талғамайтын дақыл еді. И. Барбаро Дешті Қыпшақ көшпелісі ұзақ жолға жиналған кезде өзімен бірге бір дорба балға бөктірілген жент алып жүретіндігін атап өтеді.
Қазақтар бидай, тарымен бірге сұлы, арпа екті, сондай-ақ қарабидай, күріш және бақша өнімдерін өсірді. Көшпелілердің егіншілікпен айналысуы қажеттіліктен туындады. Отырықшылыққа көбіне көші-қонға мүмкіндігі болмаған кедейлер ауысты. Малынан айырылған отырықшыларды жатақ деп атады. Кедейленген көшпелілер малы көбейген сәтте-ақ мәжбүрлі диқаншылықты тастаған. Көші-қон мүмкіндігі бар қазақтар бақуаттылар қатарында саналды.
Достарыңызбен бөлісу: |