Дінге қарай бетбұрыс Фихтенің субъективті-идеалистік философиясы соңында бірте-бірте діни философияға қарай жылжи бастайды. Егер алғашқы шығармашылық сатысында онтологиялык (болмыстық) маңызы бар «Үлкен Мен» мәңгілік «Ерік», шығармашылық «өмір» ретінде түсіндірілген болса, келесі сатыда ол болмыстың адам аркылы өз-өзін танитыны жөніндегі ойларды козғайды. Гегельдің философиялық жүйесі осы соңғы ойдың негізінде пайда болды деп те айтуға, болжауға болатын сияқты.
Ақырында, «Үлкен Мен» абсолюттік «Болмысқа», өмірдегі «Бірге», «Құдіретті Сәулеге», ең соңында «Құдайға» келіп тіреледі. Бірак кенеттен сүзек ауруына шалдығып дүниеден ерте кеткеннен кейін, Фихтенің философиясы толығынан діни көзкараска айнала алған жок.
Қорыта келе, біз Фихтенің неміс классикалық философиясының шеңберіндегі өз орны бар ұлы ойшыл екенін тағы да атап өткеніміз артық болмайды. Фихтенің: «Іс-әрекет жаса, тағы да іс-әрекет ет!» - деген ұраны біздің халыққа бүгінгі таңда ауадай қажет. Адамның орасан зор шығармашылық белсенділігін көрсете білген, адамзаттың жарқын болашағына сенімділік көрсеткен ұлы ойшыл философия тарихында мәңгілік қалады.
§ 3. Шеллинг және оның философиясы Фридрих Вильгельм Иосиф Шеллинг (1775-1854 жж.) неміс классикалык философиясының көрнекті өкілі. Дарынды тұлға 15 жасында Тюбинген университетінің теология факультетіне окуға түсіп, екі жылдан кейін философия магистрі атағын алған. 1798 ж. 23 жасында профессор атағын алып, ол Иена университетінде лекциялар оқи бастайды. Оның педагогикалық жұмысы осы кезден басталып, 1846 ж. дейін созылды. Шеллинг 1854 ж. дүние салды.
Негізгі еңбектері: «Трансцендентальдық идеализм жүйесі», «Дүниежүзілік жан жөнінде», «Өнер философиясы», «Философия және дін» т.с.с. Табиғат философиясы Жаңа дәуірдегі философияда натурфилософиялық мәселелерді өз заманындағы ашылған жаратылыстану ғылымдарындағы деректермен ұштастырып, сонымен катар біршама жаңа ойларды дүниеге келтірген Шеллингті, бұл жағынан алғанда, ешкіммен салыстыруға болмайды. Оны Фихтенің жасаған «Үлкен Мені», әсіресе табиғатты тек кана құрал ретінде түсінуі канағаттандырмайды.
Дүниенің алғашқы бастауын Шеллинг Абсолюттен көреді. Ол - субъект пен объектінің тепе-теңдігі. Өзінің алғашқы кейпін алар болсақ, ол - өзінің субъект, иә болмаса объект екенін әлі білмейтін рух, саналы және бейсаналы іс-әрекеттің теңдігі. Сонымен Шеллингтің сөздерімен айтсак, Абсолют «өзінің мәні бойынша идеалды да, реалды да емес, ойлау да, болмыс та емес бірдеңе».
Алайда бұл бірдеңенің дамуға деген талпынысы бар. Оның алғашкы нактылы көрінісі - ол Табиғат. Егер Фихтенің философиясында «әрекет ет!» деген талап үлкен орын алса, Шеллинг: «Бол !» - дейді.
Сонымен, Шеллингтің ойынша, алғашқы Дүниенің негізінде жатқан тепе-теңдік, оның өмірде болу кұштарлығын оятып, ол табиғатка айналады. Табиғат өзінің алғашқы өмір сүруінен бастап құнарлы, өндіре алатын күш – natura naturans, оны тек кана жұмсақ, кай нәрсені болмасын қабылдай алатын негіз – natura naturata - деп есептеуге болмайды.
Әрине, табиғат өзінің алғашқы сатыларында бейсаналық, стихиялық тұрде іс-әрекетге болғанымен, ол белгілі бір мақсатка лайықты нәтижелерге әкеле бастайды. Табиғаттың осындай даму сатыларын Шеллинг заттардың бір-біріне тартуы мен өзара итерулерінен көреді (физикалық тілмен айтқанда, гравитация мен магнетизм). Келесі сатыда табиғатта химиялық өзгерістер пайда болады, ал оның өзі электрлік процестермен тығыз байланысты. Ал бұл процестердің өзі жүре келе тіршілік әлемін дүниеге әкеледі. Осы тұрғыдан Шеллинг тіршілік жөніндегі әртүрлі преформистік көзқарастарды сынға алады (praeformo - латын сезі, алдын ала құрамын).
Әрине, тіршілік дами келе өзінің ғажап туындысын - адамды Дүниеге әкеледі. Осы тұрғыдан алғанда, адам мен табиғат - субъект пен объектінің бірегейлігін көрсетеді. Таза табиғаттағы гравитация (тарту) қасиеті идеалды өмірде бақылауға ауысады. Соның негізінде адамның ішкі өмірінде бірте-бірте өзіндік сана-сезім пайда бола бастайды.
Өзіндік сананың тарихын Шеллинг үш сатыдан көреді.
Бірінші сатыда ол көмескі түйсіктен шығармашылық аңдауға шейін көтеріледі. Бұл сатыда ішкі сезім мен сезінілетін объект әлі бір-бірімен тең.
Екінші сатыда шығармашылық аңдаудан ұғымдарды туғызуға дейін көтеріледі (кеңістік, уакыт, себептілік, қажеттік т.с.с. категориялар пайда болады).
Үшінші сатыда ұғымдардан өзіктік санаға дейін көтеріледі, яғни субъект өзін сыртқы Дүниеге қарсы қойып, сонымен қатар өз-өзін объект ретінде тани алатын дәрежеге көтеріледі. Демек, бейсаналык тарихтан өтіп, белсенді, ерікті және саналы, табиғаттың құрсауын бұзып шығатын күшке айналады. Яғни табиғат қоғамға ауысады. Бұл арада біз Шеллинггің тарих философиясына келіп тірелдік.