§ 10. Қозғалыс пен даму
Жоғарыдағы көрсетілгендей, Дүние өне бойы қозғалыста, барлық заттар мен құбылыстар бір-бірімен шытырман байланыста, бір нәрсе пайда болып, екіншісі кетіп жатыр, зат бір сападан сандық өзгерістердің негізінде екінші сапаға секіріп өтуде, оның бәрінің кайнар көзі ішкі қайшылықтың шешілуі арқылы жүреді екен.
Енді осы арада екінші сұрақ заңды түрде пайда болады: шытырман қозғалыстағы Дүние ешқандай тәртіп жоқ хаос па, әлде ол ретке келтірілген өзгерістер ме? Әрине, оқырман өз тәжірибесінің негізінде-ақ Дүниеде белгілі бір заңдылықтардың барын мойындайды. Оны философияда даму категориясы арқылы көрсетеді.
Даму деп Дүниедегі заттар мен құбылыстардың өз ішкі қайшылығынан туындайтын белгілі бір заңдылықтардьщ негізінде ретке келген, күрделену үстіндегі, қайта оралмайтын, өзіне тән бағыттағы өзгерістерін айтамыз.
Енді жоғарыда көрсетілген анықтамаға түсініктер берейік. Кайсыбір даму үрдісіндегі зат, я болмаса, құбылыс өз ішкі қайшылықтарының шешілуі арқылы дамиды. Сыртқы ықпал дамуды тездетуге, я болмаса баяулатуға әсер етуі мүмкін. Мысалы: қайсыбір тіршілік формасы өз ішіндегі генетикалық (тұқым қуалаушылық) бағдарламаға сәйкес айнала қоршаған ортамен зат, энергия, информация алмасуына түсіп, өсіп-өнеді. Егерде сыртқы ықпал теріс болса (қуаңшылық, қатты аяз т.с.с.), онда даму үрдісі баяулап, я болмаса тіпті сол тіршілікті құртып жіберуі мүмкін. Сонғыны даму деп айтуға, әрине, болмайды.
Адамның білімі мен мәдениетінің дамуы өне бойы ішкі (білген мен білмегеннің арасындағы) қайшылықтарды шешу арқылы іске асады. Егер адамның білімге деген ішкі ынтасы болмаса, онда оны Оксфорд пен Гарвардта оқытсаңыз да, еш нәтиже ала алмайсыз. Сонымен қатар ішкі оты, орасан ынтасы бар адам өз талпынысы мен дайындалуының негізінде білімді азамат болып шығуы мүмкін.
Екіншіден, даму үрдісі белгілі бір заңдылықтардың негізінде іске асады. Заңдылық деп даму барысындағы қажетті, тұрақты, қайталанатын ішкі байланыстарды айтамыз, соның арқасында барлық үрдістер рет-ретімен өзара байланысты түрде шындықта өтіп жатады. Мысалы, И.Ньютонның ашқан Дүниежүзілік тартылас заңына сәйкес күн жүйесі өмір сүреді. Энергияның сақталу заңына сәйкес, ол өзінің бір түрінен екіншісіне ауысқанмен, жоғалмайды. Биологиядағы табиғи іріктелу заңына сәйкес жаңа дүниеге келген организмдегі өзгеріс оның қоршаған ортаға бейімделуіне сәйкес келсе сақталып қалады.
Үшіншіден, қайсыбір даму заттың әрі қарай күрделенуінен байланысты. Ол заттың ішкі құрылымының толығуымен қатар, ұйымдасу деңгейінің өсуіне әкеледі. Мысалы, қазіргі реформа барысында мыңдаған жаңа құрылымдар пайда болып, олардың бір-бірімен байланыс деңгейі күшеюде. Қоғамның инфрақұрылымында компьютерлік технологияларға негізделген оқу жүйесі, статистикалық жүйелер, адам қажеттіліктерін өтейтін салалар т.с.с. тез дамып келеді.
Төртіншіден, даму үрдісі өткен сатыларға ешқашанда қайтып оралмайтынын айту керек. Сәбилік кезеңнен өткен жасөспірім, сол шағына қайта орала алмайды. Жасына келген адам жастық шағын қанша армандаса да, оны қайтара алмайды. Бүгінгі экологиялық Дағдарыстың шешу жолдарын «антитехнократтық» бағыттағы кейбір ғалымдар «ғылыми-техникалық үрдісті тоқтату», «табиғатқа Қайта оралу» керектігінен көреді. Ал ол мүмкін емес.
Бесіншіден, даму үрдісі белгілі бір бағытта іске асады. Ол болмайынша, заттың даму үрдісіндегі өзгерістердің қорлануы іске аспай, ішкі өзара байланысқан бағытынан айырылып қалар еді. Дамудың бағыты уақыттың шеңберінде ғана жүреді, ал ол өзінің бірбағыттығы мен қайталанбайтынымен сипатталады.
Қозғалыс пен дамудың байланысы жөнінде ғылымда, негізінен алғанда, екі қарама-қарсы пікір бар. Бірінші, кеңінен таралған пікір: даму - әрқашанда қозғалыс, ал кейбір қозғалыс даму емес Расында да, біз қолымыздағы сағатты шешіп, столға қойсақ, ол қозғалыста болды. Бірақ ол жөнінде «сағат дамыды» деп айту қиынырақ болар.
Екінші пікір дамуды қозғалыска қарағанда іргетасты есептейді «Егер объективті шындықты біртұтас ретінде қарасақ онда оның ішіндегі барлық үрдістердің жиынтығын даму ретінде қарау керек» (қараңыз: Материалистическая диалектика., т. 1., м 1981,231-6.).
Соңғы пікір бүгінгі таңдағы ғылымда бірте-бірте өз өрісін өсіруде. Астрофизикада XX ғ. 20-шы жылдары «кеңею үрдісіндегі ғарыш» болжамы жасалып, 40-шы жылдардағы «алғашқы жарылыс» жөніндегі болжам 70-ші жылдарда «Ұлы жарылыс» (grand expolsion) теориясына ауысты.
Осыдан 13 млрд. жыл бұрын материяның «сингулярлық» ахуалының негізінде (көлемі атомның көлеміндей, кысымы 10-94-ші дәрежедегі грамм 1 кв.см.!!!) осындай, практикалық түрде көзге көрінбейтін нәрседен «Ұлы жарылыс» пайда болып, бүгінгі таңдағы орасанзор Ғарышты тудырды. Бұл ғылымда жасалған «коперникандық төнкеріспен» бірдей, өйткені мыңдаған жылдар бойы ұлы ойшылдар ғарыш мәңгілікті өмір сүріп жатыр деген пікірде болатын. Енді ғарыштың өзі «тарихи оқиға» болып шықты, өйткені оның уақыт шеңберіндегі бастамасы бар. Олай болса, ол өзгерісте, дамуда. Оның болашақта соңы да болады. Осы 13 млрд. жылдың шеңберіндегі ғарыштың өткен сатыларын зерттеп, ой-өрісімізде кайта құруға болады. Сонымен XIX ғ. Ч.Дарвиннің жасаған биология ғылымы саласындағы эволюциялық теориясы XX ғ. физика мен космологияда толықтырылды.
Енді кезек химия пәніне келіп отыр. Бұл уақыттың қойған талабын химия пәні XX ғ. 80-ші жылдарынан бастап, өзінің жана сапасы - «эволюциалық химия» арқылы шешуде. Оның түйіні химия ғылымының болашақтағы негізгі даму бағыты «Ұлы мәртебелі Табиғаттың» 13 млрд. жылдың шеңберінде сан жетпейтіп химиялық қосындылардан қандайын іріктеп алды - соны зерттеп, соның негізінде экологиялық жағынан зиян келтірмейтін жана материалдар мен қосындыларды жасау болмақ. Олай болса, даму идеясы химия ғылымына да кеңінен кіруде.
Сонымен қазіргі жаратылыстану ғылымы «Дүниедегі барлық — даму мен эволюция нәтижесі» деген пікірге келіп отыр.
Бұл арада мынандай өткір сұрақ пайда болады: Егер Дүниедегі барлық даму үрдісінде болса, онда ол қалай қарай бара жатыр? Даму шексіз болуы мүмкін бе? Әрине, оған теріс жауап қайтаруға болады. Тіпті Ғарышта саналы адамнан да жоғары тіршілік болса да, дамуды шексіз соза беруге болмайды. Дүние қаншалықты орасан зор болғанымен шектелген, оның бастауы бар, олай болса, соңы да болады. Біздің ойымызша, әлі де кеңею үстіндегі Ғарыш миллиардтаған жылдардан кейін өзінің кері қарай серпілісін тудырып, тағы да бір нүктеге жиырылуы (коллапс, я сингулярлық нүкте) мүмкін. Келесі сатыдағы жарылыста Ғарыштың бүгінгі моделіне ұқсамайтын жаңа түрі кездейсоқтықтың нәтижесінде Дүниеге келмек.
Бүгінгі ғылымның нәтижелеріне сүйене отырып, Ғарыштағы жүріп жатқан екі үрдісті айтсақ та болғаны.
Біріншіден, термодинамикадағы (әртүрлі энергияның бір-біріне өту заңдылықтарын зерттейтін ғылым) 2-ші бастамаға сәйкес, Дүниеде ыдырау, жылы зат энергиясының айнала қоршаған ортаға тарау үрдістері (энтропия) өтіп жатыр. Ол - біржақты үрдіс. Бұл заңдылықты ашқан Р.Клаузиустың тұжырымы бойынша, «Жылылық өз-өздігінен суық денеден ыстық денеге тарамайды». Керісінше, ыстық денеден суық денеге ғана өтеді. Бұл заңдылық ашылған уақытта неше түрлі пессимистік көзқарастар пайда болды. Мысалы, Ғарыш ең соңғы сатысында толығынан ыдырап, хаосқа айналады деген пікір де айтылды.
Алайда мұндай көзқарас адамдардың санасында келесі сұрақты тудырды: егерде Ғарыш хаосқа қарай өтуге бағытталса, онда бүгінгі таңдағы биік дәрежеде ұйымдасқан Дүние тәртібі қалай пайда болды? Ч.Дарвиннің эволюциялық теориясы өсімдіктер мен жануарлар әлеміндегі өне бойы тарихи созылған күрделенуді, ұйымдасу деңгейінің өсуін, энтропияға қарсы бағытталған күш-қуатты көрсетті.
Философия саласында бұл сұраққа өзінше жауап берген ұлы француз ғалымы Пьер Теяр де Шарден болды. Өзінің «Адам құбылысы» деген еңбегінде ол Дүниенің екі бастамасы бар дейді. Оны бірі - тангенциалдық, яғни физикалық, заттық болар болса, екіншісі - радиалдық, яғни рухани энергия. Дүниені күрделендіріп, оның біртұтастығына жауап беретін соңғы радиалдық күш болмақ. Ал оның қайнар көзі Құдайда деген пікірге келеді. (қараныз: П.Т. де Шарден., Феномен человека. М., Прогресс, 1998, 165-6.)
Ал материалистік бағыттағы философия өзінің басынан-ақ материяның өзіндік дамуға деген қабілетін мойындаған болатын. Бірақ ол жалпы болжам ретінде мыңдаған жылдар бойы өмір сүріп, нақтылы мазмұнға ие болған жоқ-ты. Тек қана XX ғ. 70-ші жылдарынан бастап, бельгиялық ғалымдар Г.Хакен мен И.Пригожин жаңа ғылым саласын - синергетиканың негіздерін жасап, жоғарыдағы көрсетілген материалистік постулатқа жаңа тыныс береді. Синергетика (сіnеrgіа - грек сөзі, бірігіп іс-әрекет ету деген мағына береді) - өзіндік ұйымдасу теориясы. Оның негізгі идеялары:
А) ғарышта екі бір-бірімен байланысты үрдіс бар. Оның бірі -қирау, құру, ыдырау болса, екіншісі - қайта құрылу, күрделену, ретке келу болмақ.
В) жасампаздық үрдістің (күрделену мен ретке келтірудің өсуі) қандай жүйе болмасын бірегей алгоритмі бар. Ол үшін: дамитын жүйе ашық болуы керек, яғни ол айнала қоршаған ортамен зат, энергия, информация алмасуына түсуі қажет;
жүйе термодинамикалық теңдіктен алшақ болуы қажет. Практикалық тұрде Дүниедегі кездесетін жүйелердің бәрі де осындай. Классикалық физикадағы бөлініп қаралатын жабық жүйелер - жасанды және идеализацияланған.
Оның пікірінше, синергетика ғылымы ашық та тұрақтанбаған жүйелерде даму үрдісі күрделену мен ретке келудің өсуімен танылады. Алғашқы сатысында даму үрдістері бірте-бірте, алдынала болжауға болатын салдарлар әкелуі мүмкін. Бірақ жүре келе, дамитын жүйе өзінің тұрақсыздық, аумалық (бифуркация) жағдайына келіп тіреледі. Міне, осы сәтте секіріс арқылы зат өзінің жаңа бұрыннан да гөрі күрделенген, ретке келу деңгейі өскен сатысына ауысады. Тек бұл арада назар аударатын нәрсе - зат өзінің аумалы, тұрақсыз, бифуркация нуктесіне келген кезде, «ұлы мәр-тебелі кездейсоқтық» арқасында көп мүмкіндіктердің біреуі ғана іске асады. Олай болатын болса, бұл жүйелердің дамуын алдынала болжау мүмкін емес. Әрине, қазіргі компьютерлік есептерге сүйене отырып, әртүрлі варианттардың мүмкіндігін шығаруға болады. Бірақ олардың қайсысы жеңеді, оны тек кездейсоқтық шешеді.
Осындай күрт даму, күрделену сатысындағы жүйе айнала қоршаған ортадан зат, энергия, информацияны пайдаланады да, оның құлдырауын, хаосизациясын өсіреді. Тәртіптің деңгейін көтеру үшін оған «төлем» жасалуы қажет: энергия мен информациянын өсуі осыған байланысты. Мысалы, АҚШ - өте қатты дамыған, әрі қарай күрделену жолындағы ел. Ал оны қамтамасыз ету үшін жыл сайын энергия қажеттіктері өсіп, сонау мыңдаған шақырым алыстағы Парсы шығанағын, соңғы кезде Каспий теңізін олар «ұлттық мүдделілік» аймағы деп отыр.
Белгілі бір биік ұйымдасу дәрежесіне көтерілген зат, я болмаса құбылыс айнала қоршаған ортадағы неше түрлі үрдістердің ыкпалында болып, оған қарсы «шаралар» қолданады. Бірақ оның мүмкіндіктері шектелген, ал айнала коршаған ортадағы үрдістер шексіз. Сондықтан ертелі-кеш қандай биік дәрежеде ұйымдасқан объект болмасын сыртқы ықпалдарға қарсы тұру мүмкіндіктерін сарқыған кезде, құлазып, соңынан хаосқа айналады. Бірақ хаостың шеңберінен тағы да тұрақты, ұйымдасқан, күрделенген заттар мен құбылыстар дүниеге келіп жатады да, соңынан хаосқа кайта өтеді.
Сонымен синергетика ғылымы дамуды тек тіршілік әлеміне ғана жатқызбай, бүкіл Дүниедегі өлі және тірі табиғат, қоғам, рухани өмір — бәрі де өзара даму мен хаосқа айналу үрдісінде деген тұжырымға келеді. Бұл үрдісте «кездейсоқтықтың» мәні күрт өсіп, ешкім, ешқашанда Дұниенің болашағын анықтай алатын болжамдар жасай алмайды. Дүние ешқашанда өзінің кемеліне келмейді, соның арқасында ол өне бойы даму мен ыдырау үрдісінде. Оны қазақ халқы «жалған», «арман» деген сияқты ұғымдармен сезінген.
Достарыңызбен бөлісу: |