Оқулық баспа Философия тарихы Болмыс ілімі (Онтология) Эпистемология(Таным мәселелері) Әлеуметтік философия



бет176/231
Дата23.12.2022
өлшемі5,05 Mb.
#164080
түріОқулық
1   ...   172   173   174   175   176   177   178   179   ...   231
Байланысты:
философия Серик Мырзалы


§ 11. Даму бағыттығы
Даму барысындағы белгілі бір бағыттықтың болуы - табиғат қажеттілігі. Біз оны жоғарыда атап кеткенбіз. Енді осы мәселеге толығырақ тоқталайық. Болмыстағы сан алуан заттар мен құбылыстар даму барысында өзгеріске ұшырап, бір-бірін ауыстыру үстінде, яғни жаңа Дүниеге келген зат өткенді теріске шығарып, соның орнына келеді. Егер де зат өткен сатыны толығынан теріске шығарса, онда ешқандай даму болмай, Дүние толығынан хаосқа айналар еді. Сондықтан философиядағы теріске шығару физикалық затты жоюмен тең емес.
Жалпы алғанда, терістеудің негізгі екі түрін керсетуге болады. Оның бірі - заттың түбірімен жоғалуы, даму барысының күрт тоқтатылуы. Екіншісі — зат, я болмаса құбылыс өзінің өткен сатысын терістеу үрдісінде өміршеңдік жағын сақтап қалып, жаңа сапалық деңгейге көтереді. Біріншіні физикалық терістеу, жою десек, екіншіні философиялық (диалектикалық) терістеуге жатқызамыз.
Мысалы, егер біз жүгері дәнін алып, аяғымыздың астына салып, езіп тастасақ, онда оның ішкі даму мүмкіндіктері толығынан жойылып, құриды. Екінші дәнді алып, мамыр айында өңделген, жылы, дымқыл топыраққа салсақ, ол дән өмірден кеткенмен, жаңа жүгеріні тудырады, оның орнында күзде жаңа жүздеген жүгері дәні пайда болады. Сонымен қатар жаңа дәндердің генетикалық құрылымында өзгерістер пайда болып, ескіні толығынан қайталамайды. Міне, соңғыны диалектикалық конструктивті (жаңа құрылымдарды құру) терістеуге жатқызамыз. Ол заттың ішкі кайшылықтарың шешу барысында пайда болады. Яғни ол - заттың өз-өзін терістеуі. Ал бірінші - деструктивті (қирату, бұзу) терістеуге келсек, ол сыртқы қайшылықтардың нәтижесі екені айтпаса да тусінікті.
Екінші назар аударатын нәрсе, конструктивті және деструктивті терістеулердің бір-бірімен тығыз байланыста болуы. Көп әдебиетте деструктивті терістеуді даму категориясымен байланыстырмайды (қараңыз: Очерки по диалектическому материализму.,М., Наука, 1987, 119-6.). Алайда мұндай көзқарас шындықпен жанаспайды. Өйткені даму барысында зат, я құбылыс сыртқы ортамен зат, энергия, информация алмасуы арқылы ғана өрлей алады. Мысалы, жер бетіндегі тіршіліктің дамуында жануарлар бір-бірін, я болмаса шөпті жеп, өз өмірін жалғастырады. Ол оларды деструктивті терістейді, құртады. Бірақ мәселеге кең түрде қарап,белгілі бір жануардың өмірін сол түрдің жүйесінің элементі ретінде есептесек, онда ол өлгенмен, сол жануардың түрі өмірде қалып, әрі қарай дами береді. Көп жағдайда, ол - пайдалы да. Мысалы, қасқырлар, я болмаса басқа жыртқыштар, табынның ішіндегі ауру, әлсіздерін ұстап алып құртады, ал оның өзі қалған малдың жақсы дамуына жағдай туғызады. Егер мал жайлаудағы шөпті «қырқып» отырмаса, оның қадір-қасиеті жойылар еді. Академик И.Шмаль-гаузеннің айтуына қарағанда, «өлімнің таңдамалы сипаттамасы, яғни әлсіз, өзін қорғай алмайтын тіршіліктердің көбінесе қырылуы, олай болса, өмірге көбірек бейімделгендердің тірі қалуы мен өз жаңа ұрпақ-буындарын тудыруы» жалпы тіршіліктің даму диалектикасына жатады.
Жалпы айтқанда, өмір тарихында өлім дамудың тетігін құрайды. Мысалы, көп төменгі дәрежедегі тіршіліктер жаңа организмді тудырған сәтте өмірден кетеді, яғни өмір мен өлім алғашында бір-біріне тең болған. Жүре келе, көпклеткалық тіршілік формалары Дүниеге келген кезде, олар бір-бірінен бөлініп, қарама-қарсылыққа айналады. Тіршіліктін дамуын ұрпақ-буындардың бір-бірін ауыстыруынсыз қабылдау өте қиын.
Ал егерде өлі табиғатты алсақ, онда да деструктивтік өзгерістердің даму үрдісінде болатынын байқауға болады. Мысалы, «тұрақты емес» Ғарыштағы объектілердің жарылысы, жаңа ғарыш объектілерін тудырып, олардың арасындағы заңды байланыстардын калыптасуына әкеледі екен. Мұндай мысалдарды коғам өмірінде де кездестіруге болады. Әсіресе өтпелі қоғамдағы көп деструктивті терістеулер көп адамдардың жағдайларын құлдыратып, аянышты жағдайларға әкелумен қатар, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, даму барысын тездетуде. Әрине, олардың көбі саясатта жіберілген қателіктермен байланысты. Дегенмен болған іс болды, ащы шындықты мойындауға тура келеді.
Батыс философиясындағы «негативтік диалектиканың» өкілдері (Т.Адорно) бүгінгі әлеуметтік тәртіпті толығынан қиратуға шақырып, бірақ оның орнында қандай коғам болуы керек деген сұраққа жауап бермейді. Бұл, әрине, дамуды толығынан терістеу деген сөз.
Қорыта келе, конструктивті терістеу дамудың негізгі жолын анықтайтын болса, деструктивті терістеу де тәуелді түрде оның элементтерін құрайтынын байқадық. Соңғыны толығынан даму үрдісінен алып тастау мүмкін емес. Деструктивті терістеуді толығынан заттың «жоқтыққа» айналуы деп түсіну қателік болар еді.
Үшіншіден, диалектикалық терістеу бір сатымен аяқталмайды. Бірінші терістеуде зат өзінің бұрынғы болмысынан қарама-қарсы жағына өтеді, мүнда әлі даму бағыттығы жоқ. Ол келесі сатыда екінші терістеуді кажетті түрде талап етеді. Екінші терістеуде зат өзінің бұрынғы сатысына қайтып оралғандай болады. Бірақ оны жабық шеңбер ретінде түсіну дұрыс болмас еді. Зат тек бұрынғы ахуалына қайтып оралғандай ғана болады, ал шынында, ол өткен жолындағы бүкіл жаңа мазмұнды бойына сіңіріп, өткен сатыдан әркашанда биік дәрежеде тұрады. Яғни бастапқы нүктемен қайтып оралған нүкте бір-бірімен қосылмайды, екінші нүкте -биікте. Оны қағаз бетіне түсірсек, кеңейіп жатқан спиральды көреміз. Келесі айналым одан да гөрі кең биіктікке ұмтылған шеңберді кұрайды т.с.с. Мұндай екі сатыдан түратын терістеуді әдебиетте диалектикалық синтез заңы (бұрын терістеуді терістеу заңы деген болатын) дейді.
Алайда философиялық әдебиетте бұл заңның терең мән-мағынасын бұрмалаушылық та кездеседі. «Бұл заңның мәнін тек екі сатылық терістеуге теңеуге болмайды, ол гегельяндық диалектикалық ойын болар еді. Шынында, Табиғаттағы үрдістер 3,4,5,6,7 т.с.с. сатылардан тұруы мүмкін» - деген пікір кең тараған. Оған мысал ретінде көбінесе Д.И.Менделеевтің химиялык элементтердің бір-біріне алмасу заңдылығы келтіріледі.
Бұл пікірді теріске шығару үшін әлгі аталған ұлы Гегельдің «диалектикалық ойынының» мәнін зерттеп қарайық. Гегельдің ойынша, «қайшылық» пен «үштік»(триада) диалектиканың (яғни даму ілімінің) өзегін құрайды. Абсолюттік идея «үштік» арқылы өз-өзін танып, ширатып, абсолюттік рух сатысына көтеріледі. Олар _тезис, антитезис және синтез. Әрбір даму сатысы тезистең басталып, антитезиске айналып, соңында синтез арқылы бірігеді Мысалы, Дүниенің негізіндегі таза «болмыс» терістеу барысында өзінің қарама-қарсысы «жоқтыққа» өтіп олардың өзара диалек-тикасы «қалыптасуды» тудырады, - дейді ұлы ойшыл. Осының арқасында даму бағыттығы анықталады.
Қарапайым мысал келтірейік: «Мен бүгін театрға барамын», -деген тезисті теріске шығарсақ, онда: «Мен бугін театрға бармаймын», - деген антитезис пайда болады. Антитезисті терістеу барысында: «Мен бүгін театрға бармай коймаймын», - деген синтезді келтіреміз. Егер сіз «Мен бүгін театрға барамын» және «Мен бүгін театрға бармай қоймаймын» деген сөйлемдерді салыстырсаңыз, олардың айырмашылығын дереу сезінесіз. Екінші сөйлем біріншіге қарағанда анағұрлым күшті, ол антпен бірдей сияқты, қандай жағдай болмасын, сіз театрға барасыз.
Гегель өзінің триадасын ой өрісінің дамуында қолданғанмен, ол бүкіл Дүниедегі даму үрдістерінде байқаланатын жайт. Бүгінгі таңда дамудың «үштік» ритмі геология, химия, биология, социология т.б. ғылыми салаларда ашылып, дәлелденген. Оның маңыздылығы - дамудың бағыттылығын анықтауда, соның нәтижесінде жаңа мазмұнның даму барысындағы қорлануында (кумуляция).
Сонымен қатар даму барысында «екіаралық» терістеулер де кездесуі мүмкін. Ол заттың кейбір жақтарын терістегенмен, оның ішкі мәнді құрылымдарын өзгерте алмайды, сол зат болып қала береді. Мысалы, судың парға, мұзға айналуы. Екінші мысал: алғашқы қауымдық қоғамдағы меншік жүре келе жекеменшікке өтті. Ал жекеменшіктің шеңберінде құлдық, феодалдық, капиталистік қоғамдар бір-бірін терістегенмен, оның терең мәнін өзгерткен жоқ. Сондықтан олардың бәрін қоса, антитезис ретінде қарауға болады. Болашақ тарихқа келетін синтезде қауымдық пен жеке-меншіктің оң мазмұны бірігіп, жаңа ахуалды тудыруы қажет - ол тіпті, Маркс айтқандай, коммунизм болмауы да мүмкін - оны болашақ көрсетеді. Енді дәл осы арада мәселені нақтылай түссек, онда даму барысындағы бағыттылықтың негізгі түрі - алға өрлеулік -прогреске келіп тоқталамыз. Енді соны талдап көрелік.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   172   173   174   175   176   177   178   179   ...   231




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет