Оқулық баспа Философия тарихы Болмыс ілімі (Онтология) Эпистемология(Таным мәселелері) Әлеуметтік философия



бет216/231
Дата23.12.2022
өлшемі5,05 Mb.
#164080
түріОқулық
1   ...   212   213   214   215   216   217   218   219   ...   231
Байланысты:
философия Серик Мырзалы

е) сүйіспеншілік философиясы
Моральдық саланың ең биік көрінісі - сүйіспеншілік. Тек сол арқылы ғана адамы болмысқа жетуге болады. Керісінше жағдайда адам толыққанды өмір сүре алмайды. Оны шығармашылыққа жетелейтін, өмірді терең түсінуге жол ашатын, басқалардың терең ішкі сырын аша алатын — тек қана сүйіспеншілік.
Көне грек ойшылы Эмпедокл алғашқы рет сүйіспеншілік ұғымына ғарыштық мән беріп, оны жеккөрушілікке қарсы қойды. Оның ойынша, алғашында Ғарыш сүйіспеншіліктің негізінде сапа жағынан әлі бөлінбеген біртұтастықты құрайды. Содан кейін жаупгершілік сүйіспеншілікті ысырып, біртектілікті бір-біріне қосып, әртектілікті бір-бірінен ажыратады. Келесі сатыда сүйіспеншілік қайта оралып, әртектіні бір-бірімен қосып, біртектілерді бір-бірінен ажыратады. Соның арқасында тіршілік дүниеге келеді екен. Эмпедоклдың ойларының түйіні мынада: Дүние қайшылықты жаратылған. Заттар мен құбылыстардың қарама-қарсы жақтары бір-бірінсіз өмір сүре алмайды, бір-бірін тартып (Эмпедоклдың сүйіспеншілігі), сонымен қатар өз болмысын сақтау жолында итереді (жаугершілік).
Платон да өз еңбектерінде сүйіспеншілік мәселесіне көңіл бөледі. Ол философиялық деңгейде грек мифологиясындағы Эротты (жыныстық сүйіспеншілік) талдайды. Оның ойынша, Эроттың екі түрі бар: біреуі - жердегі сезімдік құмарту болса, екіншісі -аспандағы идеалды, ой арқылы ғана жетуге болатын түрі. Эрот -байлықтың құдайы Порос пен кедейліктің құдайы Пенидің баласы. Сондықтан ол қайшылықты. Ол өне бойы төменнен жоғары қарай және әсемдікке ұмтылады. Адамдардың ең үлкен арманы -өлместікке жету болса, Эрот шығармашылық шабытын тудырып, сүйіспеншілік арқылы жаңа ұрпақтарды дүниеге әкеледі, ал оның өзі адамға берілген мәңгілік пен өлместіктің бөлігі емес пе? Әсемдікке ұмтылудың екінші - ең биік жағы - Эрот жер мен аспандағы идеалды дүние арасындағы дәнекер. Ал нағыз әсемдік аспан әлемінде жатыр. Олай болса, платондық сүйіспеншілік ол Әсемдік, Ізгілік және Акиқатқа деген құмарту. Өйткені олар таза, мөлдір, материалдық қоспасы жоқ, құдіретті және біркелкі.
Орта ғасырдағы философияда сүйіспеншілік мәселесіне көп көңіл бөлген А.Августин мен Қ.А.Яссауиді келтіруге болар еді. Киелі Августиннің ойынша, «жер қаласында» адамдар Құдайды ұмытып, өздерін ғана сүйеді, өйткені олар күнәға белшесінен батқан. Ал «аспан қаласында» рухани кауым өздерін ұмытып, тек Құдайды ғана сүйеді. Ол кісі мынадай тамаша ой қалдырды: «Сүй, содан кейін не қалағаныңды істей бер!». Бұл ойдың мәні мынада: шын сүйген ешқашанда зұлымдық жасамайды, ол тек қана әсемдік пен жақсылыққа қарай ұмтылады. Қ.А.Яссауи де бұл жалған дүниедегі еш нәрсеге құмартпай, Алла тағалаға толығынан беріліп, Оны барлық жан-тәнімен сүюге шақырады.
Тарих қойнауына Ренессанс (Қайта өрлеу) дәуірі кірген кезде, жердегі сүйіспеншілік қайта өз күшіне енеді. Адам өз руханиятымен ғана емес, сонымен қатар денесімен де әсем. Ол неше түрлі күштерге толы, сондықтан өз сүйіспеншілігінің арқасында ғарыштың барлық жақтарымен үндесті байланыстар жасап, оларды өзгерте алады. Дж.Бруно сүйіспеншілікті лаулаған ыстық дүниетануға деген құмартумен теңейді. Адам неше түрлі қайғы-қасірет пен болашақ өлімнен тайсалмай, Дүниенің сиқырлы күштерін ашып, шаттық сезіммен шексіз де сарқылмайтын құдіретті Табиғатпен бірігеді. Ақиқаттың жолында өз өмірін құрбан етіп, ойшыл осы ойын өз өмірімен дәлелдеген жоқ па?!
Жаңа дәуірде Р.Декарт «Жанның құмартуы» деген еңбегінде: «Сүйіспеншілік - дегеніміз рухтың ықпалындағы жанның қобалжуы, сүйетін зат пен жан ерікті түрде қосылады да, басқалардан ажырайды», - дейді. Ол сүйіспеншіліктің түрлерін көрсетуге тырысады. Біріншісі - сүйген жанға жақсылық тілеу және осы жолда өзін құрбан етуге дайын болу. Оның айқын мысалы ретінде әке-шешенін баласына деген сүйіспеншілігін келтіруге болады. Екінші - «нәпсі итерген сүйіспеншілік». Оған мысал ретінде ердің сүйген әйелге деген құмартуын келтіруге болады. Үшінші - бір нәрсеге құмар болу, соған берілу. Мысалы, ішкіштің араққа, ойыншының картаға т.с.с. құмартуы, онда ешқандай сүйіспеншілік жоқ, тек қана соны иелену, тұтыну ғана бар.
Неміс ойшылы В.Лейбниц «достық-сүйіспеншілікті» бірінші орынға қояды. Ол мөлдір риясыз сүйіспеншілікті күңгірт өзімшіл ләззат алуға деген құштарлықтан айыру керектігін айтады. Шынайы сүйіспеншілік жетілуге қарай ұмтылдырады.
Ал В.Шеллингке келер болсақ, ол сүйіспеншілікті ғарыштық тұрғыдан қарап, оны дүниежүзілік Абсолюттің іс-әрекетінің негізгі қағидасына айналдырады. Сондықтан қоғам өмірінде әр адам өз сүйіктісін тауып, ең жоғарғы тепе-теңдікте бір-бірімен қосылады. «Сүю дегеніміз сүйіктіні тілеу ғана емес, сонымен бірге өзін соған кұрбан етуге дайын болу», - деп қорытады ұлы ойшыл.
Бұл мәселеге өз үлесін қосқан ұлы Г.Гегель де болды. Оның ойынша, шынайы сүйіспеншіліктің мәні - өзіндік санаңнан бас тартып, өзіңді басқаның «менінде» ұмытып, сонымен қатар осы жоғалту мен ұмытуда өз-өзіңді алғаш қайтадан тауып, өзіңмен болу. Біздің ойымызша, мұндай сүйіспеншілік махаббатың ең биік шыңы болса керек.
Л.Фейербах: «Адамға деген сүйіспеншілік адамның ең жоғарғы да бірінші заңы болуға тиіс», - деген тамаша ой айтады. Сүйіспеншіліктің негізін ер мен әйелдің бір-біріне деген жыныс тартуынан көреді. Сонымен қатар ол неше түрлі рухани, моральдық, эстетикалық сезімдермен безендіріледі. Сондықтан адамның бір-біріне деген сүйіспеншілігін ол діндік дәрежеге көтеру керектігін айтады.
А.Шопенгауердің ойынша, дүниежүзілік Ырық сүйіспеншілік арқылы адамдардың ұрпақ жалғасын қамтамасыз етеді. «Ал неше түрлі ғашықтық сезімдерге келер болсақ, олар табиғаттың жасаған адамдар ұсталып қалатын торы ғана», - дейді ойшыл. Сүйіспеншілік Дүниежүзілік Ырықтың өз болмысын қамдайды. Ол, жалпы алғанда, өмір мен билікке деген сүйіспеншілікті құрап, оның көрінісі адам махаббатында қол астындағы болмысты аттап өтуге, сүйген адамды жеңіп, көндіруге деген іңкәрлікті тудырады. «Сонымен сүйіспеншілік өмірлік шығармашылыққа әкеліп, бұрынғы өмірді терістейді, олай болса, ол өлімнің табалдырығына әкеледі», - деп қорытады ойшыл өз ойларын.
Ф.Ницше ер мен әйел махаббатын бір-біріне қарсы қояды. Егер ер: «Мен сүйемін!» - деп өзін бақытты сезінсе, әйел: «Мені сүйеді», — деп шаттанады. Сондықтан ер билеп-төстеуге ұмтылады да, әйел көнуді тілейді. Екі жақтың бір-біріне деген махаббаты әр-түрлі болғаннан кейін, олардың ішкі өмірінде шаттықпен қатар абыржу, достық пен жек көру, таңғалу мен менсінбеу т.с.с. қайшылықтар пайда болып, ақырында сүйіспеншілік алғашқы биологиялық негіздеріне қайтып оралады.
Енді бұл салада болған XX ғ. ахуалды талдауға уақыт келген сияқты. Ол, негізінен алғанда, екі төңкерістің болуына байланысты. Оның біріншісі - патриархалдық қатынастардың әлсіреп, әйелдердің белсенді түрде қоғам өміріне атсалысып, өз бостандығын алуында болса керек. Мұны жыныстық саладағы демократиялық революция десек те болады. Әдебиетте биархаттық (би -екі, архе - билік) деп те атайды. Өйткені тәні, жанымен де әртүрлі ер мен әйелдің әлеуметтік теңдігі бірте-бірте орнап жатыр. Әрине, бұл үрдіс нәзіктік пен ізгілікті өмірде көбейтетіні сөзсіз. Оны жақсылық деп бағалауымыз керек.
Екінші төңкеріс - ғылыми-техникалық революцияның негізінде өндіргіш күштердің орасан зор дамуының арқасындағы батыс елдеріндегі «тұтыну қоғамының» орнауы. Адамдардың өмір құндылығына жайлы өмір, пайда табу, ләззат алу т.с.с. айналуы. Егер көне гректер ләззат дегеніміз - зардабтың жоқтығы деп есептесе, бүгінгі дамыған елдерде ләззат алуды мейлінше көбейту өмір мақсатына айналды. Осындай тәндік-сезімдік өмір бағыты махаббатты да ерекше тұтынуға болатын тауарға айналдырды.
Бұл үрдіске өз үлесін қосқан З.Фрейд болды. Ол адам психикасының өзегінде ақыл-ой, парасат емес, бейсаналық, ал соңғының өзегінде жыныстық күш-қуат –Libido - жатыр деген пікірге келіп, бүкіл мәдениет саласы дегеніміз - сол жыныстық импульстерді ауыздықтауға бағытталған құбылыс деген пікір айтты.
Г.Маркузе осы идеяларды әрі қарай дамытып, адамды езетін, оларды бір-бірінен алыстатып жаттандыратын жалғыз ғана мәдениет формалары емес, сонымен қатар экономикалық үстемдік, адамды адамның қанауы дегенді айтты. Адамнын зардап шегуі, ауруы, оның шығармашылық мүмкіндіктерінің сарқылуы, көңіл күйінің жүдеуі, өмірге тұрпайы тұлыну тұрғысынан ғана қарауы т.с.с. себептері жыныстық және экономикалық репрессиялармен байланысты. Сондықтан бүгінгі таңдағы адамзатқа қанаудың барлық түрлерінен «Ұлы бас тарту» қажет. Ол үшін ең алдымен «жыныстық (сексуалдық) революция», «жаңа сезімталдық», «жаңа эстетикалық өмір көрінісін» тәрбиелеу қажет деген анархистік ұранды алға тартады. Оның ойынша, сонда ғана «шығармашылық Эрос пен ләззаттық», шынайы «еркіндік пен қиял», «махаббат пен әсемдік» жер бетінде орнайды. Мұндай идеялар Батыс қоғамында, әсіресе студенттер қауымында, XX ғ. 60 жж. нағыз тұрпайы шын өмірдегі «жыныстық революцияға» әкелді. Тәндік-сезімдік ләззат алуға бағытталған, рухани өмірі жүдеген қоғамда басқа нәтиже болу мүмкін еместі. Газет пен журналдардың беттерінде, теледидар экрандарында жыныстық ләззат алуға арналған мақалалар, фильмдер қойылып, бұл «революцияны» күшейте түсті. Соның салдарынан жастар арасында «топтық секс» (3-4 адам бірігіп жасалатын), «біржыныстық секс» (ердің ермен, әйелдін әйелмен), «садистік секс» (ұрып-соғумен жүретін), «бейби секс» (балалармен), «анимал секс» (жануарлармен), «сериалық секс» (күнде жаңа адаммен) кеңінен тарады. Жыныстық сезімнің физиологиялық жағы нағыз адами - рухани-эстетикалық - жағынан ажыратылып, адамның жануарлық-табиғи жақтары тұрпайы тұтынудың кұралына айналды. Орта ғасырдағы ойшылдардың «адам рухани пенде ретінде Құдайға парапар, ал дене ретінде - жануардан да төмен дәрежеге түсуі мүмкін» деген болжамдары расталған сияқты болды.
Өкінішке қарай, қоғамды қайта жаңарту барысында, біздің елге де жыныстық революцияның «жетістіктері» орасан зор мөлшерде батыстың тұрпайы мәдениет туындылары арқылы ағылып келіп жатыр. Телекомпаниялар пайда табудың «тиімді» құралына кенелді, ал «батысшылардың» ойынша, батыс цивилизациясы бүкіладамзат алдында келе жатқаннан кейін (олар оған күмәнданбайды), оның көрсеткен жолын қайталамасқа болмайды. Бүгінгі таңдағы жезөкшелік, зорлық-зомбылық, қылмыс т.с.с. теріс құбылыстардың тез қарқынмен елімізде өсуінің бірден-бір себебі батыс тұрпайы мәдениетінің ықпалы болса керек. Ол өз руханиятымызды жүнге түскен күйе сияқты құртуда.
Жоғарыда айтылғанды қорыта келе, сүйіспеншілік деп адам мен адамды бір-біріне тартатын, қосатын, оларды әсемдік пен ізгілікке, шындыққа ұмтылдыратын, бүкіл адамзатты біріктіретін рухтың ең биік көріністерін айтсақ та болады. Ал оның қайнар көзі Ғарыштың өз ішіндегі тарту күштерінде болса керек, сондықтан көне заман ойшылдарының «Ғарыштық сүйіспеншілік» туралы интуициялары философия тарихында оқтын-оқтын қайталануда.
Сүйіспеншіліктің ғажап түрі - жер бетіндегі барлық халықтардың мыңдаған жылдардағы жинаған ән-күйі мен дастандарының арқауына айналған махаббат сезімі. Қозы-Көрпеш пен Баян-Сұлу, Төлеген мен Қыз-Жібектің бір-біріне деген жалынды махаббаты Ромео мен Джульетта, Лейла мен Мәжнүннің тағдыры сияқты, аянышты трагедиямен аяқталды. Бүгінгі таңда да қаншама Қыз-Жібек мен Төлегендердің бір-біріне деген мөлдір махаббаты жартасқа соғылған толқындай күл-талқан болып жатыр!!! Тіпті бақытты жандардың махаббат сезімінің өзі-ақ оқтын-оқтын аянышты ахуалдар мен сезімдерге ұшырайтыны баршамызға мәлім. Онын себептерінің ішінде ғашықтардың бір-біріне деген жыныстық құмарту сезімінің жүре келе сарқылуында болса керек. Өкінішке қарай, ол мәңгілік емес, күндердің бір күнінде таусылады. Екіншіден, қоғам еміріндегі әлеуметтік мәселелердің қоятын тосқауылы. «Сүйген жармен күрке де жұмақтай» деген көпірме сөз ащы шындыққа келіп тірелгенде, нағыз тозаққа айналатыны сөзсіз.
Әрине, махаббат сезімінің негізінде ғашықтардың бір-біріне деген жыныстық тартуы жатыр. Ғашықтардың сол жыныстық күш-қуаттары бір-біріне қосылуының негізінде Дүниеге жаңа өмір келеді емес пе? Сонымен қатар махаббатты толығынан жыныстық тартуға теңесек, онда адамның басқа жануарлардан айырмашылығы неде деген сұрақ тумай қоймайды. Австрия ғалымы В.Франкл қазіргі батыс қоғамында кеңінен тараған көзқарас - махаббатты тәндік-сезімдік ләззат алуға теңеу - қаншалықты жастарды жалған жолға түсіріп бақытсыздыққа әкелгені жөнінде айтады. Егерде адамның жүрегінде терең махаббат сезімі болмай, тек жыныстық ләззатқа ғана ұмтылып, соны ғана ойласа, ол біріншіден, «Дон-Жуанизмдікке» әкеліп, екіншіден, сол тұрпайы мақсаттың өзін жетілдіре алмайды. Шындығында, адамның махаббат сезімі оның бүкіл жан дүниесіндегі рухани күш-қуатпен безендіріліп толысады, неше түрлі қиялдарды тудырып, шығармашылық шабыт әкеледі. Шын сүйген адам бүкіл дүниені ізгілік жолымен өзгерткісі келеді, дүниедегі сан алуан құбылыстардың ғажаптығын, әсемдігін жете түсінеді, өзінің және сүйіктісінің бойындағы бұрын ашылмаған жаңа қасиеттерді тауып, раушан гүлі сияқты ашылады, қуанышқа толы өмір тудырады. Нағыз өмірде болу дегеніміз - шын жүрегіңмен сүю, махаббаттың отында лаулап жану дер едік. Сонда ғана толыққанды «мен бұл өмірде болдым!» деп айтуға болатын сияқты.
Өзінің аса тереңдігі және риясыздығымен көрінетін сүйіспеншіліктің түрі - әке-шеше мен балалардың бір-біріне деген сезімі. Әсіресе ана махаббатын асыра бағалау мүмкін емес. Ана өз балаларын олар қандай да болса да, барлық жан-тәнімен сүйеді, өйткені олар оның ішінен шықты. Ана әрқашанда өз балаларын қорғайды, оларды кешіре біледі. Әкенің балаға деген махаббатына келер болсақ, ол ана сезіміне қарағанда өзгеше. Әке балаларын өзіне теңеп, өзіне ұқсас болғанын қалайды, олардың алдына үлкен талаптар қойып, олардың өмірде іске асуын армандап, тілейді. Әке балаларын әрқашанда өз ырқына көндіргісі келеді. Ана баланың алдына қойылған талаптар орындалмаса да, оны шүбәсіз сүйеді, оның жалғыз ғана талабы - баласы бұл өмірде аман-есен болса екен. Адам қоғами пенде болғаннан кейін, әрине, жалғыз ғана әке-шешесі емес, сонымен қатар басқа да туыс, жолдас-жора, көрші-көлемнің ықпалына түсіп, жақынды сүю сезіміне шомылады. Жақынды сүю дегеніміз - бізді қоршаған адамдарды өзімізбен тең құқты ретінде қарау, оларға қамқорлық көрсету, өз жауапкершілігіңді сезіну, сыйлап, түсіністік дәрежесіне көтерілу, олардың өмірдегі жетістіктері мен қайғы-қасіретіне бірдей ортақ болу т.с.с.
Жақынды сүю адамды оның білімі мен мәдениеті өскен сайын өз халқын, оның аянышты да батырлық тарихын, мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптарын, тілін, көркем сөзі мен өрнектерін, ғажап әуендерін т.с.с. сүюге итермелейді. Өз халқын сүйген адам, әрине, сол халықты тудырған айнала қоршаған ортаны -табиғатты да сүйеді. Қазақ жері - жылы теңіздер аймалап жатқан Италия, я болмаса Греция емес. Біздің табиғатымыз қатал, ұлы өзендер елімізді қақ жарып ағып жатқан жоқ, теңіз бен мұхиттан да, өкінішке қарай, алшақпыз. Десек те, басқа бір жұмақ жерге қазақ деген халық өз мекенін ауыстырмайды. Өйткені осы топырақта ол жаратылды, бұл жерге оның кіндік қаны тамды, сансыз бұл өмірден озған бабалар осы жерді соңғы қаны тамғанша қорғай білді.
Енді, міне, жоғарыда көрсетілген осы екі сүйіспеншілік «Отан» деген терең ұғымды тудырады. Отанды сүю дегеніміз -туған жер мен сол елді мекендеген халыққа деген сүйіспеншілік болып табылады. Осы екі сезім бір-біріне қосылып, оны күшейте түседі. Отаншылдық (патриотизм) - - өте күрделі сезім, соның арқасында адам өзін үлкен біртұтас елдің ажырамас бір бөлшегі ретінде сезінеді. Олай болса, ол оның жетістіктері мен қателіктеріне – бәріне де ортақ. Отанды сүю дегеніміз - елге жақсылық тілеп қана қоймай, өз үлесіңді белсенді түрде мейлінше соның гүлденуіне қосу. Отанды сүю дегеніміз - тек қана өз ұлтыңды ғана емес, сонымен қатар осы елде тұрып жатқан басқа үлттар өкілдерін сүю, оларды жаттатпау болып табылады. Өйткені олар да біздің мемлекетіміздің гүлденуіне атсалысып, бізбен бірге өз тағдырын бөлісуде. Қазақ халқы осы мемлекеттің негізін құрағаннан кейін, бүл мәселеге аса жауапты түрде қарауы керек.
Сонымен қатар Отанды сүюге «жақсымызды асырып, жаманымызды жасырайық» деген ұран жараспайды. Отанын шын сүйетін адам елдің кемшіліктеріне қамығып, оларды әшкерелей біледі. Өкінішке қарай, бүгінгі таңдағы ұлттық өзіндік сын ұлы Абайдың заманындағы сыннан да төмен дәрежеде тұрғаны көпшілікке мәлім. Орынсыз қомпиып, өз-өзімізді мақтай бергенімізден еш нәрсе шықпайды. Өркөкіректік, тайыздық, асырасілтеушілік, шыдамсыз отансүйгіштік те жаксылыкқа әкелмейді. Мұндай қасиеттегі адамдарға қиын-қыстау заманда толығынан сену де - қиын шаруа. Нағыз Отанын сүйетін адамдар көп жағдайда оны үнсіз сүйеді.
Отанын сүйетін адам өз елінің аянышты тарихын да жақсы біліп, өз жүрегінен өткізіп, тарихтағы болған окиғаларды өз өмірінде болған сияқты дәрежеде сезінеді. Сонда ғана ол халықтың болашағына ұқыпты қарап, оның қойнауында болып жатқан, бір қарағанда байқалмайтын үрдістерді аша алады.
Осы сәтте біз кейбір ауқатты әлеуметтік топтар, біршама жастар арасында кең тараған өмірлік бағдарлауға тоқталсақ дейміз. Ол - тек болашақты ойлап өмір сүрсең, соңында көрдің алдына келесің. Сондықтан казір және тап осы жерде өмірден ләззат ала біл деген соңғы жылдары пайда болған қағида. Мұндай қағиданың пайда болуының негізінде біршама себептер жатыр.
Біріншіден, бұрынғы Кеңес қоғамының шеңберіндегі «болашақ коммунизм» жөніндегі идеология жалғандығының әшкереленуі.
Екіншіден, Батыс «бұқара мәдениетінің» тұрпайы туындыларының тигізген және қазіргі уақытқа дейін тигізіп жатқан әсері.
Үшіншіден, тарихи кезеңнің ерекшелігіне байланысты кейбір адамдардың тез арада баюы, жеңіл жолмен келген ақша буының әсері дер едік.
Әрине, өмірдің әр сәтін бағалап, тиімді пайдалану керек. Сонымен қатар болашағын ойламаған адам жаз айында бір гүлден екіншісіне қонып, күздің келетінін байқамайтын көбелекке ұқсар еді. Екінші жағынан, мұндай өмірге деген көзқарас адамның саналы пенде ретіндегі абыройы мен ар-намысын аяққа басады дер едік. Өйткені қай ел болашақ ұрпақтарын ойламайды? Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе - тоталитарлық қоғам кезінде ластанған жер, су, ауаны тазарту болмақ. Болашақ ұрпақтар радиация, тұзды ауызсу, түтін ауаның не екенін тарихи фильмдерден ғана көрсе екен деп тілейік. Екіншіден, кең түрде алынған ұлттық дәстүрді болашақ ұрпақтарға жеткізу мәселесі. «Болашақта ұлттық мәдениет түрлері қоғам өмірінің сыртқы шеңберіне ысырылып, мұражай экспонаттарына айналады да, батыс «масс-медиа» жасаған бұқараға арналған туындылар үстем болады», -деген «батысшылардың» қара пейіл болжамдары іске аспауы керек. Ол үшін жас ұрпақ білімді, өмірге белсенді қатысатын, өз мәдениетін қорғай алатын нағыз отаншыл азамат болуы тиіс.
Отанын сұйген азамат білімі мен мәдени дәрежесі өскен сайын бүкіладамзаттың жетістіктеріне қуанып, сәтсіздігіне ренжиді, өз халқының өмірінің адамзат тағдырымен тығыз байланысты екенін байқайды (жаһандану үрдістері). Сонымен ол бүкіладамзатты сүю дәрежесіне көтеріледі. Өз жерін шын сүйген азамат бүкіл тіршілікті дүниеге әкелген Планетамызды, оған өзінің бітпес күш-қуатын төгіп тұрған жүлдыз Күнді, бүкіл Галактиканы өзін сияқты сезініп, «Ұлы мәртебелі Табиғатқа» осы ғажап болмысқа -Өмірге - әкелгені үшін шексіз алғысын айтудан қажымауы керек. Ал егер адам Құдайға сенсе, өзінің Соған деген махаббатының арқасында Оны өз жүрегінен табуы әбден мүмкін.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   212   213   214   215   216   217   218   219   ...   231




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет