Оқулық баспа Философия тарихы Болмыс ілімі (Онтология) Эпистемология(Таным мәселелері) Әлеуметтік философия



бет5/231
Дата23.12.2022
өлшемі5,05 Mb.
#164080
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   231
Байланысты:
философия Серик Мырзалы

Философияның пәні Дүние мен адам арасындағы жүйедегі шегіне жеткен ең жалпы байланыстар мен қатынастар жиынтығын құрайды. Бұл ең жалпы жақындағанда ғана. Бұл қатынастар мен байланыстарды әрі қарай сараптап тереңдетсек, онда оның көпқырлылығын көреміз.
Ең бірінші философия пәнінің метафизикалық онтологиялық қыр-сырын атап өтуіміз керек (оntos - грек сөзі, барлық, болу; lоgos - ілім, болмыс жөніндегі ілім). Оған мынандай сұрақтарды жатқызуға болар еді. Дүниенің негізінде не жатыр? Ол шектелген бе, я болмаса шексіз бе? Мәңгілік, я уақытша ма? Дүниенің өмір сүруінің ішкі мақсат-мұраты бар ма, ол не үшін жаратылған? Адамзат не үшін жаратылды? Адам болмысының мәні неде? Қоғам болмысын анықтайтын заңдар бар ма? т.с.с.
Философия пәнінің екінші үлкен мәселелері ол оның гносеологиялық жақтары (gnоsis - грек сөзі, тану, білу). Оған мынандай сұрақтарды жатқызуға болар еді. Біз кімбіз және дүниедегі алатын орнымыз қандай? Адамның ақыл-ойы мен зердесінің табиғаты неде және ол Дүниенің ішкі сырын аша ала ма? Ақиқат, шындық дегеніміз не? Сезімдік пен ақыл-ойдың арақатынасы қандай? т.с.с.
Философия пәнінің ажырамас мәселелерінің бірі - ол оның аксиологиялық, яғни құндылық жақтары, құндылық әлемін сараптау. Адам өмірі мән-мағынасының даму бағытын анықтауда философияның алатын орны мен қызметі ерекше. Осы тұрғыдан алғанда, философияда мына сұрақтар бар: шындық, әсемдік, ізгілік дегеніміз не? Адам өміріндегі еріктік, әділеттілік, теңдік, жақсылық, өлшем, парасаттылық, кұндылықтар қандай орын алады? т.с.с.
Философия пәнінің келесі жағы - ол оның праксеологиялық, прагматикалық мәселелері (рrасtісоs - грек сөзі, белсенді, іс-әрекетшіл; ргаgmtоs - грек сөзі, іс-қимыл). Өйткені адам Дүниені тану барысында тек қана оны ой-өрісімен қамтып қана қоймай, өз іс-әрекеттерімен түйістіріп, Дүниеде бұрын-соңды болмаған жаңа нәрселерді, құбылыстарды тудырады. Кең түрде алғанда, философияның праксеологиялық мәселелеріне бүкіл адамзат тарихындағы материалдық және рухани өндірістегі жетістіктері мен тәжірибесі, соларға жеткізген сан алуан адамдардың табиғатпен және өз-өздерімен байланыстары мен іс-әрекеттерін жатқызуға болады. Адам, әлеуметтік топ, я болмаса қоғамның дүниетанымы, дүниені түйсінуі мен оның іс-әрекет белсенділігінің байланысы қандай? Адамның іс-әрекетіне түрткі болатын оның қажеттіліктерінің табиғаты неде? Мақсатқа лайықты іс-әрекет деп нені айтамыз? Адамның іс-әрекетінде мақсат-мұрат пен соған жеткізетін құралдардың арақатынасы қандай? Адам өзінің іс-әрекеттерінен шығатын Дүниеге тигізетін барлық салдарды ескере ала ма? Дүниені адамзат қаншалықты өзгертуі керек және де сол өзгертуде қоғам мен басқа тіршіліктің арақатынасы қандай болмақ? т.с.с. сұрақтар философияның праксеологиялық мәселелеріне жатады.
Ең соңында біз философия пәнінің ең нәзік, күрделі, терең ой, телегей-теңіз сезімдер, рухани толғау тудыратын жағын атап өтуіміз қажет. Ол Дүниені өзін-өзі танып-білу дәрежесіне көтерген ең әсем күш - адам.
Адам мәселесі әсіресе XX ғасырдағы ойшылдардың философиясында аса үлкен орын алды. Адам кім? Ол рух па, я болмаса дене ме? Ол не үшін Дүниеге келді? Адамның басқа тіршіліктен айырмашылығы қандай? Адам өмірінің мән-мағынасы неде? Ол өлімнен аттап өтіп, өлместікке жете ала ма? Адам ғарышта жалғыз ба, я болмаса басқа рухани пенделердің біреуі ғана ма? т.с.с. сұрақтар философия пәнінің антропологиялық жағын көрсетеді.
Орта ғасырдың ғұлама ойшысы А.Августин айтқандай, «адамның өзі Дүниедегі орасан тұңғиық, оның сезім толқыны мен жүрек тебіренісін есептеу адамның басындағы шашты есептеуден де қиын». Адамды микрокосм (кіші ғарыш) ретінде макрокосмға (үлкен ғарыш) теңеген ертедегі грек ойшылдарының ойында үлкен сыр жатса керек.
Әрине, философия пәнінің жоғарыда көрсетілген жақтары бір-бірімен өте тығыз байланысты болып, белгілі біртұтас жүйені құрайды. Сонда ғана біз күрделі адам мен дүние арасындағы ең жалпы қарым-қатынастарды толыққанды суреттей аламыз.
Алайда әрбір адамның философияны оқып-білудегі, әсіресе оны зерттеудегі ерекше бір салаға деген қызығушылығы болуы мүмкін. Әлбетте, солай болады да. Мысалы, жаратылыстану ғылымдарының өкілдері көбінесе болмыс философиясына (онтология), тәрбие мәселелерімен айналысатындар адам және құндылық философиясына (философиялық антропология мен аксиология), логика және математика салаларының өкілдері таным философиясына (гносеология), өндіріске жақын әртүрлі техникалық мамандар иесі іс-қимыл философиясына (праксиологиялық философия) ерекше көңіл бөлуі мүмкін. Өйткені атап өткен философия салалары олардың мамандығына, білім ерекшелігіне сай келеді. Бірақ, мұның өзі философияның басқа салаларын да ешқашанда естен шығармай, әрқашанда олардың өзара бір-бірімен байланысын мен біртұтастығын ескеріп отыруды талап етеді. Сонда ғана біз философиялық ой-өрістің шеңберінде боламыз. Егерде біз философияның белгілі бір саласын толығынан бөліп алып карасақ, онда ол бірте-бірте жеке ғылымдар саласына қарай жылжып, өзінің философиялық қасиеттерінен айырылып, жеке ғылымдар саласымен сіңісіп кетуі мүмкін. Философия өз-өзін сақтап қалуы үшін, «Адам мен Дүниенің» шегіне жеткен ең жалпы қарым-қатынастарының шеңберінде әрқашанда болуы керек. Бүл философияның ерекшелігі оның негізгі мәселесін шешу арқылы анықталады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   231




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет