Оқулық баспа Философия тарихы Болмыс ілімі (Онтология) Эпистемология(Таным мәселелері) Әлеуметтік философия



бет97/231
Дата23.12.2022
өлшемі5,05 Mb.
#164080
түріОқулық
1   ...   93   94   95   96   97   98   99   100   ...   231
Байланысты:
философия Серик Мырзалы

§ 2. Француз ағартушылары
Дүниежүзілік философия тарихында француз ағартушыларының орны ерекше. Бұл философиялық-саяси бағыттың негізін қалаған Вольтер мен Монтескье болды. Олардың еңбектері француз агартушыларының екінші буынының қалыптасуына зор әсерін тигізді. Оларға Ламетри, Дидро, Кондильяк, Руссо, Гольбах сияқты ойшылдар жатады.
Француз ағартушылары философияның деңгейін өте биік дәрежеге көтерді. Адамзатты тебірендіретін барлық мәселелер философиялық зерде тұрғысынан шешілуі қажет, бұл - олардың негізгі қағидасы. Ой еріктігі бұрын-соңды болмаған дәрежеге көтерілді: дін, табиғатты түсіну, қоғам, мемлекеттің құрылымы мен басқарылуы – бәрі де үзілді-кесілді сыннан өтті, бүкіл бұрынғы қалыптасқан көзқарастардың көпшілігі теріске шығарылып, Дүниеге деген жаңа таным қалыптаса бастады.
Француз ағартушыларының еңбектерінде табиғат жэне ондағы адамның орнына деген материалистік көзқарас қалыптаса бастады, әсіресе олардың әлеуметтік-саяси көзқарастары сол кездегі қоғамдағы ахуалға өзінің зор әсерін тигізді. Егер ағылшын ағартушыларының көбі король билігін жактап, я болмаса аристократияны колдаса, француз ойшылдары феодалдық тәртіпке үзілді-кесілді қарсы шығып, саяси-құқтың мәселелерді күн тәртібіне ашық та айқын қоя білді.
Монтескьенің философиялық көзқарастары
Шарль Луи де Монтескье (1689-1775 жж.) француз ақсүйектерінің семьясында дүниеге келеді. Сол кездегі беделді оқу орындарында оқып, білім алады.
Негізгі еңбектері: «Персиялық хаттар», «Заңдардың рухы жөнінде», «Римдіктердің өрлеуі мен құлдырауының себептері».
Өзінің ең алғашқы «Персиялық хаттар» атты еңбегінде Монтескье монархиялық тәртіпті, ақсүйектердің дүние шашуын, діни қызметкерлердің екіжүзділігін айыптап, сынға алады, оларды Шығыстағы «Азиаттық деспотиямен» салыстырады.
Әсіресе ол христиан дінін қатты сынайды. Христиан діні сүйіспеншілік діні болуға тырысқанымен, өзінің тарихында талай-талай қақтығыс пен соғыстарды әкелді. Христиандарда ақылға сыймайтын мәселелер көп: оларға үш бірмен тең, жеп отырған нандары - нан емес, ішкен шараптары - шарап емес т.с.с. Бірақ ол христиан дінін сынағанмен, Құдай идеясын толығынан теріске шығарған жоқ. Ол бұл мәселе бойынша деистік көзқараста болды. Құдай өзінің құдіретті күшінің негізінде табиғатты және оның заңдылықтарын тудырды, ал содан кейін Ол табиғаттың әрі қарай өмір сүруіне килікпейді. Екіншіден, ол дінге гуманистік-өмірлік бағыт бергісі келді. Мысалы, оның ойынша, егер Құдай дінді адамдарға ізгілік үшін берсе, онда адамдардың осы Дүниедегі бақытқа ұмтылуы күнә емес. Егер Құдай адамдарды сүйсе, онда адамдар да бір-бірін сүюі керек, бір-біріне бақытқа жету жолында көмектесуі қажет.
Монтескье өз заманының күрделі мәселелерін терең түсіну үшін адамзат тарихына үңіліп, «Римдіктердің өрлеуі мен құлдырауы жөнінде» деген еңбегін жазады. Мұнда оның тарих философиясын байқаймыз. Ол тарихты діни жолмен түсіну (христиандық провиденциализм), я болмаса оны нешетүрлі кездейсоқтық уақиғалардың жиынтығы ретінде қараудан бас тартады. Оның ойынша, «әрбір мемлекеттің өрлеуі мен құлдырауының, күшеюі мен әлсіреуінің жалпы рухани және физикалық себептері бар».
Көне замандағы Римдіктердің өрлеп, күшеюін Монтескье азаматтық құндылықтардан, адамдардың өздерінің жеке мүдделерінен гөрі қоғамның жалпы мүддесін жоғары қойып, соны жан-тәнін салып қорғауға тырысқанынан көреді. Ал мұндай патриоттық, азаматтың құндылықтардың өзі саяси бостандықтың, республикалық басқару жүйесінің болуымен байланысты.
Монтескьенің «Заңдардың рухы жөнінде» деген еңбегінде ойшылдың әлеуметтік-философиялық көзқарастарын байқаймыз. Қоғамның өмір сүруі мен дамуын Монтескье заңдардың сапалығымен байланыстырады. Егер белгілі бір қоғамның ерекшелігін түсінгіңіз келсе, онда сол елдегі қабылданған заңдарды зерттеңіз. Қоғам жөніндегі мұндай түсінікті жүре келе ғалымдар «заңдық көзқарас» деп атап кетті.
Монтескье қоғамдағы заңдарды екіге бөледі. Біріншіден, ол «табиғи заңдар», олар адамның биологиялық табиғатынан шығады. Екіншіден, әлеуметтік заңдар.
Табиғи заңдардың негізгісі - өмір сүру, ол үшін азық табу керек. Егер Т.Гоббс ол үшін адамдар тартысқа түсіп, «бәрі бәріне қарсы соғысады деген болса, Монтескье, керісінше, жалғыз адам әлсіз болғандыктан баскалардан көмек іздейді, басқалармен бейбіт өмір сүруге тырысады деген пікірге келеді. Сонымен біз Монтескьенің адам алғашқы сатысынан бастап, әлеуметтік пенде болды деген ойда болғанын көреміз.
Қоғам өміріндегі қайшылықтардың пайда болуының негізінде адамның басқалардың есебінен пайда табу ұмтылысы жатыр. Ал мұның өзі адамдардың қарым-катынасын заңмен ретке келтіру керектігін туғызып, дүниеге мемлекет келеді.
Монтескье құктың үш түрін анықтайды. Бірінші, халықаралық құқтар - мемлекет, халықтар арасындағы қарым-қатынастарды ретке келтіреді.
Екінші, саяси құқтар - мемлекеттегі басшылар мен халықтың арасындағы қатынастарды ретке келтіреді.
Үшінші, азаматтық қүқтар - адамдардың өзара қатынастарын ретке келтіреді.
Монтескье мемлекетті басқарудың үш түрін анықтайды. Олар республика, монархия және деспотия.
Деспотиялық басқару ешқандай заңдылықты мойындамайды. Оның өзі елді бақытсыздыққа әкеліп, неше түрлі зорлық-зомбылыкка жол береді.
Республикалык басқару саяси заңмен бекітілген бостандыктардың негізінде іске асады.
Монархиялык басқару жүйесі жоғарыда көрсетілген басқарулардың екі ортасында орналасқан.
Монтескьенің саяси философиясындағы жасалған және бүгінгі таңға дейін өзекті жаңалығы - ол мемлекет билігін бөлу идеясы.
Шынайы саяси бостандық болу үшін республика, я болмаса монархия басқару жүйесінде заң беру, атқару және сот биліктері бір-бірінен бөлінуі қажет.
- Ал енді «заңдардың рухына» келер болсақ, олардың әрбір елдердегі ерекшеліктері көп жағдайлармен байланысты. Олар: жердің құнарлығы, ауа райы, таулы-жазықтығы, әдет-ғұрыптар, діни сезімдер, халықтың саны мен материалдық хал-ахуалы, заң берушілердің мақсаты, саяси биліктің, елдегі жалпы тәртіптің көріністерімен байланысты, - деп қорытады ұлы ойшыл.
Мұндай көзқарасты әдебиетте «географиялық детерминизм» (себептілік) деп айтады. Өйткені жоғарыда көрсетілген жағдайлардың ішіндегі негізгілері деп, ол «жердің құнарлығын, ауа райын және таулы-жазықтығын атайды.
Мысалы, ыстық ауа райы адамдарды әлсіретіп, енжар қылады, ал суық ауа райы ой мен дененің күшеюіне, олардың өмірге деген қажырлы еңбегіне, ұлы істерді жасауға мұмкіндік береді. Сондықтан ыстық ауа райында өмір сүретін халықтар құлдыққа келді де, суық жерде өмір сүретін халықтар өздерінің бостандығын сақтап қалды, - деп ойлайды Монтескье. Әрине, бүгінгі таңдағы адамдар мұндай көзқарасқа күлкілі көзбен қарауы әбден мүмкін.
Дегенмен қоғамның дамуында географиялық жағдайлармен санаспаудың өзі, таза технократиялық көзқарастар қандай салдарларға әкелетінін біз бүгінгі таңда ауылдағы осы уақытқа дейін жүргізілген реформалардың теріс жақтарынан көріп отырмыз.
Кең түрде алғанда, біздің ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдар бойы көшпенділік өмір салтын ұстауының өзі (жаңа дәуірге дейін) сол айнама қоршаған ортаға байланысты болатын. Әрине, Жаңа дәуір тарихқа келіп, машиналық техника пайда болған кезде, көшпенділік өмір салты мүмкіншіліктері саркылып, қазақ халқы жаңа өмір құндылықтарына өтуге мәжбүр болды.
Монтескьенің ойынша, жоғарыдағы көрсетілген жағдайлармен қатар, жер көлемі және оның таулы-жазықтығы да қоғамның саяси бітіміне өзінің зор әсерін тигізеді. «Біріншіден, таулы елдер көлемі жағынан үлкен бола алмайды. Ал кіші елде азаматтар Қоғамдық мәселелерді талдап шешіп, кабылдауға жиі қалыптасады. Ал орта көлемді елдерде көбінесе монархиялық басқару жүйесі орнайды. Жері жазык және өте көлемді елдерде деспотиялык басқару жүйесі кажет, өйткені тек күш жұмсау мен корқыту арқылы ғана алыста жатқан елдерді орталык билікке көндіруге болады», -деп қорытады Монтескье.
Әрине, біз ұлы ойшылдың географиялық факторлардың қоғам өміріне деген рөлін асыра көрсеткенін байқаймыз. Бірак бұл көзқарастар өз заманының мәселелерін жанаша түсінуде, діни түсініктерге тойтарыс беруде кеңінен пайдаланылды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   93   94   95   96   97   98   99   100   ...   231




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет