Серік Мырзалы
ФИЛОСОФИЯ
Оқулық баспа
Философия тарихы
Болмыс ілімі (Онтология)
Эпистемология(Таным мәселелері)
Әлеуметтік философия
Жаhандану және тәуелсіз Қазақстан
Алматы,2008
ББК 87.21
М91
Оқу құралына пікір жазғандар
Ғабитов Т.Х.- философия ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ
Ұлттық унивеситетінің профессоры
Cабит Мұрат- философия ғылымдарының докторы, Абай атындағы Ұлттық
Педагогикалық унивеситетінің кафедра меңгерушісі,профессор
М91Мырзалы Серік. Философия.-Алматы: «Бастау»,2008.
М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясы және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық унивеситетінің оқу-методикалық кеңестерінің шешімімен баспаға ұсынылды
ISBN 9965-814-7
Оқулықта философияның өзіндік санасы –тарихы талданған. Философияның негізгі тарауы болып саналатын «Болмыс» ұғымына талдау асалып, оны нақтылай түсетін басқа да категориялардың мазмұны, методологиялық мән-мағынасы қарастырылған. әлеуметтік философия мен таным мәселелеріне де көңіл бөлінген. Әр тараудың соңында оқырманның өз-өзін тексеруге арналған сұрақтар, рефераттар тақырыптары берілген.
Студенттер мен аспиранттарға, жалпы философиямен әуестенетіндерге арналған.
ББК87.21
ISBN 9965-814-7
Мырзалы С.Қ.,
Авторлық құқық заңмен қорғалған
All rights are reserved.
I тарау. Мәдениет аясындағы философия және оның адам мен қоғам өміріндегі алатын орны
§ 1. Дүниеге көзқарас және оның тарихи формалары
Адам басқа тіршіліктерге қарағанда ерекше пенде: ол өзін бүкіл Дүниеден бөліп алып, оған қарсы қоя алады. Менің осы Дүниедегі орным қандай? Мен бұл өмірге не істеу үшін келдім? Адамды Құдай, я болмаса «Ұлы мәртебелі Табиғат» неге жаратты? Бұл Дүниені адам танып, түбіне жете алар ма екен? Мені жағалай қоршаған табиғат неге шексіз, әртүрлі және сондай әсем? Ертең-ақ бұл әсем Дүниені өлер шағымда қалайша қиып кетемін? Егер мен бұл Дүниеге уакытша ғана келсем, онда бұл өмірдің мәні неде? деген осындай және мыңдаған басқа сұрақтар адамның ойына оқтын-оқтын келеді. Әрбір адам өзінің ой-өрісі, өмірден алған тәжірибесі, жалпы мәдениетінің деңгейіне қарай бұл сауалдарға жауап беріп, өзіне тән дүниеге деген көзқарас қалыптастырады.
Алайда қайсыбір Дүниеге деген көзкарасты философияға жатқызуға болмайды, өйткені соңғыға тек қана абстрактілік ой-өріс дамуының негізінде Дүниені ұғымдармен бейнелеу түрі жатады (аbstігасtіо - латын сөзі, ой арқылы заттың, құбылыстың әртүрлі жақтарын бір-бірінен бөліп алып қарау). Олай болса, философия -Дүниеге деген дамыған көзқарас түрі.
Тарихи дүниеге деген көзқарастың тұрпайы түрі алғашқы қауымдық қоғамның шеңберінде Дүниеге келеді. Оны біз мифология дейміз (mithos - грек сөзі, баян, аңыз, logos - грек сөзі, ілім деген мағына береді).
Миф - табиғат, қоғам және адам жөніндегі алғашқы тұрпайы фантастикалық түсініктер (рhantasia- грек сөзі, қиял, елес). Алғашқы қауымдық қоғамдағы әлеуметтік дамудың тым төмендігі, адамның табиғаттың әртүрлі күштеріне қарсы тұра алмауы, сонымен қатар өзінің өмірге деген қажеттіктерін өтеу жолындағы сол табиғат құбылыстарын сезіну және тусіну іңкәрі - мифтердің Дүниеге келуінің қайнар көзі болып табылады.
Әрбір халық өзінің дүниеге келу жолында әртүрлі мифтерді ойлап шығарды. Дүниенің пайда болуы мен тәртібі, жақсылық пен жамандық, көркемдік пен түрсіздік, адам өмірінің мәні мен құндылығы т.с.с. сұрақтардың жауаптары халықтар аңыздарында әртүрлі дәрежеде берілген. Ол жағалай коршаған табиғаттың ерекшелігіне және соған сәйкес қалыптасқан халық тіліне байланысты болса керек.
Бірақ тереңірек қарасақ, әртүрлі халықтардың дүниеге қойған сұрақтары, ізденістерінің бір-біріне ұқсас жақтарын да көруге болады. Олар: Дүние қалай пайда болды? Кім адамды тудырды? Адам неге өледі? Адамдардың сөйлейтін тілдері неге әртүрлі? Аспан мен жер неге бір-бірінен бөлінген? т.с.с.
Әрине, бұл сұрақтарға берілген жауаптар бүгінгі адамдарды қанағаттандырмайды, оған ол тұрпайы болып көрінеді, өйткені мифтерде табиғаттың құбылыстары сиқырлы күштер арқылы түсіндіріледі. Мифтер - адамзаттың «балалық тарихындағы» туындылары. Сол кездегі адамдар мифтердегі айтылатын сиқырлы күштерге өзінің ықпалын тигізе алатынына кәміл сенді. Сонымен олар жағалай қоршаған ортаны, табиғаттың зор күштерін қиялдық жолмен түсінуге және игеруге тырысты..
Жалпылай келе, әртүрлі халықтардың мифтерін белгілі бір топтарға бөлуге болады. Мифтердің ең үлкен бөлігінін бірі космогониялық (kosmos - грек сөзі, әлем, genesis- грек сөзі, дүниеге келу, пайда болу) аңыздар. Оларда көбінесе Дүниенін алғашқы жағдайы хаос (сһаоs - грек сөзі, шексіз шашылған бытыраңқы дүние) арқылы көрсетіледі. Сиқырлы құдіретті күштің іс-әрекеті арқылы хаос жер мен көкке бөлініп, Дүниеге тәртіп келіп, әртүрлі табиғаттың құбылыстары дүниеге келеді.
Дүниеге деген жалған көзқарас ретінде мифтің қандай ерекшеліктерін атап өтуге болады?
Біріншіден, миф алғашқы пайда болған қоғамдық сананың формасы ретінде өзінің ішінде болашақта дүниеге келетін өнер, дін, саясат, мораль сияқты құбылыстардың элементтерін бойында сақтайды. Сондықтан мифті ғалымдар коғамдық сананың синкретикалық түрі деп есептейді (synkretismos- грек сөзі, қосылған, араласқан, бөлінбеген деген мағына береді).
Екінші ерекшелігі-мифтегі адам мен табиғаттың бірлігі, жағалай қоршаған ортаны антропоморфизациялау, адамның өзіндік мәндік қасиеттерін бүкіл табиғатқа таратуы, табиғаттың құбылыстары мен заттарын олардың адам сияқты жаны, ойы, сезімі, іңкәрі бар деп түсінуі. Мысалы, жерге нәр беретін аспаннан жауған нөсердің мифте Құдайлардың жыныс қатынасынан шығатыны жөніндегі қияли ойлары.
Үшіншіден, мифте әлі ғылыми ұғымдар жоқ, онда қоршаған орта, әлеуметтік қатынастар көркем сөз арқылы бейнеленеді.
Әлемнің пайда болуы жөнінде кейбір Шығыс халықтарының аңыздарында антропоцентрлік көзқарас та кездеседі (antropopos- грек сөзі, адам, sentrum - латын сөзі, орта, әртүрлі катынастардьң бір жүйеге қосылатын нүктесі). Бұл мифтер: «Дүниеден бұрын алғашқы еңгезердей адам болған, ал ол өлген кезде оның денесінен Дүние жаратылады», - деген пікір айтады.
Көне заманда күн мен ай, аспан мен жұлдыздар жөніндегі аңыздар адамдардың өмірінде кең орын алған. Күннің сәулесінің жер бетіндегі тіршіліктің өміріне тигізетін шешуші рөлі сол заманда-ақ анықталып, Күн Құдайы негізгі табынатын кұдайлардың біріне айналған. Сонау көне заманда пайда болған дөңгелек күнге ұқсатылып жасалған. Мысалы, біздің ертедегі бабаларымыз аспанға (тәңір, қытайша - тян) табынып: «Жер мен тіршілікті, адамды жаратқан сол аспан Құдайы», - деп есептеген.
Жағалай қоршаған ортадағы өзгерістер, кайталау үрдістері, жыл маусымдарының, күн мен түннің ауысып отыруы, жер сілкіну, дауыл, топан су, т.с.с кұбылыстар көне мифтерде жұлдыздар мен планеталардың орналасуымен, солардың ықпалымен түсіндірілді. Аспандағы жұлдыздардан тұратын фигуралар жердегі ахуалды, болашақта болатын оқиғаларды анықтайды, деп есептелді. Бүгінгі астрологиялық болжамдар (astron - грек сөзі, жұлдыз) сол көне замандағы пайда болған мифтерге сүйенеді.
Көп халықтардың мифтерінде ерекше орынды әйел Құдай алады (қазақтың Ұмайы, гректердің Деметрасы, т.с.с). Әйел Құдай -құнарлықтың, жер бетіндегі тіршіліктің әміршісі. Ол — аңшыларға сәттілік әкелетін, жер мен мал шаруашылығында мол өнім тудыртатын Құдай.
Әлемдегі Құдайлар мен адамдардың қарым-қатынастарына арналған мифтердің де орны бөлек. Ертедегі халықтардың мифтерінде әрбір табиғат құбылысын тудыратын өз Құдайлары болды. Мысалы, үнді халқы өз мифологиясында 3000-нан аса Құдайлардың бейнесін жасады. Құдайлар грек мифологиясында да өте көп.
Біріншіден, Құдайлар мәңгілік жандар, ал адам болса уақытша Дүниеге келеді. Өйткен себебі - Құдайлар алғашқы мәңгілік табиғат заттарынан жаратылған, ал адам болса ол — бір мифтерде Құдайлардың саздан жаратқан пендесі, екіншілерде Құдайдың сөзінен пайда болған. Бірақ, дегенмен кайсыбір миф адамға егер сол адам өзінің ізгі өмірімен, тазалығымен құдайлардың мейірімін туғызса кішкентай да болса мәнгілік өмір сүру мүмкіншілігін қалдырады.
Екіншіден, аспандағы Құдайлардың өмірі жердегі адамдардың өміріне өте ұқсас. Құдайлар да адамдар сиякты күледі, жылайды, қуанады, өкінеді, ғашық болады, т.с.с. Оны біз мифтегі социоморфизациялаудың нәтижесі деп түсінуіміз керек (societas- лат. сөзі, қоғам, morphe - грек сөзі, форма, түр).
Әрине, мифтердің пілдей бөлігі - батырлар хиқаялары (Қобыланды, Шора, Алпамыс, т.с.с.). Батырлар - бұрынғы заманда өмір сүрген бабалар, олар ездерінің өжеттігімен, зор күш-қуатымен ерекше бейнеленеді. Олар өздерінің ғажап істерімен халыққа жасаған ізгі жақсылықтары арқылы адамдарды неше түрлі қиындықтардан аман-есен алып шығып, бақытты өмірге жетелейді.
Мифологиядағы тағы бір ерекшелік - ол адамның жан дүниесін, сезімдерін ерекше Құдайдың іс-әрекетінен шығаруы. Бұл сонау көне заманда пайда бола бастаған діннің, адамның өз ішкі рухани өміріне үңіліп, таным жолына қоя бастағанының кепілі болып табылады. Мысалы, грек мифологиясындағы кейіпкерлер ғашық сезіміне шомылса, ал Афродита: «Ғашықтық - Құдайдын ісі», - деп түсінеді. Егер еске түсіру Құдайы - Мнемосина көмек берсе, адам есіне өткен оқиғаларды түсіреді, егер Муза Құдайлары көмектессе, онда адамға шабыт бітіп, ол өнерде шығармашылық туындыларын жасайды.
Сонымен мифология, қай халық болмасын, оның мәдениетінің түп нұсқасы ретінде бүгінгі заманға дейін сақталып, қазіргі жазушылар мен күйшілердің, мүсіншілер мен өлеңшілердің шабыт қиялын оятып, шығармашылығына зор әсерін тигізеді. Және әр заманның өкілдері мифтегі мазмұнға өз уақытына сәйкес баға беріп, осы уақытқа шейін ашылмаған сыр іздейді. Мысалы, Прометей жөніндегі мифті алсақ, ол Зевсті алдап, адамдарға от әкеліп, онын қалай пайдалану керектігін түсіндіріп, әртүрлі қол-өнерге үйретті. Өз еркіне көнбегені үшін Зевс оны Колхидадағы биік таудың тасына шынжырлап тастады. Күндіз үлкен бүркіт келіп, оның бауырын шұқып жейді, ал түнде оның бауыры бұрынғы қалпына келіп үлгіреді, келесі күні бүркіт тағы да ұшып келеді... Тарихтағы Ренессанс дәуірінен бастап осы уақытқа шейін Прометей кейпі өнер адамдарының, философия, әдебиет қайраткерлерінің шығармаларында әртүрлі ойларды туғызып отыр (renaissance - француз сөзі, қайта туу). Солардың басымы Прометейді адамды сүюдің, риясыздықтың, ізгіліктің, ержүректіктің нышаны десе, соңғы кездегі адамзаттың экологиялық дағдарысқа келіп тірелуі, рухани азғындауы Прометейдің кейпіне кейбіреулердің керісінше қарап, оны Құдайдың көрсеткен алғашқы жолынан тайдырушы, тәкаппарлықтың белгісі деп түсінуде.
Келесі гректің Сизиф жөніндегі мифін алсақ, (Sisyphus-латын сөзі, адамның аты), онда оған берілген Құдайдың жазасы: үлкен тасты домалатып, таудың басына шығарып орнату керек. Бірақ ол тас таудың басында орнықпай төменге қарай домалап кетеді. Ал Сизиф болса тағы да төменге түсіп, оны жоғарыға итеруге тиіс... Бірақ XX ғасырда өмір сүрген француз ойшысы А.Камю, бұл гректің мифінен адамның Құдайдың өзіне парапарлығын байқаған. Күнбе-күн үлкен тасты таудың басына шығарып, қайта-қайта төменге домалаған тасқа бара жатқан шағында ол көкке көз жіберіп, Құдайдың әділетсіз жазасына қанша қиналса да, өзінің көнбегенін көрсетеді...
Бүгінгі өмірде ғылым мен техниканың, гуманитарлық пәндердің дамуына қарамастан (humanitas - латын сөзі, адамгершілік, адамзат), мифтерге сену, олардың жаңа түрлерін тудыру осы уақытқа шейін жалғасып келе жатыр. Мысалы, адамдардың ғарыштағы басқа саналы пенделерге кездесуге деген бітпес іңкәрі неше түрлі аспаннан ұшып келген тарелкалар жөнінде, ондағы жандардың адамға ұқсас екені, жер қызының ғарыштан келген жігітке ғашық болғаны жөніндегі мифтерді атап өтуге болады. Сонымен бүгінгі таңда, сонау мыңдаған жылдар өткен замандағы сияқты, қазіргі мифтің мазмұнынан біз жоғарыда көрсетілген антропоморфизациялауды байқаймыз.
Әсіресе қазіргі замандағы әлеуметтік-экономикалық қиындықтар, адамның рухани өмірінің өзегін құрайтын құндылықтардың күрт өзгеруі қоғам өмірі жөнінде, билік басында отырған адамдар, олардың отбасылары, өмір салты жөнінде неше түрлі мифтерді тудырып отыр. Әрине, оларды тудыратын - халық, бұл мифтерде адамдардың жақсы өмірге деген іңкәрі, өмірдегі болып жатқан көп әділетсіздіктерді қабылдамауы байқалады.
Уақыт өте келе мифологияның шеңберінен дін бөлініп шықты, сонымен қоғамға дүниеге деген көзқарас, дүние сезімінің жаңа түрі келді. Дін де мифологияға ұқсас синкретикалық табиғатымен, сонымен қатар Дүниені фантастикалық бейнелеуімен ерекшеленеді.
Сонымен қатар бұл кұбылыстардың негізгі айырмашылықтары: мифте шынайы өмір мен қиял бір-бірімен араласып жатса, дінде «бұл Дүние» мен «о Дүние» бір-бірінен анағұрлым алшақ жатыр. Өйткені егер бұл Дүниедегінің бәрі де өтпелі, кемшілікті, өз-өзіне жеткіліксіз болатын болса, о Дүние – мәңгі, әсем, бақытты, жетілген т.с.с.
Дінде ең құдіретті жасампаз –Құдай- табиғаттан жоғары және бөлек тұр. Оны ғылыми жолмен танып-білу мүмкін емес, ол адамға аян арқылы беріледі де, адамның жан дүниесінде терең сенім сезімін туғызады.
Сенім дегеніміз - белгілі бір қоғамдағы уағыздалатын пікірлерге, нәрселерге берілу, олардың шындығын тексеру, я болмаса дәлелдеуді қажет етпеу. Осы тұрғыдан алғанда сенімді екіге бөлуге болады. Олардың бірі -ғылыми сенімдік. Оған қазіргі адамдардың ғылым мен техниканың жетістіктеріне, олардың болашақта адамзат өмірін түбегейлі өзгертетіне сену. Оны философияда сциентизм ия болмаса технократизм дейді (scientiа - латын сөзі, білім, ғылым, teсhnе - грек сөзі, өнер, жасай білу, шеберлік, сrаtоs - грек сөзі, билік).
Достарыңызбен бөлісу: |