Даосизм ағымы
Даосизм бағытының негізін қалаушы - Лао-Цзы (VI-V ғ.б.ғ.д.) «Даодецзин» деген кітапта бұл кісінің айтқан ойларын оның оқушылары мен ізбасарлары IV б.з.д. ғ.ғ. жинақтаған.
Даосизмнің онтологиялық (болмыс) мәселелері
Лао-Цзы философиясының негізгі ұғымы - Дао қытай тіліндегі көп сөздер сияқты, өзінің бойына әртүрлі мағына сіңірген ұғым.
Дао, бір жағынан, Дүниенің қайнар көзі, алғашқы негіз ретінде түсіндірілсе, екінші жағынан ол - аспан заңдылықтары, бүкіл Дүниедегі заттар мен құбылыстар оған бағынышты.
Дүниенің негізінде жатқан Даоны біз: «...мәңгілік, ол өзгермейді, бітімсіз, танылмайды», - дейміз. Оған қаншалықты мұқият қарағанмен, ол көрінбейді, зер қойып тыңдасақ - естілмейді, оған ат қояйық десек, қалай атарымызды білмейміз: оның аты жоқ. Ол - еш нәрсе, бейболмыс. Дао - бүкіл өмірге келетіннің терең қақпасы.
Ал біз өмір сүріп жатқан нақтылы Дүниеге, бізді қоршап жатқан сан алуан заттарға келер болсақ, олардың әрқайсысының аты бар. Олардың бәрі де қозғалыста, өзгерісте, олар уақытпен шеңберленген, яғни бұл Дүниеге келіп, аяғында Даоға айналып мәңгілікке кетеді.
Дао тудырған болмысты, заттар әлемін Лао-Цзы «Де» деген сөзбен береді. Дао заттарды тудырса, Де оларды асырайды. Денелік заттардың бітімін кұрайды, инь мен янның күштері арқылы зат қалыптасады. Сондықтан бұл Дүниеде Даоны құрметтейді, «Дені» бағалайды.
Адам жерге бағынады, жер - аспанға, аспан - Даоға, Дао - өз-өзіне.
Дао – мәңгілік және аты жоқ-ты. Солай бола тұра, оны ешбір бұл Дүниедегі нәрсе өзіне бағындыра алмайды.
Теңізге әр жерден келіп құйылып жатқан кіші-үлкен өзендер сияқты, Дао өзінің бойына Дүниедегі барлық заттар мен құбылыстарды сіңіріп, қайтадан өз бойынан оларды тудырып отырады.
Сонымен Бейболмыс - бірінші, нақтылы дүние, болмыс -екінші. Дүниедегі барлық заттар болмыстан шығады, ал болмыс бейболмыстан туады. Қазақстанның философ-ғалымы А.А.Хамидов атап көрсеткендей, «Шығыс философиясында бейболмысқа креативтік (сrеаtiо - лат сөзі, тудыру) күш беріледі. Сондықтан Батыстағы белгілі тұжырым –«Ex nihilo nigil fit»(жоқтан еш нәрсе тумайды) шығыс ой-пікіріне сәйкес келмейді.Шығыстың ой-пікірінен шығатын тұжырым –«Ex nihilo totum fit»(жоқтан барлығы пайда болады).
Даосизмде дүниенің қайшылығы, қарама-қарсылықтың бір-біріне айналып жатқаны айқын көрсетіліп, адам өзінің жүріс-тұрысында, іс-әрекетінде оны қалай ескеру керектігі айтылады. «Сұлудың сұлулығы білінген кезде, түрсіздік те пайда болады. Жақсылықтың жақсылығы білінген уақытта жамандықта пайда болады... Сондықтан болмыс пен бейболмыс бірін-бірі тудырады, ұзын мен қысқаны бір-бірімен салыстырып қана білеміз, биік пен аласа бір-бірімен майысады, әртүрлі дыбыстар бір-біріне қосылып, гармония (һаrmоnіа - грек сөзі, үйлесімді) тудырады. «Қарама-қарсылыққа айналу даоның қозғалысы». «Мінді мінсіздікті сақтайды». Бұл бос сөз бе? Ол адамның жетілуінің жолын көрсететін қағида. Сондықтан қиындықтан өту үшін жеңілден бастау керек, ұлы нәрсе кішіден басталады, көп нәрсе аздан тұрады, бақытқа жету үшін бақытсыздықтан өту керек... кім көп жинаса, соншалықты көп жоғалтады. Кім өлшемді сақтаса, сәтсіздікке ұшырамайды. Кім өз шегін білсе, қауіптен құтылады. Егер жеңілдікті іздесең, қиындықтар өз-өзінен пайда болады».
Даосизмнің жоғарыда көрсетілген нақыл сөздері өзінің терең даналығымен бізді таңғалдырады. Онда Дүниенің терең мәні, адамның өмір сүруіне қажетті қасиеттер көрсетілген. Тек оқы да, бойыңа тоқы. Аз күнде улылық дәрежеге көтерілем деп, беліңді шойыртып алма, күнбе-күн аз-аздап, шаршамай-талмай еңбек ет, сонда ғана белгілі нәтижелерге жетуге болады. Даосизмнің бұл нақыл сөздері жастарға, я болмаса қарапайым адамдарға ғана емес, біздің саяси және экономикалык элитаның кейбір өкілдеріне қандай керек десеңізші!!!
Достарыңызбен бөлісу: |