Лопе де Вегадан кейінгі испан драмасы
ХVІ ғасырдың аяғы мен ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында испан драматургиясы Лопе де Веганың тікелей әсерінде дамыды. Оның дәстүрлерін жалғастырушы бірнеше жазушылар өсіп, жетілді. Олардан Гильен де Кастро, Хуан Руис де Аларкон және Тирсо де Молиналардың драмалары сол дәуірдегі испан әдебиетінде маңызды орынды алады. Гильен де Кастро (1569-1631) ұстазы Лопе де Веганың реалистік принциптерін негізге ала отырып, өз шығармашылығында халық ауыз әдебиеті үлгілерінен кең пайдаланды. Оның маңызды шығармасы - испан ұлттық қаһарманы Сид туралы халық романстары негізінде жазылған «Сидтің жастық шағы» драмасы. Пьесада махаббат, отбасының абыройы үшін күрес пен жеке биліктің дағдарысы бейнеленген.
Лопе де Веганың драмалық мектебінің ірі өкілі Хуан Руис де Аларкон (1580-1639) Мексикада ақсүйек отбасында туады, оның жастық шағы осы жерде өтеді. Соң Испанияға келіп, оқуын жалғастырады. Университетті бітіргеннен кейін адвокат болып жұмыс істейді.
Аларконның әдеби мұрасы үлкен емес, ол тілі мен композициясы
жағынан ұқыпты жазылған 30-ға жуық пьеса қалдырды. Аларконның ұлттық қаһарман топтамасындағы пьесаларының бірі
- «Сеговиялық тоқымашы» (1634) шығармасы. Онда драмашы адам күші мен құдіретінің, әділдік пен нағыз махаббаттың жеңісі туралы хикаялайды.
Жазушы бас қаһарманның ауыр тағдырын суреттегенде, оқиғаларға саяси өң беріп, дворян дон Фернандо күресін әке кегі үшін емес, ал қорланған кедей тоқымашының әділет үшін жүргізген күресі сипатында талқылайды.
Бұл Аларконның интригалық комедиядан характерлер комедиясына өтуін белгілеген озық шығармалар ретінде испан драматургиясы қазынасына қосылған құнды туындысы. Оның осы тәріздес жазған «Күдікті ақиқат», «Қабырғаның да құлағы бар», «Ерлерді сынау», «Әр адамда бір айып» сияқты бірнеше комедиялары бар. Бұл пьесаларда негізгі қаһармандардың қандай да бір кемшілігі көрсетіліп, жақсылық оларға қарсы қойылады. Мәселен, «Күдікті ақиқат» комедиясында айлакерлікті сынға алады. Ақсүйек жігіт дон Гарсия әрдайым айналасындағыларды алдаумен шұғылданады. Күндердің бірінде оның шын сөзіне де ешкім сенбейді. Дворян жігіттің бойындағы мұндай жаман әдет соңында оны ауыр жағдайға душар етеді.
Аларконның бұл комедиясы француз драмашылары болған Корнельдің «Алаяқ», Мольердің «Мизантроп» туындыларының жазылуына белгілі дәрежеде әсер етті.
Драмашы комедияларында қаһарманның характері драмалық жағдайдың негізін құрайды. Лопе де Веганың ғашықтық комедияларының композициясында кездейсоқ оқиғалар оқыс бұрылыстарды туғызса, Аларкон драмаларында мұндай оқиғалар характерлердің психологиясын толық ашып береді. Аларкон шығармашылығы өзінің реалистік характері, әділетсіздікті сындық тұрғыда бейнелеуі тұрғысынан ХVІІ ғасырдағы испан әдебиетінен маңызды орын алады.
Достарыңызбен бөлісу: |