Пьер Корнель (1606-1684)
ХVІІ ғасырдағы француз әдебиетінің ірі өкілі драмашы Пьер Корнель 1606 жылы сот шенеунігі отбасынды туды. Жас Корнель
Руан қаласындағы иезуит колледжінде оқиды. Соң құқықтану мамандығын игеріп, адвокат қызметін атқарады.
Корнель шығармашылығының алғашқы сатысында (1629- 1636) ақсүйектердің рухани күйзелісін, олардың бойындағы азғындықты бейнелеген «Мелита», «Жесір», «Сот галереясы»,
«Корольдік майдан» сияқты комедияларын жазды. Бірақ Корнель бұл пьесаларынан гөрі соң жазған ірі трагедиялары арқылы үлкен даңққа бөленді.
Корнель бірінші трагедиясы «Медеяның» (1635) сюжетін антик жазушылар Еврипид пен Сенеканың Медея туралы шығармаларынан алды. Жазушы ақсүйектердің рухани азғындығының құрбаны болған әйелдің аянышты тағдырын суреттейді. Оқиға негізінде мифологиялық тарих жатса да, Корнель бұл трагедиясында өз заманындағы ақсүйектердің бұзықшылықтарын әшкерелейді.
«Комикалық иллюзияда» қарапайым жандардағы шынайы адамгершілік сезімдер, соның ішінде достық бейнеленеді. Жас жігіт Клиндор әкесінің мансап пен байлыққа жету туралы кеңесінен бас тартып, үйінен кетіп қалады және басынан көптеген қиыншылықтарды өткізеді. Ақырында ол мақтаншақ жауынгер Матамордың қызметкері болады. Клиндор Изабелла есімді қызды сүйеді. Бірақ ғашықтарға қожайын тосқауыл болады. Матамор Клиндорды түрмеге қамайды. Жігітті Изабелланың қызметкері кедей қыз Лиза құтқарады.
«Медея» мен «Комикалық иллюзияда» Корнель билеуші топтар тарапынан езілген және намысы тапталған қарапайым жандардың құқықтарын қорғайды. Бұл шығармаларда анық әлеуметтік тұлғалар болмағандықтан, жазушы баяндаған наразылықтар шектелген еді. Ол әлі өз дәуіріндегі шиеленісіп бара жатқан әлеуметтік қайшылықтарды жеткілікті дәрежеде ашып бере алмайды. Еркіндіксүйгіш жазушыларға жақындасуы нәтижесінде Корнель өзіндегі осы шектеуліктерді жеңеді, бұл жағдай оның ең ірі туындысы болған «Сид» (1636) трагедиясында анық көрінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |