Корнельдің басқа шығармалары
«Цинна яки Августің қайырымдылығы» (1639) трагедиясының сюжетін Корнель ежелгі Рим тарихынан алды. Шығарманың бас кейіпкері - қанды күрестер нәтижесінде Римді өзіне бағындырған әмірші Август.
Эмилия әкесін өлтірген Августен қалай да кек қайтаруды ойлайды. Бұл іске өзін сүйетін Циннаны үгіттейді. Цинна мен Эмилияның махаббатын қызғанған Максим ұйымдастырылып жатқан қастандықты Августке жеткізеді. Август Циннаны тұтқынға алады. Бірақ өзіне жақын тұрған жандардың қастандық ұйымдастырғанына қиналады. Август жүрегінде рақымдылық сезімі оянады. Циннаны құзырына алдырып, жасаған қателіктерін көрсетеді және қылмысын кешіріп, оларды тұтқыннан босатады.
Корнель бұл саяси трагедиясында да күшті мемлекеттің қолдаушысы ретінде көрінеді. Өзара діни ұрыстар мен ақсүйектер тартысы күшейген, барлық қасірет халық мойнына түскен бір кезеңде қарапайым халық «тәртіпсіздік ішіндегі тәртіп өкілі» болған дербес орталықтанған өкіметті қорғайтын еді. Цинна мен Максим образдарында жазушы халық наразылығын өз мүддесі үшін пайдалануға ұмтылған феодалдық оппозицияның өкілдерін әшкерелейді. Сондықтан жазушы пьесаны монархтың жеңісін бейнелеумен аяқтайды.
Трагедияда саяси қақтығыстар, өткір тартыстар жоқ, Цинна мен Август ортасындағы «қақтығыс» кішкене бір түсініспеушілік қана. Себебі, Цинна сүйіктісі Эмилияның талабымен Августке қарсы қол көтермек болады. Жазушы дүниетанымында пайда болған өзгеріс – классицизм принциптеріне бағынушылық «Цинна» трагедиясының мазмұнына, көркемдік құндылығына зардабын тигізеді.
Корнель тек француз трагедиясының ғана емес, сонымен бірге француз комедиясының да негізін қалаушы. «Жендет» (1643) комедиясында Корнель ақсүйектердің мағынасыз, бұзақы өмірін масқаралайды. Классицизм теориясы рухында жазылған бұл шығармада ақсүйектерді заманға қарай қимылдауға шақырады.
«Сид» трагедиясы сияқты бұл шығарманы жазуда да жазушы испан әдебиетінен, яғни испаниялық Аларконның «Күдікті ақиқат» комедиясынан пайдаланады. Ірі комедияшы Мольер өз хаттарының бірінде Корнельдің «Жендет» комедиясынан көп нәрсе үйренгендігін
жазған еді.
Франциядағы саяси оқиғалар, феодалдық озбырлық пен халық ортасындағы қарсылықтардың күшейуі жазушыға өз әсерін тигізді. Корнель алғашқы туындыларында адамның әрекеті оның ішкі адамгершілік қасиеттерін белгілейді, деп гуманистік идеяларды қорғаған болса, енді ол адамның әрекеті оның қоғамдағы орнын, нәсілін, несібесін белгілейді, деген кертартпа пікірлерді ұсынады.
«Родогунда» (1644), «Ираклия» (1647) трагедияларында қаламгер мемлекет заңдарын бейнелеп, заңды монархиялық мемлекетті қолдайды.
ХVІІ ғасырдың 60-70 жылдарында жазған кейбір трагедияларында («Сертория», «Софонисби») Корнель Фронде қозғалысына қатысқан принц Конде сияқты феодал-зодагондарды жақтайды. Ол басқа бірнеше пьесаларында («Тит пен Береника»,
«Пульхерия») сарай зодагондарының өзімшілдік ұмтылыстарын масқара қылады. Бірақ жеке билікті сақтап қалуға қабілетті болған күшті және қатал әмірші идеалын ұсынады. Гуманистік идеялардан мақұрым болған және классицизм эстетикасы рухында жазылған Корнельдің бұл туындылары «Сид» пен «Гораций» трагедиялары сияқты жоғары көркемдік деңгейге көтеріле алмады, сондықтан сахнада сәтсіздіктерге ұшырады.
Достарыңызбен бөлісу: |