Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»


«catalepta» ,  яғни  «ұсақ өлеңдер»



Pdf көрінісі
бет56/156
Дата07.02.2022
өлшемі2,71 Mb.
#84026
түріОқулық
1   ...   52   53   54   55   56   57   58   59   ...   156
Байланысты:
koblanov-shetel-ad-tar

«catalepta»

яғни 
«ұсақ өлеңдер»
деп аталатын бір өлең жинағы да жеткен. Бұл 
жинаққа енген өлеңдердің көпшілігі неотериктер, әсіресе Катулл 
әдісінде жазылған түрлі өлшемдегі жырлардан тұрады. Бірақ 
«Catalepta» жинағының авторы Вергилий болғандығын анықтау 
өте қиын. Вергилий өзінің ұлы даңқына, атағына тек алдыңғы үш 
шығармасы арқылы еріскен. Оның дүниежүзілік поэзияда мәңгі 
үлгі болып қалуын сол туындылары қамтамасыз етті.
«Энеида» дастанының оқиғалары болған жерлермен жақыннан 
танысу мақсатында б.з.б.19-жылы Вергилий Грекия мен Кіші 
Азияға саяхатқа аттанады. Бірақ денсаулығының әлсіздігінен жол 
қиыншылығына шыдай алмай, Афинада науқастанып қалады. 
Осыдан соң кейін оралып, өз жұртына әрең жетіп, көз жұмады.
Вергилийдің алғашқы ірі шығармасы «Буколикалар» - он өлеңді 
қамтитын жинақ. Бұл жинаққа енген өлеңдерді көбінесе эклогалар, 


154
яғни жыр үзінділері деп те атайды. Біз бұл өлеңдерде эллиндік 
дәуірдің атақты ақыны, бақташылар тұрмысының даңқты жыршысы 
Феокриттің күшті әсерін байқаймыз.
Рим ақыны көптеген эклогалардың мазмұнын, тақырыптарын, 
кейбір образдарды, тіпті жеке жолдарды да Феокрит идиллияларынан 
алады. Оның шопандары да дәл Александрия ақынының шопандары 
секілді қаланың айқай-шуынан алыста жасайтын, әнші құстардың 
сайрағанын тыңдап, сүйіктілерімен қалың орманда, көк шалғында, 
сылдырап аққан таза бұлақ бойында бақытты ғұмыр кешетін 
қарапайым жандар.
Бірақ, Вергилий шопандарының қайғысыз, қамсыз өмірінің 
аспанын ара-тұра қара бұлттар басатын, олардың қуанышына әлсін-
әлсін күйініш те араласып тұратын уақыттар болады. Мәселен, 
Италияның солтүстік бөлігіндегі жерлерді Октавиан қосындарының 
пайдасына шешу нәтижесінде шаруалар басына түскен ауыр 
күндерді кейбір экологаларда айқын көреміз. Осы оқиғалар кезінде 
Вергилийдің де дүние-мүлкі талан-тараж болғандығын біз жақсы 
білеміз. Ақын кейінірек Августің арқасында бұл жерін қайтарып 
алады. Дәл осы мәселеге байланысты жазылған 1-эклогасында, қарт 
шопан Титир атынан автор Октавианға алғыс айтып, ай сайын оның 
шарапатына құрбандық соятынын білдіреді. Молибей деген екінші 
шопан қосындардың озбырлығынан және халықтың алауыздығынан 
өз жерін тастап, бөтен жұртқа қаңғып кеткендігі туралы шағынады. 
«Буколикалар» жинағының 5-эклогасы да заманының өзекті 
мәселелеріне арналған. Бұл эклогада ақын жаңбыр жауып тұрғанда 
ғажайып бір баланың дүниеге келуі, соның арқасында жер бетінде 
тыныштық, тоқшылық, бақытты өмір орнайтындығы жайлы 
жорамал айтады. «Баланың бойындағы жақсы қасиеттер себебінен 
тек адамдар арасындағы жаман қасиеттер ғана емес, сонымен 
бірге жан-жануарлар ортасындағы жыртқыштықтар да жойылады. 
Қайта басталған бұл «алтын дәуір» адамзатты еңбектен азат етеді, 
бүкіл қажетті заттарды табиғат өзі жетістіріп береді. Өзендерде су 
орнына сүт пен шәрбат ағады, жыртылмаған жерлерге астық өнеді, 
ағаштардан алтындай тәтті бал тамады».
Бұл эклоганың кімге арналғандығы жайлы тартыс антикалық 
дәуірден бастап осы күнге дейін жалғасып келеді. Кейбір ғалымдар, 
ақын өз шығармасында Асиний Поллионның енді ғана дүниеге 
келген ұлын назарда ұстаған десе, екіншілері Октавианның жүкті 


155
әйелінен тууы тиіс болған балаға арналғандығын дәлелдеуге 
ұмтылады. Христиан дінінің пайда болуы және кейін оның ел 
арасына жылдам таралуы нәтижесінде, Вергилий өзінің осы 
эклогасында «Иса пайғамбардың тууын жорамалдаған», деген пікір, 
әсіресе өте кең жайылған. Бірақ бұл туралы жазылған түсініктердің 
көптігіне қарамай, мәселе түбегейлі шешілмеген. Шығарма кімге 
аталып жазылса да, ақын бұл жерде дәл 1-эклогадағы сияқты өзінің 
арман-тілегін бейнелейді. 
Құлиеленушілік қоғамдағы теңсіздіктер түрлі діни танымдардың, 
аңыз-әңгімелердің өршуіне себеп болды. Заманының әлеуметтік 
теңсіздіктерінен, мағынасыз ұрыстарынан шаршаған Рим азаматы, 
аңыздарда айтылатын «алтын дәуірді» жақын жылдардан үміт 
қылып, алданыш іздейді. Ақын өзінің барлық арман-тілегін бұл 
шығармада да жермен байланыстырады. 
Ірі кұлиеленушілер шаруашылығының кеңеюі нәтижесінде 
барлық мал-мүлкінен айрылып, ойран болған шаруа халық қайтадан 
жерге ие болу үмітімен жасайтын еді. Мұндай тілек сол топтың 
мүддесін ойлаған Вергилий шығармаларында өз көрінісін табады. 
Бірақ құлиеленушілік қоғамда ақынның осы арманы аңыздардағы 
тәтті қиялдардан арыға ұзай алмайды.
Жалпы айтқанда, «Буколикалар» автордың назарында әрдайым 
тұратын негізгі мәселе - шаруашылық істердің басқа кәсіптерден 
артықшылығын, қарапайым қыстақ өмірінің сұлулығын 
мадақтаудан, майда жер иелерінің мүдделерін қорғаудан тұрады. 
Вергилий алғашқы шығармасына Феокрит идиллияларының күшті 
әсер еткендігін жоғарыда айтқан едік. Бұған қарап, Рим ақынының 
эклогалары көшірме туындылар, олардың көркемдік құндылығы 
жоқ екен деу, әрине, қателік болар еді.
Вергилий Александрия ақынының шығармашылығынан үлгі ала 
отырып, оның мазмұнын, әдеби әдістерін өзінше пайдаланады. Рим 
адамының жан-дүниесі, көңіл-күйімен көмкерілген мүлдем жаңа 
туынды жаратады. Біз рим ақынының эклогаларында Феокриттің 
идиллияларындағы тәрізді шопандардың махаббат сезіміне 
кекесінмен қарап, олардың характерлерін күлкілі көріністерде 
көрсету жағдайларын кездестірмейміз.
Қаһармандардың махаббатын терең және өткір драмалық 
формада бейнелеу - бақташы жыры жанрына Вергилийдің енгізген 
үлкен жаңалығы. 


156
Вергилий қаламының құдіретіменөзінің жоғары даму сатысына 
көтерілген латын тілі мұнан былай Рим поэзиясының үздік 
классикалық үлгісіне айналады. «Буколикалардың» әлем әдебиеті 
тарихындағы негізгі маңызы да міне, осынысында.
Вергилийдің шаруашылық жайлы жазған екінші шығармасы 
-«Георгикалар» поэмасы да мазмұн жағынан алғашқы жинаққа 
өте жақын. Бірнеше жылға созылған ішкі ұрыстарды тоқтату, 
ойрандалған майда және орта диқан шаруашылықтарын қалпына 
келтіру, жалпы диқаншылықты дамыту мәселелері - елдің 
тыныштығы, халықтың тоқшылығы жолында қайғырған нағыз 
отаншыл ақынды ерекше қызықтырған. Заманының өзекті 
мәселелерінің бірі болған осы проблеманы Августің өзі де қолдап, 
қуаттаған, оны іске асыру жолында көп еңбектенген. Сондықтан, 
Вергилийдің де мақсаты жерлерін тастап кеткен кешегі шаруаларды 
қыстақтарға қайтарып, диқаншылықты жандандыру саясатын 
жүргізіп жатқан Октавиан Августің әрекетіне жәрдемдесу болған. 
Шығарманың Меценат тапсырысымен жазылуы және сол адам 
мен Октавианға арналуының өзі де, ақын мен оны қолдаушылар 
ортасында идеялық бірлік болғандығын дәлелдейді. 
Дидактикалық мазмұндағы «Георгикалар» поэмасы - көлемді 
төрт бөлімнен тұратын үлкен шығарма. Бұл бөлімдердің біріншісі 
егіншілікке, екіншісі бақташылыққа, үшіншісі шаруашылыққа және 
төртіншісі бал арасын өсіруге арналған. 
Бұл шығарманы жазудағы ақынның негізгі мақсаты - қыстақ 
шаруашылығының барлық салалары бойынша диқанға жан-
жақты кеңес беру, агрономия ілімімен таныстыру емес, ал қыстақ
тұрмысының ғажайып сұлулығын көрсету, басқа кәсіптерге 
қарағанда, диқаншылықтың артықшылықтарын дәлелдеу болатын.
Вергилийдің жалынды жүрек сезімдерімен суарылған өлең 
жолдарында қаланың күйкі тірлігінен, саяси тартыстардан, соғыс 
тауқыметінен алыста жатқан диқан өмірі бейнеленеді. «Табиғаттың 
енді ғана жанданып келе жатқан шағындағы бүршік жарып, гүлге 
оранған ағаштарды көргенде жүректе оянатын нәзік тебіреністерді 
неге теңеуге болар еді?! Бұл сұлулық мейрімді, құдіретті табиғат 
ананың диқанға көрсеткен құрметі емес пе екен? Әр бір талды 
ардақтап өсіруден өзге қандай бақыт бар? Көк шалғында, тау 
баурайында көк майсаға тойып, маңырап жүрген қой-қозыларды, 
желіндері торсиып, ағаш көлеңкесінде жатқан сиырларды көру 


157
немесе өз қолыңмен жетілдірген тәтті жемістерді аялап теру, 
қызарып піскен, жақұттай жүзімдерден дайындалған шарап пен 
шәрбаттарды ішіп, лаззатқа бату қандай рақат десеңізші!».
Вергилийді Рим поэзиясының шырқау шыңына көтерген, оның 
даңқын әлемге паш еткен шығармасы - «Энеида» дастаны.
Көне деректерге жүгінсек, «Энеида» дастанын жазуға Вергилий 
он жылдай уақытын жұмсаған. Б.з.б.19-жылы шығарманың 
негізгі бөлімін бітірген. Поэманы толық аяқтауға тағы да үш 
жылдай уақыт керек деп жоспарлаған. Бірақ, Грекиядан қайтып 
келе жатқан ол өз денсаулығының нашарлағанын сезіп, толық 
аяқталмаған шығарманы өртеп жібермекші болған. Көзі тірісінде 
жариялай алмаған шығармаларын, өлген соң жарияламауын өсиет 
қылып, дүниеден өтеді. Марқұмның өтінішіне қарамай, Августің 
тапсырмасымен, ақынның достары дастанды азды-көпті өңдеп, 
жарияланған. Сол себепті, біз поэмада кейбір қабыспайтын 
орындарды, өлең өлшемдеріндегі кемшіліктерді, қарама-қарсы 
жағдайларды кездестіруіміз мүмкін. 
Жалпы алғанда, бұл нұқсандардың оншалықты маңызы да жоқ. 
Олардың бірлі-жарымын сезгір оқырман ғана байқауы мүмкін, 
бірақ көпшілігі ғажайып композициялық тұтастық, оқиғаларды 
баяндаудағы шеберлік, ең маңыздысы, шынайы көркем көріністер, 
әдемі өлең жолдары арасында сезілмей қалады.
«Энеида» дастанының оқиғасы Троя қаласы құлаған соң, бас 
қаһарман Энейдің өз достарымен бірге Италияға қарай жолға 
шығуы, оның теңізде тартқан ауыр азаптары, Рим мемлекетін 
орнату жолында жүргізген табанды күрестерінің көріністерінен 
тұрады. Шығарма әр қайсысы алты тараудан (жырдан) құралған екі 
бөлімді қамтиды. Бірінші алты тарау қаһарманның Троядан шығып, 
Италияға жету жолындағы оқиғаларға, кейінгісі Италия жеріндегі 
шайқастарға арналған.
Шығарманың қысқаша мазмұны төмендегіше:
Көне дастандардағы сияқты, бірінші тарау шабыт перісіне 
арналған өлеңдермен басталады. Содан кейін ақын баяндауды 
дереу шығарманың бас қаһарманына ауыстырып, Юпитердің (Зевс) 
әмірі бойынша бірнеше кемемен Италияға қарай бағыт алған Эней 
және оның достарының басынан кешірген оқиғасын суреттеуге 
кіріседі. Жеті жыл бойы Жерорта теңізінде жүзген троялықтар 
Италия жағалауына жетеді. Осы кезде Юнона (Гера) теңізде алып 


158
толқындарды көтеріп, Энейдің бірнеше кемесін суға батырады. 
Теңіз құдайы Нептун (Посейдон) көмегімен аман қалған Эней аз 
ғана әскерімен Африканың солтүстік жағалауындағы Карфаген 
қаласының маңына келіп тоқтайды. Энейдің анасы Венера 
Юпитерге тілек айтып, ұлына жәрдем беруін сұрайды. Юпитер 
Энейдің жарқын болашағы, даңқты ұрпақтары және пайда болатын 
Рим мемлекетінің құдіреті жайлы айтып, Венераны жұбатады. 
Юпитердің Меркурий (Гермес) арқылы жіберген өтініші бойынша 
Карфаген халқы, әсіресе Дидона ханша Энейді үлкен құрметпен 
қарсы алады. Осы жерде Дидона ханша қонақтан өзінің кім 
екендігін, басынан өткізген оқиғаларды әңгімелеп беруін сұрайды.
Поэманың екінші және үшінші тараулары Энейдің хикаясына 
арналған. Эней өз қиссасын Троя апатынан бастайды. Он жылға 
созылған ашық шайқастарда Илионды жеңе алмаған гректер, 
соңында айлаға көшіп, «ағаш ат» қулығын ойлап табады. 
Дұшпанның аярлығына құдайлардың опасыздығы қосылады. 
Аполлон ғибадатханасының абызы Лаокоон «ағаш атты» қала ішіне 
алып кіру ойынан троялықтарды қайтармақшы болғанда, Афинаның 
жіберген екі аждаһа жыланы оның өзін және екі ұлын өлтіреді. 
Грек әскерлері түнде «ағаш аттың» ішінен шығып, қақпаны ашады, 
қалаға от қояды. Осыдан кейін, Троя халқын аяусыз қырғынға 
ұшыратады. Эней қаншалықты ұрынса да, дұшпанның шабуылын 
тойтарудың лажы болмайды. Бір уақытта өрт патшаның сарайына 
тиеді. Ішіне басып кірген Ахилдің ұлы Пирр қаһарман ұлдарынан 
айрылып, қайғыдан бүкшиген сорлы Приамды жауыздықпен 
шауып өлтіреді. Құдайлардың әмірі, Венераның өтінішімен Эней 
пайдасыз шайқасты тоқтатуға мәжбүр болады. Қарт әкесі Анхисті, 
әйелі Креусаны, ұлы Асканийді алып, қаланың сыртына шығады. 
Олардың тобына аман қалған бірнеше троялықтар қосылады. Бірақ, 
аласапыранда Эней әйелі Креусадан адасып қалады. Қанша іздесе 
де оны таба алмайды.
Үшінші тарау да Эней хикаясымен жалғасады. Бұл тарауда 
қаһарман өзінің теңіз сапарында тартқан азаптары, әуре-сарсаңы 
жайлы әңгімелейді. Біз Энейді ізбе-із Фракияда, Делоста, Крит 
аралдарында және бірнеше жерлерде көреміз. Бірақ, ол еш жерде 
тағат таба алмай, ұйықтағанда көрген бірер түстеріне жүгініп 
немесе құдайлардың әмірімен Италия жағалауына жетуге асығады. 
Көп қиындықтардан кейін, қаһарман Сицилия аралына келгенінде, 


159
әкесі қаза тауып, оны сол жерге жерлеген соң, Италияға бет түзейді. 
Сөйтіп, шығарманың басында айтылған толқындар апатына кезігіп, 
Карфаген жағалауынан бір-ақ шығады.
Төртінші тарау Эней мен Дидона ортасындағы ғашықтық 
сезімдерге арналған. Троя батырының ерлік істеріне, көріктілігіне 
ғашық болып қалған Карфаген ханшасы, оған қосылуды армандайды. 
Бұл арманның іске асуына Юнона мен Гера жәрдемдеседі. Эней 
құрметіне ұйымдастырылған аң аулау кезінде көкте найзағай ойнап, 
нөсер жаңбыр жауа бастайды. Баспана іздеп жүгірген Эней мен 
Дидона бір лашыққа кіреді. Осы жерде бір-бірімен табысады.
Бірақ ханша өзінің қуанышын той салтанатымен жалғап 
жіберуге, сүйген жарымен мәңгілік бірге болу бақытына ие бола 
алмайды. Энейдің өзі де бір өмір Дидонадан айрылыспауға, 
Карфагенді өз отаны санауға риза болатын, бірақ құдайлар тағдыр 
қалауымен оның мойнына жүктелген ұлы борышты ескертіп, 
қаһарманды Италияға баруға көндіреді. Энейдің кемелері жасырын 
түрде Африка жағалауынан алыстап кеткенінде, Дидона оған лағнат 
айтып, сүйіктісі сыйлаған қанжармен өзін өлтіреді.
Бесінші тарауда Энейдің екінші рет Сицилияға қайтып оралуы 
хикаяланады. Әкесінің өліміне бір жыл толуына байланысты 
Эней ас беріп, түрлі сайыс ойындарын өткізеді. Юнона өзінің 
арандатушылығын әлі қоймаған еді. Ол Ирида құдайдың көмегімен 
Троя әйелдері арасында жанжал шығартып, Энейдің кемелерін
өртеп жібереді. Энейдің зарын естіген Юпитер, бірнеше кемені 
өрттен аман алып қалады.
Алтыншы тарау Энейдің Италия жеріне келуі туралы 
оқиғаларға арналған. Троялықтар жағалауды бойлап едәуір жүзген 
соң Кум қаласына келіп тоқтайды. Қалаға жақын жерде Аполлан 
ғибадатханасы бар еді. Ғибадатхана абызы Сивилланың кеңесі 
бойынша әкесі Анхистің аруағымен кездесу және одан өзінің 
болашақ тағдырын білу ниетінде Эней ақырет сапарына аттанады. 
Олардың жолында түрлі құбыжықтар, өлгендердің рухын тамұқ 
өзенінен алып өтетін қорқынышты Херон ұшырасады. Кейін 
тамұқ қақпасын күзететін жыртқыш Церберді ұйықтатып, әрең 
дегенде ішке кіреді. Бұл жерде тамұқ азабын тартып жатқан 
көптеген күнаһарларды көреді. Соңынан Эней мен Сивилла ақырет 
құдайының сарайында Анхиске жолығады. Анхис өз ұлына оның 
ұрпақтарын - Римнің болашақ құдіретті әміршілерін көрсетеді. Осы 


160
мемлекеттің жарқын келешегі туралы айтады.
«Энеида» дастанының екінші бөлімі Рим мемлекетінің негізін 
салу және өзінің билігін орнату жолында қаһарманның Италия 
жерінде жүргізген қанды шайқастарын бейнелеуге арналған.
Ақырет сапарынан оралған Энейдің Лациум өлкесіне келуі, 
жергілікті тайпалармен оның ортасында болған алғашқы 
қақтығыстар дастанның жетінші тарауында хикаяланады. Бұл 
өлкені Латин деген бір қарт патша басқаратын. Оның Лавиния 
деген жалғыз қызы болған. Эней Латинге елші жіберіп, осы жерді 
мекендеуіне өзіне рұқсат беруін өтінеді, қызын әйелдікке сұрайды. 
Осы жігіттің күйеу болатындығы жайлы түсінде құдайлар аян берген
патша, амалсыз бұл ұсынысқа көнеді. Бірақ Юнона троялықтарға 
әлі де дұшпан болатын. Сондықтан құдай, Латин мен рутулдар 
тайпасының көсемі Турн ортасына араздық салып, некені бұзып 
жібереді. Лациум халқын Энейге қарсы қояды. Италияның тағы да 
он төрт тайпасы Турнді қолдайды.
Сегізінші тарау Энейдің үлкен шайқастарға дайындалуынан 
басталады. Болашақ Рим қаласының орнындағы жерлерді Грекиядан 
келіп, мекендеп қалған Энандр деген әділ, дана патша басқаратын 
еді. Троя қаһарманы одақтас болуын сұрап өтініш жасағанында, 
Энейдің тілегін қабылдап, өз ұлы Паллант басшылығында оған 
бір бөлім әскерін береді. Бірақ, троялықтардың күші әлі де әлсіз 
болатын. Сондықтан, Энандрдың кеңесімен, Эней және Паллант 
Мезанцийге қарсы бас көтерген этруск тайпасынан қосымша күш 
сұрайды. Венераның тілегімен от тәңірісі Вулкан (Гефест) Энейге 
түрлі қару-жарақ және Римнің болашақ тарихымен, әсіресе Августің 
ұлы жеңістерінің көріністерімен безендірілген ғажайып қалқанды 
сыйға тартады.
Тоғызыншы тарауда ақын аласапыран соғыс оқиғаларын 
баяндауға көшеді. Энейдің этрусктерден жәрдем алуға кеткендігінен 
пайдаланып, Турн троялықтар әскеріне шабуылға шығады. Бірақ 
қырғын шайқастан кейін шегінуге мәжбүр болады. Бұл тараудың 
ең ғажайып бөлімі - Нис пен Эвриал деген троялық екі жігіттің 
оқиғасы. Олар Энейге хабар беру үшін түнде жолға шығып, мерт 
болады.
Энейдің қатысуымен басталған шайқасты ақын оныншы тарауда 
көрсетеді. Бұл қақтығыста екі тарап та көп шығынға ұшырайды. 
Паллант Турннің қолынан қаза табады. Мезанций мен оның ұлы 


161
Лавоны Эней өлтіреді.Троялықтардың жеңісі сөзсіз екендігі мәлім 
болады.
Он бірінші тарау өлгендерді жерлеу дәстүріне арналған. 
Шарасыздыққа душар болған латындар арасында наразылық 
туады. Энеймен бітімге келу туралы шақырылған кеңесте Турннің 
зорлығымен ұрысты жалғастыруға шешім қабылданады. Бұл тарау 
рутулдарға көмектесу үшін келген амазонка Камилланың ерліктері 
және оның мерт болу көріністерімен аяқталады.
Шығарманың соңғы бөлімінде Эней мен Турн ортасындағы 
жекпе-жек айқас бейнеленген. Юпитердің әмірімен Юнона Энейді 
қудалауды тоқтады. Ұзақ алысудан кейін Эней жеңеді. Троя 
батыры өз дұшпанының қылмыстарын кешіруге, оның жанын аман 
қалдыруға дайын болатын, бірақ осы сәтте Турннің мойнындағы 
Палланттың алтын таспасын көріп қалып, дәл Патрокль үшін 
Гектордан кек алып жатқан Ахилл секілді, қанжарын қойнынан 
суыра сала, ашумен қанішердің кеудесіне шаншады.
Вергилий өз шығармасын аяқтай алмаған. Өйткені, біз поэмада 
троялықтар мен рутулдар ортасындағы ұрыстан кейінгі оқиғаларды, 
мәселен, троялықтардың латындарға қосылып, екі халықтың 
татуласып кеткендігі, Энейдің Лавинияға үйленуі, олардан Иулдің 
тууы, Иул нәсілінен Ромул мен Рим деген егіз баланың дүниеге 
келуі, солар тарапынан Рим қаласының салынуы, алғашқы Рим 
патшаларының таралуы туралы аңыздарды кездестірмейміз.
«Энеида» дастанының идеясы бастан-аяқ Рим мемлекетінің 
құдіретін мадақтаудан тұрады. Рим республикасы, одан кейін Рим 
империясының күшейіп, жер бетіндегі ең құдіретті мемлекетке 
айналуы және бұл дамудың тарихи тұрғыдан заңды нәрсе екендігін 
дәлелдеу талаптарының өзі, осындай бір шығарманың жазылуын 
қажет ететін еді. Ақын алдыңғы екі шығармада Августі қыстақ 
шаруашылығының қамқоршысы, диқанның жалғыз тірегі сипатында 
дәріптеген болса, үшінші шығармада Римнің құдіретін және осы 
мемлекетті биік дәрежеге жеткізген Август әулетінің даналығы 
мен ерліктерін жырға қосады. Отансүйгіштік идеяларды көтеру 
барысында тарихи оқиғаларға қарағанда, мифологиялық аңыздарға, 
ақын қиялының шарықтауына көп орын берілген.
Б.з.б. III ғасырдың орталарында Рим мемлекеті Эней аңызын 
ресми түрде қабылдағандығы туралы алдыңғы тарауларда бірнеше 
рет айтып өткен едік. Рим халқы өз қаласын қарапайым бір жер 


162
емес, ал қасиетті Трояның орнына салынған жаңа Троя деп таныған, 
тіпті Римнің көптеген ақсүйектері, соның ішінде Юлий Цезарь да 
өздерінің шығу тегін атақты Троя батыры Энеймен байланыстырады. 
Аңыздардың хикаялауынша, Эней Троя патшасы Приамның жиені, 
Анхис пен Венераның (Афродита) ұлы болған. Сол себепті Цезарь 
да, оның асыранды ұлы Октавиан да құдайлар нәсілінен дүниеге 
келгендіктерін, сондықтан салтанаттарының кіршіксіз, қасиетті 
екендіктерін дәлелдеуге ұмтылған. Жалпы, Эней аңызын ойлап 
тапқан Вергилий емес. Біздің дәуірімізден бірнеше ғасыр бұрын 
өмір сүрген кейбір грек ақындары және тарихшылары Рим қаласын 
Троя батыры Эней салғандығын аңыз қылады. Грекияда туып, 
Италияға кең тараған бұл аңыз, кейін Рим ақындары Невий мен 
Эннийдің дастандары, Тит Ливийдің тарих кітаптарында, тағы да 
бірнеше қаламгерлердің шығармаларында өз көрінісін тапқан еді. 
Вергилий Эней туралы аңыздарға қалам тербегенде, өзінен абұрын 
өмір сүрген Невий мен Энний секілді, тек Римнің көне тарихын 
хикаялаумен шектеліп қалмастан, бұл аңыздардың мазмұнын 
едәуір кеңейтеді. Оның формасына ғажайып көркемдік өзгерістер 
енгізіп, оқиғаларды өзінің заманына сәйкестендіреді, сол арқылы 
императордың шыққан тегі туралы дастан жазуды өз алдына 
негізгі мақсат қылып қояды. Шығарманы алғаш оқығанымызда, 
оның бірінші бетінен бастап соңғы жолына дейін ақын Рим 
мемлекетін көне замандарда өткен ең ежелгі халықтардың бірі - 
троялықтардың қалыптастырғандығын оқырман санасына сіңіруді 
назарда ұстағандығы, осы мемлекеттің ұлылығын, қасиеттілігін 
жария қылуға, сол арқылы Юлий Цезарьдің, оның жиені Октавиан 
Августің Эней ұлы Иул әулетінен тарағандығын дәлелдеуге 
ұрынғандығы анық көрінеді. Энейдің шығу тегі мәселесіне келсек, 
«оның шынымен де Анхис және Венера құдайдың ұлы екендігі 
антикалық дүние адамдары ортасында ешқандай күдік туғызған 
емес. Солай екен, тамырында ұлы құдайдың қаны ағып жатқан 
Октавиан Августей ғазиз бір жанның кіршіксіз тазалығына, 
билігінің құдіретіне, әділдігіне күман келтіру мүмкін емес».
«Энеида» дастанының композициялық құрылысында, кейбір 
оқиғаларды баяндауда «Илиада» мен «Одиссия» поэмаларына сәйкес 
келетін орындар өте көп. Мәселен, Вергилий өз шығармасының 
алғашқы алты тарауында Энейдің басынан кешірген оқиғаларды 
бейнелеуде «Одиссея» дастанына еліктейді, қаһарманның 


163
Италия жеріндегі шайқастарын суреттейтін екінші алты тарауда 
«Илиада» дастанын үлгі қылады. Энейдің Дидона құзырында 
айтылған хикаясы Одиссейдің Алькиной сарайындағы әнгімесіне 
жақын келеді. Кирканың кеңесімен Одиссейдің ақырет сапарына 
барғанындай, Сивилланың жәрдемімен Эней де сол жерлерге аяқ 
басады. Анхистің асында Энейдің ұйымдастырған сайыс-ойындары, 
дәл Патрокльдің асындағы Ахилл өткізген ойындарды еске түсіреді. 
«Илиада» дастанында Фетиданың тілегімен Ахилге қалқан жасап 
берген Гефест, Венераның өтінішімен Энейге де қалқан сыйлайды. 
Вергилийдің дастанды жазудағы негізгі мақсаты – ежелгі 
дәуірдің әдет-ғұрыптарын, діни нанымдарын, тылсым күштерге, 
кереметтерге сену сияқты түсініктерін, жалпы көне замандағы 
Рим адамының қоғам үшін қажет болған әлеуметтік және жеке 
танымдарын қалыпқа келтіру болған. Бұл мақсат Октавиан Августің 
де көздеген мүддесі еді. Сол себепті, Вергилий әрқандай бөтен, 
мағынасыз жат көріністерден өзін аулақ ұстауға, шығарманың 
жалпы оқиғаларына, әсіресе, құдайлардың бейнесіне діни рухты 
сіңіруге ұмтылады. Сондықтан, Гомер дастандарына тән кейбір 
ерекшеліктерді, мәселен құдайлардың кескінін, қимыл-әрекеттерін 
ебедейсіз, олақ, тіпті кейде күлкілі жағдайларда көрсетуді Вергилий 
поэмасында мүлдем кездестірмейміз. Рим ақыны барлық құдайларды 
кіршіксіз, пәк, адал, әділетті қылып суреттейді. Императорлық билік 
әдісі бас құдай Юпитерді Гомер дастандарындағыдай жігерсіз, 
қабілетсіз емес, ал дана, табанды, барша құдайлардың құдіретті 
сұлтаны, адам тағдырының жалғыз әміршісі сипатында бейнелейді. 
Құдайлардың барлығы оған табынады, оны өздерінің қамқоршысы 
санайды.
Қаһармандардың образдарын жасау мәселесіне келсек, 
Рим ақыны мен грек ақыны ортасында ешқандай ұқсастық 
байқалмайды. Дұрыс, Гомер шығармаларында да, Вергилий 
поэмасында да құдайлар қаһармандардың өміріне бірдей әсер етеді. 
Бірақ, грек ақынының кейіпкерлері тылсым күштердің әміріне 
жалпы бағынғанымен, өздерінің кейбір тілектерімен құдайлардың 
қалауына, тағдыр үкіміне қарсы күресетін сәттері жиі кездеседі. 
Бұл жағдай Гомер қаһармандарына ғажайып адамгершілік қасиет, 
көркемдік шынайылық береді. Вергилийге келсек, мүлдем басқаша 
жағдайды көреміз. Рим ақынының қаһармандары өте момын, 
құдайлардың бұйрығын қаза қылмайтын, өздерін толығымен 


164
тағдыр қолына тапсырған жандар. Бұған Энейді мысалға келтіруге 
болады. Бұл қаһарманның әр бір әрекетінде, үлкенді-кішілі 
істерінде өзінің тілектерін емес, ал құдайлардың әмірін орындаудан 
өзге нәрсе сезілмейді. Мәселен, қаһарман өзі қаламаса да Трояны 
тастап кетуге мәжбүр болады. Дидонаны кездестіруді ойламаған 
халде, Карфагенге келеді. Италияға бара жатқанын білмесе де, 
солай қарай бет түзейді. Бірнеше жыл тартқан азаптарының сыры 
тек ақыретте, әкесінің рухымен кездескен сәтте ғана ашылады. 
Құдайлардың қалауымен қаһарманға жүктелген қасиетті міндеттер 
оны қуандырмайды. Энейдің өзіне салса, басына қандай қасірет 
түссе де, туған жерін тастап кетпес еді. Құдайлар әмір қылмағанда, 
тірілей Дидонадан айрылмайтын, яки Латиннің жұртына келгенде 
оның қызы Лавинияға үйленіп, осы жерде тыныш ғана өмір сүруден 
басқаны тілемес еді. Рим мемлекетінің негізін қалау қажеттігі оның 
барша арманын, жоспарларын бұзып жібереді. Эней мінезінде 
осындай момындықпен қатар мейрімділік, әділеттік, батырлық 
қасиеттер де бар. Бірақ бұлар оның діни нанымына қызмет
қылатын мінездер. Ақынның терең сенімі бойынша, Рим мемлекеті 
өзінің жеңістеріне, ұлы мәртебесіне латын халқының адалдығы, 
табандылығы, ата-бабалардың әдет- ғұрыптарына беріктігі, тағдыр 
қалауына бағынғандығы арқылы жеткен. Міне, осы қасиетті 
қағидалардан шегінуді Вергилий ауыр қылмыс, опасыздық деп 
түсінеді, оларды аяусыз сынға алады. 
Біз «Энеида»дастанының екінші ірі қаһарманы болған Дидона 
образын тереңірек қарасақ, осы образ арқылы жазушы өзінің діни 
идеяларын тағы да насихаттауға ұмтылғандығын анық көреміз. 
Энейге қарағанда Дидона өте сезімтал, әсершіл, өзінің қадір-
қасиетін түсінетін, ар-ұятқа берік, парасатты, өжет әйел. Энейдің 
ауыр азаптарға толы оқиғалары Дидонаның жүрегінде махаббат 
сезімін оятады. Бірақ ерінің өлімінен соң басқа еркекке көңіл 
бермей, жесір өтуге бекінген ханымның жүрегінде бұл ғашықтық 
ауыр қайғыны қозғайды, махаббат пен адалдық ортасында азап 
шегеді. Әйелдің жан-дүниесіндегі мұндай аласапыран күйді 
Еврипид пен родостық Аполлонға дейінгі антик дүние әдебиетінде 
көре алмаймыз. Рим ақыны Дидонаның дертін, арманы мен шерін 
өте өткір, терең бейнелейді. Оқырман рухани тебірінестерге толы 
осы жыр жолдарын оқығанда, ханымның жағдайына ақынның өзі де 
қатты ашынғандығын байқайды. Дегенмен, Вергилий Дидонаның 


165
тағдырына қаншалықты ашынғанымен, оның сабырсыздығын, 
асығыстығын, ызақорлығын мүлдем қолдамайды, қаһарманның 
қайғысы мысалында, «құдайлар қалауына бағынбау осындай 
аянышты жағдайларға алып келеді», демекші болады.
Вергилий дастанының ең маңызды ерекшеліктерінің бірі 
болған өткір драмалық көріністерді айта кеткеніміз жөн. Ақын 
қаһармандардың қимыл-әрекетін немесе оқиғаларды суреттегенде, 
оларды өте әсерлі, нағыз психологиялық қайшылықтар, қарама-
қарсы мінездер күресі үстінде көрсетеді. Мәселен, Лаокоонның мерт 
болуы, Троя қаласының құлауы, Дидонаның қайғылы махаббаты 
бұған дәлел.
Рим қоғамындағы дәулетті отбасыларының балалары сияқты 
Вергилий де шешендік саласында жақсы білім алған еді. Ақын өз 
мінезінің ұяңдығына байланысты бұл салада қызмет қылмағанымен, 
көркем әдебиетте шешендік өнерден кең пайдаланған. 
Грек әдебиетін латын тіліне тәржімалаған аз ғана ақындарының 
бірі - Вергилий. Вергилийдің даңқы орта ғасырларда да көмескі 
тартқан жоқ. Ақынның 4-ші эклогасында әлдеқандай ғажайып 
баланың тууына байланысты, жер бетінде бақытты өмір басталуы 
жайлы хикаяланған. Дін өкілдері осы «кереметтерді» Исаның 
дүниеге келуі туралы айтылған көріпкелдік деп, Вергилийді ұлы 
данышпанға теңейді. 
Данте «Құдіретті комедия» шығармасындағы ақырет 
сапарында дана ұстаздың биік үлгісі деп Вергилийді таңдайды. 
Қайта өрлеу дәуірінің атақты дастаншылары Ариоста мен Тассо 
өз шығармаларында Вергилийге еліктейді. XVIII ғасырдағы 
философия мен әдебиеттің атасы болған Вольтер Вергилийді тіпті 
Гомерден де жоғары қояды. 
Бірақ XVIII аяғында Вергилий шығармашылығына сын көзбен 
қарау басталады, бұл жағдай кейінірек күшейе түседі. Жаңа заман 
қаламгерлері Вергилийді діндарлықта, өмірді идеалдастырып 
қате көрсетуде, әдісінің көтеріңкілігінде айыптайды. Белинский 
бұл пікірлерге қосылғанымен, «Энеида» дастаны авторының 
қайталанбас поэтикалық шеберлігін, ғажайып әдемі жырларын 
мойындайды. Әрине, Гомер мен Вергилийді салыстыру бір 
жағынан оншалықты дұрыс емес. Өйткені, олар түрлі қоғамдық 
дәуір мен түрлі әдеби ортаның өкілдері болған. Сол себепті олардың 
әрқайсысы өз алдына ұлы сөз зергері болған дер едік.


166


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   52   53   54   55   56   57   58   59   ...   156




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет