Оқулық Жоғары оқу орындарының 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»



Pdf көрінісі
бет6/156
Дата07.02.2022
өлшемі2,71 Mb.
#84026
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   156
Байланысты:
koblanov-shetel-ad-tar

«Одиссея» дастаны
Гомер есiмiмен байланысты екiншi шығарма – «Одиссея» 
дастанында Троя соғысының бас қаһармандарының бiрi, Итака 
патшасы Одиссейдің басынан кешірген оқиғалары хикаяланады. 
Троя шайқасы аяқталған соң, Одиссей өз әскерлерi және
одақтастарымен бiрге кемелерiне отырып, елiне қайтады. Бiрақ, 
Одиссейдiң дұшпаны болған теңiз құдайы Посейдон оның жолына
алып толқындардан тосқауылдар қойып, батырдың басына көп 
қиыншылықтар салады. Троя соғысы аяқталғаннан кейiн тағы 
да он жыл бойына Одиссей өз отанына табаны жетпей, теңiз 
толқындарында, бөтен елдерде қаңғып жүредi. Оның басынан қилы 
оқиғалар өтедi. 
Дастанның бiрiншi тарауында бiз қаһарманды Огигия 
аралындағы перi Калипсо қолында тұтқындықта көремiз. Одиссейге 
ғашық болған перi бiрнеше жыл оның туған жерiне оралу тiлегiне 
құлақ салмайды. Осы кезде Одиссейдiң Итака аралында қалған 
әйелi Пенелопаның басында ауыр жағдайлар болады. Жылдар өтiп, 
патша сапардан оралмаған соң, жұрт оны өлдiге жорыған еді. Сол 
себептi де, Итака ақсүйектерiнiң бiрнешеуi Пенелопадан үмiттенiп, 
Одиссейдiң сарайына кiрiп алып, күнi-түні ойын-сауық құрады. 
Патшайымның тыныштығын алып, өздерiнiң бiрiне күйеуге 
шығуын талап етедi. Ерiнiң қайтып келетiнiне сенген адал әйел, 
түрлi сылтаумен оларды алдап, уақытты соза бередi. 
Одиссейдiң жалғыз ұлы Телемах әлi жас болғандықтан,


21
анасын ақсүйектер зорлығынан қорғауға дәрменсiз едi. Мырзалар 
Телемахтан құтылу ниетiнде бiрнеше рет оны өлтiрмекшi болады. 
Телемах Афина құдайдың кеңесiмен әкесiн iздеп, жасырын түрде 
сапарға шығады. Ол алдын Пилос қаласына, Троя соғысының 
даңқты батырларының бiрi – кексе Нестордың жұртына келедi. 
Пилос патшасы досының ұлын үлкен құрметпен қарсы алады. 
Бiрақ, Одиссей туралы ешқандай хабар бiлмейтiндiгiн айтып, 
қадiрлi қонағын Меналай елiне жөнелтедi. Ертеңiне жас шахзада 
Спарта қаласына жетедi. Меналай әлдеқашан сұлу Еленаны алып, 
елiне оралған болатын. Спарта патшасы Телемахқа зор iлтифат 
көрсетiп, оның құрметіне үлкен той жасайды. Телемах Меналайдан 
әкесiнiң перi Калипсо қолына тұтқынға түсiп қалғандығын, өз елiн 
сағынып, азап шегiп жатқандығын естидi.
Шығарманың бесiншi тарауынан бастап автор тiкелей Одиссей-
дiң басынан өткен оқиғаларды баяндауға кiрiседi. Дастанның мұнан 
кейiнгi тарауындағы оқиғалар аңыздар дүниесiнде, таңғажайып, 
тылсым күштер әлемiнде өтедi. Құдайлар Олимп тауында кеңес 
құрып, «Одиссейдi отанына қайтару керек» деп шешедi. Құдайлар 
жаршысы Гефест бұл шешiмдi перi Калипсоға хабарлайды. 
Огигия ханшасы құдайлардың ниетiне қарсылық жасай алмай, 
көз жасын төге отырып, Одиссейдi сапарға аттандырады.
Одиссей кеме жасап, елiне бағыт түзейдi. Кеме теңiзде бiрнеше 
күн жүзген соң, дұшпанын байқап қалған Посейдон толқындарды 
тулатып, Одиссейдiң кемесiн суға батырады. Сорлы Итака патшасы 
толқындармен үш күн, үш түн арпалысып, Афинаның жәрдемiмен
аман-есен жағалауға шығады. Одиссейдiң паналаған бұл жерi 
– Схерия аралы, Алькиной деген патша басқарған феак жұрты 
болатын. Толқындармен алысып, әлсiреген Одиссей жағалауға 
шыға сала ұйықтап кетеді.
Ертеңiне өз құрбыларымен өзен бойына келген Алькинойдың 
қызы Навсикая Одиссейдi көрiп, оны сарайға алып келедi. Алькиной 
мен әйелi Арета дәрменсiз байғұсты құрметпен қарсы алып, 
қонаққа мол дастарқан жаяды. Ән мен күй төгiледi. Осындай ойын-
сауықтардың бiрiнде соқыр рапсод Демодок шабыт тұлпарына
мiнiп Троя соғысы, оның батырлары, әсiресе Одиссейдiң жойқын 
ерлігі туралы жырлар айтады. Бұл жырларды естiген Одиссейдiң 
есіне жауынгер достары түсiп, жүрегi толқиды, көзiне жас алады. 
Алькиной қонақтың қайғысын сезiп, оның кiм екендiгiн және 


22
басынан өткен оқиғаларды әңгiмелеп беруiн өтiнедi.
Одиссей патша мен қонақтардың өтiнiшiн орындап, өзiнiң кiм 
екенiн айтады. Троядан шыққан күннен бастап тартқан азаптарын
хикаялап бередi.
Одиссейдiң хикаясы дастанның төрт тарауында (IX-XII) 
берiлген. Бұл төрт тарау да басынан аяғына дейiн таңғажайып
оқиғаларға толы.
Троялықтар жеңiлген соң, Одиссей одақтастарымен жолға 
шығып, бiрнеше күн әуре-сарсаң боп теңiзде жүзедi. Толқын оларды 
Латофагтар мемлекетiнiң жағалауына алып келедi. Бұл мемлекеттің 
халқы лотоспен қоректенедi екен. Лотостың дәмiн бiр татқан жан 
барлық нәрсенi, тiптi туған жұртын да ұмытып, сол жемiстiң құлына 
айналады екен. Одиссейдiң жанындағылардың кейбiрi сиқырлы 
жемiстен жеп қояды. Мұны көрген патша олардың айқай-шуына
қарамай, кемеге әрең отырғызып, қауiптi аралдан мейлiнше алыс 
кетуге ұмтылады. Мұнан кейiн, бiз Одиссейдi жалғыз көздi дәулер-
циклоптар елiнде көремiз. Сардар өз әскерiн жағада қалдырып, он 
екi серiгiмен бiрге аралды тамашалауға кетедi. Бiраз жүрген соң, 
олар бір үңгiрге кездеседi. Үңгiр iшiнде себет-себет жемiстер мен 
айран толы құмыраларды көредi. Бiр уақытта сырттан тапырлаған
дыбыстар естiлiп, үңгiр iшiне үлкен қой-ешкiлер кiредi, олардың 
iзiнен малдың иесi, алып циклоп Полифем келедi. Оның маңдайында 
бадырайған жалғыз көзi бар. Құбыжықты көрген Одиссей мен 
серiктерi қорқып кетедi. Полифем олардың екеуiн ұстап алып, 
диiрмен тасына ұрып өлтiредi, сөйтiп қазанға салады. Тамақтанып 
болып, үңгiр аузын үлкен таспен жауып, ұзақ ұйқыға бас қояды.
Автордың суреттеуiнше, бұл тастың үлкендiгi соншалық, оны 
жиырма екі арба да орнынан қозғай алмас едi. Одиссей ұйқыда 
жатқан қанішерді өлтiрмекшi болады, бiрақ тасты жылжыта 
алмайтынын бiлiп, ойланады. Таңертең кешегi жағдай тағы 
қайталанады. Полифем Одиссейдiң екi серiгiн жеп, әлгi таспен 
үңгiр аузын жауып, малдарын бағуға кетедi. Одиссей құбыжықтан 
құтылу жолын iздейдi. Мұның амалын табады. Үңгiр iшiнде жатқан 
ұзын сырықты алып, оны ұштап найза жасайды да, үңгiр тасасына 
тығып қояды. Кешке қойларды айдап үңгiрге оралған Полифем екi 
адамды жеп, орнына жатпақшы болғанда, Одиссей өзiмен бiрге алып 
келген шараптың бiр тостағын оған ұсынады. Шарап Полифемге 
ұнайды. Тағы бiр тостақ шарап iшiп, оның есімін сұрайды. Бұл 


23
сұрақ Одиссейдi ойға қалдырады. «Тостақты Полифемге ұсынып 
жатып:
- Сен менiң атымды бiлгiң келе ме? Менiң атым Ешкiм емес - 
дедiм.
- Онда тыңда, Ешкiм емес, мен сені ең соңынан жеймін, менің 
саған арнаған сыйлығым осы, - деп қарқылдап күлді циклоп.
Ол үшінші тостағандағы шарапты ішкен соң сылқ құлады да 
ұйқыға кетті» [31,418].
Одиссей серiктерiне белгі беріп, олар сырықтың ұшын отқа 
ұстап, циклоптың көзiне шаншады. Ауруға шыдамаған Полифемнiң 
жан айқайын естiп, аралдағы циклоптар үңгiр аузына жиналады. 
Олар серiгiнiң айқайлау себебiн және оны кiм жаралағанын 
сұрағандарында, Полифем:
- Мені күшімен емес айламен алдап соққан Ешкiм емес! – деп
жауап қайтарады. 
Циклоптар Полифемге ашуланып кетiп қалады.
Таң атады. Полифем ауру азабынан ыңыранып жүрiп, үңгiр 
аузындағы тасты жылжытады. Әрбiр қой мен ешкiнi сипалап, 
бiр-бiрден далаға шығара бастайды. Полифемнiң ойын аңғарған 
Одиссей қойларды үшеуден қосақтап, ортасындағының қарнына 
бiр-бiрден серiктерiн байлайды. Өзi бiр қошқардың қарнына 
асылады. Осылайша олар үңгiрден аман шығып, өлiмнен құтылады, 
өздерiмен бiрге Полифемнiң қойларын да ала кетедi. Кемеге отырып 
жағалаудан алыстаған соң, Одиссей жалғыз көздi циклопқа қарап:
- Бiлiп қой! Полифем, көзiңдi ойып алып, соқыр қылған адам - 
Итака патшасы Одиссей болады! – деп айқайлайды.
Ызаға булыққан циклоп таудай тасты теңiзге қарай лақтырады. 
Суға түскен тас толқынынан кеме батуға сәл-ақ қалады. Осылайша, 
Одиссей жыртқыш циклоп қолынан аман құтылғанымен, 
Полифемнiң әкесi, теңiз құдайы Посейдонның нағыз дұшпанына
айналады. 
Бұдан кейін Одиссей өз серiктерiмен жел құдайы Эолдың 
мекені болған Эолия аралына келедi. Эол оларды құрметпен 
қарсы алып, бiрнеше күн қонақ қылып, елiне шығарып салады. 
Қонақтардың сапары қауiпсiз болуы үшiн, сұрапыл дауыл мен 
желдi терiден тігілген үлкен қапқа қамап, оны Одиссейге сыйға 
тартады және елiне жеткенше қалтаның аузын ашпауды мықтап 
тапсырады. Сондықтан Одиссей күндіз-түнi қапты қарауылдап 


24
отырады. Сапардың оныншы күнi болғанда алыстан бір аралдың 
қарасы көрiнедi. Әбден қалжыраған Одиссей қатты ұйқыға кетедi. 
Серiктерi қаптың iшiнде бағалы алтын, күмiс бұйымдар бар шығар 
деп оның аузын аша бастайды. Құрсаудан босанған дүлей дауыл 
асау толқындарды көтеріп, Одиссейдiң кемесiн алысқа лақтырып 
тастайды. Бірнеше күн жүзiп, соңында олар қанішер жыртқыштар 
аралының жағасына жетедi. Бұларды байқап қалған жыртқыштар 
үлкен тастарды лақтырып, Одиссейдiң он екi кемесiнiң он бiрiн суға 
батырады. Санаулы серiктерiмен жалғыз кемеде қалған Одиссей 
Күн құдайы Гелиостың қызы, перi Кирканың аралына келiп түседi. 
Сақтық ойлаған Одиссей аралға бiрнеше серiгiн жiбередi. Олар 
қалың ағаштың арасында орналасқан таңғажайып сарайға кездеседi. 
Сарай маңында қолға үйретiлген арыстан мен қасқырлар айналып 
жүредi. 
Жыртқыштар адамдарды көрiсiмен асыранды иттер сияқты 
қастарына келiп, құйрықтарын бұлғаңдатып, еркелей бастайды. 
Осы кезде сарай iшiнен жәдігөй Кирка шығып, олардың iшке кiруiн 
өтiнедi және бiр-бiр тостақ шарап ұсынады. Жолаушылар шарап 
толы тостақты көтерiсiмен доңызға айналады. Бұл хабарды естiген 
Одиссей достарын құтқару үшiн сарайға қарай жүгiредi. Орман 
iшiнде келе жатқан жолда ғайыптан Гермес пайда болып, қолына 
сиқырды қайтаратын өсiмдiктiң тамырын ұстатады. 
Кирка Одиссейдi де жақсы қарсы алады, «қонақты» алтын 
орындыққа отырғызып, қолына шарап ұсынады. Бiрақ, сиқыр 
Одиссейге әсер етпейдi. Ол орнынан атып тұрып, қылышын
жалаңаштап Киркаға қарай ұмтылады. Қорқып кеткен Кирка 
оның аяғына жығылып, жамандық iстемейтiнiн айтып, ант-су 
iшедi. Одиссей сабасына түсiп, онымен дос болады. Осы жерде 
бiр жыл өмiр сүрiп, қайтадан жолға шығады. Бiрақ, бұдан алдын 
Кирканың кеңесiмен өлілер патшалығына барып келедi. Бұл 
жерде Одиссей әулие Тиресийдiң аруағымен кездеседi. Тиресий 
Одиссейдiң мұнан соңғы тағдыры мен әйелi Пенелопаның басына 
түскен ауыр жағдайларды айтып, оған көп кеңес бередi. Одиссей 
мұнда анасының рухымен, қайтыс болған достары Агемемнонмен, 
Ахилмен әңгiмелеседi. Грек сардары өзiнiң сұм тағдыры туралы 
яғни отанына оралған күнi әйелi Клитемнестраның көңiлдесi 
Эгисф қолынан мерт болғандығын айтып, Одиссейдi де сақтыққа 
шақырады.


25
Өлілер патшалығынан оралған соң, Одиссей отанына аттанады. 
Олар жолда Сирена аралына кездеседi. Аралды мекендейтін 
перi нәсiлiне жататын мақұлықтар өте тамаша ән салады. Осы 
әндердi тыңдаған адам арбалып аралдан кете алмай, соңында сол 
мақұлықтарға жем болады екен.
Сиреналардың сиқырлы әуенiнен сақтану үшiн Одиссей 
серiктерiнiң құлақтарын балауызбен бекiтедi. Өзiн кеме дiңгегiне 
мықтап байлап тастауды бұйырады. Арал жанынан өтiп бара 
жатқанда перiлердiң сиқырлы даусына елтiген Одиссей қолды-
аяққа тұрмай, босатуын айтып жалбарына бастайды. Серiктерi 
оны тыңдамайды, кеме әрең дегенде аралдан алыстайды. Бірақ 
олардың алдында мұнан да қауiптi Скилла мен Харибда жатқан едi. 
Құбыжықтар Одиссейдiң бiрнеше серiгiн жалмайды. 
Көп қиыншылықтарды басынан өткiзген Одиссей Күн құдайы 
Гелиостың аралына жетедi. Жасыл жайлауда семiз қойлар мен 
өгiздер жайылып жүр. Жолаушылар аралға табандары тиген 
күннен бастап, ауа райы бұзылады. Олар лажсыздан бiр ай аралда 
қалуға мәжбүр болады. Азық-түлiк таусылып, аштық басталады. 
Одиссейдiң қатты ескертуiне қарамай, бiр күнi серiктерi оның 
қалғып кеткендiгiн пайдаланып, Гелиос өгiздерiнiң екеуiн сойып 
алады. Олардың ұрлығына ренжiген Гелиос Зевске шағымданады. 
Ауа райы ашылып, Одиссей жолға шыққанында, Зевс найзағайын 
жарқылдатып, кеменің күл-талқанын шығарады. Адамдардың 
барлығы суға кетедi. Тек Одиссей ғана жалғыз тақтайға жармасып
бiр аралдың жағасына шығып, әрең аман қалады. Бұл арал перi 
Калипсоның Огигия аралы болатын. Одиссейдiң жетi жыл өмiрi 
осы жерде өтедi.
Феакийлықтар Одиссейдiң хикаяларын қызыға тыңдады. 
Патша Алькиной батыр қонаққа сыйлықтар сыйлап, арнайы 
кемемен өз елiне жөнелтедi. Одиссей аман-есен Итака аралына 
келiп түседi және не iстерiн бiлмей ойланып тұрғанында, жебеушiсi 
Афина құдай пайда болып, мұнан ары қарай қандай әрекеттер 
жасауы тиiс екендiгiн айтып, кеңес бередi. Одиссейдi қайыршы 
кейпiне енгiзiп, адал құлы Эвмейдiң қосына баратын жолға салып 
жiбередi. Одиссей Алькинойдан алған сыйлықтарын бiр жерге 
жасырып, Эвмейдiң қосына келедi. Қайыршыны Эвмей жақсы 
қарсы алады. Одиссей өзiнiң кiм екендiгiн сездiрмейдi, әңгiме 
арасында Одиссейге кездескендiгiн, оның жақын күндерде Итакаға 


26
оралатынын ескертедi. Осы кезде Афина Телемахтың түсiне енiп, 
тез арада елiне қайтып, Эвмейдiң қосына баруы керек екендiгiн 
бұйырады. Сөйтіп Эвмейдің үйiнде әке мен бала табысады. Жеке 
қалғандарында Одиссей мен Телемах дұшпандарынан кек қайтару 
жолдарын жоспарлайды.
Ертеңiне олар сарайға келедi. Пенолопадан үміткерлер 
Одиссейдiң мал-дүниесiн шашып, мол дастарқан басында мастық 
құрып жатқан едi. Одиссей олардан қайыр-садақа сұрайды. 
Ақсүйектер садақа бермек түгiл, оны келеке қылып, балағаттайды. 
Осы күнi Пенолопа Одиссейдiң садағы мен жебелерiн құзырына 
алғызып, кiмде-кiм осы садақтан жебе тартып нысанаға дәл тигiзсе, 
сол адамға жар болатындығын айтты. Үміткерлердiң бiрде-бiреуі 
садақтың жiбiн тартуға әлi келмедi. Осы мезетте Одиссей өзiнiң кiм 
екенiн Эвмей мен адал құлдарына бiлдiрiп, шайқасқа дайын тұруын 
ескертедi. 
Өзi ортаға шығып садақты тартып көруге рұқсат сұрайды. 
Ақсүйектердiң қарсылығына қарамай, Телемах садақты әкесiне 
ұсынады. Одиссей қиналмастан садақты тартып, нысанаға дөп 
тигiзедi. Осыдан соң ол соғысты бастауды Телемахқа ымдап, 
екiншi жебенi Антинойға қарай атады. Одиссейдi таныған 
ақсүйектер қорғануға кiрiседi. Кейбіреуі Одиссейден кешiрiм 
сұрап, жалбарынады. Бiрақ Одиссей оларға құлақ салмай, барлығын 
қырып салады. Одиссей опасыздық жасаған құлдары мен күңдерiн 
де жазалайды. Дегенмен, бiр талай қантөгiстен кейiн көтерiлiс 
басылып, патша мен халық арасында қайтадан татулық орнайды. 
Одиссей мен Пенолопа қосылып, бақытты өмiр сүредi [8,69].


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   156




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет