Қол сүйектерінің шығуы
Балаларда қол сүйектерінің шығуы сүйек сынықтарымен салыстырғанда 7 есе аз кездеседі. Себебі, қапшық пен буын байламдарының созылмалылығы, мықтылығы өте жоғары болады.
Иық сүйегінің шығуы. үлкен жастағы адамдарға қарағанда балаларда сирек кездеседі. Ересек адамдарда иық сүйегінің шығуына әкелетін механизмдер балаларда эпифизеолизді, остеоэпифизеолизді туындатады. Оған балалардағы буын байламдары мен қапсуланың ерекшеліктері себеп.
Клиникасы және диагностикасы. Иық буынында белсенді қимыл шектеледі, кішкене қимылдың өзі қатты ауырсынуды тудырады. Шыққан буын жақтағы шынтақ денеден алшақ тұрады, оны денеге жақандатпақшы болғанда серпіну сезіледі. Иық буынының жоғарғы жағында акромион шығып тұрады, қолтық астында иық сүйегінің басы анықталады. Рентгенограммада иық сүйегінің басының тайып кеткендігі анықталады.
Емі. Иық сүйегінің басын орнына түсіру. Шыққан йық сүйегін салу үшін Кохер, Джаналидзе, Гиппократ-Купер әдістері қолданылады. Буынды салу әрекеті жалпы наркоз берілгеннен кейін, немесе 1% промедол жасалғаннан соң жүргізіледі. Буынды орнына түсіргеннен кейін қолға 2-3 аптаға гипстен лонгета салынады. Лонгета алынғаннан кейін ЛФК, физиоем жүргізіледі. Зақымданған балаға 3 айға дейін спортпен шұғылдануға рұқсат берілмейді.
Білек сүйектерінің шығуы.
Бала жасында кездесетін буын шығулардың ішінде білек сүйектерінің шығуы бірінші орын алады.Шынтақ, кәріжілік шыбығы сүйектерінің жиі шығуы олардың, буын капсуласының, байламдарының анатомиялық ерекшеліктерімен түсіндіріледі. Білек сүйектерінің шығуының төменгі түрлерін ажыратады:
білек сүйектерінің екеуінің де шығуы;
шыбық сүйегіің жекеленген шығуы немесе шыбық басының жартылай шығуы;
шынтақ сүйектің жекеленген шығуы;
сынып-шығу Монтеджи және Брехт зақымданулары.
Клиникасы және диагностикасы. Білек сүйектерінің шығуы байлам-қалташалардың зақымдалуын, буын ішіне қан құйылуын туындатады. Шынтақ буынында қозғалыс болмайды, деформация, ісіну, ауырсыну пайда болады. Мұндай зақымдану кезінде өте үлкен ісік, немесе сынған-шыққан сүйектер қан тамырларын, жүйке тамырларын жаншып тастау мүмкін. Оны дер кезінде анықтау үшін қан тамырының соғуын, саусақ қозғалысы мен сезімталдықтың бар-жоғын тексеру қажет.
Білек сүйектері шынтақ буынынан шыққанда көбінесе артқа, немесе сыртқа ығысады. Мұндай зақымдану білегі жазылған қолға құлаған жағдайында кездеседі. Себебі, білек шамадан тыс жазылғандықтан білек сүйектері артқа, немесе сыртқа, ал иық сүйегінің төменгі ұшы, қапшығын жыртып, алдыға қарай ығысады. Сондықтан да, пальпация кезінде иық сүйегінің төменгі ұшы алдына, ал білек сүйектерінің жоғарғы басы шынтақ буынының артқы жағында анықталады.
Сурет VI. 13. Білек сүйектерінің буыннан шығуы
Білек сүйектерінің шығуын анықтау кезінде иық сүйегіің төменгі метаэпифизінің сыну мүмкіндігі есте болу керек. Себебі, мұндай сынықтарды, білек сүйектерінің шығуымен шатастыру өте қауіпті.
Иық сүйегі сынығында шатасып шыққан білек сүйектерін орнына салу әдісі қолданылса онда жұмсақ тіндер, қан тамырлары, жүйке тамырлары зақымдану тануы мүмкін.
Білек сүйектерінің шығуын иық сүйегінің төменгі метаэпифизінің сынуынан ажырату үшін Маркс белгісіне, Гютер үшбұрышының теңдігіне көңіл аудару қажет. Диагноз рентгенографиядан кейін қойылады.
Емі. Негізгі емі, шыққан сүйектерді орнына салып, қолды ортафизиологиялық жағдайда ұстап, иық сүйегінің жоғарғы бөлігінен алақан сүйектерінің басына дейін 7-10 күнге гипстен лонгета салу. Шыққан сүйектердің орнына келуін анықтау үшін рентгенография жасауы қажет.
Жабық емдеу тәсілдері нәтиже бермеген жағдайда операция жасалады.
Кәріжілік шыбық сүйегінің басының жартылай шығуы тек қана 3-5 жастағы балаларда кездеседі. Оны «созудан шығу» немесе «кішкене балалардың ауырсыну пронациясы» деп атайды. Сол қол оң қолға қарағанда жиі зақымдалады.
Шыбық сүйегінің басының жартылай шығуының негізгі себебі - баланы созылған қолынан жоғары, немесе алдыға қарай жұлқып тарту болып табылады. Ата-аналардың айтуына қарағанда шыбық сұйегінің басының жартылай шығуы бала сүрінгенде, оны жетектеген адамның қолынан тартып қалғандығы, немесе тар жеңді киімді кигенде, немесе шешкенде пайда болғандығы анықталады.
Зақымдалу механизмін төмендегі: қолды жазылған бойында жұлқып қалғанда шыбық сүйегінің басы сақиналы байламнан шығып, немесе қысылып қалады.
С.Д. Терновскийдің айтуына қарағанда, шыбық сүйегінің басының жартылай шығу себебі 3 жасқа дейінгі балалардың байлам, сүйек-бұлшық ет және буын қапшығының ерекшелігімен түсіндіріледі. Өсе келе аталған анатомиялық өзгерістердің жойылуына байланысты 3-5 жастан үлкен балаларда бұл зақымдану кездеспейді.
Клиникасы және диагностикасы. Зақымдану кезінде бала қатты ауырсынады, білегін шынтақ буынында қимылдата алмайды, қолын шынтақ буынында азырақ бүгіп, алақанын артқа қаратып ұстайды. Тексеруші білекті бұрмай, шынтақ буынында бүгіп-жазғанда ауырсыну болмайды. Бірақ білекті сыртқа қарай бұрғанда(супинация), немесе шыбық сүйегінің басын бармақпен басқанда қатты ауырсыну туындайды.
Зақымданудың неден болғанын ажырату үшін рентгенография жасалуы қажет, бірақ шыбық сүйегінің басының жартылай шығуы рентгенограммада анықталмайды.
Емі. Кәріжілік шыбығының басының жартылай шығуы кезінде оны орнына түсіру керек. Ол үшін білекті 900-қа бүгіп, бір қолмен баланың алақаны мен білезігінен, екінші қолмен шынтақ буынын ұстап, бос саусағымен шыбық сүйегінің басына басып, білекті сыртқа қарай (супинация) бұруы керек. Сол кезде шыққан сүйектің басы шырт етіп орнына түседі. Бала білегін шынтақ буынында ауырсынбай қимылдатады. Шыққан буынды орнына келтіргеннен кейін қолды 1-2 күнге орамалмен асып қою қажет.
Саусақтардың шығуы. Саусақ буындақтарының шығуы балаларда сирек кездеседі. Жарақат саусақтың шамадан тыс жазылуынан туындайды. Көбінесе шығу, І-ші саусақтың алақан-саусақ буынында кездеседі.
Сурет VI. 14. Саусақ буынының шығуы
Клиникасы және диагностикасы. Толық шығу кезінде саусақ буындарында қимыл болмайды. Саусақта ісіну, деформация, көгеру пайда болады.
Емі. Шыққан саусақты орнына салып, 10-12 күнге гипстен лонгета салынып, ЛФК, физиопроцедуралар өткізіледі. Консервативтік ем нәтижесіз болған жағдайда операция жасалады.
Достарыңызбен бөлісу: |