ІШТЕН ТУА БІТКЕН ҚОТАН АЯҚ (МАЙМАҚТЫҚ) Қотан аяқ деп туабіткен аяқ буындарының қисаюы мен қатаюын (контрактурасын) атайды. Басты белгілері: эквинус (аяқтың табанға қарай бүгілуі); супинация ( аяқтың ішке қарай бұрылуы), аддукция (табанның алдыңғы жағының ішке қарай қисаюы), жүргеннен кейін балтырдың ішке қарай айналуы болып табылады.
Т.С.Зацепиннің мәліметі бойынша, қотан аяқ туа біткен қозғалыс-тірек аппаратының ауруларының ішінде бірінші орын алып, олардың 35,8 құрайды.
Аталған өзгерістер дәрежесі әр түрлі болуы мүмкін, сондықтан қотан аяқтың негізгі және ерекше деген екі түрін ажыратады.
Негізгі түріне Остен-Саксен және тек жұмсақ тіндер туындататын қотан аяқ, ал ерекше түріне – артрогрипоз, туа біткен балтыр сүйегінің жетімсіздігінен болатындар жатады.
Этиологиясы. Қотан аяқты тудыратын себептер жатыр ішінде ұрықтың дұрыс дамымауы, қағанақтың іштей балаға жабысуы, кіндік бауының аяққа оралуы, жатыр етінің және жатыр ішіндегі ісіктің аяққа қысым жасауы болып табылады.
Т.С.Зацепин бойынша, іштен туа болған қотан аяқты, әсіресе асық сүйегінің пішінінің өзгеруі, жіліншік – асық және басқа да буындарының, буын қалталарының, сіңірлермен бұлшық еттердің дамуының өзгерістерін туындатады. Кәрі жіліктің бұлшық еті қысқарып, жуандап, бағытын өзгертеді, өкше сіңірі өкше сүйегінің бұдырының сырт жағына бекітіліп, үш қырлы бұлшық ет жуандап қысқарады. Осы айтылған себептер ақырында аяқ пішінін өзгертіп, қотан аяқты туындатады.
Сурет VI.31. Іштен туа болған қотан аяқ. Жалпы көрінісі Емі. Іштен туа болған қотан аяқты емдеу неғұрлым ерте басталса соғұрлым нәтижелі болады. Себебі нәрестелердің тіндерін созып икемдеу, қисайған аяқты түзетіп ұстау жеңіл болады. Емнің негізі қотан аяқты түзетіп ұстап, оның дұрыс өсіп жетілуіне мүмкіндік жасау. Емдеу тәсілдері консервативтік және хирургиялық болып екіге бөлінеді. Консервативтік ем, кіндік жарасы жазылысымен басталып аяқты аддукция, супинация, эквинустан шығарып қалыпты жағдайға келтіріп ұстауға бағытталған.
Қотан аяқты түзетуге бағытталған гимнастика, массаж 3-5 минут бойы жасалып, күніне 3-4 рет қайталанады. Аяқты түзетуге арналған жаттығумен массаждан кейін аяқты жұмсақ бинтпен Финк-Эттингене әдісі бойынша таңып қояды. Бұл әдіс қотан аяқтың ең жеңіл түрлерінде қолданылады.
Қотан аяқтың орташа және ауыр дәрежедегі түрлерінде бинтпен таңу әдісі тек дайындық ретінде 2-3 апта қолданылады, одан кейін, біртіндеп маймақты түзету үшін, этапты гипстен «етікше» салынады.
Т.С.Зацепин бойынша этапты гипсті салу үшін шалқасынан жатқан баланың балтырын тізе буынында 900 дейін бүгіп, мүмкіндігінше түзелген қотан аяққа бақайларынан бастап тізе буынына дейін гипстен етікше салынады.
Сурет VI.32. Іштен туа болған қотан аяқ. Рентгенограмма Жеті күннен кейін гипс алынып, массаж бен түзетуге арналған жаттығу жасалғаннан кейін аяқты барынша күштемей түзетіп, қайтадан гипстен етікше салынады.
Қотан аяқты қалпына келтіріп түзету үшін орта есеппен 10-15 рет гипстен етікше салынуы қажет. Аяқ өз қалпына келтірілгеннен кейін де 3-4 ай бойы баланың аяғы гипстен жасалатын етікшеде болуы қажет. Баланың аяғы өсетіндіктен әрбір 3-4 аптадан кейін етікше айырбасталып отырылады. Уақытынан бұрын гипстен жасалған етікше алынса, қотан аяқ бұрынғы қалпына қайта келуі мүмкін.
3-4 айдан кейін гипстен жасалған етікше алынып, балаға ортопедиялық аяқ киім кигізу қажет. Ортопедиялық аяқ киімнен басқа қосымша ЕДШ, электрофорез тағайындалады.
Консервативтік ем нәтиже бермегенде, қотан аяқтың ауыр түрлерінде операция жасалады. Баланың жасына және қотан аяқтың түріне байланысты операция жұмсақ тіндеріне немесе сүйекке, кейде екеуіне де жасалады. Баланың 2-2,5 жас кезінде аяқ сүйектеріндегі өзгеріс өте аз болғандықтан, сіңір, байламдарға, буын қапшығына операция Т.С.Зацепин тәсілі бойынша наркозбен жасалады.
Тері және теріасты тіндерін сирақ-асық буынының ішкі жағынан кесіп, асықты жілік бұлшық етінің сіңірімен оның астындағы саусақтарды бүгетін ұзын боршаның сіңірін ұзарту үшін Z тәріздес кесіп ұзартады. Сирақ-асық буынының ішкі, артқы және де тобықтың жан-жағындағы сіңірлері кесіледі де тобық сүйегінің төменгі жақ буыны толық ашылады.
Өкше сіңірі (ахилово сухожилие) тік бағытта Z тәріздес тілініп, табан сүйегіне бекітілген ішкі бөлігін кесіп алады.
Екіге бөлінген өкше тарамысы мен артқы фасцияның астындағы аяқтың үлкен саусағын бүгетін бұлшық еттің боршасын да Z тәріздес қиып ұзартады. Осылай өкше тарамысы да ұзартылады.
Одан кейін асық-өкше буындарының шарбысы және де табанның ішкі жағынан көлденеңінен табан шандыры кесіледі. Жоғарыда аталған тіндер кесіліп коррекция жасалғаннан кейін аяқ түзу қалпына келеді. Тері тігіліп, баланың аяғына гипстен лонгета салынады. Тігіс жібі алынғаннан кейін 4-5 айға жаңадан гипс етікше салынады да 3 айдан кейін тұрып-жүруге рұқсат беріледі.
Гипс алынғаннан кейін массаж, ЕДШ, физиоемшаралар және ортопедиялық аяқ киім тағайындалады.