Субдуральдық гематома - мидың жалпы және жергiлiктi жаншылуына (компрессиясы) әкелетiн қатты және торлы ми қабықтарының арасында жиналған қан ұйындысы. Субдуральдық гематоманың туындау себебі жұмсақ ми қабығының веналары мен ми қыртыстары артерияларының зақымдануы, қатты ми қабығы жыртылуы. Субдуральдық гематоманың клиникалық көрінісі құйылған қан көлемі 30-100 мл жеткенде білінеді. Гематоманың пайда болуына ми қан тамырлары қабырғасының өткізгіштігі, қан ұюының бұзылыстары, бас сүйек ішінің қысымның тез арада өзгеруі себебін тигізеді. Жаңа туған нәрестелерде босану кезінде вакуум-экстрактор қолданылған жағдайда да субдуральдық гематомалар туындайды.
Клиникасы және диагностикасы. Эпидуральдық гематомадан ерекшелігі - ұзақ уақыт, науқастың қанағаттанарлық жағдайда болуы, «жарық» аралықтың көпке созылуы. Жалпы және ошақтық белгілер эпидуральдық гематомадағыдай болады. Субдуральдық гематома диагнозы анамнез мәліметтері, неврологиялық көрініс ЭхоЭГ, КТ негізінде қойылады.
Емі. Егер бас сүйегі ішінде гематома бар екендігі күмән тудырмаса, шұғыл түрде хирургиялық ем жасалуы шарт. Мидың қысылуының алғашқы екі кезеңі кезінде гематоманы алып тастап, қан аққан тамырды байлап, егер мидың ісінуі болмаса, қатты қабықты жауып, сүйек қиындысы орнына салынады.
Балаларда, мидың гематомаларында трепанациямен бірге консервативтік ем де жүргізілуі тиіс. Операциядан кейiнгі 14-21 күнге дейін төсектен тұруға рұқсат берілмейді
Консервативтік терапияның мақсаты: ми ісінуін және бас сүйегі ішілік гипертензияны болдырмау, гипертермиямен, анемиямен, тыныс алу жетіспеушілігімен, метаболизм бұзылыстармен және инфекциялық асқынулармен күресу.
Субарохноидальдық гематома. Субарахноидальдық және миiшiлiк гематомалар көбінесе ми соққысы мен бас сүйектерінiң сынуында туындайды. Бас-ми жарақатында ол люмбальдық пункция кезінде анықталады. Торлы қабықтың астына қанның кетуі ми тамырларының, синусқа қосылатын веналардың және эпендиманың зақымдалуынан туындайды.
Клиникасы. Балаларда, жарақат алған сәттен бастап бастың ауыруы, психомоторлық қозу, менингиальдық белгілер, ыстықтың көтерілуі, ақыл-есiнен ауысуы, ошақтық неврологиялық белгілер байқалады.
Емі. Аурухана жағдайында, қатаң төсек ережесі, басқа суық басу және кальций хлориды, викасол, рутин, анальгин, аскорбин қышқылы, антибиотиктер тағайындалады. Ликвор тазаланып, ми қысымы қалыптасқанша, 2-3 күнде бір люмбальдық пункция жасалынады. Ауруханадағы емдеу мерзімі 3-4 аптаға созылады.
Достарыңызбен бөлісу: |