Оқулық Медициналық жоғарғы оқу орындарының студенттеріне, дәрігер педиатрларға және



бет82/247
Дата07.02.2022
өлшемі7,1 Mb.
#83227
түріОқулық
1   ...   78   79   80   81   82   83   84   85   ...   247
Байланысты:
Balalar khirurgiasy kaz medical students

БАУЫР ЭХИНОКОККОЗЫ

Echinococcus granulosis Rudolphi - ішкі паразитарлық таспа құрттар қатарына жатады. Жыныс мүшелері жетілісімен олар иттің, қасқырдың ащы ішектерінде өмір сүреді. Ал көпіршік –личинка сатысында адамның, ірі және уақ мүйізді қара малдың ағзалары мен тіндерінде орналасады.


Echinococcus granulosis ұзындығы 2-6 мм, жалпақтығы 0,25-0,3 мм, ақшыл, көзге көрінетін құрт. Жыныс мүшелері жетілген паразиттердің басы мен 3 немесе 4 мүшелік проглотидтері болады. Оның басы (сколекс) қалған мүшелерімен қысқа мойын арқылы жалғасқан. Басының ең жоғарғы жағында тұмсығы бар, тұмсықта 28-50 шамасында, айнала екі қатар ілмектер орналасқан. Бірінші қатардағы үлкен ілмешектердің ұзындығы 22-40 мкм, ал екінші қатардағылары -18-22 мкм. Басының екі жағында әрқайсысының диаметрі 13 мкм, бұлшық еттен тұратын 4 сорғышы болады. Жыныс мүшесі жетілгендерінің денесінің төртінші мүшелік бөлігінде жатыр орналасады. Ол жатырда, 400-ден 800-ге дейін, алты ілмекті тұқым – онкосферадан тұратын жұмыртқалар болады. Олар денесінен бөлініп, ішекті бойлап, үлкен дәретпен сыртқа шығады. Мал жайылымдары, табиғи суаттар, көбінесе үй малдары мен адамдар тұратын үйлердің айналасы, осы жынысы жетілмеген проглотидтер мен онкосфералармен ластанады.
Көп уақытқа дейін Echinococcus granulosis бір және көп камералық эхинококк ауруын қоздырады деген түсінік болды. Тек соңғы он жылдықта ғана түлкінің ішінде өсетін таспа құрттың адамдарда алвеококкоз ауруын тудыратыны және оның эхинококкоздан айырмашылығы бар екендігі анықталды.
Эхинококк жұмыртқалары (34-36х25-30 мкм) сыртқы табиғатқа өте төзімді және әдеттегі дезинфекциялық дәрілер әсер етпейді. Оларды тек қана жоғарғы қызу –от немесе қайнап тұрған су ғана өлтіреді.
Онкосфералар аралық иесінің денесіне (ірі және уақ мүйізді қара мал, шошқа, жылқы, қоян, тауық, тышқан, мысық, адам) енгеннен кейін көпіршік сатысына көшеді.
Ағзаға түскен паразиттің жұмыртқасы ас қорыту жүйесіне түскен соң, асқазан сөлінің әсерінен сыртқы қабығы еріп, ішіндегі онкосфералар босап шығады. Олар өздерінің 6 ілгіш ілмектерімен ішектің шырышты қабығын тесіп, майда қан және лимфа тамырларына түседі. Тесу кезінде онкосфералар ілмектерін жоғалтады. Сондықтан осы уақыттан бастап, олар өздігінен қозғала алмайды. Тек қан және лимфа ағысын бойлай ағзаларға кіріп, сол жерде эхинококк қуысын дамытады.
Паразитарлық қуыс 6 элементтен құралған: сыртқы кутикулярлық немесе хитин қабығы, ішкі тұқымдық перде, эхинококк сұйығы, тұқымдық көпіршіктер, сколекстер, немерелік және шөберелік көпіршіктер.
Адам денесіне эхинокок 3 жолмен жұғады: асқазан-ішек жолы мен тыныс алу ағзаларының шырышты қабаты, өкпе және жарақаттардың беті арқылы. Түскеннен кейін онкосфералардың көбі асқазан сөліне еріп, үлкен дәрет арқылы сыртқа шығады. Тек азғантайы ғана тірі қалады. Олар, асқазан-ішек жолының шырышты қабығын тесіп, қан және лимфа арқылы қақпа көктамыры жүйесіне (v. cava inferior) түседі. Қанның ағымымен организмдегі бірінші кедергі бауырға барады. Сондықтан бауыр эхинококкозы жиі кездеседі.
Онкосфералардың бауырда бөгелуі эхинококктың тұқымы мен бауыр өзектерінің көлемдік мөлшерлеріне байланысты. Мысалы, эхинококк тұқымының диаметрі 22 мкм болса, бауыр қан тамырларының диаметрі 9-21 мкм. Сондықтан олар бауырда сүзіліп тоқтап қалады. Диаметрі кішірек эхинококк тұқымдары бірінші бауыр сүзгішінен өтіп, төменгі қуыс вена (v. cava inferior) арқылы жүректің оң жақ бөлігіне, одан өкпеге барып тоқтайды. Өкпе, денедегі екінші сүзгі деп есептелінеді. Өйткені өкпе капиллярларының кеңдігі 6-12 мкм. Дегенмен, кейде паразит бұл сүзгіштен де өтіп, өкпе венасы арқылы артериялық қан айналысына түсіп, дененің кез келген ағзаларына орналасуы мүмкін.
Әдеттегіден басқа да жұғу жолдарының мүмкіндігі бар. Мысалы, асқазаннан онкосфера өңеш веналарына және жартылай дара вена арқылы жоғарғы қуыс венаға түсуі мүмкін. Кейде тік ішектің шырышты қабатын тесіп, оның веналары арқылы төменгі қуыс венасынан тарайды.
Лимфа жүйесіне түскен эхинококк тұқымдары кеуде лимфа өзегі – d.thoracicus - арқылы жоғарғы қуыс венасына (v. cava superior) және өкпеге барып дамуы да кездеседі.
Эхинококк тұқымының әсіресе, мал жайылымдарында, ауа арқылы таралуы да дәлелденген. Эхинококк жұмыртқалары майда бронхтарға жетісімен, тыныс алу жолы секретінің әсерінен өзінің сыртқы қабығын жоғалтып, ағзаның шырышты қабығына бекініп, әрі қарай өкпеде дамиды.
Үшінші жолы - жарақат арқылы жұғуы. Мысалы, тістеген ит аузынан немесе операция кезінде тірі онкосфералардың жараға кездейсоқ түсіп дамуы.
Паразиттің тәнге (организмге) түскеннен бастап бір жерге барып тоқтап, әрі қарай үдеп өсуі көп жағдайларға: онкосфераның белсенділігіне, сыртқы қабатынан босар шығу мерзіміне, оның дамуына жағдайдың барлығына, тоқтаған жердің анатомиясы мен физиологиясына, организмнің жалпы иммунореактивтілігіне байланысты.
Онкосфералар организмге түскеннен кейін барлық уақытта ауру қоздырмайды. Организмде паразиттің өсіп-өнуіне қолайлы жағдай болса ғана эхинококк қуысы тез дамиды.
Адам тәнінің (организмінің) эхинококкқа қарсы иммунитетінің бар-жоғы осы уақытқа дейін белгісіз. Патогенезіне байланысты Р.П.Аскерханов адамда кездесетін эхинокок ауруының бес түрін айырып көрсетеді, олар:

  1. организмге тірі онкосфералар түскеннен кейін бір немесе бірнеше ішкі ағзаларда дамитын тұңғыш эхинококкоз.

  2. эхинококк қуысының жарылуынан туындайтын, құрсақ немесе көкірек қуысында, екінші кезекте қосымша пайда болған, көптеген эхинококкоз.

  3. эхинококк қуысы жүрек немесе үлкен қан тамырларының ішіне жарылуы нәтижесінде байқалатын гемостатикалық эхинококкоз.

  4. операциялық немесе кездейсоқ жараға эхинококктың сколексі немесе онкосферасы түсіп дамитын түрі – имплантациялық эхинококкоз.

  5. гетеротропикалық эхинококкоз. Мысалы, эхинококк қуысы өкпе қабығының (плевра) астында орналасып, оның фиброздық қабығы жарылғанында, ал хитин қабаты сау түрінде көкірек қуысына түсіп жаңа жерде эхинококкоз дамытады.

Орташа есеппен эхинококк қуысы 10-20 жыл өмір сүреді. Эхинококк қуысының организмде өздігінен өлуі оның әрі қарай өсуіне кедергі кездескенде байқалады. Ондай кедергілер – қуыстың іріңдеуі, жарақаттанғанда қуыс ішіне қан құйылуы немесе уақыты жетіп қартаюы. Паразиттің өлгенінің бірінші белгісіне эхинококк қуысының көлемінің кішірейіп, жиырылуы жатады. Мұндайда ішіндегі сұйық тарап кетеді, қабығы қатпарланады, ішінде қалған заттар қоюланып, одан әрі қарай кальций тұздары шөгуінен қатаяды.
Өлген эхинококк қуыстары іріңдеткіш инфекциялардың дамуына өте қолайлы жер. Бірақ инфекцияның қалай түсетіні толық дәлелденбеген. Инфекция, эхинококк қуысына қан мен лимфа арқылы қабыну бар жерлерден немесе өт жолдары мен ауадан түсуі мүмкін деп есептеледі.
Эхинококкоздың таралуы белгілі географиялық аймаққа, тазалық сақтау қызметінің жұмысына, тұрғылықты халықтың мәденитіне байланысты. Жиілігі 50000-1000000 тұрғында 1 ауру есебімен Қазақстан Республикасы ІУ географиялық аймаққа жатады.
Бүкіл ағзалардың ішінде бауыр эхинококкозы 44,2%-тен 84,2%-ке дейін кездеседі. Еркектерге (58,5%) қарағанда әйелдер (68,7%) арсында жиірек. Аурудың алғашқы білінуі 65%-ке дейін 20-50 жас арасында байқалады. Эхинококк қуысы бауырдың оң жақ бөлігінде 30%, ал төрт бұрышты және шиыршық (спираль) бөлігінде тек қана 3,7%-те кездеседі. Бұл бауырдың оң жақ бөлігіне баратын қақпа венасы тармағының оның басқа бөліктеріне қарағанда диаметрінің үлкендігіне байланысты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   78   79   80   81   82   83   84   85   ...   247




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет