Байланысты: 2 - дәріс. Абайтанудың зерттеу кезеңдері
Екінші кезең - жиырмасыншы ғасырдың орта тұсынан отызыншы жылдардың аяғына дейін созылды. Бұл Абай мұрасының тағдырын келешекте түнек жолға салған ең ауыр да шешуші кезең болды. Себебі абайтану тағдыры дәл осы уақытта күрт өзгерді. Бұған елдегі саяси ахуал себеп болды. Халықты «мәңгілік бақытқа», яғни коммунизмге рухани болмысты мойындамай-ақ , тек қана тұрпайы материалдық әлемнің заңдылығы бойынша жеткізуге болады деген жалған қағиданы идеологиялық құрал етіп алған атеистік көзқарастағы тоталитарлық үкімет болмыстың шынайы рухани қажеттіліктерін түгелдей жоюға кірісті. Алаштықтарға «ұлтшылдар», тіпті көптеген ағартушыларымызға «халық жауы» деген айып тағылып, Абайды солардың көсемі етіп көрсетті. Сол кезде Абайтану саласының жағдайына көз жеткізу үшін бірнеше мысалдар келтірейік. 1928 жылы 2 шілдеде «Советская степь» газетінде жоғары лауазым иесі болып жүрген философ Ілияс Қабыловтың «Философия казахского поэта Абая и ее критика» дейтін мақаласы жарияланды. Абайдың дүниетанымын философиямен бұрмалады, оның атына тіл тигізді.
Абайдың ойшылдығына әдебиетші Ғаббас Тоғжановтың 1935 жылы Алматы мен Қазанда латын әрпімен басылып шыққан «Abaj» атты әдеби сын кітабында Абай туралы ескі байдың шалалығы, надандығы, шабандығы деп теріс баға берген. Идеологиялық саясаттың әсерімен Абай мұрасына, қара сөздеріне, қара сөздерінің жалпы жұртқа жариялануына темір ноқта салған саяси ағым қалыптасты. Енді Абайдың хакімдігі ұмытылып, оның даналығына терең енуге мүмкіндік болмады. Себебі данышпанның
« Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дейтін ойлары, коммунистік идеяға қарсы болды. Коммунизм одағы нағыз құдайды жоққа шығарған бір атеистік идеядағы ағым болды. Құдайды ұмытқан сол ағым құдайды еске алған, я болмаса құдайды ауызға ілген бар адамдарды аяусыз жазалады.