Қоянбекова сара бариқызы қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының негіздері



бет1/6
Дата15.09.2017
өлшемі0,88 Mb.
#33517
түріДиссертация
  1   2   3   4   5   6
ӘОЖ 811.512.122′ 373.47 Қолжазба құқығында

ҚОЯНБЕКОВА САРА БАРИҚЫЗЫ
Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының негіздері
10.02.02 – Қазақ тілі
Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2008

Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасында орындалды




Ғылыми кеңесші: филология ғылымдарының докторы,

профессор Б.Шалабай


Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,

профессор Ж.Сәдуақасұлы

филология ғылымдарының докторы,

профессор Б.Момынова


филология ғылымдарының докторы,

профессор С.Сатенова


Жетекші ұйым: А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

Диссертация 2008 жылы «15» қыркүйек күні сағат 14.00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13, 215а-кабинет) филология, педагогика ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.09.04 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 2008 жылы «14» тамызда таратылды.


Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарынң докторы, профессор Г.Қосымова

КІРІСПЕ
Кез келген әдеби тілдің дамыған, жетілген, өзіне ғана тән шынайы табиғаты оның функционалдық стильдік салалары мен тармақтарынан байқалатыны белгілі. Қазіргі қазақ тілінің қоғамдық әлеуметтік қызметі өрістеп, әр алуан қарым-қатынас қажетін өтеуі, ең алдымен, оның стильдік, тілдік бірліктерінің қасиет-сапаға ие болу ерекшелігімен тығыз байланысты болады.

Бүгінгі таңда мемлекеттік тіл саясатының басым бағыттарының бірі – қазақ тілінің әлеуметтік қолданыс аясын кеңейту, конституциялық мәртебесін баянды ету болып табылады. Мұның өзі тілді «қарым-қатынастың аса маңызды құралы» қызметімен қатар, мәдениеттану құралы болуымен тілдік ұжымның саналы әрекетінің нәтижесінде қоғамдық салада жинақталған дүние – әлем туралы білім қорын, ұлттың өзіне тән мінез-құлық, жан дүниесін, психологиясын, дүниетанымын тілдің стилистикалық жүйесімен тығыз байланысты қарастыруды қажет етеді, өйткені халықтың рухы тілдік құрылымдар арқылы, олардың стильдік мән-мағыналары арқылы объективтенеді.



Зерттеудің өзектілігі. Адамзат жаратылысында тіл айрықша маңызды рөл атқаратыны белгілі. Тіл адамдардың жай ғана қарым-қатынас құралы емес, оның ішкі құрылымдары мен жүйелері тым күрделі және олар бір-бірімен тығыз байланысты көпдеңгейлі құрылым болып табылады. Адам тіл арқылы жай ғана ақпарат алып немесе ақпарат беріп қоймайды, сонымен қатар әрдайым өзінің қоршаған ортаға, құбылысқа деген көзқарас, сезімін, субъективті қарым-қатынасын тіл арқылы жеткізіп отырады. Осылайша тіл адамның ішкі көңіл-күй толғанысы мен сезімін де жеткізудің басты құралына айналған. Психологияда адамға тән сезімдердің 500-ге тарта түрлері белгілі болса, олардың әрқайсысының тілдік жүйедегі мазмұны мен көрінісі сан алуан. Себебі тілдің басты міндеті адамға қызмет ету, ал адам – сан қырлы, күрделі құбылыс. Қазіргі ғылымның дамуындағы антропоцентристік бағыт адамды интеллектуал тұлға ғана емес, оны эмоционалды менталды қырынан да қарастырады. Жеке тұлғаның психикалық құрылым компоненттерінің бірі эмоция болса, бұл феномен стилистикада арнайы тіл құралдары мен стилистикалық амал-тәсілдер арқылы объективтенеді. Тілдің адамнан тыс тұрған жеке құбылыс емес, адаммен бірліктегі, бірін-бірі анықтайтын күрделі құрылымдар болып саналатыны да сондықтан. Тілдің ең кіші бірлігі дыбыстан бастап мәтінге дейінгі тіл бірліктерінің барлығы адамның қандай да бір ішкі эмоциясы мен көңіл-күйін жеткізуге қызмет етеді. Тіл тарихи категория ретінде өзінің дамуы барысында эмоцияны сыртқа шығарудың түрлі тілдік тетіктерін қалыптастырды. Алайда, тілдің шынайы мүмкіндігі, әлеуеті сөз әрекетінде әр қырынан ашылады, сондықтан қазіргі қазақ тілінің экспрессивтік стилистикалық қызметінің сөздегі (речьтегі) мүмкіндіктерін арнайы зерттеу аса өзекті болып табылады.

Адамның эмоциясын жеткізудегі тілдің экспрессивтік қызметі ғалымдардың назарын көптен бері аударып келеді. Стилистиканың ғылым ретінде дамуына түрткі болған В.Гумбольдт, К.Фосслер зерттеулері дүниеге келген заманнан бері бұл бағытта көптеген еңбек жазылды. Сол кезеңдегі тілдің эстетикалық табиғатын оның экспрессивтік қызметімен тығыз байланыста қараған тұжырымдар бүгінде дамытылып, стилистиканың экспрессивтік стилистикасы саласының арнайы қарастыратын мәселелеріне айналды.

Диссертациялық зерттеудің арқауы болып отырған қазақ тілі экспрессивтік стилистиканың бүгінгі күнде өзекті мәселеге айналуына қазіргі қоғамдағы жеке тұлғаны тануға деген ерекше ықыластың, осыған байланысты қоғамдық ғылымдардың дамуындағы жаңа гуманитарлық парадигманың қалыптасуы да ықпал етіп отыр. Бұл бағыттағы ғылыми-теориялық зерттеулер мен талдаулар психолингвистика, этнолингвистика, когнитивтік лингвистика, этнопсихология, жеке тұлғаның лингвопсихологиясы, лингвокогнитивтік психология, лингвомәдениеттану мәселелерін анықтауға қажетті ақпараттарды береді. Экспрессивтік стилистиканы ғылыми-теориялық тұрғыдан зерттеудің перспективасы тілдегі дара стиль категориясын, көркем шығарма тілін, функционалды стилистика, стилистикалық ресурстар, ортология, сөз мәдениеті т.б. мәселелерді әр қырынан және тереңірек зерттеуге ықпал етеді.

Халықтың ақыл-ой, дүниетанымы, өмір сүру тәсілі материалдық және рухани мәдениеті, тарихы, сол материалдық, рухани дүниелерінің қалыптасуы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары сияқты белгілер ұлт болмысын құраса, оны тіл арқылы танып білу бірінші кезектегі өзекті мәселе болып табылады. Ұлт болмысы – мазмұны кең, терең ұғым, сондықтан лингвистикалық зерттеулердің де шеңбері кеңейіп, этнос табиғатын танытатын ғылымдармен байланысы нығаюмен қатар, ұлт болмысын мәдени байлықтары тұрғысынан ашатын экспрессивтік стилистика тәрізді жаңа лингвостилистикалық саланың өмірге келуіне себеп болып, зерттеу аясының ауқымдылығы оны кең көлемде қарастырудың қажеттілігін қалыптастырады.



Зерттеудің нысаны. Қазақ тілінің экспрессивтік стилистикалық жүйесі.

Зерттеу жұмысының пәні. Қазақ тілінің экспрессивтік стилистикалық құралдары және олардың қызметі мен ерекшеліктері, қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының мәдени ұлттық қырлары.

Зерттеудің мақсаты мен міндеті. Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының ғылыми-теориялық негіздерін анықтау және тілдің экспрессивтік стилистикалық жүйесін зерттеу. Мақсатқа қолжеткізу барысында зерттеудің мынадай міндеттері анықталды:

  • қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының логика-философиялық негіздерін, танымдық тұғырын анықтау;

  • экспрессивтіліктің психологиялық және лингвистикалық ортақ мәселелері мен айырмашылықтарын анықтау;

  • қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының зерттелуі мен қалыптасу сипатына шолу жасау;

  • қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының мазмұны мен ұғымдарын, жалпы стилистикалық жүйедегі орнын анықтау және жүйелеу;

  • қазақ тілінің дыбыстық және лексикалық жүйесінің экспрессивтік стилистикалық қызметі мен сипатын нақты тілдік деректер арқылы талдап, анықтау;

  • қазақ тілі грамматикалық жүйесінің экспрессивтік стилистикалық әлеуетіне сөз таптары мен қосымшалардың, синтаксистік құрылымдардың стилистикалық ерекшелігін талдау арқылы сипаттама беру;

  • экспрессивтіліктің әртүрлі стилистикалық амал-тәсілдер жүйесі арқылы жасалатынын троп түрлері мен фигураларды талдап, жүйелеу;

  • қазақ тілі экспрессивтік стилистикасы мен функционалдық стилистикасының бинарлық бірлігі мен байланысын анықтау арқылы ауызекі сөйлеу тілі мен кітаби жазба тілдің ара қатынасын көрсету;

  • экспрессивтіліктің қазақ тіліндегі мәдени ұлттық сипаты мен ұлттық танымдық қырларын зерделеу, оның қазақ тіліндегі озық үлгілерін анықтау арқылы экспрессивтік стилистиканың сөз мәдениетіне әсерін көрсету.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыруда тілдік деректер мен ғылыми тұжырымдарды диахронды – тарихи – салыстырмалы, синхронды – салғастырмалы, сипаттамалы талдау, жинақтау, сипаттау, топтастыру, жүйелеу, салыстыру, модельдеу т.б. зерттеу әдістері қолданылды.

Зерттеу жұмысының әдіснамалық негізі. Зерттеудің әдіснамалық және теориялық тұғырлары ретінде философияның таным теориясы, диалектикалық логика, психофизиология мен психолингвистикадағы «тіл» және «сөйлеуге» қатысты теориялық тұжырымдар, іс-әрекет психологиясының теориялық тұжырымдары, жалпы және жеке тіл білімінің стилистика, экспрессивтік стилистика, семантика, семиотика, этнолингвистика, когнитивтік лингвистика жөніндегі зерттеулерде кездесетін пайымдаулар басшылыққа алынды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертациялық жұмыста қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының лингвостилистиканың бір саласы екені ғылыми-теориялық тұрғыдан негізделді. Қазақ тілінің экспрессивтік стилистикалық жүйесі алғаш рет кешенді түрде зерттеліп, мына мәселелер ғылыми тұрғыда шешімін тапты:

- қазақ тілінің экспрессивтік стилистикалық табиғаты алғаш рет логика-философиялық, психолингвистикалық, лингвостилистикалық тұрғыдан айқындалды;

- қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының мазмұны мен ұғымдары анықталып, жүйеленді;

- тілдік парадигмадағы бірліктердің экспрессивтік стилистикалық құрылымдары, функционалдық-семантикалық қызметі мен ерекшеліктері сипатталды;

- экспрессивтік стилистиканың жалпы лингвистикалық жүйедегі негізгі орны және олармен қатынасы анықталды;

- «экспрессивтілік» ұғымына функционалдық тұрғыдан алғаш рет анықтама беріліп, оның тілдік-психологиялық қырлары сараланды;

- экспрессивтіліктің эмоционалдық, образдылық, бағалауыштық категориялары экспрессивтіктің құралы ретінде дәйектелді;

- экспрессивтік стилистика мен функционалды стилистиканың бинарлық бірлігі қарама-қарсы қойылып, олардың бір-біріне тигізер әсері мен ықпалы тілдік деректермен дәйектелді;

- қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының мәдени ұлттық, гендерлік, менталды болмысы мен оның тарихи қалыптасу арналары талданып, жүйеленді;

- экспрессивтік стилистика мен сөз мәдениетінің ұлттық тіл жүйесіндегі орны және байланысы, тілдік бірліктердің стильдік қызметінің дамуы мен қалыптасуына әсері талданды;

- қазақ тілінің экспрессивтік стилистикалық жүйесі қазіргі қазақ тілінің тілдік деректері бойынша талданып, тұжырымдар жасалды.

Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Зерттеу жұмысында қазақ әдеби тілінің стилистикалық мүмкіншіліктері мен әлеуетті резервтерін экспрессивтік стилистика тұрғысынан тану жолы зерделенді. Экспрессивтік стилистиканың «тіл» мен «сөйлеу» жүйелері тұрғысынан танылған ерекшеліктері қазақ тілі стилистикасының ұстанымдарын нақтылай түсуге белгілі бір дәрежеде үлес қосады. Зерттеу нәтижелерін қазақ тілінен мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарында «Қазақ тілі стилистикасы» пәні мен «Сөз мәдениеті», «Көркем әдебиет стилистикасы», «Нормативтік қазақ тілі» т.б. пәндерден оқытылатын теориялық дәрістер мен арнайы курстарда, арнайы семинарларда пайдалануға болады; қазақ тілі стилистикасының мазмұнын ғылыми-теориялық тұрғыдан толықтыра алады. Қазақ тілі стилистикасынан оқу құралдарын жазуда, сондай-ақ, «Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен дамыту» бағдарламаларына сәйкес болашақ ғылыми ізденістерде пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

- экспрессивтілік дегеніміз – бейнелеу, бағалау тілдік құралдардың айқындығымен ерекшеленіп, сөйлеушінің белсенді сезім-күй әрекеттері арқылы ойды әсірелеп, көркемдеп жеткізуде сөз өрнектерінің ұтымды қолданылуы, ал экспрессивтік стилистика аталған экспрессивтік ерекшеліктердің тілде жүзеге асу тетіктерін зерттейтін қазақ тілі стилистикасының маңызды саласы болып табылады;

- қазақ тілінің экспрессивтік стилистикасын зерттеуге лигвофилософияның таным теориясы, тіл мен ойлау, тіл мен сана, форма мен мазмұн, қоршаған әлем және оның тілдік бейнесі, логиканың ойлау және оның түрлеріне қатысты теориялық тұжырымдары негіз болады. Себебі тілдің нақты қолданысының түрлі ой мен сезімді жеткізуге бейімділігі мен мүмкіндіктерін көрсету әрбір тіл бірлігінің бойындағы стилистикалық мүмкіндіктердің өзін сол құрылым мен мағынаның дамуы барысында жинақталған «дәндері» ретінде тануға мүмкіндік береді. Бұлардың барлығы, сайып келгенде, тілдің жалпы философиялық табиғатымен үндесіп жатады;

- қазақ тілінің экспрессивтік стилистикалық жүйесін зерттеу тілдің экспрессивтілікті жеткізуде ғасырлар бойы қалыптастырған тілдік механизмдері мен олардың сөйлеудегі, контекстегі қолданысын анықтауға, талдауға құрылады. Бұл тұста экспрессивтік стилистикалық зерттеуде тіл мен сөйлеудің дихотомиясы басшылыққа алынады;

- қазақ тілінің экспрессивтік стилистикалық ерекшелігін анықтауда және осы бағытта зерттеулер жүргізуде лингвостилистиканың синонимия, транспозиция, экспрессивтілік, коннотаттық ұғымдары негізге алынады;

- қазақ тілі лексикалық жүйесінің экспрессивтік стилистикалық құрылымына сөз және тұрақты сөз тіркесі семантикасы мен функциясы, олардың эстетикалық ерекшелігі мен контекстегі сипаты, синонимиясы, антонимиясы, омонимиясы, паронимиясы және троптар енеді;

- қазақ тілінің эмоцияналды, образды, бағалауыштық, лексикалық, фразеологиялық бірліктер жүйесінде интонация, ырғақ, дыбыстық қайталаулар, сөз таптары, қосымшалар мен грамматикалық категориялар айрықша экспрессивтік стилистикалық қызмет атқарады;

- қазақ тілінің экспрессивтік стилистикасын түрлі ғылым салаларымен байланыста кешенді зерттеу халықтың тіл байлығын ғана емес, оның мінез- құлқын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, наным-сенімін, ұғым-түсінігін, басқа халықтармен мәдени байланысын, эстетикалық талғамын, ұлттық болмыс-бітімін айқындап, ұлттық тіл мәдениетін дамытуға негіз болып табылады.



Зерттеудің дереккөздері. Жұмысты жазу барысында қазақ ауызекі сөйлеу тілінен, әдеби тілінен, көркем әдебиет стилінен алынған тілдік деректер, халық ауыз әдебиеті үлгілері, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, шешендік сөздер, фразеологиялық тұрақты тіркестер, қазақ классикалық әдебиеті мен қазіргі әдебиет өкілдерінің шығармаларынан дәйектеме сөйлемдер алынды. М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ж.Аймауытов, І.Есенберлин, І.Жансүгіров, О.Бөкеев, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов, Ә.Кекілбаев т.б. жазушылардың шығармалары мен лингвистика және экспрессивтік стилистика теориясы бойынша еңбектер пайдаланылды.

Зерттеудің талқылануы мен жариялануы. Зерттеудегі негізгі ойлар, диссертацияның мазмұны, ондағы негізгі тұжырымдар халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда жасалған баяндамаларда талқыланған, бақылау Комитеті бекіткен тізімдегі республикалық басылымдарда жарияланған. Алматы, Қарағанды, Тараз т.б. қалаларда өткізілген халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық конференцияларда баяндама жасалды. Диссертация жұмыс Абай атындағы ҚазҰПУ-дың теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасында және қазіргі қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының және Диссертациялық кеңес жанынан құрылған әдістемелік семинардың кеңейтілген мәжілісінде талқыланған.

Диссертация бойынша 1 монография, 53 ғылыми мақала жарияланды.



Диссертацияның құрылымы. Жұмыс кіріспеден, алты тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Негізгі бөлім

Диссертацияның кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, негізгі мақсаты мен міндеттері, дереккөздері, зерттеу әдістері, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар мен зерттеу жұмысының жариялануы туралы мәлімет беріледі.

Диссертацияның бірінші тарауы «Вербалды экспрессивтік стилистиканың ғылыми-теориялық негіздері» деп аталды. Мұнда тілдің экспрессивтік табиғаты мен болмысын логикалық, философиялық, психологиялық тұрғыдан тануға, оның тілге әсері мен тілде таңбалануын, жалпы тілдің қызметіне әсерін анықтау және осымен байланысты экспрессивтік стилистикалық мәселелердің зерттелуіне шолу жасау көзделді. Экспрессивтілік – адаммен, оның ойлауымен, сезімдік таным-түйсіктерімен тығыз байланыста танылатын күрделі құбылыс. Экспрессивтіліктің психологиялық табиғаты қаншалықты күрделі болса, оның тілдік таңбалық сипаты да соншалықты көпқырлы және сан алуан. Тілде таңбаланатын адамның шығармашылық танымы, көркемдік ойлау жүйесі, ұлттық дүниетанымы мен сезім-түйсіктері тілдің экспрессивтік күш-қуатын айқындайтын факторлар болып табылады. Тіл құралдарының экспрессивтілік нысаны болуы ақпараттық қана емес, экспрессивтік мәліметті жеткізу әлеуеті арқылы көрінеді.

1.1 «Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасы мәселелерінің зерттелуіне қысқаша шолу» тараушасында қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының даму, қалыптасу сипатына шолу жасалып, негізгі мәселелері талданды.

Сөйлеуде эмоционалды-экспрессивтік мағынаны жеткізуші тіл бірліктеріне дыбыс, сөз, сөз тіркестері, сөйлем жатады. Осылардың барлығы жиылып, тақырыптық-композициялық тұтастық құраған кезде тұтас мәтіннің эмоционалды-экспрессивтік тонын, ырғағын жасайды. Лексика адамның дүниеге, сыртқы ортаға қатысты сезімдік дүниетанымның тілдік картинасын бейнелесе, сөздің түрлі морфологиялық формалары, сөйлем мен мәтін және дыбыс адамның сыртқы ортамен сезімдік қатынастарының өзара байланысын, динамикасын нақты контекст жағдайында бейнелейді.

XX ғасырдағы Ш.Баллидің концепциясының негізінде стилистика тілдің экспресивтік формалары туралы ілім ретінде анықталды. Стилистика тілдік жүйе элементтерінің эмоционалды-экспрессивтік, сонымен қатар тілдің мәнерлегіш құралдарының қалыптасуына әсер ететін тілдік деректердің өзара әсерін зерттейтін ғылым ретінде таныла түсті [1].

XX ғасырда тіл білімінің үлкен жетістіктерге жетуі, жаңа бағыттардың пайда болуы стилистика ғылымының қарқынды дамуына әсер етіп, стилистикада тілдің функционалдық қырлары басты назарға ілікті. В.Матезиус бастаған чех ғалымдары әдеби тілдің функционалдық сипатын зерттеуге ерекше көңіл аударды [2]. Орыс стилистика ғылымында В.В.Виноградов жаңа бір кезеңнің бастамасы болды деп айтуға негіз бар. В.В.Виноградовтың еңбектерінде [3] тілдік-функционалдық концепция басым бағыт болса, оның негізін тілдің халық өмірінің нақты тарихи жағдайларындағы шынайы қызмет атқаруын зерттеуі құрайды.

Стилистика жалпыхалықтық, ұлттық тілдің барлық қырын, оның дыбыстық құрылымын, грамматикасын, сөздігін, фразеологиясын толық қамтитын күрделі жүйе ретінде таныла түсті. Тіл тұтас құрылымның тарихи дамуындағы іштей байланысқан элементтері тұрғысынан емес, оның тарихи дамуы барысындағы функционалды жіктелісі және әртүрлі сөйлеу құбылыстарының экспрессивтік бояулары мен реңктерінің сәйкестілігі тұрғысынан қарастырыла бастады. Тілдік қарым-қатынастың салалық қолданысы, сөйлеудің жекелеген қоғамдық шектелген түрлерімен (яғни, функционалды стильдермен) байланыста алып зерттелді. XX ғасыр басындағы және одан кейінгі орыс әдеби тілі, стилистикасы мен тіл мәдениетін зерттеудегі ізденістер (Г.О.Винокур, Л.В.Щерба, А.Н.Гвоздев т.б.) [4; 5; 6] осы бағыттағы зерттеулерді тереңдетіп, одан әрі дамытты. Сөз семантикасының экспресивтік, эмоционалдық және бағалауыштық компоненттері және олардың денотативті мағынамен байланысына айрықша назар аударылды.

Қазақ тіл білімінде стилистикаға қарасты мәселелердің зерттелуі А.Байтұрсынұлы [7], Қ.Жұбанов [8] еңбектерінен басталады. А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында» көркем сөз бен көсем сөзге қатысты ой толғамдары, Қ.Жұбановтың Абай поэтикасының қыр-сырын ашқан мақаласы мен басқа да еңбектері бұл саладағы алғашқы қарлығаштар болды. Ал стилистиканың жеке ғылым тармағы ретіндегі іргетасы қалануы М.Балақаевтың есімімен байланысты. Алғашқы басылымы 1966 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің стилистикасы» оқулығы стилистиканың пәні мен нысанын, ғылымдар ішінде алатын орнын анықтаған тұңғыш еңбек болды. Мұнда стилистика ғылымының мақсат-міндеттері, функционалды стиль түрлері, әсіресе қазақ тілі стилистикалық құралдарының сипаты бір жүйеге түсіріліп қарастырылады. Экспрессивтік стилистиканың мәселелері тілдік бірліктердің эмоционалды-экспрессивтік қызметіне қатысты қарастырылды [9].

Кейінгі кезеңдерде қазақ стилистикасы І.Кеңесбаевтың, А.Ысқақовтың, М.Балақаев, Р.Сыздықованың, Е.Жанпейісов, С.Исаевтың, Ф.Мұсабекованың, Н.Х.Демесинованың, М.Серғалиевтың, Н.Уәлиевтің, Р.Әмірдің, Б.Момынованың, О.Бүркітовтың, Ж.Құрманбаеваның, Б.Хасановтың, Т.Қоңыровтың, Х.Нұрмұқановтың, Х.Кәрімовтың, Б.Шалабайдың, Ш.Мәжітаеваның, Д.Әлкебаеваның, Г.Әзімжанованың т.б. ғалымдардың зерттеулерімен толықты.

1.2 «Қазақ тілі лингвостилистикасының логика-философиялық негіздері». Тіл мен ойлаудың байланысы, олардың өзара әрекеттесуі барлық лингвистикалық және философиялық бағыттарда мойындалып, қай уақытта да түрлі қырынан қарастырылып келеді. Бірақ стилистиканың философиялық негіздері мен ол байланыстың сипаты, маңыздылығы жөнінде қазақ тіл білімінде терең сөз бола қойған жоқ. Ал шындығында, стилистиканың философиялық негіздерін тану арқылы тіл мен ойлау мәселесінің тағы бір арнасы анықталып, стилистиканың теориялық бір тамыры анықталады және аса маңызды тұсы – адамның дүниетанымындағы тілдің түпмәні, адамзат қоғамы мәдениетінің мәртебесі айқындалады.

В. фон Гумбольдттың тіл мен ойлаудың өзара тығыз қарым-қатынасы туралы концепциясына сүйенетін болсақ, мынадай мәселелер ерекшелініп алынуы керек деп санаймыз. В. фон Гумбольдт ең алғаш рет тілді тек адамдардың қарым-қатынас құралы ғана емес, дерексіз, топтастырылған ойлаудың аса қажетті шарты екендігін дәлелдеді. Ақыл-ой әрекеті – тек қана рухани әрекет, онда да терең тамырдан тыныс алатын дыбыстық тілмен білінбейтін, тек сезімдік қабылдауда ғана түсінілетін құбылыс болып табылады. Соның негізінде ғана тіл мен ойлау әрекеті айрылмас тығыз бірлікте болып танылады. Адамның «өз ішінен ойлау барысы» деген құбылыстың өзі тек қана тілдің көмегі арқылы жүзеге асырылады. «Тіл – ойлауды ұйымдастыратын орган болып табылады».

Тіл ойлауға шешімділік жағынан ықпал ететін құбылыс. Сол жағынан қарайтын болсақ, тіл адам ойының танымдық әрекетін, оның бағыты мен мазмұн сипатын анықтайтын күшке ие болып келеді. Сөз сыртқы заттың (предметтің) жай ғана таңбасы емес. Сөз – сол заттың адам жанында орналасатын бейнесі. Жеке адамның сөйлеген сөзінде сыртқы заттың тікелей бейнесі емес, оған араласқан сөйлеушінің жан дүниесінің қабылдау мүмкіндіктерінің нәтижесінде жаңадан дерлік пайда болған бейнелер қолданылатынын осылай танытқан В.Гумбольдттың бұл концепциялары стилистиканың негізгі заңдылықтарына алынуы тиіс [10].

Лингвистикалық салыстырмалылық болжамын қалыптастырған Сепир – Уорф теориясын басшылыққа алатын болсақ, онда мінез-құлық пен ойлаудың тілге қатысы терең тануды қажет ететін мәселе екенін айқын түсінеміз. Әрине, бір қарағанда, Сепир – Уорф теориясы жалпыадамзаттық ойлау бірліктерінің бар екенін жоққа шығарғандай болып көрінуі ықтимал. Ал шын мәнінде, Сепир – Уорф болжамы бойынша, ұлттық ойлау мен ұлттық сөйлеудің қарым-қатынасын тану арқылы ғана жалпыадамзаттық логикалық категориялар танылуы мүмкін деп түсінуіміз керек [11].

Тілді логикалық тұрғыдан талдап-танудың негізгі мақсаты мен міндеті – тілдің ойды құраудағы, сыртқа білдірудегі қызметі қалай, қайтіп, қандай жолмен жүзеге асырылатынын анықтауға ұмтылу болып табылады. Жалпылама түрде айтар болсақ, тілдегі сөздер, сөз тіркестері қалай да бір шындық болмыстағы заттарды білдіріп, соларды таңбалауға қызмет етеді. Яғни сыртқы дүниедегі заттардың адам санасындағы ерекше бір «өкілі» іспетті қызмет етеді. Осымен де байланысты, логиканың міндеті – сол сыртқа білдірілу процесінің ерекшеліктерін (тіл элементтері мен олардың байланысын) және сыртқы дүниедегі заттардың өзара байланысын тану болып анықталады. Бірақ бұл жерде ерекше есте тұтар мәселе бар, ол – тіл мен оның таңбалап тұрған заттарының арасында тікелей байланыс бар деп саналмауы. Тілдің басты механизмдері ойдың, оймен бөлшектеп танудың, Абайша айтқанда, «тұтасты қырыққа бөліп танудың» қызметін атқаратынын мойындай отырып, сыртқы ерекше дүниенің ішкі ерекшелікке «ауысуындағы» заңдылықтарды тану логикалық талдаудың негізгі мақсаты болып келеді.

Табиғи тілді логикалық талдаудың нәтижесі арнайы формалдық тіл жасауға алып келетіні белгілі. Сол арнаулы формалдық тіл негізінде логика мен тілдің байланысын тануға, соның негізінде стилистиканың логикалық негізін тануға мүмкіндік болады. Тілдің таным құралы ретіндегі қызметі философияның, логиканың негізгі нысаны бола отырып, сол таңбалар өздері таңбалайтын нәрселермен қандай байланыста болатыны және ол байланыстың сипаты мен ерекшелігі неде екендігін анықтауға мүдделі болады. Табиғи тіл, осы тұрғыдан қарастыратын болсақ, таңбалар жүйесін құрайды. Сонда тілді – таңбалар жүйесі деп қарастырғанда, тілдің стилистикасы негізгі орында тұрады. Өйткені, адам өзінің ойын түрліше білдіруде тілді (таңбаларды) түрлендіре қолдану арқылы өз ойын түрлендіріп отырады. Осыған байланысты тілдік таңбалардың стилистикалық мүмкіншіліктерін тереңірек танудың синтаксистік, семантикалық, прагматикалық аспектілерінің ерекшеліктері айқындалады.

Адамның ойлауы мен тілдік құдіретінің арқасында ғылым да, көркем әдебиет те дамып-жетіліп келеді. Сондықтан да стилистиканың теориялық негіздері ретінде философия мен логика ғылымдарын алудың өзі – стилистикалық мүмкіншіліктердің тамырларында тұнып жатқан құпиялар мен сырларды тануға негіз болады.


Каталог: userdata -> uploads -> u21
u21 -> Абайтанушы Қайым Мұхаметханұлы
u21 -> Әлия Молдағұлова
u21 -> Ән жанрлары мен мектептері
u21 -> Әуенімен әйгілі әбілқайыр әулеті
u21 -> КӨкбай жанатайұлы (1861-1925)
u21 -> Өтен айгүл жақсылықҚызы кенен Әзірбаевтың әдеби шығармашылығы
u21 -> Балалардың сүйікті жыршысы (М.Әлімбаевтың шығармашылығына арналған әдістемелік құрал)
u21 -> Ахмет Жұбанов Ахмет Қуанұлы Жұбанов
u21 -> 1. Eр Төстік жер бетіне шыққан соң күресетін жауыздың иесін белгілеңіз
u21 -> Абай Құнанбаевтың педагогикалық көзқарасы (1845-1904) Абай Құнанбаев


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет