Қоянбекова сара бариқызы қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының негіздері


«Лексикалық құралдардың паронимиясы және парономазия құбылысы»



бет3/6
Дата15.09.2017
өлшемі0,88 Mb.
#33517
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6

3.5 «Лексикалық құралдардың паронимиясы және парономазия құбылысы». Тілдегі паронимдер мен парономазия экспрессивтік стилистикалық қызметті жүзеге асыруда белсенді түрде жұмсалады. Паронимдердің жасалу тәсіліне қарай мынадай топтарды көрсетуге болады: жұрнақтар арқылы ажыратылатын паронимдер: жамандық – жаманшылық, адамдық – адамшылық т.б.; түбіріне қарай ажыратылатын паронимдер. Паронимдер түбірлес және әртүбірлі болады. Түбірлес паронимдер: егін – егіс, еліктегіш - еліктеуіш т.б. Әртүбірлі, сырттай дыбыстық жағынан ғана ұқсастықтары бар сөздер: эскалатор – экскаватор, білім – бөлім, т.б.;

Паронимдердің семантикалық ерекшелігіне қарай екі тобы анықталады:

1) өзара мағыналық реңкі бойынша ажыратылатын паронимдер (дүниелік – дүнияуи, қазақшыл – қазақы, т.б.); 2) мағынасы бойынша ажыратылатын паронимдер (қазақша – қазақы). Мағынасы бойынша ерекшеленетін паронимдер өте аз кездеседі. Паронимдер функционалдық-стилистикалық сипатына қарай ерекшеліктері бар топ құрайды. Мысалы, тірлік ету – ауызекі сөйлеу стиліне тән сөз қолданысы болса, тіршілік ету – ғылыми тілге жақын қолданыс.

Парономазия – дыбысталуы бір-біріне жақын сөздердің қатар қолданылуынан туатын бейнелі сөз өрнектері. Мысалы: Бөрінің бөлтірігі, біреудің жыртысын жырту. Еш туыстығы жоқ, бірақ айтылуы бірдей паронимдер сөйлеуде әртүрлі стилистикалық қызмет атқарады.

3.6 «Тілдегі фразеологизмдердің экспрессивтік стилистикалық ерекшелігі». Лексикалық бірліктердің қатарында фразеологизмдердің экспрессивтік стилистикалық қызметі, олардың әдеби тілдік стильдік тармақтарға бөлінуі, лексикографиялық деректер негізінде жіктелуі, фразеологиялық деңгейдегі тілдік құралдардың мәнерлегіштік мүмкіндіктері, олардың стилистикалық мәні мен бояулары, түрлі жағдайдағы қолданыс аясы, фразеологиялық бірліктердің қолданылуының коммуникативтік заңдылықтары, олардың бейнелік және метафоралық белгілерінің негізгі заңдылықтары мен тенденциялары және т.б. байланысты қарастырылады. Фразеологизмдер бір-бірінен экспрессияға негізделген стильдік реңк, бояу құрамында қолданылу аясына қарай ерекшеленіп тұрады. Қазақ тіліндегі фразеологизмдердің көтеріңкі, ренжу, қиналу, жақындық мәндегі, дөрекілік, кекесін, мысқыл мәнде т.б. стильдік реңктерді таңбалайтын экспрессивтік тұлғаларда (бірліктерде) денотативті әрі коннотативті сөз семантикасы сақталып отырады. Олар затты, құбылысты екінші номинация ретінде атап, бағалайды.

Экспрессивті стилистикалық тұрғыдан тілдегі ең негізгі өнімді жұмсалатын бірліктер – фразеологизмдердің куммулятивті қызметі айрықша. А.Ф.Лосев фразеологизмдердің ерекше күш-қуатқа ие болып келетін болмысына, әсерлілігіне ерекше назар аударады [26, 70 б.]. Ол сөздің энергиясын, күш-қуатын эйдос деп атайды, ал жандүниенің ішкі мәні сөздің әлеуетін белгілейді деп көрсетеді. Тілдегі синоним фразеологизмдер бір-бірінен стильдік қолданылуы мен экспрессивті әсері жағынан ерекшеленеді. Бұларды стильдік синонимдер деп атауға болады. Фразеологиялық синонимдер – қандай стильдік сатыда қолданылса да, экспрессивтілігі жағынан сатыланатын тұрақты тіркестер. Фразеологизмдердің синонимдік қасиеті олардың кез келген контексте бір-бірінің орнына еркін қолданыла беруінен байқалады. Фразеологиялық синонимдерді бір-бірінің орнына ауыстырып қолданудың өзіндік шарттары бар. Синоним фразеологизмдердің сыңарлары логикалық реттілік пен заңдылық арқылы байланысқан белгілі бір жүйе құрайды. Фразеологиялық синонимдер ұғымы жағынан бірі мен бірі сатылап байланысып, экспрессивті қызметі өсіп, күшейіп отырады.

Фразеологиялық антонимдердің көпмағыналылығы тілдің семантикалық құрылымдарының тереңдігін білдіреді. Сонымен қатар, көп мағыналы фразеологизмдердің сөз қолданудағы мол қорын дәлелдейді.

Фразеологизмдердің авторлық қолданыста өзгеріп, жаңа стилистикалық қызметте келуі екіұшты пікірдің бір сөйлем ішінде берілуі арқылы контаминация тәсілімен жүзеге асады (Семіз сөйлеп, арық шықпасақ екен).

Тұрақты тіркесте берілген образдық мағынаға тура мағына беру де фразеологизмдерді ұтымды қолдануда пайдаланылатын стилистикалық тәсіл (Отпен ойын (Солтүстік Кореяның өзінде ядролық қару бар екенін ресми түрде мәлімдегені туралы)). «Ойыннан от шығады» мәтелі сырттай өзгергенмен, оның төркінін түсінуге болады. Бірақ бұл контекст жағдайында ол тура мағынасын меңзеп тұр. Сол сияқты Күлін көкке ұшырды, Төбеден жай түсірді (С.Мұқанов), Екі аяғымды бір етікке тығып алып, ізіне түсе қуа бердім (Қырық өтірік) деген тіркестерде де негізінен ауыспалы бейнені суреттейтін фразеологизмдер тура мағынадағы оқиғаны, суретті бейнелеп тұр. Алдыңғы мысалда оқиғаны дәл суреттеу үшін, ал соңғы сөйлемде комика туғызу үшін (себебі ол орындалмайтын өтірік) қолданылған.



3.7 «Троптардың экспрессивтік стилистикалық қызметі». Тілдің көріктеу құралдары шешендіктану мен стилистиканың негізгі зерттеу нысаны болып табылады. Көріктеу құралдары аясында айшықтау (фигура) және құбылту (троп), олардың түрлері мен мағыналары, қызметі және жасалу жолдары қарастырылады. Алайда қазіргі лингвистикалық зерттеулерде фигура мен троп ұғымдарының ара жігі және түрлері, айырым белгілері туралы әр түрлі пікірлер бар. Қазақ тіліндегі зерттеулерде көріктеу құралдарын жасалу жолына қарай анықтау қалыптасқан. Қазіргі зерттеулерде «троп» және «фигура» (сөз айшықтары мағынасында) ұғымдарының ара қатынасы туралы пікірлер әр түрлі беріліп жүр. Дегенмен, қай тілдің экспрессивтік стилистикалық жүйесін зерттесек те, бүгінде айқын екі маңызды мәселенің бары байқалады. Олар: 1) аталған троп пен фигураның түрлерін барынша саны жағынан топтау. Аталған троп пен фигураның түрлері бізге антикалық дәуірден белгілі және ол қазіргі тілді зерттеу үшін қаншалықты маңызды екенін ашып алу. Немесе аталған мәселені стилистика мен риторика үшін маңызы тұрғысынан ара жігін ажырату бұл мәселені жеңілдетеді; 2) аталған троп пен фигураның түрлерін сыртқы формасына, нақты белгілеріне қарай жүйелеу. Жоғарыда берілген троп пен фигураның түрлерінің әртүрлі топтастырылуы оны белгілі бір қасиет-сапаларына, белгілеріне қарай жүйелеудің жетіспей жатқанына байланысты болса керек.

Метафора, теңеу, метонимия, антономазия, синекдоха, кейіптеу ауыспалы мағыналардың пайда болуына және экспрессивтік қасиеттерінің күшеюіне байланысты сөздің мағыналық ауқымының кеңеюі оның көркем шығармадағы эстетикалық қызметін дамыта түседі. Сонымен бірге эпитеттердің де экспрессивтік стилистикалық мүмкіншілігі де кең болып келеді.

Эпитеттердің қызметіне қарай түрлерінің экспрессивтілікті жеткізудегі рөлі ерекше. Бейнелеуіш эпитеттер сөздегі бейнені жеткізуде, ал лирикалық эпитеттер сөздегі эмоцияны неғұрлым дәл суреттеуде ұтымды қолданылады. Эпитеттің аталған екі қызметінің екеуі де адамның экспрессивті-эмоционалды ішкі сезімдерін бейнелеуде сәтті жұмсалады. Бейнелеуіш және лирикалық эпитеттер ретінде тұрақты және тұрақсыз эпитеттер белсенді жұмсалады.



Төртінші тарау «Тілдің грамматикалық жүйесінің экспрессивтік стилистикалық құрылымы» деп аталып, онда сөз таптары мен сөз формаларының, грамматикалық категориялар мен синтаксистік құрылымдардың экспрессивтік сипаты мен қызметі туралы сөз болды.

4.1 «Сөз таптарының экспрессивтік стилистикалық ерекшелігі». Сөз таптарының экспрессивтік стилистикалық ерекшелігін зерттеуде олардың түрлі стильдердегі қолданысы басты назарда тұрады да, зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, еліктеу сөздердің т.б. лексика-грамматикалық категориялардың стилистикалық белсенділігі мен мүмкіншілігін анықтау көзделеді.

Сөз таптарының экспрессивтік стилистикалық ерекшелігін зерттеудің тағы бір маңызды тұсы – сөз таптары мен түрлі морфологиялық формалардың экспрессивтік қызметін талдау. Грамматиканың көркемдегіш-мәнерлегіштік қасиет-сапасы мен мүмкіндіктерін, олардың көркем, публицистикалық шығармалардағы шығармашылық тұрғыдан игерілу тетіктерін анықтау экспрессивтік стилистиканың міндеті болып табылады.

Сөз таптарының стилистикасы сөз таптарын және сөз семантикасын зерттеу аясында да кеңінен дамыды. Ш.Сарыбаев еліктеуіш сөздердің лексика-грамматикалық сипатын талдай келе, оның стилистикалық мүмкіншілігі жоғары екенін айтады. Ә.Болғанбаев, Б.Сағындықұлы, Ф.Оразбаеваның зерттеулерінде сын есімдердің стилистикалық вариациясы мен синонимиясы зерттелді.

Сөз таптарының ішінде функционалдық және экспрессивтік тұрғыдан өзгермелі, қолданылу белсенділігімен танылатын сөздердің бір тобын зат есімдер мен етістіктер құрайды. Ғылыми зерттеулерде айтылып жүргендей, зат есімдердің стилистикалық қасиеті әсіресе кітаби стильдерде ерекше көрінеді, тек публицистиканың кейбір жанрларында және ресми іс-қағаздар стилінде ғана зат есімге қарағанда етістіктер көп қолданылып жатады. Сөз таптарының стилистикалық тұрғыдан кітаби тілдерде қолданысын анықтау арнайы статистикалық талдаулар жүргізіп, терең зерттеуді қажет ететін мәселе. Алдыңғы бөлімдерде жүргізілген талдаулардан байқалғандай, зат есімдер метафора, метонимия, антономазия, синекдоха, теңеу болу мүмкіндігі өте жоғары сөз табы болып табылады.

Адамның психологиялық жай-күйінің етістіктер арқылы суреттелуі оның процессуалдық қырын басты назарға алса, еліктеуіш сөздердің етістіктелуі адамның, табиғат, құбылыстың бір сәттік сезімдік суреттерін (қимылды) детальдап, неғұрлық айқын бейнелеуін көрсетеді. Көсемше тұлғасының әр өлең жолында қайталанып келіп, қысқа үзіліп отыруы автордың сол бір табиғаттың тамаша көркіне тамсанған сезім ырғағымен сәйкес өріліп отырады. Етістіктің -й көсемше тұлғасы да Абай шығармаларында экспрессияны жеткізуде пайдаланылған: Жайнаған туың жығылмай, Жасқанып жаудан тығылмай, Жасаулы жаудан бұрылмай, Жау жүрек жомарт құбылмай, Жақсы өмірің бұзылмай, Жас қуатың тозылмай... Жақсы өліпсің, япырмай! (Абай). Інісі Оспанның өліміне «аһ» ұрған ақынның күрсініс ырғағымен орайлас шыққан й қосымша ерекше экспрессия құралына айналған. Осы сияқты -мақ, -мек тұлғаларының да стильдік қолданысы әр контексте түрлі мақсатта жұмсалып отырады. Етістік сөз табына тән категориялардың экспрессивтік қызметі сан алуан болып келеді.

Шақ транспозициясы – көптеген басқа лингвистикалық құбылыстармен тығыз байланыста танылатын, тілдің табиғи мәселелерін білдіретін феномен деп ойлаймыз. Етістіктің шақ формасының қызметі басқа мағынаны білдіруде бәрінен бұрын ауызекі сөйлесуге тән, ол хабарламаны вербальды және вербальды емес құралдар арқылы жеткізуде жан-жақты қолданылуымен ерекшеленеді. Әртүрлі шақтардың түрлерін бір оқиғаның тізбегінде параллель қолдану мүмкіндігі де бар. Өткен шақтың жоспарына сәйкес, өткен және жалпы шақ етістіктерінің тұлғаларындағы анық контраст келесі өлең үзіндісінен байқалады: «Бұл сөзді біреу алмас, біреу алар, Құлағын біреу салмас, біреу салар». Лексикалық және грамматикалық өзара байланысу арқылы жасалған образ – поэтикалық экспрессияның қайнар көзі.

Осы шақ өткен шақтың мағынасында (оқиға, хабарлау) сипаттап отырған оқиғаны сөйлеу алдында психологиялық тұрғыдан жақындатады. Бұл – ауызекі тілде жиі кездесетін қарапайым құбылыс. Мысалы: «Кеше көршіме кіріп шыққанмын. Байқаймын, өткендегі оқиғадан ба, ауыр ойдан әлі де арыла алмай жүр».

4.2 «Синтаксистің экспрессивтік стилистикалық қызметі». Сөздер, элементтік номинация құралы болуымен байланысты ауыспалы мағынада қолданылатыны сияқты, айтылымдар да (сөйлемдер) күрделі түрдегі номинация бірлігі бола отырып, екінші қабаттағы мағынаға ие бола алады. Мұнда «тіл тұтастығына сай келетін форма мен мазмұн арасындағы қозғалысты қатынас орын алады». Ойдың күшейтіліп, мәнерлі түрде айтылуы сөйлемнің экспрессивтілігі деп аталады. Сөйлем-айтылымдардағы экспрессивтіліктің мынадай синтаксистік берілу жолдары бар: сөйлеу тілінде және жазғанды оқығанда, дауыс ырғағын құбылту арқылы сөйлемге экспрессивтік мағына беру; бір ойды білдіретін болымды сөйлемнің орнына болымсыз сөйлемді жұмсау арқылы оған экспрессивті мағына қосу; баяндауыштың І жақтық жіктік жалғауын -мен, -бен, -пен түрінде жұмсау арқылы сөйлемнің мағынасын экспрессивті ету; сөйлемнің баяндауышын, кейде сөйлемнің түрін мәндес басқа сөздермен не басқа сөйлем түрімен ауыстырып айту арқылы экспрессивті мағына үстеу; сөйлемнің етістік баяндауышын қайталап екі рет айту да немесе есім, етістік баяндауыштардың алды-артына олардың мағыналарын күшейтетін сөз қою арқылы экспресивтікті күшейту.

Синтаксистік құрылымдардың синонимиясына трансформациялану құбылысы негіз болады. М.Серғалиев синтаксистегі «трансформациялық дегеніміз – белгілі бір морфологиялық құрылымда келген конструкцияны өзімен мазмұндас екінші бір конструкцияға айналдыру»,- деп тұжырымдайды [27]. Грамматикалық стилистиканың экспрессивтік стилистикалық құрылымдары сөздердің лексика-грамматикалық сипаты мен синтаксистік тіркесімдік қасиет-сапаларының сөйлеудегі қолданымдық ерекшеліктеріне байланысты анықталады. Эллипсис – сөйлеу үстінде түсіріліп айтылатын, бірақ мәтін арқылы қалпына келтіруге болатын элемент. Эллипс сөйлемнің ықшамдылығын, әсерлілігін арттыратын стилистикалық тәсіл ретінде қолданылады.

Синтаксистің стилистикаға байланысты қарастырылатын маңызды мәселелердің бір шоғырын парентеза құрайды. Ғылымда парентезаны қыстырма сөйлем, қосымша сөйлем, парентетикалық қосылымдар деп анықтайды. Тіл білімі терминдерінің сөздігінде «сөйлемнің құрамына енгізілген, бірақ онымен грамматикалық байланысқа түспейтін, сөз, сөз тіркесі, сөйлемдер» айтылады [19]. Синтаксистік, ырғақтық, әуезділік тәрізді мәнерлілік белгілері поэтикалық экспрессивтілік туғызады. Парантеза ассоциативті негізде синтаксистік сөздер тізбегіне қосымша ақпарат қосады. Парентетикалық құрылымдар атқаратын қызметінің байлығына қарай экспрессивті стилистиканың өзге құбылыстарынан кем емес. Солардың кейбіреулері мыналар: айтылымның қандай да бір бөлігінің мәнін күшейту, идеяны айқындау, бағалау хабарламаның әсер ету күшін көбейту т.б.

Осы сияқты лепті сөйлем, қаратпа, сұраулы, атаулы сөйлемдердің де өзіндік экспрессивтік стилистикалық ерекшеліктерін айтуға болады. Грамматикалық стилистикадағы біртұтас сөйлем аясындағы экспрессивті құрылымдар, инверсия мен жалпылау да өзіндік сипатқа ие. Сегментацияның экспрессивті құрылымдары – парцелляция мен антиципация синтагмалық тізбектің мүшеленуінен жасалады. Қос мүшелі бірлестік болатын сегменттелген құрылымдар, бірінші бөлігі жеке позицияға шығады, ал айтылымның «темасы» деп аталатын екіншісі біріншісі туралы ақпаратқа ие («атаулы тема» немесе «атаулы көрініс» атауы осыдан шығады). Бұл Н.Х.Демисинованың монографиясында [29], Л.П.Борисованың жұмысында қарастырылған. Атаулы тақырып пен атаулы көріністің экспрессивтік синтаксистік құбылысы Л.Е.Майорованың зерттеу жұмысының нысаны болған.

4.3 Қайталау және оның экспрессивтік стилистикалық қызметі. Әрбір сөйлеу мәнісі өзіндік қайталау элементімен жан-жақты таныла алады. Бірақ кез келген қайталама стилистиканың негізі болып есептелмейді. Тек берілетін, алынатын ақпараттың эмоционалды, экспрессивті және көркем-эстетикалық ерекшелігін жеткізудегі қайталама түрі ғана стилистиканың ерекшелігі бола алады.Жұмыста қайталамалардың түрлері, олардың экспрессивтік стилистикалық қызметі кең түрде талданды.

Бесінші тарау «Функционалдық стилистика мен экспрессивтік стилистиканың бинарлық бірлігі» деп аталып, тіл бірліктерінің экспрессивтік және функционалдық қызметінің байланысы, ортақ заңдылықтары талданды.

5.1 «Функционалды стилистика мен экспрессивтік стилистиканың ара қатынасы». Лингвистикада тіл стилистикасын зерттеудің бағыттарын және соған сәйкес стилистиканың салаларын мынадай бинарлық қарама-қарсы қою әдісі арқылы ажыратып көрсетуге болады: зерттеу нысанына қарай бөлінісі (стилистикалық ресурстар немесе құрылымдық стилистика, иә болмаса экспрессивтік стилистика және функционалды стилистика); тіл мен сөйлеудің дихотомиясына қарай стильдердің бөлінісі (тіл стильдері мен сөйлеу стильдері); тілді зерттеудегі мақсат-міндетіне қарай бөлінісі (теориялық және практикалық); тілдерді өзара салыстыра зерттеу ерекшелігіне қарай бөлінісі (жеке және салыстырмалы немесе контрастивті); темпоралдық салыстыруларға қатысына қарай бөлінісі (синхронды немесе сипаттамалы және диахронды немесе тарихи). Осыған байланысты қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының жалпы стилистикалық жүйедегі орны, соның ішінде функционалды стилистикамен байланысы және қатынасы анықталады. Функционалды стилистика мен экспрессивтік стилистиканың байланысы мен айырмашылығын және бірін-бірі толықтыратын қатынасын ауызекі сөйлеу тілі мен кітаби жазба тілді, олардың лексикалық, синтаксистік жүйелерін қарама-қарсылық бірлікте алып қарастыру арқылы көз жеткізуге болады. Тілдік узуста ауызекі сөйлеу тілі кітаби жазба тілге қарағанда динамикалы болып келеді де, жаба тілдің дамуының қайнар көзі болып табылады. Ал жазба тіл ауызекі сөйлеу тілі арқылы статикалы сипат алып, оны өз тарапынан нормаға түсіріп отырады. Осы процесте ауызекі сөйлеу тілінің табиғатына тән экспрессивтілік пен кітаби тілдің табиғатына тән функционалдылық диалектикалық қатынаста танылады.

5.2 «Тілдік жағдай және оның қазіргі қазақ тілінің экспрессивтік стилистикалық жүйесінің дамуына әсері». Функционалды стилдің жүйесінде тілдік қолданыстардың шынайы сипаты көрінеді. Сондықтан да тілдің стильдік бөлінуі оның қоғамдық функциясы мен коммуникативтік қолданысы арқылы шешіледі. Сонымен қатар ол функциялардың ерекшеліктері мен салалары тілдік құралдардың бөлінуіне де әсер ететін айқындап отыру керек.

Функционалды стилистика категорияларында қоғамда қалыптасқан тілдік жағдайға байланысты бекітіледі. Тілдің қоғамда қолданылу формаларының белгілі бір қоғамға сәйкес жүзеге асырылуы қажеттілікке және әрекет түрлеріне де байланысты болады. Қазіргі кездегі Қазақстанда қалыптасқан тілдік жағдайда қазақ тілінің өзінің қоғамдағы әлеуметтік функциясында өзгерістер болып жатқаны белгілі. Сонымен қатар қазақ тілі өзінің әлеуметтік функциясын әлі де болса толық орындап отырмағаны да белгілі. Сондықтан болар бүгінгі күні қазақ тілінің ресми-іскери формасы әлі қалыптасып жатыр деуге болады. Осындай тілдік жағдайда тілдік құзіреттілік пен тәжірибенің әртүрлі типтері қалыптасып жатыр.

Қазіргі кездегі қазақ тілінің толық қолданылатын қоғамдық өмір саласы әр түрлі. Б.Хасановтың айтуы бойынша, қазақ тілі 15 негізгі және 57 кіші салаларда қолданылады. Бүгінгі күні іс қағаздарын жүргізу саласына мемлекеттік тілдің қарқынды енгізілуі қазақ тілінің ресми-іскери стилін дамытуға үлкен мүмкіншілік туғызып отырғанын да атап өткен жөн. Бірақ орыс тілінің елімізде әлі де болса, өзі позициясын бермеуі қазақ тілінің өмірдің маңызды салаларындағы функциясына кеңейтуге жағдай туғызбай отыр. Осы қазақ тілі мен орыс тілінің арасындағы функционалдық шекаралар бүгінгі күні анық белгіленіп отыр. Д.Н.Шмелевтің «В условиях двуязычия ситуация и тема разговора могут вызвать переход от одного языка к другому» деп айтуы бойынша, тілдік коммуникацияның жүзеге асуында түрлі және стилистикалық қызық құбылыстар пайда болуы мүмкін. Екі тілдің функциональдық қырынан өзара қарым-қатынасы тіл мәдениеті қырынан назар аударуды да қажет етеді.

5.3 «Ауызекі сөйлеу тілінің экспрессивтік стилистикалық ерекшелігі». Функционалды стилистикада дау тудыратын көптеген мәселелер бар екені сөзсіз. Ғалымдар көркем сөйлеудегі лингвостилистиканың статусы қандай, функционалды стильді бөліп қарастырудың критерийлері қандай, сөйлеу стилі мен тіл стилін бөлу қаншалықты дұрыс, сөйлеу типтері, сөйлеудің функциональды нұсқалары (типтер, түрлер), тілдің, сөйлеудің функционалды стильдері, сөйлеу стильдері, регистрлер т.с.с. Тұжырымдар мен пікірлердің көптігіне байланысты бір ғана ғылыми жұмыс ішінде олардың барлығын қарастыру мүмкін емес.

Ауызекі сөйлеу – жалпы ұлттық тілдің еркін қарым-қатынаста кодталған кітаби сөйлеумен қарама-қарсы қойылған жағдайда қолданылатын функционалды түрі. Ауызекі сөйлеу стилі көбіне ауызша-диалогты формада жүзеге асады. Бірақ ол жазбаша мәтіннің ауызекі сөйлеу белгілеріне тән емес деп айтуға болмайды. Ауызекі сөйлеу ерекшелігі әдетте тұрмыстық жағдайда, диалог құрғанда және көркем сөз шығармашылығында қолданылады. Функционалды стилистиканың шегі мен мазмұнын айқындаушы тұжырымдарды анықтауға болады: бірі-біріне қарама-қарсы қойылған және өзара диалектикалық әрекетте болатын ауызекі сөйлеу мен кітаби дәстүрлі тілдік қолдануда жалпыұлттық тілде функционалдық жоспарда екі кіші жүйе бөлінеді: ауызекі сөйлеу және кітаби. Тілдің әртүрлі функционалдық реңктерде болатыны, адам іс-әрекеті осы әрекетті жүзеге асырушы құрал ретінде тілді қолданатыны, «тіл жүйелердің жүйесі» формуласын «Тіл функционалдық стильдердің жүйесі» деп айтуға болатыны көптеген тілдер материалдарымен дәлелденіп, көрсетілген.

Сөйлеудің екі түрін қарама-қарсы қою барлық дамыған әдеби тілдерде болады. Осыған байланысты функционалды-стилистикалық саралау үдерісі әр түрлі тілдерде бірдей жүреді деуге болады. Бұл – тілдің әлеуметтік табиғатын және ауқымды түрде стильдердің экстралингвистикалық шартталатынын дәлелдейтін бір дерек. Қорытындылай келе, мынадай тұжырым айтуға болады: белгілі бір тілдің функционалды-стилистикалық бөлінуі нақты бір тарихи кезеңде құрылуына қарамастан, оған тән сипаты мен іргелі белгісі ретінде кітаби және ауызекі сөйлеудің бірі біріне қарама-қарсы қоятын қасиеті айқын көрініп тұрады. Тілді зертетушілер бірқолдан өзге функционалдық типтерде белгіленбеген ауызекі сөйлеу жүйесіндегі мына экстралингвистикалық стиль түзуші факторларды атайды: шартталған ситаутивтілік, дайындалмағандық, қарым қатынастың бейресмилігі, нақты адресатқа бағытталғаны. Сонымен қатар жалпы лингвистикалық белгілерде белгіленіп көрсетіледі: акцентуация мен интонация құралдарының жоғары белсенділігі; айтылымның рема – темалық (тема үнемі түсіп қалады) ұйымдастырылуы бұзылатын имплициттік; вербальды емес құралдың белсенділігі; нақты лексиканың көп болуы; есімдіктердің белсенділігі; сөйлемдердің толық құрылымдығының болмауы; сөз тудырудың ерекше модельдері; демеуліктердің, одағайлардың, модаль сөздердің, жалқы есімдердің белсенділігі; фразелогизмдердің, мақал-мәтелдердің кең қолданылуы; лепті және сұраулы сөйлемдердің жиі қолданылуы т.б.

5.4 «Қазақ кітаби жазба тілінің экспрессивтік стилистикалық ерекшеліктері». Кітаби сөз ауызекі-тұрмыстық сөзден өзінің мазмұны бойынша да ерекшеленеді. Егер де ауызша сөйлеуде тұрмыстық күнбе-күнгі
тақырыптарға байланысты әңгімелер өзек болса, кітаби-жазба сөйлеуде «жоғары материя» туралы айтылады: талдауға бағытталған ақпараттар, абстрактілі тақырыптардағы ой-толғаулар, деректерді салыстыру және оларға шолу жасау, үдерістер мен заңдылықтарды талдау т.б. қарастырылады.

Кітаби сөйлеудің лексика-стилистикалық өзіндік ерекшелігі, біріншіден, онда қолданылатын экспрессивті коннотация жағынан бейтарап тілдік айтылым құралдарының қолданылуымен айқындалады. Кітаби мәтіндердің типтендірілген түрлерінде терминология мен арнайы фразелогиялардың конуструктивті рөлі зор. Лексиканың бұл қабаты (пласты) функционалды-стилистикалық коннотациялармен сипатталады. Олар осыған сәйкес мәтіндердің табиғи құраушылары болып табылатындықтан арнайы мәтіндер аясында үнемі қолдануының бұзылуына әкелмейтінін көрсетеді. Мұндай мәтіндерді қабылдаудың автоматтануы жаңа терминнің пайда болуымен, бар терминнің дәстүрлі емес жағдайда қолданылуымен бұзылады. Кітаби сөйлеудің өзіне тән ерекшелігі ретінде абстрактілі семантикадағы зат есімдердің көп болуын атауға болады.

Осы айтылғандардың барлығы кітаби сөйлеудің объективті стилистикалық белгісі ретінде ерекше реңкін көрсетеді.

Кітаби-жазба сөйлеудің жалпы типологиялық белгісі – ауызекі сөйлеуге қарағанда, коммуникативтік бірліктердің тиянақтылығы және сәйкестілігі әлдеқайда жоғары. Осылардың арқасында мәтіннің тақырыптық – мәндік, коммуникативтік және құрылымдық бірлігі қамтамасыз етіледі. Бұлардың барлығы адамның өрелік қызметінде қолданылатын құрал ретінде қолданылуының ең қажетті шарты болып табылады.

Экспрессивті синтаксистің құралдары кітаби сөйлеудің белгілі бір типтерін стилистикалық құруға тән емес. Экспрессивті интонациялар мұндай мәтіндерде тақырыптық-заттық ақпаратттың түсінілуі мен қабылдануына кедергі болып табылады. Эмоционалды-экспрессивті бояулар тұрғысынан кейбір құбылыстар (риторикалық сұрақ, параллельді синтаксистік конструкциялар, қайталаулар, инверсиялар т.с.с.) ерекше болмауы да мүмкін. Мұндай құралдардың коммуникативтік функционалды қолданылуы классикалық типтегі кітаби сөйлеуде мәтіннің мағыналық мәнерін күшейтіп, сөйлеу қарым-қатынасының тақырыптық-денотативтік компонентіне назар аудартатыны да анық.

Кітаби-жазба сөйлеу синтаксисіне тән белгі – стилистикалық бейтараптылық сөздердің және бөлек синтаксистік топтардың орын тәртібінің көрінуі. Мысалы, анықтаушы сөздің анықталып тұрған сөздің алдына қойылуы, бастауыштың баяндауыштан бұрын келуі. Жалпы сөйлем мүшелері синтаксистік қозғауларсыз және соларға байланысты экспрессивті-прагматикалық бояудың болмауын жібермеусіз өтеді.

Айтылымның актуальды бөлінуі (тема-ремалық ұйымдастыру) сөздердің орын тәртібі арқылы көрінеді. Кітаби сөйлеудің реманы темадан кейін қойылды, ал ауызекі сөйлеуде айтылымдардың экспрессивті реңкін күшейту үшін стилистикалық инверсияларға жүгінеді. Кітаби сөйлеудегі маңызды құрылымдық ерекшелік – онда санамалап айтылатын қатарлардың болуы. Оларда белгілі бір логикамен орналастырылған бірыңғай мүшелер болады. Мұндай синтаксистік құрулар хабарлаудың толықтығын және жинақылығын көрсетеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет