Сын есімнің шырай категориясы
Сын есімнің ғылымда танылған бір- ақ категориясы бар. Ол-сын есімнің шырай категориясы. Шырай категориясы бір түрлі сындық белгінің ақиқат өмірде түрлі дәрежеде болуын білдіреді. Мысалы, биігірек, биіктеу, өте биік, біп-биік дегенде биік деген негізгі мағына сақталады, тек қана реңк қосылып, біркелкі сынның әртүрлі дәрежеде көрінуі байқалады. Сондықтан "заттың белгісі я сипаты (түрі, түсі, сапасы, көлемі, аумағы, салмағы, сыры т.б.) біркелкі болмай, рең жағынан әр түрлі дәрежеде болатынын, демек, сипатының я белгінің бір затта артық, бір затта кем болатынын білдіретін сын есім формалары шырай формалары" деп аталады.
Олай болса, бір түрлі белгінің өзінде әр алуан рең болуы шырай категориясыныңмағыналыққұрамыныңтүрлілігін көрсетеді. Бұлтүрлі реңцік белгі көрсеткіштер арқылы көрініс табады.
Бірақ сын есімнің барлығы бірдей шырай тұлғасымен түрленбейді, яғни кез-келген сын есімге шырай тұлғалары жалғанбайды. Оқулықтарда көрсетіліп жүргендей, сын есімнің шырай тұлғалары сапалық сын есімдерге жалғанады. Тіптен сапалық сын есімдерге де шырай жұрнақтарының бәрі бірдей жалғана бермейді. Мысалы, "көк" деген сын есімге "шіл" жұрнағын қосып, "көкшіл" деп, шырай мағынасы жасалса, "жасыл"деген сөзге "шыл" жұрнағын қосып, "жасылшыл" деуге болмайды. Немесе сарғыш дегендегі ғыш жұрнағы қызыл, көк, жасыл сын есімдеріне қосылмайды. Олай болса, шырай жұрнақтары "өздерінің еншісіне тиген, белгілі сөздерге жалғана алады. Бұл- қазақ тіліндегі сын есім шырайының ерекшелігі болып табылады.
Сонымен сын есімнің шырайы деп аталатын категорияның мазмұны да, формасы да әлденеше заттың (әр түрлі біркелкі белгілерін емес) бір түрлі я біркелкі белгілерінің өз ара айырмашылықтарын, демек, сол біркелкі белгілердің бір-бірімен я артық, я кем екендігін анықтау арқылы туады . Мысалы, жасылырақ пен жап-жасылдың, үлкенірек пен өте үлкеннің, ұзындау мен ұп-ұзын-ның мәні де, жасалу жолы да бірдей емес. Осымен байланысты қазақ тілінде шырайлардың бірнеше түрі бар. Бірақ шырай түрлерін топтастыру, жіктеу туралы ғалымдардың пікірлері әртүрлі.
А.Байтұрсынов оқулығында шырайдың үш түрі көрсетілген: 1) Жай шырай артық-кем демей, нәрсенің сиқын жай көрсетеді (жуас ат, қызыл шүберек т.б. 2)Талғаулы шырай нәрсе сиқының бірінен-бірі артық-кемдігін көрсетеді, оны көрсету үшін жай сындағы сөзге "-рақ", -рек" деген талғау қосымшалары тіркеледі (жақсы-рақ, зерегі-рек т.б.) 3). Таңдаулы шырай нәрсе сиқы өте артық екендігін көрсетеді. Оны көрсету үшін жай шырайдағы сөздің апдына ең, нақ, тап, тым, бек, қас деген сөздер қосылып айтылады (ең жақсы, тым қорқақ т.б.)
Ал Қ.Жұбановтың 1936 жылғы қазақ тілі бағдарламасында сын есімнің шырайлары жеке тақырып етіп беріліп, шырайлардың жай шырай, кесімді араластырмалы шырай (бірі тура күйде, бірі шығыс жалғаулы күйде болады), салыстырмалы шағын шырай (-рақ, -рек, -лау), жалаң шағын шырай (қызғылт, қаралтым, көтеріңкі, созылыңқы), таңдаулы шырай, дәйек қосылыңқы (өте қысқа), қосақты (қып-қысқа), үстеулі (ұзын-ақ), орта шырай (бір қос, бірсыпыра, бір жөн, едәуір сөздері қосылады) түрлері берілген. Бірақ жоғарыда аталған еңбектерде шырай түрлерінен орын алған жай шырайға қатысты кейінгі еңбектерде басқаша пікірлер де кездеседі.
Қазақ тіліндегі сын есім шырайларын арнайы зерттеген Ғ.Мұсабаев "жай шырай" деп аталатын сын есімдерде шырай мағынасы жоқ, сондықтан жай шырай деп атауымыздың өзі қате, - деп есептеп, сын есім шырайын салыстырмалы, бәсең, шағын, күшейтпелі, үдетпелі деп бөлген. Ғалымның жіктеуінше:
1.Салыстырмалы шырай -рақ,-рек.
2.Бәсең шырай -дау,-деу,-тау,-теу,-лау,-леу.
З.Шағын шырай -шыл, -шіл, -ғыл, -ғіл, -ғылт, -ғыш, -ілдір тұлғалары арқылы.
4.Күшейтпелі шырай -күшейту буыны арқылы.
5.Үдетпелі шырай - күшейткіш үстеулер арқылы жасалады. Осылайша ғалым шырайларды жасалатын тұлғаларына қарай бес түрге бөлген.
1967 жылғы «Грамматикада» бәсең, шағын шырайларды біріктіріп, сын есімнің мынадай 4 түрі берілген:
Салыстырмалы
Бәсең, я шағын
Күшейтпелі
Асырмалы.
Кейін ғылымда грамматикалық категорияларды топтауда олардың түрленбей тұрған түрін есепке алатын дәстүр қалыптасты. Бұл дәстүр бойынша етістік негізі өзге туынды тұлғалардың бәріне негіз болады, атау септік те "басқа септіктердің формалары мен мағыналарын салыстырып ажырату үшін қабылданған негізгі форма" деп танылды, яғни олар етістіктің басқа формаларында қандай өзгеріс болғанын немесе қалған септікгердің тұлғаларында қандай ерекшелік бар екенін салыстырып көрсету үшін алынған. Сондай-ақ басқа шырайлардың тұлғаларында қандай өзгеріс болғанын көрсету үшін кейінгі еңбектерде шырайдың жай шырай деген түрі алынған. Шын мәнінде жай шырайдың мағынасында салыстыру жоқ. Жай шырайдың осы ерекшелігін ескере отырып, шырайлардың басқа түрлерін мағына жағынан да, форма жағынан да салыстыратын негізгі форма деп санаған проф. А.Ысқақов оқулығында шырайлар - жай шырай, салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай, асырмалы шырай деген төрт түрге бөлініп, әрқайсысының мағынасы және олардың жасалу жолдары сөз болған! Сондықтан жай шырайдың атауы дәстүр бойынша сақталған.
Салыстырмалы шырайға оқулықтарда "бір заттың сынын екінші заттың сынына салыстырып, сол салыстырылған белгілердің бір-бірінен я кем, я артық екенін білдіреді" деген анықтама беріліп жүр. Шындығында салыстыру мағынасы шырайдың басқа түрлеріне де қатысты.
Салыстырмалы шырай -рақ, -рек, -ырақ, -лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу жұрнақтары арқылы жасалады. Мысалы, үлкенірек, үлкендеу т.б. Сонымен бірге -қыл, -ғыл, -қылт, -ғылт, -тым, -шыл, -шіл, -қай, -аң секілді өнімсіз жұрнақтар да салыстырмалы шырай көрсеткіштері болып саналады. Мысалы, дымқыл, сұрғылт, қоңырқап, қысаң т.б.
Күшейтпелі шырай заттың бастапқы сындық қасиетін күшейте түседі. Бұл шырай күшейткіш буын арқылы жасалады, яғни сын есімнің алғашқы буыны алынады да, оған -п қосылады. Мысалы, қып-қызыл, жап-жақсы, біп-биік т.б.
Заттың сындық қасиетін я тіпті асыра көтеріп, я тым асыра төмендетіп білдіретін шырай түрі асырмалы шырай деп аталады. Бұл терминді проф. А.Ысқақов қолданған. Асырмалы шырай сын есімнің алдында аса, өте, тым (дым), тым-ақ (дым-ақ), тіпті, тіптен, шым, қап, нағыз, нақ, ең, орасан, керемет секілді күшейткіш үстеулер сөздердің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы, тым үлкен, аса қиын, өте ақылды т.б.
Соңғы шыққан "Қазақ грамматикасында" жай шырайды шырай категориясына жатқызбайды, ал салыстырмалы мен күшейтпеліні бір шырай деп есептеп, шырайдың екі-ақ түрін-салыстырмалы мен күшейтпелі шырайды көрсеткен.
Достарыңызбен бөлісу: |