Сын есімнің синтаксистік қызметі
Сөздерді тапқа бөлудің үшінші ұстанымына сай әр сөз табы сөйлемде белгілі бір қызмет атқарады. Сын есім мағына жағынан заттың сынын, белгісін білдіретін сөздер болғандықтан, сөйлемде көбінесе анықтауыш мүше болады. Мысалы,
Көгілдір көкте қалқиды,
Көк ала бұлттар тек баяу.
Көкпеңбек теңіз шалқиды,
Кеп еді неткен көк бояу. (К.Ахметова)
Осы өлең жолдарындағы сын есімдер зат есім алдында тұрып, анықтауыш болып тұр. Сын есімнің зат есім алдында келіп тіркесуі-тілдегі қалыптасқан заңдылық. Бірақ сөйлемде зат есім түсіп қалып, сын есім орнына қолданылатын кездері де болады, яғни сын есім заттанып қолданы-латындығы жоғарыда айтылды. Мұндай жағдайда сын есім зат есімдер секілді түрленеді. Мысалы, Жаманға жақсы сөз өтпес (С.Сарайи). Өнерлінің қапасы нақ, өнерсіздің өкініші жоқ (А.Иүгінеки). Осы сөйлемдердегі жаманға, өнерл інің, өнерсіздің сөздері заттанып, барыс және ілік септіктер тұлғасында тұр.
Сын есімдер заттанған кезде табыс, барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің бірінде келіп, толықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, Жақсыға сұқтан, жаманнан сақтан.
Сын есім сөйлемде етістіктің алдында тұрып, қимыл, іс-әрекеттің сынын білдіріп, пысықтауыш болады. Мысалы, Дәрмен мен Мәкеннің қолында тұрса, басқа мінез өзінен шықпайтынын саналы әйел жақсы аңғарды (М.Әуезов). Мына қып-қысқа хаттан ана көңілінің алаңы анықсезіледі.
Сын есім заттанғанда атау септікте тұрса, сөйлемде бастауыш болады. Мысалы, Жақсылар байқап сөйлер, білімсіздер шайқап сөйлер.
Сын есім жіктік тұлғада тұрып, сөйлемнің баяндауышы да болады. Мысалы, Толық айдың сүтіне шомылған түнгі айнала тып-тыныш (Қ.Қазиев). Үйдің іші мұнтаздай тап-таза (С. Бақбергенов).
Достарыңызбен бөлісу: |