Қасым хан. XVI ғ. бас кезінде Жәнібек ханның ұлы Қасым хан таққа отырады. Керей ханнан кейін хан тағы оның ұлы Бұрындық ханның үлесіне тиген еді. Бастапқы кезде Қасым сұлтан әкесінің жолын қуып, барлық істе Бұрындық ханға бағынып, соның алдына бас иді. Алайда Бұрындық (1480-1511 ж.) хан болып тұрса да, хандық билеу Қасымның қолында болды. Ақырында Бұрындық пен Қасымның арасында билік үшін шиеленіскен күрес Қасым сұлтанның жеңісімен аяқталады. Бұрындықхан жеңіліс тауып, елден кетті. 1511 жылдан бастап Қасым хандық билікті қолына алды.
Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының шекарасы оңтүстікте Сырдария алқабын қамтып, Түркістан аймағындағы, Сырдария бойындағы қалаларды қосып алды. Шығыс Оңтүстікте Жетісу жерінің басым бөлігі, Шу, Талас, Қаратал, Іле өзендерінің алқабы қарады. Солтүстікте және Шығыс Солтүстікте Ұлытау өңірі мен Балқаш көлінен асып, Қарқаралы тау тарамдарына дейін жетті.
Қасым хан тұсында Қазақ хандығының саяси-әкімшілік және сауда экономикалық орталығы бастапқы кезде Сығанақ қаласы болды. Түркістан қаласы Қазақ хандығына өткеннен кейін, Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласы болды.
Моғолстанның билеушісі Саид хан Шу бойында жайлауда жатқан Қасым ханға барып, одан шайбандықтарға қарсы күреске көмек беруін сұрады. Қасым хан қазақтардың қыстауға көшетін мезгілінің жақындағанына байланысты, бұл кезде әскер жинау мүмкін емес екендігін сылтауратып, көмек беруден бас тартады. Моғолстан билеушісі Саид ханның 1514 жылы Шығыс Түркістанға көшіп кетуі Қасым ханның Жетісудағы билігінің нығая түсуіне себепші болды.
XVI ғ. басында Қасым ханның сыртқы саясатының басты бағыты Сырдария бойындағы қалаларды қаратып алу жолындағы күрес болды. Қасым ханның Мауараннахрдың билеушісі болған Шайбани хан және оның ұрпақтарымен күресі тоқтаусыз жүре берді. Шайбани хан алғаш соқққы беру үшін, екі ел арасындағы сауда байланысын үзіп, тоқтатуға тырысты. Мұхаммед Шайбани хан сауда жасауды тыйып ғана қойғн жоқ, сонымен қатар Қазақ хандығының еріне бірнеше рет қанды жорықтар жасады. Оңтүстік Қазақстан қалалары үшін күрес ұзаққа созылды. Шайбани хан 1503, 1505, 1506 жылдары қазақ жеріне тонаушылық жорықтар жасады.