Жинақтық сан есім
А.Байтұрсыновтың оқулығында, жоғарыда айтылғандай, есептік сан есімді жай және жадағай деп екіге бөліп, жадағай сан есімге - біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу сөздерін жатқызған және бұлардың басқа есімдерге қосарланып айтылмайтынына көңіл бөлінген. Сонда ғалымның жадағай есептік сан есімдері қазіргі жинақтық сан есімге сәйкес келеді.
Сан есімді арнайы зерттеген Ә. Хасенов сан есімнің бұл түрі абстрактілік ұғымды білдіріп, көбіне зат есімнің орнына қолданылатындығын айта келіп, оны жинақтық - субстантивтік сан есімдер деп атаған (30, 26), яғни сан есімнің бұл түрі көбіне зат есім орнына қолданылып, зат есім категориясына жақындайды деп есептеген. Алайда ғалымның бұп атауы кейін қолдау таппады. А. Ысқақов оқулығында, академиялық грамматикаларда сан есімнің бұл түрі жинақтық деген терминмен аталады. Бірақ сан есімнің бұл мағыналық тобына беріліп жүрген анықтамаларда айтарлықтай айырмашылық жоқ. Көбіне оны "белгілі бір заттар мен құбылыстардың сан мөлшерін жинақтап көрсету үшін және жинақтық абстракт сан ұғымдарын білдіру үшін қолданылады," "Мұндай сөздердің негізгі мағынасы абстракт сан мөлшерін білдіретіндіктен, олар үнемі субстантивтеніп жеке қолданылады", "Қазіргі қазақ тіліндегі жинақтық сан есім заттың жинақталған сандық мөлшерін білдіреді", - деп анықтайды. Мысалы, Бүгін Оспан кеш батарда Смағұлға барып, екеуі бір түрлі бола қалып еді (М. Әуезов). Осы сөйлемдердегі екеуі сөзі Оспан мен Смағұлды жинақтап көрсетіп тұр.
Жинақтық сан есімдер есептік сан есімдерге -ау (-еу) жұрнақтары қосылуы арқылы жасалады: біреу, екеу, үшеу т.б.
Жинақтық сан есімдердің өздеріне тән мынадай ерекшеліктері бар:
- жинақтық сан есімдер ешқашан да күрделі түрде қолданылмайды;
- жинақтық сан есімдер мағына жағынан субстантивтік қасиеті болып келетін сөздер болғандықтан, сөз түрлендіруші грамматикалық формалардың бәрін де қабылдай береді. Мысалы, Бұл үшеудің қолында тобылғы сапты жалаң дойыр ғана (X. Есенжанов). Бұл екеуі де атақты Сырым батырдың шөбересі (сонда). Біреулер судың алдын бөгеп тас, топырақ, шөп- шөлең төгіп жатыр (сонда). Ол қиыр шеттегі екеуден көз жазып қалармын дегендей, жақындай түсті.
- жинақтық сан есімдерден лексика-семантикалық,морфологиялық және синтаксистік тәсілдер арқылы біраз жаңа сөздер жасалған. Мысалы, Домбыраны да, әнді де біреу үйреткен жоқ маған, өз бетіммен үйрендім (Н. Ғабдуллин). Екеулеп Айбаршаны азғырмақ болып еді, одан іс шықпады (С. Мұқанов). Ол екі-екіден тізіп, шоқақтай жортып келіп қалғандарды танып қалды (X.Есенжанов).Бірінші сөйлемде біреу сөзі белгісіздік есімдік мәнінде (прономинализацияланып) қолданылған, екіншісінде етістік тудыратын - ле жұрнағы арқылы жаңа сөз жасалған, үшінші сөйлемде жинақгық сан есімдердің қосарланып айтылуы арқылы үстеуге айналған.
Достарыңызбен бөлісу: |