Сан есімнің морфологиялық ерекшеліктері
Сан есімдердің морфологиялық сипаты жағынан негізгі ерекшелігі ол өзі анықтайтын сөздерінен бұрын қолданылып, бірақ ешқандай морфологиялық өзгеріске түспейтіндігі ғылыми зерттеулерде, оқулықтарда анық сипатталған. Яғни, сан есімдер өздерінің өрі табиғи, әрі негізгі функциясы болып есептелетін сандық, сан-мөлшер мағыналарында қолданылғанда, еш өзгеріске түспейді. Мысалы, Поездан бұдан басқа төрт адам түсті (Н. Ғабдулин). Ол жақтан келетін екі автобус сәскеде келеді (сонда). Осы сөйлемдердегі төрт, екі сан есімдері өздері тіркесетін зат есімдердің алдынан түбір күйінде, ешбір қосымшасыз қолданылып тұр.
Сан есімдер субстантивтенгенде түрленіп, «әр алуан өзгеріске түседі, демек, көптеліп те, тәуелденіп те, септеліп те және жіктеліп те қолданылады. «Мысалы, Мына бір бұлт жіңішкере келіп, екіге үзіліп кетті (С. Бегалин). Қармақтары балық қапқанша бір-біріне үндеспеуге серт айтысқандай екеуінде де үн жоқ (С. Омаров).
Сан есімдер құрамына қарай дара және күрделі болып екіге бөлінеді. Тілімізде дара сандар көп емес, барлығы жиырма шақты- бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жөті, сегіз, тоғыз, он, жиырма, отыз, қырық, елу, алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан, жүз, мың.
Күрделі сан есімдерге Ә. Хасенов «екі немесе бірнеше дара саннан құралған сан есімдер», -деген анықтама берген. Мысалы, Қазақстан жерінде сүт қоректілердің жүз елу алты, құстардың төрт жүз жетпіс төрт, балықтың жүз қырық түрі бар (оқулықтан). Осы сөйлемдегі сан есімдер екі, үш, төрт сан атауынан құралған.
Грамматикаларда дара сан есімдер іштей негізгі және туынды болып екіге бөледі. Негізгі дара сан есімдерге морфемалық бөлшектерге бөлінбейтін сөздер жатқызылады. Мысалы, бір, екі, бес, жеті, сегіз т.б. Ал туынды сан есімдер әр түрлі жұрнақтар жалғану арқылы жасалады. Мысалы, бірер, бірінші, үшеу, төртеу т.б.
Осы негізгі және туынды дара сан есімдердің тіркесуінен я қосарлануынан жасалған сан есімдер күрделі сан есімдер деп аталады. Мысалы, он бес, бес- бестен, жүз тоқсан бес, жетпіс- сексеннен т.б.
Сан есімнің сөзжасамын арнайы қарастырған проф. Н.Оралбаева күрделі сан атауларын «екі я онан да көп сандардың бір- бірімен тіркесіп, құрамындағы сандардан басқа сандық ұғымды білдіретін түрі», -деп атаған. Ғалым айтып отырғандай, күрделі сан есімнің құрамында қанша сан атауы болса да, барлығы бірігіп, бір күрделі сандық ұғымды білдіреді. Мысалы: жиырма бес мың тогыз жүз тоқсан тогыз- осы жеті сан атауы бірігіп, бір ғана күрделі сан атауын білдіріп тұр. Ал күрделі сан атауының ең кемі екі сөзден тұруы "бұл- міндетті шарт, онан кем болуы мүмкін емес. Бірақ күрделі санның құрамы екіден әлдеқайда көп бола береді. Мысалға миллионға дейінгі күрделі сандардың ең көбі тоғыз сөзден тұрады: тоғыз жүз тоқсан тоғыз мың тоғыз жүз тоқсан тоғыз".
Миллионнан асқанда күрделі санның құрамы тоғыз сөзден де көп болуы мүмкін. Бірақ, ғалым көрсетуінше, «күрделі сандардың құрамы неғұрлым көбейген сайын күнделікті өмірде оның қолданылуы сирей береді. Күрделі сандардың мыңға дейінгі түрлері өмірде көп кездеседі, көбірек қолданылады, ал миллионға дейінгі күрделі сандар олардан әлдеқайда сирек қолданылады .
Күрделі сандардың тағы да мынадай ерекшеліктері бар:
1) Оларда синонимдік қасиет болмайды, әрқайсысының мағыналары дербес болады. Мысалы, жүз тоқсан бес, жүз тоқсан алты. Осы екі күрделі сан атауы екі түрлі ұғым білдіреді.
2) Күрделі сандар бір сөз болғандықтан, қосымшапар олардың соңғы компонентіне жалғанады. Мысалы: Қала халқы жүз он жеті мыңнан асады (Н. Баяңцин). Осы сөйлемдегі төрт компоненттен тұратын күрделі санның соңғысына шығыс септігі жалғауы жалғанған.
3) Күрделі сандар біртұтас сөз болғандықтан, олардың арасына еш уақытта ешбір морфема кіре алмайды, оларды бөліп айтуға болмайды. Күрделі сандар өз тұтастығын, орын тәртібін берік сақтайды. Мысалы, тоғыз мың елу екі деген күрделі сан атауы тек қана осы төрт сан атауынан жасалады, олардың орнын ауыстырса, арасына басқа морфема енсе, бұл ұғымды бере алмайды.
4) Күрделі сандардың құрамы қанша сөзден құралғанына қарамастан, олар сөйлемде бір сөздің қызметін атқарады, бір сөйлем мүшесі болады. Мысалы: Бір тәулікте мың төрт жүз қырық минут бар («Білім және еңбек«). Осы сөйлемдегі мың төрт жүз қырық күрделі сан атауы анықтауыш болып тұр.
Күрделі сандардың ғылымда проф. А. Ысқақов дәлелдеген екі түрлі жасалу жолы бар:
1) дара сандардан жасалатын күрделі сандардың құрамы бір санның үстіне басқа бір санды қосу жолымен, яғни белгілі бір санға (қосылғышқа) келесі бір қажетті санды (қосылғышты) қосып айту жолымен жасалады. Бұл Жол- қосылмалы жол деп аталады. Мысалы, сексен сегіз, тоқсан алты т.б. Осы күрделі сан атаулары сексен, тоқсан сандарына сегіз, алты сандарын қосып айту арқылы жасалған.
2) Дара сандардан жасалатын күрделі сандардың құрамы бір санды (көбейгішті) басқа бір санға (көбейткішке) көбейту жолымен, яғни белгілі бір санды келесі бір қажетті санға көбейту, еселеу жолымен жасалады. Күрделі сандарды жасаудың бұл жолы көбейтілмелі жол деп аталады. Мысалы, бес жүз, он мың күрделі сан атаулары бес, он сандарын жүз, мың сандарына кебейту арқылы жасалған.
Күрделі сандардың құрамында осы екі жолмен жасалған сандар араласып келетін де кездері болады. Мысалы, бес мың сегіз жүз қырық бес деген күрделі санның құрамындағы бес мың (5x1000), сегіз жүз ( 8х 100)-көбейтілмелі сан да, қырық бес (40+ 5)- қосылмалы сан. Күрделі сан есім-дердің мұндай түрі аралас күрделі сан есімдер тіркесі деп аталады .
Күрделі есептік сандарға тән тағы бір ерекшелік олардың құрамындағы жеке сандардың орналасуына байланысты, яғни мұндай сандар құрамында алдымен жоғары дәрежелі сандар, одан кейін төмен дәрежелі сандар қойылып айтылады. Мысалы, жетпіс екі, бес мың жиырма бес т.б.
Бұл ерекшелікті А.Байтұрсынов оқулығынан да кездестіреміз. Ғалымның өз сөзімен айтқанда, «он бір дегенде әуелі үлкенін айтып, сонан соң кішісін айтамыз: ол «онның« «бірден« үлкендігінен. «Жүз елу« дегенде, әуелі «жүзді« айтып, сонан соң «елуді» айтамыз: ол «жүздің» «елуден» үлкендігінен .
Достарыңызбен бөлісу: |