Өзбекстан республикасы жо­Ғары және орта арнаулы бiлiм министрлiгi ө. Байқабылов, Д. Дуйсабаева Қазiргi қазақ әдеби


Еліктеу сөздердің фонетика-морфологиялық сипаты



бет166/190
Дата06.02.2022
өлшемі5,51 Mb.
#28486
1   ...   162   163   164   165   166   167   168   169   ...   190
Еліктеу сөздердің фонетика-морфологиялық сипаты
Еліктеу сөздер мағыналық түрлері жағынан ғана емес, фонетика-грамматикалық сипаттары жағынан да өзіндік ерекшелікке ие. Еліктеу сөз табына жататын сөздердің буын құрылымы, морфологиялық тұлғалары бір-бірімен ұқсас, орайлас келеді.
1. Еліктеу сөздердің фонетикалық сипаты олардың дыбыстық құрамы, буын жігі, айтылу ырғағы арқылы анықталады. Еліктеу сөздер дыбыстық құрамы жағынан басқа сөз таптарындағыдай шашырап жатпай, белгілі бір заңдылыққа бағынған. Еліктеу сөздердің түбір күйіндегі дені негізінен екі, үш, төрт дыбыстан құралған бір буынды түбір сөздер болып келеді де, ал қосарланып келгенде бес-алты дыбысқа дейін жетеді. Еліктеу сөздердің дыбыстық құрамындағы дыбыстардың тіркесуінде белгілі бір қалыптасқан жүйелі заңдылықтың болуы, олардың басым көпшілігінің негізгі түбір форма екенін көрсетеді.
Еліктеу мағынасын білдіретін сөздерде болатын мұндай ерекшеліктермен қатар, олардың құрамында келетін дауысты және дауыссыз дыбыстардың келуінде де ерекшелік бар. Дауысты дыбыстардың барлық түрлері емес, белгілі бір түрлері ғана еліктеу сөздің құрамында келеді. Еліктеу сөздерді жасауға тек «а, е, ы, і, ұ, ү, у» дауыстылары қатысады. Сонымен бірге бұл дауысты дыбыстар бірен-саран еліктеу сөздің басында болмаса, бірінші дыбыс болып келмейді, көбіне негізінен екінші орында тұрады. Дауысты дыбыстардың жуан-жіңішкелігі еліктеу сөз білдіретін мағынаның өзгеруіне әсер етеді. Дыбыстық құрамы жағынан бірдей жуан дауыстылар қатысқан еліктеу сөздің мағынасы, жіңішке дауысты дыбыстар бар сөздердің мағынасынан бөлек мағынаны білдіреді. Мысалы, бір топтағы еліктеу сөзге жататын құрамында жуан «а» дауысты дыбысы бар «шаңқ» сөзі мен жіңішке «і» дауысты дыбысы келген «шіңк» еліктеу сөзінің ішкі білдіретін мағыналары бірдей емес. «Шаңқ» сөзі көлемі жағынан ірі, үлкен заттың, әрі одан шыққан дыбыс қарқынының күштілігін білдірсе, «шіңк» сөзінің мағынасы көлемі кіші заттардан әлсіз шығатын дыбысты білдіреді. Еліктеу сөз құрамындағы дауысты дыбыстардың жуан, жіңішке түрлері, оның айтылуына да әсер етеді. Жуан дауысты дыбыс бар еліктеу сөз күшті қарқынмен айтылса, жіңішке дауыстысы жай қарқынмен айтылады. Бұл еліктеу сөздерінің айтылуына тән дауыс ырғағының болатынын көрсетеді.
Еліктеу сөздердің құрамына дауысты дыбыстар сияқты барлық дауыссыз дыбыстар да қатыса бермейді. Әрі сөздің басы мен соңында келетін дауыссыз дыбыстың түрлері біркелкі болмайды, олардың келуінде де өзіндік ерекшелік бар. Дауыссыз дыбыстан басталған еліктеу сөздердің бірінші дыбысы дауыссыздың қай түрінен басталғанына шек қойылмайтын болса, соңында келетін дауыссыз дыбыстардың түрі мен орналасуында белгілі тәртіп болады. Негізінен үш, төрт дыбыстан тұратын соңы екі дауыссыз дыбысқа аяқталатын тұйық және бітеу буынды еліктеу сөздердің алдыңғы дауыссызы үнді, соңғысы қатаң дауыссыз болуы шарт. Мысалы, «сылқ, бүлк, сырт, еңк, епп» т.б.
Еліктеу сөздердің соңында келген р, ж, ң дыбыстары созылып айтылады. Мысалы, гүр-р-р ете түсті, быж-ж-ж ете қалды, дың-ң-ң етті., ыр-р етті, мыж-мыж-ж болды т.б. Басқа сөз таптарына жататын сөздердің соңында сирек кездесетін «ж» дыбысы еліктеу сөздердің соңында көп кездеседі. Мысалы, гүж- гүж, баж-баж, шыж-быж, мыж-мыж т.б.
Басқа сөз таптарында «л» дыбысынан басталатын сөздердің алдында естілетін «ы, і» протетикалық дыбыс (лақ, лай, лезде, лас т.б.) еліктеу сөздерде айтылмайды. Мысалы, «лақ етті, лап ете қалды, лау-лау етті».
Егер дыбыс жылдам, шұғыл, тез шықса, онда еліктеуіш сөздің айтылу интонациясы да тез шұғыл болады. Ал дыбыс шұғыл болмай, созылыңқы шықса, онда еліктеуіш сөздерде созылыңқы интонациямен айтылады.
Екі буынды дыбыстық еліктеуіш сөздердің соңғы дыбысы көбіне вибрациялық «р» дыбысына аяқталады. Мысалы, «даңғыр-дүңгір, тықыр-тықыр, салдыр-гүлдір т.т.
Үш дыбыстан құралған еліктеу сөздердің соңғы дыбысы сонор «р, л, м, ң» дыбыстарына аяқталады. Мысалы, «дыр, дал, шым, шың, маң».
Төрт дыбыстан құралған еліктеу сөздердің үшінші дыбысы сонор, ал төртінші дыбысы міндетті түрде қатаң дауыссыздарға бітеді. Мысалы,» сарт, бырт, былқ, селк, тарс» т.т.
Буын түрі жағынан бір буынды еліктеу сөздердің көбі ашық және бітеу буынды сөз болып келеді. Мысалы: зу, ду, гүж, шың, мырс, селк т.б. Қосарланып келген еліктеу сөздердің сыңарлары аралас буынды сөздерден тұрып, көбіне екі буынды болады.
Бір буынды негізгі түбір еліктеу сөздер интонациясы жағынан мағыналарына орай бірде жылдам ырғақпен, бірде баяу, ақырын ырғақсыз айтылады. Жалпы еліктеу сөздер интонацияға бай, әрі олар құбылмалы келеді. Олардың интонация байлығы, оларды омонимдес зат есімдермен салыстырғанда анық байқалады. Мысалы, «Қор болды» мен «қор ете түсті» деген екі тіркестің бірінші заттық мағынадағы «қор» сөзі жай, қоңыр интонациямен айтылса, «қор ете түсті» тіркесіндегі «қор» еліктеу сөзі жұлып алғандай күшті екпінмен айтылады. Мұндай интонациялық құбылмалық «дар асты -дар ете қалды», «қыз бала- қыз-қыз қайнады», «шөп шапты - шөп ете қалды» тіркестеріндегі омоним сөздердің айтылу интонациясының бірдей еместігінен де көрінеді. Бұп еліктеу сөздердің интонациялық құбылу шеңбері кең екенін көрсетеді.
2. Еліктеу сөздер морфологиялық құрамы жағынан жалаң және күрделі тұлғаларда келеді. Жалаң түбір еліктеу сөздерге негізгі түбір еліктеу сөздер мен олардан синтетикалық тәсіл арқылы жасалынған туынды сөздер жатады.
Негізгі еліктеу сөздер айналадағы табиғат құбылыстарын қулақпен есту арқылы қабылдаған дыбыстардан және көзбен көру арқылы қабылданған елес-көріністердің бейнелерінен пайда болған түсініктердің атаулары, демек, сол дыбыстар мен бейнелердің атаулары есебінде қызмет ететін бір морфемадан тұратын түбір сөздер болып келеді.
Туынды еліктеу сөздерге негізгі түбір еліктеу сөздер мен басқа атаушы сөздерге жалғанғанда еліктеу мағынасын тудыратын сөз тудырушы жұрнақтардың қосылуынан жасалынған, морфемдік құрамы жағынан екі морфемадан (түбір морфема + қосымша морфема) тұратын туынды сөздер жатады. Синтетикалық тәсіл арқылы туынды еліктеу жасайтын негізгі сөз тудырушы жұрнақтар: -аң, -ең, -ң, -ың, -ің, -алаң, -елең, -лаң, -лең. Мына «балпақ -балп-ақ», «жылтың-жылт-ың», «томпаң-томп-аң», «елпең-елп-ең», «көлбең - көлб-ең», «сылаң - сыл-аң», «ирелең - ир-елең», «бұралаң - бұр-алаң», «шұбалаң - шұб-алаң» сөздері екі морфемадан құралған туынды түбір еліктеу сөздері. Мысалы: Арқа арбадан қорбаң етіп түсті. Ол жайнамаз үстінен түспей, шоқаң-шоқаң етті де отырды.
Еліктеу сөздердің күрделі түрі негізінен қос сөзді түбірлер болып келеді. Күрделі түбір тұлғалы туынды еліктеу сөздер аналитикалық тәсіл арқылы негізгі не туынды түбір елікгеу сөздердің қайталанып немесе қосарланып келуінен жасалады. Мысалы, «күж-күж, быж-быж, шыр-шыр, шыж-шыж, пыс-пыс» еліктеу сөздері негізгі түбір еліктеу сөздің қайталануынан жасалынған қайталама түбірлі қос сөз тұлғалары. Ал, бір сыңарының фонетикалық өзгеріске ұшырап қосарлануынан жасалынған «шыж-мыж, шарт-шұрт, арбаң-тарбаң, алақ-жұлақ» сияқты еліктеу сөздер қосарлама немесе қосарланған түбір еліктеу сөздеріне жатады.
Бір сөздің қайталануынан жасалынған қайталама түбірлі еліктеу қос сөздердің бір қалыпты болған дыбысқа еліктеуді білдіреді. Мысалы, тырс-тырс, быж-быж т.б. Ал қосарлама қос сөздердің мағынасы әр түрлі дыбысталған еліктеулердің мағынасын береді, Мысалы сатыр-сұгыр, бұрқан-тарқан, шаңқ-шұңқ, т.т,
Күрделі еліктеу сөздер сыңарлары фонетикалық дыбысталуы және беретін мағынасына байланысты бірыңғай қосарлы және әр түрлі аралас қосарлы болып келеді. Күрделі еліктеу сөздердің бір сыңарының дыбыстық өзгеріске ұшырау арқылы қосарланған еліктеу сөздер қатарына «жапыр-жұпыр, қыбыр-жыбыр» сияқты сөздер жатады. Ал аралас қосарлы күрделі еліктеу сөздер сыңарларының дыбыс саны тең келмейді және мағыналық жағынан бірі мәнді болса, екіншісі мәнсіз сөз болады. Кей еліктеулердің екі сыңары да мәнсіз сөздерден қосарланады. Оны мына «ойпаң-тойпаң, апалаң-жұпалаң, абыр-сабыр, тасыр-тұсыр» сияқгы қосарланған түбір еліктеу сөздерінің сыңарларынан көруге болады. Мұндай қосарланған түбір еліктеу сөздердің сыңарларының біреуі, кейде екеуі де жеке қолданылмайды.
Күрделі түбір еліктеу сөздердің сыңарлары арасында «да, де, та, те» шылаулары келетіндері де бар. Мысалы, «гүрс те гурс, жалт та жұлт, елтең де селтең, тасыр да тұсыр» дегендер аналитикалық тәсіл арқылы жасалынып тұрған тіркесті күрделі еліктеу сөздер. Бұндай тіркесті түбірлер көбіне әр түрлі бейне, дыбыстауға байланысты аралас еліктеу ұғымын білдіретін сөздер болып келеді. Мысалы: Ел қағынды, мал сабылды, ұрлық, өтірік, гу де гу (Абай).
Еліктеу сөздер басқа сөз таптарынан жасалмайды. Керісінше басқа сөз таптарын жасауға негіз сөз болады. Еліктеу сөздердің зат есім мен етістік жасауға қабілеті күшті. Сөз тудыратын еліктеу сөздердің өнімді басты жұрнақтары: -ыл, -іл; -да, -де; -ақ, -ек; -ыр, -ір; -ық, -ік. Мысалы, «гүрсіл естілді, жалтақ бала, жалтыр қағаз, бүлкек жүріс» деген тіркестердің ішінде не? сұрағына жауап беріп тұрған «гүрсіл» сөзі туынды зат есім, ал «жалтақ, жалтыр, бүлкек» сөздері қандай? сұрағына жауап беретін туынды сын есімдер, яғни еліктеу сөздерден жасалған есім сөздер.
Бір буынды еліктеу сөздерінен -ыл, -іл жұрнақтары арқылы зат есім жасалатын (сыр-ыл) болса, оның үстіне -да, -де жұрнағы жалғану арқылы туынды зат есімнен жаңа сөз- туынды етістік (сыр-ылда) жасалады. Туынды зат есімнің де, туынды етістіктің де негіз сөзі елікгеу сөз болады. Еліктеу сөздерден жасалған етістіктер қазақ поэзиясында есімше, көсемше формаларға түрленіп келуі, әсіресе өлең ұйқасы көсемшенің «-ып» формасында қолданылуы жиі кездеседі.
Қазақ тілінде еліктеу сөздерге -дақ,-дек жұрнағы жалғану арқылы зат есімдер де жасалады. Олар жер-су аттарында көп кездеседі. Мысалы, Ысылдақ (сайдың аты), Лоқылдақ (бұлақ ата), Бақырақсай (өзен аты), Сарқырама (өзен аты) т.б. Кейбір еліктеуіш сөздер сықырлауық, сылдырлауық, тоқылдауық сияқгы туынды етістіктен жасалған туынды зат есімдердің жасалуына да негіз болған. Кейде –у жұрнағының еліктеу сөзге бірден жалғануынан жасалынған зат есім сөздер сирек болса да кездеседі. Мысалы, шаншу, қыңқу, каңқу. Ауруда шаншу жаман, сөзде қаңқу жаман. Ел арасында қыңқу, сыңқу көбейді.
Туынды еліктеуіш сөздерге -ла,-ле жұрнағы тікелей жалғанып та туынды етістік жасалады. Мысалы, «талтаңда, сопаңда, бұраңда, қиқалаңда» туынды етістіктердің негіз сөзі «талтаң, сопаң, бұраң, қиқалаң» - туынды еліктеу сөздері. Аталған сөздердің үстіне «-да» жұрнағы жалғанып, жаңа туынды етістік жасалған.
Кейбір еліктеуіш сөздерге «и» жұрнағы жалғанып та етістік жасалады. Мысалы, «бүкши, секси, түкси» т.т. Осылай еліктеу сөздерден сөзжасам жұрнақгары арқылы екі сөз табының туынды түрлері жасалатын болса, «ет, бер, қақ» негізгі мәнді кемекші етістіктердің еліктеу сөздерге тіркесінен күрделі етістіктер жасалады. Мысалы, «тарс етті, лап берді, бүрсең қақты».




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   162   163   164   165   166   167   168   169   ...   190




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет